Адам құқығының бас құжаты
Жұма, 24 тамыз 2012 7:55
Ата Заңымыз – Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, конституциялық міндеттері егжей-тегжейлі қарастырылып, ерекше көрсетілген. Онда ел көлемінде қолданылатын құқық нормалары Адам құқықтары жөніндегі халықаралық үлгі-қалыпқа негізделген.
Конституция мемлекетті ұйымдастыру мен мемлекеттік биліктің қызметтік жүйесінің, құзыретінің демократиялық қағидасын бекітті. Халық Президентті, Парламент Мәжілісінің депутаттарын,
Жұма, 24 тамыз 2012 7:55
Ата Заңымыз – Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтары, конституциялық міндеттері егжей-тегжейлі қарастырылып, ерекше көрсетілген. Онда ел көлемінде қолданылатын құқық нормалары Адам құқықтары жөніндегі халықаралық үлгі-қалыпқа негізделген.
Конституция мемлекетті ұйымдастыру мен мемлекеттік биліктің қызметтік жүйесінің, құзыретінің демократиялық қағидасын бекітті. Халық Президентті, Парламент Мәжілісінің депутаттарын, жергілікті органдар өкілдерін тікелей сайлайды. Халық мемлекеттік өмірдің аса маңызды мәселелерін шешуге референдум арқылы қатысады. Қазақстанда әрбір адам өз құқығына сай мемлекеттік органдардың істерін басқаруға, қатысуға, қоғамдық бірлестіктер құруға құқылы. Әртүрлі әлеуметтік, ұлттық конфессиялық, кәсіби және басқа топтарға жататын азаматтар демократиялық қағиданы басшылыққа ала отырып, өздерінің мүдделерін білдіріп, қорғай алады. Бұл орайда Конституция демократиялық құқықтар мен бостандықтарды нақты іске асыру үшін заңды кепілдіктерді қамтамасыз етеді.
Конституцияда мемлекеттің зайырлы екендігі көрсетіліп, оның сипатына да мән берілген. Елімізде діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген, барлық діндер мен діни бірлестіктер заң алдында тең, діни бірлестіктер мемлекеттік функцияларды орындамайды және діни бірлестіктердің қызметі заңға қайшы келмесе, мемлекет оған араласпайды және діни бірлестіктерді қаржыландырмайды, білім мен тәрбие берудің мемлекеттік жүйесі діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатқа ие. Қазақстанда діни ұйымдармен байланыс жүргізетін арнаулы мемлекеттік органдар құрылған. Мұндай органдар дінге қатысты заңдардың мүлтіксіз жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді.
Осы орайда біздің еліміз Конституцияға сәйкес құқықтық мемлекет орнатуда. Құқықтық мемлекет дегеніміз адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын толық қамтамасыз ететін, сондай-ақ құқық нормасы арқылы мемлекеттің құқыққа қайшы іс-әрекеттерге жол бермеуін қадағалайтын саяси билік болып табылады.
Осы көрсетілген анықтамаға сәйкес құқықтық мемлекетті сипаттайтын екі түрлі басты қағиданы бөліп қарауға болады. Біріншіден, құқықтық мемлекеттің әлеуметтік жағы – адамның және азаматтың табиғи құқықтары мен бостандықтарын барынша, толық қамтамасыз ету. Екіншіден, құқықтық мемлекеттің заңдылық құбылысы – құқық нормалары арқылы саяси режімнің қызметін жұртшылық мүддесімен тікелей байланыстыру, мемлекеттік құрылымдардың құзыретін құқықтық тежеу. Осы көрсетілген қағиданың алғашқысы біздің еліміздің Ата Заңның 1-бабында тікелей көрсетілген, онда адам құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына деп жазылған.
Құқықтық мемлекеттің ең басты бағыты – әрбір азаматтың жеке тұлға ретінде жан-жақты жетілуіне, дамуына барынша жағдай жасау. Өйткені, құқықтық мемлекеттің белгілері қоғамда, өмірдің барлық саласында заңның үстемдігінің көрініс алуы; мемлекеттік биліктің – заң шығару, атқару және сот билігі болып тармақтарға бөлінуі; бұлардың әрқайсысының өз функцияларын әділетті іске асыруы және құқықтық негізде қызмет атқаруы; азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақтылығы; олардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуы; әртүрлі бірлестіктердің, партиялардың, ұйымдардың Конституция шеңберінде құрылуы және қызмет етуі; мемлекеттегі заңдылық пен құқық тәртібінің тұрақтылығы; қоғамдық санадан құқықтық нигилизмді аластау; саяси-құқықтық сауаттылықты барынша жетілдіру; мемлекеттік және партиялық қызмет функцияларының ара-жігін ашу; мемлекетті басқарудың тиімді жүйесін жетілдіру; кез келген заңсыздықтарға тежеу жасайтын тәсілдерді жүзеге асыру; құқықтық плюрализмнің салтанат құруын қалыптастыру болып табылады.
