29 Тамыз, 2012

Сот жүйесінің беделі судьялардың әділ төрелігімен қалыптасады

334 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сот жүйесінің беделі судьялардың әділ төрелігімен қалыптасады

Сәрсенбі, 29 тамыз 2012 7:45

Қоғам бір орында тұрмайды, ол әрдайым өсу үстінде. Сот жүйесі де қоғам мен  заман талабына сай әркез өзгеріп, дамып келеді. Осыған орай соңғы жылдары сот саласы көптеген реформаларды жүзеге асырды. Сол реформалар сот төрелігінде орын алатын қайшылықтарды жойып, жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталды. Бізбен әңгімесінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов сот жүйесіндегі реформалар және өзі басқарып отырған облыстық сотта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді. 

 

Сәрсенбі, 29 тамыз 2012 7:45

Қоғам бір орында тұрмайды, ол әрдайым өсу үстінде. Сот жүйесі де қоғам мен  заман талабына сай әркез өзгеріп, дамып келеді. Осыған орай соңғы жылдары сот саласы көптеген реформаларды жүзеге асырды. Сол реформалар сот төрелігінде орын алатын қайшылықтарды жойып, жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталды. Бізбен әңгімесінде Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов сот жүйесіндегі реформалар және өзі басқарып отырған облыстық сотта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді. 

– Осыдан 17 жыл бұрын бүкіл­ха­лық­тық референдумда қабылданған Қа­зақстан Республикасының Конституциясы еліміздің мемлекеттік құрылымын нақтылаған ең жоғары деңгейдегі Ата Заңымыз болып табылады. Оның не­гізгі мақсаты – қоғамдағы әрбір адам­ның құндылығын қорғау. Конститу­цияның қабылдануы қоғамды әрі қарай де­мократияландырудың шынайы қа­жет­­­тілігі, тәуелсіз Қазақстанның конс­титу­циялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды. Осы уақыт аралығында Елбасының тікелей қолдауымен жүр­гі­зілген сот реформасы өліара кезеңдерді басынан өткерді. Конституциямыз бойынша еліміз – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып жарияланды. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі тармақтары өз құзы­реттерін орындау кезінде тығыз байланыста болады. Бірақ, бұл қарым-қатынас заң негізінде жүзеге асады. Консти­ту­ция­ның 76-бабында: «Сот билігі Қазақ­стан Республикасының атынан жүзеге асырылады және оның мақсат-міндеті азаматтар мен ұйым­дар­дың құқықта­рын, бостандықтары мен заңды мүдде­лерін қорғауды, Респуб­ликаның Конс­ти­туциясының, заңдары­ның, өзге де нор­мативтік құқықтық актілерінің, халық­аралық шарттарының орындалуын қам­тамасыз етуді мақсат етіп қояды» – делінген. Дегенмен, тиісті сот қорғау­ын­сыз бұл құқық пен бостандықтар, олар қандай мінсіз болса да, қандай ха­лық­аралық стандарттарға сай болғанымен, тек әдемі сөз болып қалады. Міне, сот билігінің маңыз­дылығы да осында!

Ата Заңымыздың негізінде «Қазақ­стан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы», «Қа­зақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы» Қазақстан Республи­касының Конституциялық заңдары және «Алқабилер туралы», «Медиация туралы», тағы басқа да заңдар қабыл­данған.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 1 шілдесінде «Сот төрелігіне сенімділік деңгейіне жоғарылату және қолжетім­ділікті қамтамасыз ету, істерді апелля­циялық, кассациялық және қадағалау тәртібінде қарау мәселелерін жетілдіру бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне толықты­рулар мен өзгертулер енгізу туралы» Заң күшіне енді. Толықтыруларға сәй­кес жергілікті соттардың рөлі едәуір күшейтілді. Іске қосылған жаңашыл­дық­тар аясында облыстық және оған теңестірілген соттарда қылмыстық іс­тер бойынша апелляциялық сот алқа­лары, азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқалары құрылды. Апелляциялық сатыға қара­луға түскен істер бірінші сатылы сотқа қайтарылмай, іс бойынша түпкілікті шешім қабылданатын болады. Сот актілеріне шағым беру тәртібі нақты реттеліп, сот актілерінің заңды күшіне ену мерзімдері қысқартылды. Енгізіл­ген өзгертулерге сәйкес бұдан былай апелляциялық сот сатысындағы сот акті­лері жарияланған сәттен бастап кү­шіне енеді. Апелляциялық сатының қау­лылары күшіне енгеннен кейін алты ай ішінде кассациялық арыз немесе шағым беруге болады. Жоғарғы Сотқа жүгінбес бұрын кассациялық сатыға арыздану міндетті шарт болып табылады. Заңды күшіне енген, бірақ касса­циялық тәртіпте қаралмаған жергілікті соттардың актілері, қадағалау тәрті­бімен тексерілуге жатпайды. Бұның барлығы сот ісін оңтайландыруға, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз етуге, адам және азаматтың құқын, бостандығын және заңды мүдделерін сотпен қорғаудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Соттардың Ата Заңымыз бойынша адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келті­ре­тін заңдар мен өзге де нормативтік құ­қықтық актілерді қолдануға хақы жоқ. Егер сот қолдануға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тан­дықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, ол іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Қа­зақстан Республикасының Конститу­ция­лық Кеңесіне жүгінуге міндетті.

