31 Шілде, 2012

Тоғыстырған, табыстырған Астана

423 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тоғыстырған, табыстырған Астана

Сейсенбі, 31 шілде 2012 7:14

Тағдырдың жазуымен мен егде тартқан шағымда Астанаға қоныс аудардым. Жарқыным Астанаға қыз­мет ауыстыратынын айтқанда, алға­шында абдырап қалсам да артынан толқи жүріп, көшуге дайындала бастадым.
Астана менің туған өлкеме жақын, осында білім алып, тәрбие көрген жерім болған соң, оны жатсына қой­мадым. Әрине, ол мен білетін Ақмола, Целиноград емес, мүлде басқа, осы заманның озық қаласы болыпты. Кейде Алматының адамды тұншықтырып, тынысын тарылтатын ауыр ауасын кешіп жүргенде

Сейсенбі, 31 шілде 2012 7:14

Тағдырдың жазуымен мен егде тартқан шағымда Астанаға қоныс аудардым. Жарқыным Астанаға қыз­мет ауыстыратынын айтқанда, алға­шында абдырап қалсам да артынан толқи жүріп, көшуге дайындала бастадым.
Астана менің туған өлкеме жақын, осында білім алып, тәрбие көрген жерім болған соң, оны жатсына қой­мадым. Әрине, ол мен білетін Ақмола, Целиноград емес, мүлде басқа, осы заманның озық қаласы болыпты. Кейде Алматының адамды тұншықтырып, тынысын тарылтатын ауыр ауасын кешіп жүргенде Сарыарқаның сары даласының кө­кірегіңді ашып жібе­ретін салқын самалын аңсаушы едім, енді соған же­тіп, мәз болып қалдым. Оның үстіне туған еліме бір табан жа­қындап, ілік-жегжат, туған-туысқан­дарыммен қауышып, мәре-сәре күй кештім. Әсі­ресе, бірге оқып, бірге өскен жандармен қауышудың жөні айрықша болды.
Алдымен маған Райхан құрбым хабарласты. Жас кезінде қауызын жаңа ашып келе жатқан гүлдей, үне­мі күлім­деп жүретін тығыр­шықтай ғана сүй­кімді қыз болатын. Райхан деген есімі де табылып қойылғандай еді. Соңғы курс­та оқып жүргенде ол менің туған күніме «Абай жолы» эпопеясын сыйға тартып еді-ау. Ол кезде жастар бір-біріне кітап сыйлайтын. Осы кітаптың мені бір жы­латқаны да бар. Онда Алматыда тұ­ратынбыз. Бірде кітап сөрелерін қарап жүріп, қоңыр мұқабалы «Абай жолына» ұшыраса кеттім. Кітапты қолыма алып, ал­ғашқы бетін ашып қалсам… Райхан­ның жүрегінен шық­қан құттықтау сөз­дері өзіме таныс жазуынан самсап қоя бергені ғой. «Қартайған шағыңда осы романды қолыңа бір алып, бірге өткізген жас­тық шағымызды есіңе аларсың», депті құрбым. О, сұңғыла қыз, дәл солай боларын қайдан білдің екен? Айтқаның айдай келді емес пе? Ал содан жастық шағымды, достарымды сағынып, көңі­лімнің босағаны-ай. Сол күнгі туған күн кеші, қуанып сөйлегеніміз, бір-бірімізді күлдірге­німіз, билегеніміз – бәр-бәрі көз алдыма келіп, киноның лентасындай болып өтіп жатты. Қайран достарым, қай­да жүр екенсіңдер, аман ба екенсіңдер деп жападан жалғыз отырып оларды сағынғаннан көп жылаған едім сонда…
Енді міне, сол Райхан көшіп кел­генімді естіп, телефонмен хабарласты. Менің келгенімді Марат пен Майраға да айтыпты. Іле маған Марат та хабарласып, баяғы бірге жүр­ген жігіттер мен қыздардың қайда екендігінен хабардар етті. Сол күн­нен бастап менде де дегбір жоқ, дауыстарын естіген соң, енді жүздерін тезірек көруге асықпын. Қандай бол­дыңдар екен, шіркіндер. Бір кездегі балауса қыздар мен жі­гіттер шынымен шал-кемпір болып қалғаны ма? Арада өткен жарты ғасырға жуық уақыт қандай іздер салды екен маңдайларыңа деген секілді ойлардан арыла алар емеспін. Райхан, Марат, Биғайша, Майра, Күзенбай… Қандайсыңдар сендер қазір?
Алдымен Майрамен қауыштым. Есіктен кіре Райханнан естіп, жеткенше асыққанын айтып, сөйлеп келеді. Мен де құшағымды жайып қарсы жүр­дім. Көзімізді де сулап алдық. Қартайғанда кездестік-ау деп бір-біріміздің жастық шақтағы күйле­рімізді еске алып жатырмыз. Баяғы сұлу Майра жоқ, бірақ «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген», сол баяғы, сылқым қалпы­нан аумапты. Дөң­гелек жүзі қанша өзгерге­німен, көзі сол қалпы. Мен оны көзінен таныдым.
Көп ұзамай Марат та үйіне ша­қырып, бәріміздің басымызды қос­ты. Жарты ғасыр өткен уақыттан бергі кездесу ғой, ол да үйінде тағаты қалмай, балконға шығып, қарай беріпті. Біздің келе жатқанымызды көріп, есік алдына шығып қарсы алды. Егде тартса да кәрілікке бой бермеген, ашаң жүзді, ұзын бойлы жігіт ағасы тұрды қарсы алдымызда. Ма­рат­тың жанында орта бойлы, қара­торы бір әйел үнсіз күлімдеп тұрған. Бәйбішесі сол болар деп әкелген гү­лімді ұсына бердім. Сөйт­сем… менің телефонмен хабарласқан досым Рай­ханның өзі екен. Танымай қалдым. Ой, қызық-ай. Күліп жатырмыз.
Мараттың үйіндегі кездесуде де талай қызықтарды еске түсіріп, көп қызықтап, көп әңгімелер айттық. Өмір­ден өткен достарымыз бен ұс­таз­дарымызды да еске алдық. Ұзақ жылдар кездеспей, бала күнгі доста­рыңды қартайғанда көрген де бір ғанибет екен.
Бәрімізді өзінің бауырына тартып, осылай басымызды қосып жатқан Астанаға, оны күннен-күнге әсем қыл­дырып жатқан Елбасы­мызға мың да бір рахмет. Астанамыз елімізді лайым бақыт құшағына бөлейтін еліміздің, халқымыздың берік қорғаны, тірлік тірегі, бейбіт­шіліктің алтын ордасы, құтты мекені бола бергей.
Ханзипа КӘКІМЖАН,
зейнеткер.
Астана.