20 Сәуір, 2012

Тарихта ізі сайрап жатыр

500 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Тарихта ізі сайрап жатыр

Жұма, 20 сәуір 2012 7:49

Қазақ елінің іргесінің берік, шаңырағының биік болуы жолында жан аямай күрескен қайраткерлерді еске алғанда, есімі Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенов сынды саңлақтармен қатар аталатын бір тұлға бар. Ол – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Фазыл КӘРІБЖАНОВ. Жақында ғана қазақ баспа­сөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне тағайындалған танымал қаламгер, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Жарасбай Сүлейменовтің  есімі елімізге жақсы танымал азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Сәлімұлы Кәріб­жановпен сұх­батында Фазыл Кәрімұлының өмір жолы, қызметі, қайраткерлік, адамгершілік қасиет­тері, болмыс-бітімі жайлы әңгіме қозғалады.

Жұма, 20 сәуір 2012 7:49

Қазақ елінің іргесінің берік, шаңырағының биік болуы жолында жан аямай күрескен қайраткерлерді еске алғанда, есімі Жұмабай Шаяхметов, Жұмабек Тәшенов сынды саңлақтармен қатар аталатын бір тұлға бар. Ол – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Фазыл КӘРІБЖАНОВ. Жақында ғана қазақ баспа­сөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне тағайындалған танымал қаламгер, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Жарасбай Сүлейменовтің  есімі елімізге жақсы танымал азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Жәнібек Сәлімұлы Кәріб­жановпен сұх­батында Фазыл Кәрімұлының өмір жолы, қызметі, қайраткерлік, адамгершілік қасиет­тері, болмыс-бітімі жайлы әңгіме қозғалады.

– Жәнібек Сәлімұлы, біздің әңгі­меміз елім деп еңіреп өткен, қазақ жерінің гүл­денуі үшін аямай тер төккен, бүгін халқы туғанына жүз жыл толуына орай еске алып жатқан ірі мемлекет және қоғам қайраткері, сіздің атаңыз, осылай деп айтсақ дұрыс па, Фазыл Кәрімұлы Кәрібжанов тұлғасы төңі­регінде өрбімек. Дегенмен, осы әңгімеге көш­­пес бұрын Фазыл Кәрімұлының кіндік қаны тамған Шарбақкөл туралы сөз сабақ­тай кету артық емес сияқты. Шарбақ­көл – Жұмабай Шаяхметов, Фазыл Кәрібжанов сын­ды мемлекет қайраткерлерінің, алаш­тың атақты ақыны Қошке Кемеңгер­ұлы­ның туып-өскен жері. Осының өзі-ақ ойға жетелейді, көп жайдан сыр ұқтыратын сияқ­ты. Шарбақкөл туралы сіз не білесіз?

– Менің ұлы атам Кәрім мен ұлы әжем Әли­паның Айтқожа, Сейітқожа, Бәткен және Фазыл деген төрт баласы болған. Әкем – Сәлім Айт­­қо­жа­дан туғанмен, ұлы әжем Әлипаның үлкен шаңырақтың тізгінін ұстап қалған Фазекеңнің тәрбие­сін алды. Соған қарағанда, Фазыл Кәрім­ұлы маған шын мәнінде ата болып келеді. Ал Шарбақ­көлге ойыс­сақ, бұл өңір – ерекше жер, қасиетті мекен. Таби­ғатын суреттеудің өзі бір ғанибет! Айнала қарағайы, қайың-терегі аралас қалың ормандар, моншақтай мөлдіреген көл­дер… Бір сөзбен айтқанда, сулы да нулы, шырайлы да, шұрайлы жер. Сірә, аталарымыз қоныс таң­дағанда қате­лес­пеген. Біздің туып-өскен жері­міз – Айбас ауылының орналасқан жері де тамаша, тұр­мысқа өте қолайлы еді.

– Шарбақкөл қазір Ресейдің Омбы облысына қарайды ғой. Бұл жерді қазақтар қай кезден мекендей бастады екен?