Құқықтық мемлекетті құру азаматтық қоғамның орнығуына және дамуына тікелей әсер етеді. Ал азаматтық қоғам дегеніміз – адамгершілік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасылық қатынастар институттарының жеке тұлғалар мен мемлекет мүдделерін қанағаттандыруға бірлесіп жұмыла қызмет істеуі.
Құрылымына байланысты азаматтық қоғам белгілеріне: адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарының үстем болуы мен салтанат құруы; әр топқа жататын адамдар арасындағы кәсіпкерлік бәсекелестікті дамыту; қоғамдық-құқықтық пікірді еркін түрде жариялау; адам құқықтарының сақталуы туралы мәліметтерді жариялауды қамтамасыз ету; экономиканың көп сатылы дамуын жолға қою; адамның лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететін экономикалық-әлеуметтік саясатты орнықтыру мәселелері жатады.
Біздің еліміздің Конституциясында Қазақстанда әлеуметтік мемлекет орнықтырудың негізі де көрсетілген. Осыған байланысты Конституцияда меншікті қорғау, халықты әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, өндіріс саласында әлеуметтік әділеттілік орнату, халықтың әл-ауқатын жақсартуға басымдық беру заңды тұрғыда белгіленген.
Бұл мәселелер жөнінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты құнды мақаласында ерекше мән берілген. Осы алға мақсат етіп қойылған 20 қадамның барлығы дерлік елімізде әлеуметтік мемлекетті одан әрі жетілдіруге, дамытуға арналған, оған қол жеткізудің тиімді жолдары нақтыланып көрсетілген.
Конституцияда құқықтық мемлекет құруға, азаматтық, зайырлы, әлеуметтік, демократиялық қоғам қалыптастыруға нақты құқықтық негіздер жасалған. Олардың ішіндегі басты құндылық адам құқықтары мен бостандықтары мәртебесінің заңдылық көрініс табуы.
Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейінгі жылдары азаматтық және саяси құқықтар экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар, БҰҰ-ның геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жаза қолдану, кепілге алуға күрес туралы, азаптауларға жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы және тағы басқа адам құқықтары мен бостандықтары жөніндегі конвенцияларды ратификациялады. Қазіргі уақытта Қазақстанның өкілі БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып отыр.
1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы бүкіл әлем мойындаған халықаралық актілердің ережелерін ең басты құндылықтар ретінде таниды. Конституцияда мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы халық екендігі көрсетіліп, адамның және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, міндеттерін айқындайтын құқықтық мәртебесіне ерекше мән берілді.
Бұл бағытта Қазақстан Республикасының Конституциясы – әркімнің өмір сүруге құқығын (15-бап) ерекше атап көрсетті. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террорлық қылмыс жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адам кешірім жасау туралы өтініш беруге де хақылы.
Әркімнің өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар (16-бап). Яғни, заңда белгіленген негізде және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады.
Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды (27-бап). Ата Заңда белгіленгендей, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Мұндай іс-әрекеттер жасағандарға заң бойынша жауаптылық белгіленген.
Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар (18-бап). Заңға сәйкес әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражаттарының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің пошта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқылы. Мұндай құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.
Тұрғын үйге қол сұғылмайды (25-бап). Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.
Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар (13-бап). Ата Заңда азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілген. Конституцияға сәйкес мұндай құқықтар мен бостандықтарға мыналар жатады. Сөз бен шығармашылық еркіндігі. Цензураға тыйым салынған. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілдермен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, митингілер, демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделері үшін заңмен шектелуі мүмкін. Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы бар. Азаматтардың экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтары туралы да еліміздің Ата Заңында нақты көрсетілген. Олар заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік береді. Әркім кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқылы. Әркім еңбек ету бостандығын, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқықты. Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайында, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Азамат мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқықты. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекет қорғауында болады.
Қазақстан Республикасы азаматының жасы келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі.
Республика азаматтары Ата Заңда көрсетілген құқықтар мен бостандықтарды пайдалана отырып, конституциялық міндеттерін де мүлтіксіз атқаруға міндетті. Олар ел Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге және республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті.
Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластатуға болмайды. Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы саналмайды. Яғни, біздің елде қос азаматтық алу Конституцияға қайшы.
Конституцияның 11-бабына сәйкес, республиканың халықаралық шарттарына өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды. Мемлекет ел аумағынан тыс жерлерде жүрген азаматтарын да қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді.
Конституцияда көрсетілген адам, азамат құқықтары мен бостандықтарының бұлжытпай жүзеге асырылуының нышаны әрі кепілі Қазақстан Республикасының Президенті болып табылады.
Арықбай АҒЫБАЕВ,
заң ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры.