«Адамзаттың бәрiн сүй»…
Сейсенбі, 17 шілде 2012 7:19
Мен оны тани алмай қалдым. Екі жағы суалып, қос жанары үңірейіп, жүдеп кетіпті. «Аға, танымай тұрсыз ба, танымайсыз… Мен өліп-тірілдім ғой», деді ол дауысы дірілдеп.
Мән-жайға кейін қанықтым. Шынында да, аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін азамат бір өлімнен қалған екен. Ендігі әңгімені оның өз аузынан естиік.
Сейсенбі, 17 шілде 2012 7:19
Мен оны тани алмай қалдым. Екі жағы суалып, қос жанары үңірейіп, жүдеп кетіпті. «Аға, танымай тұрсыз ба, танымайсыз… Мен өліп-тірілдім ғой», деді ол дауысы дірілдеп.
Мән-жайға кейін қанықтым. Шынында да, аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін азамат бір өлімнен қалған екен. Ендігі әңгімені оның өз аузынан естиік.
– «Ауру айтып келмейді», дейді ғой. Осыдан жеті-сегіз айдай бұрын ойламаған жерден денем ауырлап, мазам кете бастады. Көп созбай дәрігерге бардым. Қарады. Дәрісін жазып берді. Айтқанын бұлжытпай орындадым. Бірақ одан жағдайым жақсара қойған жоқ. Қайда барамын? Тағы да емханаға келдім. Бұл жолы қабылдауда басқа дәрігер отыр екен, «Алаңдамаңыз, дәріханадан мына майды алып арқаңызға жағыңыз, құлан-таза тәуір боласыз», деді. Жазған құлда жазық бар ма, ол кісінің де айтқанын екі етпей орындадым. Бұрынғы бұрынғы ма, енді белімді жаза алмай, бүктеліп қалдым. Осылай бір дәрігерден екінші дәрігерге жүгірінді болып жүріп, екі айдай уақытты өткізіп алдым. Байқаймын, менің жағдайымның күннен-күнге төмендеп бара жатқаны дәрігерлеріме бата қоймайтын сияқты. Мертік-шортық, ыңқыл-сыңқылы көп адамдарды күнде қабылдай берген соң, еттері үйреніп кетті ме екен, кім білсін: «Мына байғұс өліп қалады-ау деп», елеңдеп жатқан бірі жоқ.
– Бар бітіретіндері уыс-уыс дәрі жазып береді. Біреуі «белің ауырады» десе, енді біреуі «жүректе бір гәп бар» деп зәремді алады. Тіпті ауруханадан шықпайтын болдым. Ақыры бір күні УДЗ-ға түсірді. Қабылдаушы дәрігер жас жігіт екен, салған жерден: «Сізді мұнда кім жіберді?» деді. Дауысында қобалжу бар. «Кім жіберуші еді, учаскелік дәрігер». Осыдан кейін әлгі жігіт кабинеттен шығып кетті де, сәлден соң тағы екі-үш дәрігерді ертіп келді. «Мына кісіні тезірек ауруханаға жеткізу керек, асқазанының жарасы ашылып кетіпті», деді ол. Әлгілердің біреуі хирург екен, «маған еріңіз» деп басқа кабинетке алып келді. Сосын бұған дейін талай кісінің қолынан өткен қағаздарымды әрлі-берлі ақтарыстырып отырды да: «Қазір дәрі жазып беремін, соны ішсеңіз жазылып кетесіз», деді. Дәріханаға келіп хирургтің қағазын ұсынып едім, орта жастағы әйел: «Дәріні кімге аласыз?» деп сұрады. «Өзіме, асқазаным ауырады». «Мына дәрінің біреуі асқазандыкі, біреуі мүлде басқа ауруға қолданылады». Бұл қалай болды деп хирургке телефон шалдым. Ол ар жақтан: «Кешіріңіз, қате жазып қойыппын», деп басқа дәріні атады…
Ұзын сөздің қысқасы – танысым сол түнді кірпік ілмей өткізіпті. Амалы таусылғаннан кейін, таң ата жедел жәрдем шақыртады. Ақыры, дәрігерлер ота жасап, асқазанының төрттен үш бөлігін алып тастауға мәжбүр болады. Есін жиып, өзіне өзі келе бастағаннан кейін, емдеуші дәрігер: «Ағасы-ау, осыған дейін қайда жүргенсіз, ауруыңызды тым асқындырып алыпсыз ғой, енді сәл кешіккенде өмірмен қоштасады екенсіз», дейді.
– Сергелдеңге түскеніңізді айтпадыңыз ба?
– Болар іс болғаннан кейін айтты не, айтпады не?! Қатты түңілдім. Астанада тұратын, оқыған, қызмет істеп жүрген маған істегендері осы болса, ауылда тұрып жатқан, болмаса осында жұмыс істеп белі қайысып жүргендердің күні нешік деп ойладым. Шыным сол, көзім жетті, шыбын құрлы көрмейді! Безбүйрек екен, жүрексіз екен!!! Құдай біледі, талайлар осылардың әлегінен ана жаққа күнінен бұрын кеткен де шығар-ау?!.
Пышаққа түсу оңай ма, тым әлсіреп қалған екен, аяғын басып, көше бойлап кетіп барады. Мен болсам, қаққан қазықтай сол орнымда тұрып қалдым. Бір зіл батпан салмақ иығымнан басып, еңсемді езіп кетті. Расында да, бір өлімнен қалған екен. Халқына адал қызмет етуге ант береді, ауырып-сырқасақ, араша түседі деп жүрген ақ халатты абзал жандарымыздың мұнысы не?!. Әңгіменің төркініне қарағанда, кездейсоқ оқиға емес…
Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ұлан-ғайыр істер атқарылуда. Елбасының тікелей нұсқауымен Астананың өзінде бірнеше заманауи орталық салынды. Олардың бәрі шетелдік озық технологиямен жабдықталған. Таяуда ғана «Егемен» Астана қаласындағы Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталықта еліміздің бас кардиохирургі доктор Юрий Владимирович Пяның германиялық әріптестерімен бірге посткеңестік кеңістікте бұрын-соңды жасалмаған отаны жүзеге асырып, донор жүрегіне мұқтаж сырқатқа жасанды жүректі имплантациялағаны туралы жазды. Бұған дейін мұндай ота Германия мен АҚШ-та ғана жасалған екен. Енді, міне, үшінші ота біздің елімізде жүзеге асырылып отыр. Бұл, әрине, отандық медицинаның бүгінгі деңгейін, жылдан жылға өсіп-өркендеп келе жатқанын айғақтайтын үлкен жетістік, зор мақтаныш! Аймақтарда да оң өзгерістер аз емес. Соңғы жылдары облыс орталықтарын былай қойғанда, аудандардың өздерінде қаншама ауруханалар салынып іске қосылды. Оларда да небір күрделі оталар жасалып, халықтың сапалы қызметке қолжетімділігі артты. Осының бәріне қуанамыз, тәуелсіздіктің жемісі деп шаттанамыз. Әттеген-айы, мынадай сорақылықтан кейін соның бәрі зая кеткендей көрінеді екен.
Бұл арада біз түймедейді түйедей қылайық деген ниеттен аулақпыз. Денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жатқан мыңдаған адамдардың арасында жүрегінің жылуы мол, өз ісінің шын мәніндегі шеберлері көп екенін де жақсы білеміз. Олардың алдында әрқашан бас иеміз. Десек те, мына жай жүрегімізге ине болып қадалғанын қалай жасырайық. Қарын ішіндегі бір құмалақтың бар жақсылықты далаға кетіріп тұрғаны жанға батады. Сайып келгенде, мұның өзі ұжымдағы ахуалды жақсарту, ұмыт болған тәлімгерлікті жандандыру, жастарды мейірімділікке тәрбиелеу сияқты қай мамандықтың болмасын, алтын қырын жарқырата түсетін сан-салалы жұмыстарды да ұмытпау қажеттігін ескертіп тұрғандай. Осындайда ұлы Абайдың: «Адамзаттың бәрiн сүй – бауырым деп», деген дана сөздері ойға оралады. Бұл ұлағатты, әсіресе, абыройына дақ түспеуін ойлаған ақ халатты абзал жандардың есте ұстағаны жөн.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».
Астана.