– Ақсақалдар бұл түпкі өз жеріміз, біздің ежелгі мекеніміз дейтін. Айтса айтқандай, ол өңірде қазақтар біршама тығыз орналасқан. Тарихын қазбаласаң тереңге кетеді. Демек, үлкен­деріміздің біз кірме емеспіз, өз жерімізде, ата­жұртымызда отырмыз деулерінің негізі бар ма деймін. Айбас ауылының атағы кеңге жа­йыл­ған. Ежелден қазақы қалпын сақтаған, бір­лігі мықты ауыл. Онда қазақ орта мектебі бар. Фазыл Кәрімұлы осында егін егіп, мал өсі­ру­мен айналысқан қарапайым отбасында өмір­ге келді. Өкінішке қарай бесіктен белі шықпай жатып бір жасында әкесінен айырылады. Осылай ойла­ма­ған жерден шиеттей төрт баламен жесір қал­ған ұлы әжеміз Әлипа тағдыр мойнына ілген қиын­шылықтарға мойымай, тұрмыстың ауыр азабын тарта жүріп, балаларын өсіріп, ержет­кізді, ешкімнен кем қылған жоқ. Ауыл­дас­тары бұл отбасының ұйым­шылдығын, бір бірі­не деген бауырмалдығын әлі күнге жыр қылып айтады. Расында да, сол бір қиын-қыс­тау кезең­де, отбасында түсіністік, ынты­мақ-бірлік болмаса, ел қатарына қосылу қиын еді.

– Сіз Фазыл Кәрімұлын көрген шығар­сыз. Ол кісі үлкен қызметке іліккеннен кейін үнемі ат үстінде болды ғой. Туған жері­не қаншалықты жиі соғып жүрді?

– Фазыл атамызбен байланысымыз үзілген жоқ. Ол кісі қайда жүрсе де ауылын ұмытпай­тын. Өте жұмысбасты болды ғой, соның өзінде жылына бір рет, кейде екі рет ауылға соғып, шешесінің, ағайын-туғандарының амандығын біліп тұрды. Бала болсақ та атамыздың адамгершілігін, кішіпейілділігін сегінетінбіз. Менің есімде, ылғи ауылға түнде­ле­тіп келеді. Сол кезде бұл кісі неге түнде жү­реді деп ойлаушы едім. Кейін түсіндім. Жұмы­сы әрдайым басынан асып жататын­дықтан, жолға кеш шығады екен ғой. Жол алыс, Көкше­тау, Қызылтуды басып, Шарбақкөлге жеткенше біраз уақыт өтеді. Және ол кезде қазіргідей жүй­рік көліктер болған жоқ. Үйіміз шағын, ана­­мыз бізге төсекті сәкіге салады, опыр-топыр жатамыз. Бір күні қаннен-қаперсіз ұйықтап жат­қанбыз. Әкеміздің: «Тұрың­дар, тұ­рың­дар, ағатай­ларың (біз бәріміз ол кісіні осылай атайтынбыз) келді», деген дауысы естілді. Күні бойы үй шаруасымен айналысып, арасында ойынды соғып, кешке ұшып жығыла­тын біз, әрине, атып тұра қоймай­мыз, көр­пенің астынан сығалап, әліптің артын баға­мыз. Сөйт­кен­ше болған жоқ, бір топ адам сау етіп үйге кіріп келді. Ағатайым жалғыз жүрмей­тін. Өте көпшіл адам болды. Әкем тұр-тұрлап жатыр. «Сәлім, сен балаларды қозғама, қазір олар­дың нағыз ұйықтайтын шағы ғой, біз де көп отырмаймыз, дем аламыз», деп басу айтып жатыр ол кісі.

Ағатайым келгенде біздің үйге кісі сыймай кетеді. Ауылдың үлкен-кішісі – бәрі жиналады, сәлем береді, жоғары жақтың әңгімесін тың­даймыз дейді. Бір күні бір қызық оқиға болды. Ауылымызда бір бастықсымақ бар еді, сол кісі бір топ адамның үстіне кіріп келді де, бірден төрге озбақ болды. Ағатайым үлкендер бар жерде ешқашан төрге шықпайтын, сол жолы да төменірек отырған. Ақырын ғана: «Басеке, бері келіңіз, төр ақсақалдардікі, біздің орнымыз мына жақта. Бастық болсақ, біз жұмыста бастық­пыз», деді. Жұрттың бәрі күліп жатыр. Әлгі кісі қы­за­рақтап, ағатайымның қасына отыра кетті.

