13 Қазан, 2012

Сот қазақша өтеді

549 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сот қазақша өтеді

Сенбі, 13 қазан 2012 7:07

Еліміздегі мемлекеттік тілдің заңдық тұғыры, оның рөлі мен бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары баршаға белгілі. Дегенмен, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту мәселесінде әлі де шешімін күткен проблемалар аз емес. Осы орайда халқының 84 пайыздан астамын жергілікті халық құрайтын Маңғыстау облысының сот, құқық қорғау жүйелерінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып беру үшін  облыстық соттың төрағасы Досжан ӘМІРОВТІ әңгімеге тартқан едік.

 

Сенбі, 13 қазан 2012 7:07

Еліміздегі мемлекеттік тілдің заңдық тұғыры, оның рөлі мен бүгінгі таңдағы бағыт-бағдары баршаға белгілі. Дегенмен, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданылу аясын кеңейту мәселесінде әлі де шешімін күткен проблемалар аз емес. Осы орайда халқының 84 пайыздан астамын жергілікті халық құрайтын Маңғыстау облысының сот, құқық қорғау жүйелерінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып беру үшін  облыстық соттың төрағасы Досжан ӘМІРОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Досжан Сарманқұлұлы, өзіңіз іс қағаз­дарын мемлекеттік тілге көшіру мәселесін республикалық басылымдарда бірнеше рет көтердіңіз. Бүгінгі күні өзіңіз басшылық етіп отырған Маңғыстау об­лыстық сотында мем­лекеттік тілге көшу жағдайы қалай, қан­дай нақты жұмыстар атқарылып жатыр? Бүгінгі күнгі сот саласындағы мем­ле­кеттік тілдің орны туралы тоқталып өтсеңіз?
– Елбасымыздың Жолдауында – «біздің міндетіміз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс», деген нақ­ты мәселе көтерілді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының 2009 жылғы 27 ақпандағы «Іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру туралы» №36 өкімі республикамыздың барлық соттарына орындауды міндеттеп отыр. Бұл өкімнің орындалу барысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қатаң бақы­лауына алынған.
Осындай бағыт – бағдарламалардың негі­зін­де, іс қағаздарын мемлекеттік тілге кө­ші­ру туралы талаптың нақты орындалуы Маң­ғыс­тау облыстық сотында күн тәртібінен түспей­тін басты мәселе, шешімін табуда кезек күттір­мейтін өзекті тапсырма. Маңғыс­тау облыстық соты тарапынан іс қағаздарын мемлекеттік тіл­ге көшіру мақсатында нақты қадамдар жасалып келеді. Ең алдымен барлық соттарға іс қағаз­дарын мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алу туралы нақты, түсінікті тапсырмалар бері­ліп, ол облыстық сот төрағасының басты назарына алынды, үнемі бақылауға қойылды және де кеңсе басшысымен, қала, аудан соттар төр­аға­ларымен жүйелі түрде талқыланып отырады.
Тапсырмалардың орындалуын, сонымен бірге, сот актілерінің мемлекеттік тілде сапалы жазылуын қадағалап отыратын арнайы топ құрылып, ол топ 2011 жылдан бастап жұмыс жасай бастады. Бұл топтың жұмысы жүйелі түрде талданып, олар облыстық соттың ара­лық отырыстарында талқыланып, кемшіліктер мен олқылықтарға тиісінше баға беріліп, шаралар қолданылуда.
Мемлекеттік тілдің сот өндірісіне толық енгізіліп, оның еркін қолданылуы, сот төре­лігін жүзеге асырудағы орны ерекше, рөлі зор екені сөзсіз. Себебі, облысымыздағы тұрғылы­қы халықтың 84,1 пайызы қазақ халқы, сон­дықтан қазақ тілінде сөйлесу, қазақ тілінде іс жүргізудің рөлі аса маңызды. Өзара шеше алмаған дауларын даулап сотқа жүгінеді. Өкі­нішке орай, екі қазақ дауларын сотқа шешуге бергенде, өз табиғатына жат орыс тілінде береді. Өздері орыс тілін толық игермеген, кейбірі түсіне алмайды. Осыдан кейін олардың көбі өз дауының себебі мен салдарын сотқа жеткізе алмайды. Нәтиже­сінде сот қандай билік айтса да көңілі күпті, өзі өкпелі. Би алдында өз тілінде сөй­ле­меген, өз тілінде даул­а­маған жанның өзіне де өзгеге де күдігі молаяды. Сенімсіздік туады. Ал сот үшін әрбір азаматтың сотқа еркін қатысып, көңіл көрпесін ашып сөйлегені аса қымбат. Әділ төрелік сонда ғана айтылады.
