Радиация зардабы
Жұма, 5 қазан 2012 7:13
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Семей қаласында полигон сынақтарынан зардап шеккен халықтың денсаулығын, жағдайын және аймақтағы экологиялық залалды анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Құрамына халықтан түскен өтініш, талап-тілектерді жинақтау үшін саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер өкілдері кірген болатын.
Жұма, 5 қазан 2012 7:13
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Семей қаласында полигон сынақтарынан зардап шеккен халықтың денсаулығын, жағдайын және аймақтағы экологиялық залалды анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Құрамына халықтан түскен өтініш, талап-тілектерді жинақтау үшін саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер өкілдері кірген болатын.
Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Қазбек Әпсалықовтың айтуынша, сынақ салдарынан тұрғындардың түрлі дерттерге ұшырағаны мәлім және өлім-жітім де аз емес. Семейге қарасты барлық өңір мен Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарының кейбір аумақтары экологиялық апатты аймақ ретінде танылуда.
– Біздің институт 1957 жылы №4 диспансер ретінде салынған еді және әлемдегі ең бір құпия мекеме болды, – дейді радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымдарының докторы Қазбек Әпсалықов. – Зерттеу жұмыстары әскери ведомстводан бөлек жүріп, полигон аймағындағы сәулелену деңгейі жасырын түрде қарастырылды. 1949 жылы 29 тамызда Қайнар ауылының 42 азаматы тілмәш, аудармашы қажет болады деген сылтаумен сынақ алаңында қалдырылады. Жарылыстан кейін осында әкелініп, олардың қал-жағдайлары, өздерін қалай сезінетіндері сұралады, бойындағы өзгерістер зерттеуге алынады. Міне, осылайша құпия жұмыс істеген мекеме бүгінде Елбасы тапсырмасымен халық игілігіне қызмет етіп отыр. Біздегі медициналық мекеменің құрамында радиациялық-экологиялық зертхана бар, онда топырақ, су, азық-түлік құрамындағы радиация, радионуклидтер тексеріледі. Зертхана 1994 жылға дейін жақсы жұмыс істеп тұрды да, қаржылай қиындыққа байланысты маңызды жұмыстарын тоқтата тұруға мәжбүр болды. 1995 жылы ғылыми-зерттеулерді жартылай жалғастыруға тырыстық. Бірақ, бізде басқа да проблемалар бар. Біріншіден, халықтың радиацияға қаншалықты ұшырағанын білдіретін деректер бар мұрағатты кеңестік әскерилер мұрағатын өздерімен бірге алып кеткен. Екіншіден, қанша адам зиян шекті, осы мәселе белгілі емес, сондай-ақ сол кез бойынша аса қажет болып саналатын медициналық зерттеулер де жойылған. Тек соңғы жылдары ғана ресейлік және жапондық әріптестермен бірігіп жұмыс істеу нәтижесінде ауаға тараған радиация мен сәулелену деңгейін анықтап, жергілікті тұрғындардың денсаулығын біршама тексеру мүмкіндігіне ие болдық.
Қатарынан бірнеше жыл бойы Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Шемонаиха аудандары мен Абыралы өңірі және Семей қаласы біраз зерттеліпті. Бірақ, Шығыс Қазақстан облысының радиациялық картасын толық жасау үшін бұл әлі аздық етеді екен. Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Қайрат Қадыржанов бастаған ғалымдардың берген нақты деректері бойынша полигон аймағы үшке бөлінген көрінеді. Аса қауіпті аймақ, қауіптілігі жоғары аймақ және қауіптілігі төмен аймақ деп. Тәуелсіздік алған жылдары институт өз мүмкіндіктерімен жасаған зерттеулерінің қорытындысын шығарып, полигоннан 1 млн. 450 мың адам зардап шеккендігін анықтаған. «Бұл дерек жалпылама ғана, әлі де нақтылауды қажет етеді. Жұмыстарды жүргізу барысында бізге жапондық, ресейлік ғалымдардың көп көмегі тиді. Солар арқылы полигоннан қатты зардап тартқан Абай, Бесқарағай өңірлеріндегі резиденттердің электронды картасы жасалды. Онда қанша адам қашан және қалай, қай жерде радиация алғандығы құжат түрінде бекітілген. Зерттеулер көрсеткендей, 360 мың адам сынақ алаңындағы жарылыстардан тікелей зардап шеккен, 111 мыңы ең алғашқылардың тобында, яғни 1963 жылға дейін туғандар. Екінші, үшінші зиян шеккен ұрпақ өкілдерінің қатарында 249 мың адам бар. Тағы да 194 мың адамды тіркеп отырмыз. Бұл әлі де нақтылайтын шаруа, мәліметтер өзгеруі мүмкін. Радиациялық карта жасалса, көп көмек болар еді», дейді Қ.Әпсалықов.
2002 жылдан бастап институтта 45 төсектік емхана ашылыпты, бірақ ол жылдық квота бойынша келетін 1836 науқасқа мүлде жетпейді екен. Сондықтан да алдағы уақытта емдеу шараларын жалғастыру үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семейде сауықтыру орталығын салып, радиологиялық кластерді дамытуды қолға алу жөніндегі тапсырмасына ұжымның ризашылығы мол. Шыны керек, институт ғалымдары бүгінде сынақ проблемаларын ұлттық проблема деңгейіне көтеруді ұсынып отыр. Себебі, бұл – халқымыздың қасіреті. Сондықтан да қазір ғылым үшін тұқым қуалаушылық арқылы берілетін ауруларды емдеу мәселесі аса маңызды. Ол үшін институтта зардап шеккендердің ДНК-сы арқылы қан құрамын тексеретін орын болуы қажет. Айта кету керек, халықтың денсаулығын оңалту үшін институттың да дайындап отырған тың жаңалықтары бар көрінеді.
Мемлекет Семейдің экологиялық проблемасын назардан тыс қалдырып көрген емес. Алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен Семейде 1949-90-жылдары туып, өмір сүрген азаматтар бірыңғай автоматтандырылған жүйеге енгізілетін болады. Ол үшін жергілікті отбасылық дәрігерлік амбулаторияға туу туралы куәлік, жеке куәлік, мектеп бітіргені жөнінде аттестат, диплом, еңбек кітапшасы, неке куәлігі, балалардың тууы туралы куәлігін табыстау қажет.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
СЕМЕЙ.