Үлкендердің айтуларына қарағанда, өте зерек, білімге құштар болыпты. 1929 жылы ауыл­дағы мектептің бесінші сыныбын аяқтағаннан кейін Шарбақкөл аудандық комсомол коми­теті­нің жолдамасымен оқуын жұмысшы жастар факультетінде жалғастырады. Оны тәмамдаған соң, 1933 жылы Омбыдағы Сібір академиясына түседі. Кезінде бұл – академик Н.В.Цицин, про­­фессорлар А.Д.Стольгоне, Т.Т.Петров сынды ға­лым­дарымен аты шыққан өте ірі әрі беделді оқу орны болатын. Кейін одан бірнеше институт бөлініп шықты. Атамыз мұнда да жақсы оқи­ды. Бірақ тұрмысы ауыр болса керек. Осы институтта білім алған, кейін Қазақстан Ғылым академиясын басқарған академик Шафик Шө­кин­нің: «Фазыл екеумізге сырттан көмекте­се­тін ешкім болмады. Көбіне ашқұрсақ жүреміз, әйтеуір, жастықпен білінбейді. Күндіз оқу оқысақ, кешке, түнде жұмысқа же­гі­­леміз, вагондардан жүк түсіреміз, бас­қа да қара жұмыс­тар­ды атқарып жүр­дік», деп жазғанын оқы­ғаным бар.

Өзінің еңбек жолын атамыз қатар­дағы агрономдықтан бастайды. Арада үш жыл өткеннен кейін 1941 жылы Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлі­мі­нің меңгерушісі болып тағайын­далады.

– Бұл елімізге неміс-фашист бас­қын­шылары баса-көктеп кірген кез ғой.

– Иә, алапат соғыс өрті тұтанған қиын-қыстау заман. Бала кезінде қапы­лыста бір көзін зақымдап алған атамыз соғысқа қатысқан жоқ. Ол тылда уақыт­пен санаспай еңбек етті, бар күш-жігерін ауыл шаруашылығын дамытуға жұмылдырды. Сөйтіп, өзін ауыл шаруа­шылығының білгір ұйымдастырушысы ретінде таныта білді. Соның нәти­же­сінде, елдің жоғары марапаттарына ие болып, 1945 жылы Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің ауыл шаруа­шылығы бөлімінің меңгерушісі қыз­метіне жоғарылатылады. Ал соғыс аяқ­талғаннан кейін Қарағанды облыс­тық партия комитетінің екінші хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы болады. Ол жаңа қыз­мет­тері­не де құлшына кірісіп, жан аямай еңбек етеді. Оған сол кездері атамызбен бірге қызмет іс­теген, кейін белгілі ғалым атанған философия ғылымының докторы Ж.Жандосовтың: «Қара­ған­дының Қазақ­стан­ның өнеркәсіп орталығына айналуына Фазыл Кәрімұлының қосқан үлесі өте зор. Біз тәулігіне 12-16 сағат жұмыс істедік. Ол барлық мәселелерге алаңдайтын. Дүкен­дер­ге қандай өнімдер түсіп жатыр, шахтерлердің киімі жылы ма, бүтін бе, жастар немен айналысуда, осы және басқа мәселелерді, ұсақ-түйек демей, қалт жібермей қадағалап отырды. Ол жұмысшы жас­тармен жиі араласатын. Олар­дың білім алуына, өсуіне қамқорлық жасап отырды. Өзінің еңбегін, қызметін бұлда­май­тын, ашық, ақжар­қын, өте қарапайым еді», деген сөздері дәлел бола алады. Айтса айтқандай, атамның ғана еңбегі деуден аулақпын, осы жылдары (1946-1951 ж. ж. ) Қарағанды облысы ерекше қарқын­мен дамиды. Теміртаудағы металлургия комби­натының 3 прокат станы, екі мартен пеші іске қосылады. Қарағандыда көмір өндіретін 6 жаңа шахтаның жұмысы жолға қойылады. Осылай 1950 жылы республикада көмір өндіру соғысқа дейінгі деңгейден 2, 5 есе асып түседі. Сол жылдардағы еңбегі үшін ол екінші мәрте «Құр­мет белгісі» орденімен марапатталады. Ал 1953 жылы Ауыл шаруашылығы министрі болып тағайындалады.

– Осы арада бір сұрақ қойғым келіп отыр. Жұрттың бәрі ол кісіні Кәрібжановтар әулетінің көшбасшысы ретінде атайды. Шын мәнінде солай ма? Жалпы, Фазыл Кәрімұлы сіздің өмір жолын таңдауыңызға, қалыпта­суы­ңызға қаншалықты әсер етті?