– Соттар өз жұмысында мемлекеттік тілді дамытуда алдын ала тергеумен қатар, сотқа арызданушы талапкерлердің таңда­ған тіліне қаншалықты тәуелді?
– ҚР Конституциясының талаптарына сай, соттың басты міндеті төрелік ету. Түсінікті. Алайда, соттар мен судьялар мемлекеттік және қоғамдық жалпы ортақ міндеттер мен жауап­кершіліктерден бөлініп өмір сүре алмайды. Ел­басының Жолдауларынан бағыт алатын, бар­шаға ортақ міндет жүктейтін заң нормала­ры­ның бұлжытпай орындалуы барлық мемлекет­тік органдарға міндет болып табылады. Бұл міндеттерден сот жүйесі де тыс қала алмайды. Сот жүйесі заң нормаларымен тікелей реттелмеген жағдайларда басқа мемлекеттік органдармен қатынасын үйлесімділік, келісімділік прин­ціпіне сай жүйелеп жүргізеді.
Біз сот төрелігін атқару нәтижелеріне сәйкес, сот тәжірибесіне талдау, қорытын­ды­лау, шолу жұмыстарын жасап, атқарған ісі­мізді сараптап саралаймыз, өткенде қандай кемші­ліктер орын алды, болашақта не істейміз деген мәселелерді талқылаймыз.
Осы аталғандарға сүйене отырып, сот, мемлекеттік тілді дамытуда алдын ала тергеумен қатар, сотқа арызданушы талапкерл­ер­дің таңдаған тіліне тәуелді деп айта алмас едім. Алайда, осы алдын ала тергеу орган­дарының және арызданушы талапкерлердің тарапынан заң талаптарына, мемлекеттік тілге құрмет­теушілік, ізгілік, патриоттық деген талаптар кем соғып жатады. Бұл, әрине, ең алдымен басшылардың, мемлекеттік қызметкерлердің және заң білімін игерген жоғарғы білімді мамандардың кемшіліктері.
Осы себепті алдын ала тергеу органда­ры­ның және орыс тілінде заңдық көмек көр­сету­ші­лер­дің істі негізсіз қазақ тілінде жүр­гізбей, орыс тілінде жүргізушілікке бейімді­лігін немесе кө­рі­неу заңсыз әрекеттерін түзетуге тура келеді.
Мемлекеттік емес органдар мен тұлға­ларға үйлесімді іс атқару приципі көлемінде арнайы хаттар жолданып, істің мемелекеттік тілде жүргізілуі туралы заң талаптарымен қатар басқа да негіздемелерді көрсетіп, ұсы­ныстар жасап, сонымен қатар, жауапкер­ші­ліктер туындайтынын түсіндіріп келеміз.
Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамыту, оның халықаралық беделiн нығайту – Үкiмет, өзге де мемле­кет­тiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы ор­ган­дардың міндеті. Осы негізге алынып, Қазақ­стан Респуб­ликасының екінші дәрежелі банк­­­терінің Маңғыстау облысы бойынша барлық филиалдарына қарыздарды өндіру туралы талап-арыздарды, банктік заем шарттары бойынша мем­ле­кеттік тілде сотқа беру және хат алмасуды, мемлекетіміз ұстанған тіл саясатын мемле­кеттік органдармен қатар, банк қызметкерлері де қатаң сақтап, мем­ле­кеттік саясат тіл саясатына іс жүзінде жүзеге асыруға атсалысу туралы хаттар жолданды.
Сонымен қатар, Маңғыстау облыстық про­куратурасына, ұлттық қауіпсіздік коми­те­ті де­партаментіне, экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департа­ментіне, ішкі істер департаментіне, Маңғыстау облысы адвокаттар алқасы мен аудандық және оған теңестірілген соттарға мемлекеттік тіл саясаттын қолдап, хат алмасу мен іс құжаттарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы хаттар жолданды.