Тәуелсіз, күшті және әділ сот билігі – құқықтық мемлекеттің демократиялық дамуы мен зиялылық дәрежесінің көр­сеткіші. Сот әділдігін жүзеге асыру үшін біз әлі де қыруар жұмыстар ат­қа­руымыз керек және сол еңбектің нәти­жесінде, тұтастай алғанда, сот жүйе­сі­нің беделін көтеруіміз қажет. Әрине, сот жүйесінің беделі, ең әуелі, судья­лар­дың әділ төре­лігімен жасалуы тиіс. Елбасымыздың өзі Ата Заңымыздың әле­уеті әлі де болса толығымен жүзеге аспай келе жатқан­дығын айтқан болатын.

– Сот билігіне қатысты болған елеу­лі өзгерістердің бірі – өткен жылы қа­был­данған «Медиация туралы» заңның қабылдануы. Осы заң туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, мемлекеттік биліктің үш тар­ма­ғының бірі – сот билігіне қатысты бол­ған өзгерістердің бірі, ол 2011 жыл­ғы 5 тамызда заңды күшіне енген «Медиация туралы» Заңның қабылдануы.

«Медиация» сөзі – латын тілінен ау­дар­ғанда делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға деген мағы­наны білдіреді. Медиация тараптардың ерікті келісім бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатор­лар­дың жәрдемдесуімен тараптар ара­сын­дағы дауды реттеу рәсімі. Медиацияны, қарапайым тілмен айтқанда, бітім­гер­ші­лік деп түсінуге болады. Яғни, қандай да бір мәселе бойынша тараптар арасында келіспеушілік туған жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады. Аудан, қала, ауыл әкімдері республика аума­ғында кәсіби емес негізде медиацияны жүзеге асыратын кәсіпқой емес ме­диаторлардың тізілімін жүргізеді. Ме­диа­цияның мақсаты: дауды бітімгер­ші­лікпен шешудің екі тарапты да қана­ғаттандыратын нұсқасына қол жеткізу.

Медиацияны жүргізу кезінде ерікті­лік, құпиялық, медиатордың тәуелсіз­дігі мен бейтараптығы және медиация тараптарының тең құқылығы мен оның рәсіміне араласуға жол бермеушілік қағидаттары сақталуы тиіс. Медиация тәсілі сот ісіндегі тазалықты, әділ тө­ре­лікті қамтамасыз етудің негізгі тә­сіл­дерінің бірі. Біздің ата-бабаларымыз бұрын бұл тәсілді тиімді қолданып, түрлі дауды билер соты арқылы бітім­гершілікпен шешіп келгендіктен, бұл Заң қазаққа жат емес. Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қаты­настарынан туындайтын дауларды реттеу кезіндегі медиация сотқа жүгін­ген­ге дейін де, сот талқылауы басталған­нан кейін де қолданылуы мүмкін. Қыл­мыстық сот ісін жүргізу барысындағы медиация қылмыстық процессуалдық заңында белгіленген сотқа дейінгі және сотта іс жүргізу мерзімдерінде жүзеге асырылуға тиіс.

«Медиация туралы» Заңның қол­да­ну аясын кеңейту мақсатында облысымызда жүйелі түрде бірқатар жұмыстар атқарылып, нәтижесінде медиаторлар­дың қатысуымен жергілікті соттарда 28 азаматтық және 33 қылмыстық істер бітімгершілікпен аяқталды.

– Жоғарыда өзіңіз айтқаныңыз­дай, сот жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырады. Енді ең соңғы өзгеріс­тер­дің нәтижесі қандай?

– Әрине, бұл өзгерістер мен то­лық­тыруларды күнделікті тәжірибеде қол­да­нуда облыстық соттардың сот билігін жү­­зеге асырудағы жауапкершілігі арта түсетініне ешкімнің күмәні болмас. Апел­ляциялық сатылы сотта тара­птар­дың құқықтарын қорғауға барынша жағ­дай жасалады, істерді бірінші сатылы соттарға қайта қарауға жолдамай та­рап­тарға тиісті дәлелдерін сотқа табыстап шешім қабылдатуға толық мүмкін­шілік жасалды. Сонымен бірге, тараптарды сот мәжілістеріне шақыру да бүгінгі заман­ның байланыстағы барлық жетістіктерін қолданып, ұялы телефонмен хабарлама жолдау және электрон­дық байланысты кеңінен қол­дануға жол ашты.

Шешім қабылдау барысында тек қа­рар бөлігін жариялау судьяларға біраз жеңілдіктер алып келетіні жасырын емес.

Сондай-ақ, қабылданған заңға сәй­кес кассациялық сот алқасының сот тәжірибесін қалыптастырудағы алар орны ерекше, себебі бірде-бір іс кас­са­циялық сот алқасынан өтпей, Қазақстан Республикасының Бас прокуроры на­разылық бергеннен басқа уақытта, Жоғарғы Сотта қаралмайтын болады.

Қабылданған өзгерістер мен толық­тыруларды тізіп айтудың қажеті шамалы болар, өйткені бүгінгі күні оларды барлықтарымыз тиісті талқылаудан өткізіп, іс жүзінде жүзеге асырудамыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде – еліміздегі сот жүйесі дамып, келелі өзгерістермен толықтырылып, Ата Заңымыздың аясында азамат­тар­дың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін мемлекетімізде барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын толық сеніммен айта аламын.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңімелескен

Шарафаддин ӘМІРОВ,

«Егемен Қазақстан».