Аймақтар • 19 Сәуір, 2019

Қаракөл елтірісі шаруашылығын қалай дамытамыз?

3111 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаракөл тон мен бөрік, жағалы пальтолар ілгеріде өте құнды болған. Бұл, әсіресе аға буынға жақсы мәлім жайт. Қаракөл елтірісінен тігілген тондарыңыз бүгін де сұранысқа ие. Алайда, құнды тондар шетелден әкелінуде. Қаракөл қой шаруашылығын дамытып, елтірі өңдеуге мүмкіндігі мол елімізде бұл салаға тиісті көңіл бөлінбей келе жатқаны өкінішті-ақ.

Қаракөл елтірісі шаруашылығын қалай дамытамыз?

Кезінде қаракөл өндірісі өте жақсы дамыған Түркістан облысында қой саны жылдан-жылға азайып, жүн-терісі мүлде пайдаға аспай тұр. Оның басты себебін мамандар мемлекет тарапынан қолдаудың болмауымен және етке деген сұраныстың өсуімен байланыстыруда. Яғни, ет өніміне сұраныс өскен жылдары қой шаруашылықтары осы бағытқа басымдық берген. Араб елдері қаракөл қойларын елімізден терісіне емес, майлылығы аз етіне қызығып, сатып алады екен. Сондай-ақ қаракөл қойларының азаюына өңдеуші кәсіпорындардың жоқтығы басты себептің бірі ретінде аталуда. Яғни, тері мен жүн өңделмейді, сұраныс жоқ. Сондықтан да шопандар қойдың етті-майлы тұқымына ауысуға мәжбүр. Үш күндік қозының терісін өңдеу арқылы алынатын қаракөл елтірісі әлем аукциондарында ең құнды тауар болып бағаланады.

Бүгінде Түркістан облысында 38 мың қаракөл қойы ғана қалған. Кезін­де бірнеше миллионға жеткен қой саны жылдан-жылға азайып келеді. Жалпы, қой шаруашылығын дамыту, қой еті мен жүнін өндіру мен өң­деп, пайдаға жарату жайы әлі де сын көтер­мейтіні туралы күні кеше сена­тор Аңсар Мұсаханов Премьер-Ми­нистр­­ге жолдаған депутаттық сауалын­да көтеріп, Үкіметтің назарын ау­дар­­ғанды жөн санайтынын жет­кізді. «Елі­міз­де негізінен қазір қойдың қандай тұ­қым­­дары бар, алдағы уақытта қандай тұқы­мын өсіруге басымдық берілуі керек? Міне, осыны анықтау үшін таяу уақытта қой тұқымы бойынша санақ, яғни түгендеу жұмыстарын жүргізу қажет деп санаймыз», дейді сенатор өз сауалында. Сондай-ақ депутат алдағы уақытта Қазақстандағы қой шаруашылығын дамытудың жаңа әрі осы заманның талабына бейімделген мемлекеттік бағдарламасын жасау керек деп есептейді. Иә, бұл шопандардың көптен бері көкейінде жүрген мәселе. Бұл орайда қаракөл қой шаруашылығын да­мы­ту қажеттігін айтушылар да аз емес.

«Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезін­де қаракөл елтірісі ал­тынның орнына бағаланған. Яғ­ни, қару-жарақ алған қарызын Ке­ңес Одағы  қаракөл елтірі­сімен құ­ты­луға келіскен. Осылай­ша қара­көл елтірісін өндіру ісі қар­қын алды.

Орталық Азия республикаларынан қара­көл кеңшарлары таңдап алынды, олар­ға барлық жағдай жасалды. Міне, солар­дың бірі «Сүт­кент» асыл тұқымды зауыты қаракөлдің «бұхар сұры» деген түрін шығарды. Ал Шым­кентте қара­көл елтірісін өңдейтін зауыт бол­ған. Ұмытпасам, 1960 жылдары Қазақстан 6,5 млн бас қаракөл қойымен әлемде алдыңғы қа­тар­­да болған. Жыл сайын Шым­кенттегі зауыт­т­а 2,5 млн дана қара­көл елтірісі өңделіп, ал­тын­ға са­тылған. Бертініректе қой саны тіпті азайып кетті ғой. Қазір тері өңдеп, мол пай­да табудан гөрі етін өткізуді жөн санай­тын­дар көбейіп келеді.