Мемлекеттік тілді дамыту және насихаттау аясында судьялар мен кеңсе қызмет­керлерінің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізу қолға алынып, газет-журнал беттеріне тіл туралы мақалалар шығарылып, тиісті деңгейде жұмыстар атқарылуда. Мем­лекеттік тілдің өрісін насихаттау және оны қоғамдық өмірдің түрлі салаларында қол­дану аясын кеңейту жұмыстары да бүгінгі таңда жан-жақты жүр­гізілуде. Облыстық сотта «Сот ісін мемле­­кет­тік тілде жүргізудің өзекті мәселелері» тақы­ры­бында құқық қор­ғау органдарының басшылары, мекеме басшылары арасында БАҚ өкілдерінің қатысуы­мен екі мәрте дөңгелек үстелдер өткізілді.
Нәтижесінде, шығыс құжаттары мен ішкі құ­жат айналымын мемлекеттік тілге кө­ші­ру жұмысы нәтижесін бере бастады. Егер 2011 жылдың 12 айы бойынша шығыс және іш­кі құ­жаттар 108239 болып, оның ішінде мем­ле­кеттік тілде 75153 жүргізілген болса, 2012 жыл­дың тек 8 айы бойынша шығыс және ішкі құ­жат­тар 72133 құжат тіркеліп, оның ішінде 70825 құжа­ты мемлекеттік тілде тіркеліп, өткен жылғымен салыстырғанда 28,8 пайызға өсіп отыр.
– Өзіңіз атап өткендей жағдайлар орын алғанда, екі қазақтың арасындағы істі заң бойынша мемлекеттік тілге ауысты­руға бола ма?
– Заң нормаларына сай істі мемелекеттік тілде жүргізу ҚР ҚІЖК-нің 30 бабымен, ҚР АІЖК-нің 14 бабымен, ҚР ӘІЖК-нің 21 баптарымен көзделген тәртіптерде реттеледі. Осы ретте сот өндірісіне түскен істі сотта қарауға әзірлеу сатысынан бастап, судья екі қазақтың қарсы отырып өзге тілде сөйле­меуіне, іске өздерінің толық игерген ана тілдерінде қатысуына жол ашады.
Облыстық сот 2011 жылдың 3-ші тамызында №4-11/5437 санды хатпен жергілікті сот төр­ағалары мен судьяларға тіл мәселе­сіне жа­нашырлық танытып, қолдан келген мүмкін­шілікті толықтай пайдаланып, орыс тілінде түскен қылмыстық істерді ҚІЖК-нің 30 бабының, азаматтық істер бойынша АІЖК-нің 14 бабының және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің ӘҚБтК-нің 21 бабының талаптарын сақтай отырып, сот ісін жүргізу тілін мемлекеттік тілге өзгертіп қарауды жолға қою тапсырылды. Оның ор­ындалуы ай сайын төрағалардың қатысуы­мен талқыланып, қатаң бақылауға алынып отыр.
– Досжан Сарманқұлұлы, көтерілген өзекті мәселенің Маңғыстау облыстық сот жүйесінде атқарылу нәтижесіне қарай өз ой-тұжырымыңызды білуге бола ма?
– Бұл ретте сөз бастамас бұрын республика соттары арасындағы тіл мәселесіне байланысты атқарылып отырған жұмыстар барысына көңіл аударғанды жөн дер едім. Мысалы, республика соттарында мемлекет­тік тілді қол­да­ну, дамыту және іс қағаздарын жүргізуді мем­ле­кеттік тілге көшіру барысы туралы 2011 жыл­дың қоры­тындысы бойынша берілген ақпа­ратта, соттар ішкі құжат айналымында мем­лекеттік тілді қолдануды кеңейту бағы­тын­дағы жұмысын біршама жандандырды. Маң­ғыс­тау облысы 95,7 пайызға дейін көтерілді деп атап өткен.
Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, өткен жылмен салыстырғанда, Маңғыстау облыс­тық сотында ішкі іс қағаздары айналымы және сот өндірісінде қаралған істер бойынша да бір­шама өсіп отыр. Бұл бір жылда ғана атқа­рыл­ған жұмыстың оң нәтижесі – қо­мақты жетіс­тік. Алайда, әлі де болса мемлекеттік тілге көшу бағытында атқа­рылар жұмыс көл-көсір.
Маңғыстау облыстық сот жүйесінде Елбасы Жолдауына сай атқарылар жұмыс нәтижесі 2017 жылға дейінгі белгіленген межеде меме­ле­кеттік тілге көшу 80 пайызға емес, 100 п­а­­йыз­ға жетуге тиіс. Ол үшін бар­лық мүм­кін­діктер бар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» – дегендей біріге, ұйымдаса білсек мол жетіс­тік­терге жететініміз анық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен 
Шарафаддин ӘМІРОВ, 
«Егемен Қазақстан».