Халықтан ұят болды…
Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:11
Биылғы 14 қыркүйекте облыстық активте облыстың жаңа әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Астанада Елбасы қабылдауында болғаннан кейінгі ақжолтай жаңалықтардан хабардар етті.
– Ауыз сумен облыс халқының қамтамасыз етілу көрсеткіші 56,8 пайызды құрап отыр. Ал, табиғи газбен қамту 76 пайызға жеткен. Қоянды су құбырының жобасы жыр болып келе жатыр. Ауыз сумен қамтуда көп жұмыс жасалды дегенмен, тіршілік нәріне мұқтаж ауылдар әлі де бар. Мысалы, Ақжайық ауылына құжат жүзінде су берілді делінген, шын мәнінде олай емесін көріп отырмын, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы («Атырау» газеті, №107, 15 қыркүйек, 2012 жыл).
Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:11
Биылғы 14 қыркүйекте облыстық активте облыстың жаңа әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Астанада Елбасы қабылдауында болғаннан кейінгі ақжолтай жаңалықтардан хабардар етті.
– Ауыз сумен облыс халқының қамтамасыз етілу көрсеткіші 56,8 пайызды құрап отыр. Ал, табиғи газбен қамту 76 пайызға жеткен. Қоянды су құбырының жобасы жыр болып келе жатыр. Ауыз сумен қамтуда көп жұмыс жасалды дегенмен, тіршілік нәріне мұқтаж ауылдар әлі де бар. Мысалы, Ақжайық ауылына құжат жүзінде су берілді делінген, шын мәнінде олай емесін көріп отырмын, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы («Атырау» газеті, №107, 15 қыркүйек, 2012 жыл).
Халықты ауыз сумен қамту көрсеткіші 96 пайызға жетті деген бұрынғы басшы мәлімдемесі тек көзбояушылық болып шықты… Осы ретте аудан әкімдеріне деген халықтың өкпе-реніші ұшан-теңіз. Себебі, олар ауданға бұрынғы облыс әкімі келетін болса, сөйлеушілердің сөзін жазып беріп, артық ештеңе айтпауды қатаң тапсыратын. Шешендер де сол үрдістен шығып келді. Бұрынғы облыс әкімі Махамбет ауданына сапарлағанда жиналысқа бір топ ардагерді кіргізбегенін де естігенбіз. Және сол күні Махамбеттегі су тазарту қондырғысы суды таңертеңнен кешке дейін айдаған. Бір апта өткесін, бұрынғы күйіне түсіп, таңертең екі сағат, кешке қарай екі сағат беріп, шаруаны бітірген. Жиналысқа дайындалып келгендердің сөзіне қарағанда, қой да тоқ, қасқыр да тоқ заманда өмір сүріп жатқан болатынбыз.
Ауылға келетін таза су да, ошақта жанып жатқан «көгілдір отын да» біреудің нұсқауы бойынша көрсетіледі. Бұл жерде басты кінә село не аудан әкімінде болуы тиіс.
– Ешкімді де қаралағанымыз емес, бірақ, шындық қашанда қымбат. Биыл облыстағы 40 мектепке күрделі жөндеу қарастырылса, соның бәрін де екі компания мойындарына алған. Олар да жұмысты өздері жасамаған, басқа мердігерлерге тапсырған. Мердігер өз кезегінде, қосалқы мердігердің көмегіне сүйенген. Салдарынан жаңа оқу жылында он мектептің есігі ашылмады, сегіз мектептің оқушылары әр жерде тентіреп оқуға мәжбүр болып отыр. Тағы бір мәселе, типтік мектептердің өзінде әжетхана қарастырылмаған, – деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов активте сөйлеген сөзінде. («Атырау» газеті, №107, 15 қыркүйек, 2012 жыл).
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің осы сөзінен ұққанымыз, облысқа әлі де 220 дәрігер қажеттігін, облысымыз бала өлімі бойынша республика көрсеткішінің 15-ші орнында, туберкулез ауруы бойынша 13-ші орында тұрғандығын, облыста әлі 21 денсаулық сақтау нысанының қажеттігін білдік. Сондай-ақ, облыс бойынша 28 мәдени ошаққа күрделі жөндеу қажет болса, 25 елді мекенде мәдениет үйінің атымен жоқтығын естіп-білдік. Рас, мұның біразы бұрынғы әкімнің кезінде де белгілі болатын.
Әрине, бұл жағдайларға кешіріммен де қарар едік. Бізді әкімшілік қызметкерлерінің, облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат Дәукеновтің, облыстық қаржы басқармасының бастығы Бауыржан Жантеміровтің, облыстық энергетика, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Бауыржан Жайсановтың жемқорлығы үшін қамауға алынуы жерге қаратты.
Осы жерде бір айта кетер нәрсе, облыстың бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев облыстағы мұнай компанияларының басшыларына «балалар бақшасын салып бермесеңдер, қызметкерлеріңнің балаларын балабақшаға қабылдатпаймын» деуі де көңілге кірбің ұялатты. Сонда, әкім облыстағы 450-дей мұнай компаниясының бюджеттің бүйірін қалай толтырып жатқандарын есінен шығарып алғаны ма? Ол компанияларда жұмыс жасап жатқан қызметкерлер облыстың қарапайым халқы емес пе, олардың қандай кінәсі бар еді? Тіпті, мұғалімдерге берілетін көмек қаржыны да құлқындарына салып жіберуі кешірімсіз жай.
Қазір облыс халқының аузындағы әңгіме бұрынғы басшылардың жемқорлыққа белшелерінен батуы. Әрине, тергеу аяқталып, сот болмай, біз ештеңе айта алмаймыз. Бірақ та, басшылардың ұзақ уақыт бойы елді алдап келуі халықтан да ұят болды… Осындайда қаның қалай қайнамайды?!
Сөз түйінінде тағы бір жайды айтуға тура келіп тұр. Облыстағы басқа да газеттермен қатар «Мұнайлы астана» газеті де бұрынғы әкімнің тұсында кейбір мадақтау мақалаларын берген-ді. Қайтейік енді, асыра мақтаған кезіміз үшін оқырмандардан мың мәрте кешірім сұраймыз. Ең бастысы – ел болып, жұрт болып осы істен сабақ алу.
Құттыгерей СМАДИЯР,
«Мұнайлы астана» газетінің бас редакторы.
Атырау.