Мысалы, қайбір жылы Созақ ауданын­дағы «Қара Құр» өнді­ріс­тік коопера­тивінде өсірілген 2688 қаракөл қошқар-тоқтылары Біріккен Араб Әмір­лік­­теріне экспортқа шығару үшін сатыл­ғанын ақпарат құралдары жарыса жазды», дейді Мәс­кеу­дегі Тимирязев атындағы ауыл­шаруа­шылық академиясында білім алған, кезінде «Сүткентті» басқарған зейнеткер Әбдіжаппар Оңалбаев. Кей дерек көздеріндегі мәлі­меттерге қарағанда, бүгінде әлем бойынша Африка, Намибия, Ангола, Ауғанстан ел­дері қаракөл қойын өсіруде көш бас­тап тұр. Көрші Өзбекстанда да бұл сала жақсы дамып келеді екен. Кезінде Шымкентте Кеңес Одағында жалғыз қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болған, оның міндетіне қойдың жаңа тұқымын шығару да кірген екен. Жалпы, елімізде қаракөл шаруашылығындағы ең құнды елтірінің 17 түрі шығарылған.

Сала мамандарының айтуынша, қаракөл қойына еліміздің оңтүстігі өте жайлы. Қазір бұл өңірде қаракөл тұқымын өсіретін 4-5 шаруа­шылық қалған. Оның бірі – Отырар ауданындағы «Жомарт» өндірістік коо­пера­тивінде 2 мың қой бағылуда. Коо­ператив басшысы Төлеп Әбдіманаптың айтуынша, қой терісін өткізетін жер жоқ. «Бүгінгі таңда біз еркегінің етін ғана өткіземіз. Терісін өткізе алмаймыз. Өйткені сұраныс жоқ, тері өңделмейді. Қаракөл қойы табиғатқа төзімді мал. Үш отарды 12 адам бағуда, маусымдық кезеңдерде ауыл тұрғын­дарын қосымша жұмысқа қабылдаймыз. Болашағы бар шаруашылық болғанымен, өкінішке қарай, тиімділігі төмен болып тұр. Сондықтан қазақы қойға ауыссақ па деген ой да келеді. Тек Оңтүстік – Батыс мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институты көмектесіп, ұрықтандыру жұмыстарын жүр­гізіп келеді. Яғни, біз қазір қаракөл тұқымын сақтап қалуға тырысудамыз. Үкімет тарапынан қаракөл қой шаруашылығын дамытуға көмек көрсетілсе дұрыс болар еді», дейді Т.Әбдіманап. Сала мамандары қазақтың брендіне айналуы тиіс деп санайтын қаракөл қойларының бүгінде қазақы тұқыммен бейберекет будандасып кеткеніне өкініштерін де білдіруде. Айтпақшы, сенатор да өз сауалында қазіргі уақытта етек алып бара жатқан биязы жүнді қойлар мен қылшықты және ұяң жүнді қой тұқымдарын бір-бірімен негіз­сіз будандастыруға заңмен тыйым салу керек­тігін айтты. Бүгінгі бас­тан өткеріп жат­қан қиындықтарға қарамастан, қаракөл шаруа­шылығы фермерлер назар аударатын тиімді сала. Қаракөл қойлары Жамбыл, Қызылорда облыстарында да бар. Бұл орайда мамандар елтірі аукционын өткізу арқылы өңдеу саласын ынталандыруға болатынын айтуда. Қаракөл елтірісі әлі де өте тиімді валюталық тауар деп есептейтін мамандар, сондай-ақ мемлекет елтіріні сатып алатын орталықтар құруды өз мойнына алуы қажеттігін айтуда.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнер­кәсіп­тік революция жағдайын­дағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын­да шикі­затты қайта өң­деуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарық­тарға жоғары сапалы дайын өнім­мен шығуымыз қажеттігі айтылған болатын. Дәл осы қаракөл қой шаруашылы­ғын­да қайта өңдеу жұмыстары мүлде қолға алынбай отыр десек те болады. Бұл бағытта өңдеуші кәсіпорындар ашу қажет пе? Кәсіпорындар ашылған күнде де шикізатпен қамту мүмкін бола ма? Шикізатпен қамтитын шағын кәсіпорындар ашылған күннің өзінде мемлекеттік тұрғыда қолдау­ды қажет етеді. Сондай-ақ шопандар әр теріге субсидия берілгенін қалайды. Сена­тордың депутаттық сауалында да қой шаруа­шы­лығын субсидиялаудың тәртібі мен ере­жесін қайта қарау қажеттігі, асыл тұқымды қой өсі­руге басымдық бере отырып, мемлекет тұр­ғы­сын­ан қолдауды қам­тамасыз етуді жан-жақты шешуді қарас­тыратын уақыт келгені айт­ылды. Депутат көтерген мәселелерді өте орын­ды және өзекті санап отырған шопандар қаракөл қой шаруашылығында да оң өзге­ріс­тер­дің болатынына үмітті. Ал әзірге мал басын сақтап қалуға және көбейтуге ғалымдар ғана мүдделілік танытуда.

Түркістан облысы