– Ол кісі қайтыс болғанда мен он екі жас­тағы бала едім. Дәл сол уақытта атамдай боламын деп армандадым десем, кейбіреулер асыра айтқандық деп түсінер. Бірақ кейін мектепті бітірер кезде, мамандық таңдауда ол кісіні еске алып, айтқан ақыл-кеңестерін ой таразысына салып барып шешім қабылдадым. Атам сияқты ауыл шаруашылығы маманы болуға ұйғардым.

– Қазақ бата бергенде: «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі», деп жақсының жолын тілеп жатады. Сізді де атаңыздың жолы адастырмаған секілді.

– Иә, атамыз біраз қызметтің тізгінін ұста­ған адам. Жоғарыда Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болғанын айттық. Содан кейін осында облыстық атқару ко­ми­тетін басқарды, Ауыл шаруашылығы ми­нистрі болды. Қазақстан Компартиясы Орта­лық комитетінің екінші хатшысы, республика Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қыз­­меттерін атқарды. Абай атамыз «болмасаң да ұқсап бақ» деген ғой, дәм жазып, мен де атам оқыған жоғары оқу орнының табалдырығынан аттадым. Мәселе тіпті қызметте емес. Менің ғылым жолымен кетуіме де болатын еді. Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, агроном-экономист дипломын алғаннан кейін маман­дығым бойынша еңбек жолымды бастадым. 1975 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық кибернетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түсіп, “Ауыл шаруашылығы механизациясының экономикалық-математи­ка­лық нұсқасы” деген тақырыпта диссертация қорғадым. Институт басшылығы мені осында қызметке қалдырды, лабораторияға басшылық жасауды сеніп тапсырды. Жас маман үшін бұл үлкен қызмет-тін. Сол жерде қалып қоюыма да болатын еді. Бірақ елге оралсам деген ой мазалай берді. Атам бізді осыған үйретті. Ол кісі: «Өз халқыңа қызмет еткеннен артық ештеңе жоқ», дейтін әркез. Сөйтіп, елге оралып, 1982-1987 жылдары Торғай облысындағы Октябрь ауданына қарасты “Заря коммунизма” кең­шары­ның бас экономисі, Панфилов атындағы кеңшардың директоры, Торғай облыстық агро­өнеркәсіптік комитеті төрағасының бірінші орынбасары, одан кейінгі екі жылда Қазақстан Агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының бірін­ші орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқардым.

– Фазыл Кәрімұлы да ауыл шаруа­шы­лығы саласын басқарды ғой.

– Ол кездегіні біздің заманмен салыстыруға тіпті болмайды, тың игеру кезі, қол қысқа, аласапыран… Соның өзінде 1956 жылы Қазақстан тұң­ғыш рет миллиард пұт астық алды. Оған атамыз­дың да қосқан үлесі ескеріліп, 1957 жылы Кеңес Одағының ең жоғары марапаты – Ленин орденіне ие болды. Осы жылдың аяғында қызметі де жо­ға­рылап, Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­теті­нің екінші хатшылығына сайланады.

– Осы жерде ел аузында жүрген бір оқиға ойыма оралып отыр. ХХ съезде бұған дейін Қазақстанды басқарып келген Леонид Бре­жнев СОКП Орталық комитетінің хатшысы қызметіне сайланады да, ол өзінің орнына И.Яковлевті, екінші хатшылыққа Н.Журинді ұсынып, Мәскеудің келісімін алып келеді. Қызметі жоғарылаған адам­ның көңіл-күйі­нің қандай болатыны белгілі ғой, Л.Брежнев те ойында ештеңе жоқ, өзінің ізбасарларын Қазақстан Компартиясы Ор­та­лық комитеті­нің бюро мүшелеріне таныстыра бастайды. Сонда қазақтың бір­туар ұлдарының бірі, сол кезде Жоғарғы Кеңес Төралқасының Төрағасы қызметін атқарып жүрген Жұма­бек Тәшенов: «Қазақ­стандағы игерілген тың жер, одан өндірілген астық көлемі әлемге әйгілі. Бұл күрделі өзгерістерді жүзеге асыруда қазақ халқы, партия ұйымы тәрбие­леген кадрлар өздері­нің қабілетін көрсетті. Миллиондаған адамдар келіп, жүздеген кең­шарлар пайда болды. Оларға орысша атаулар берілді. Оған қазақ­тардың қарсы­лық­тары болмады. Үлкен істе талай саңлақтар өсті. Аудан, облыстарда, орталық аппаратта, министрліктерде екінші хатшыға лайық қазақ азаматтары аз емес. Мынау отырған ОК-нің ауыл шаруашы­лығы жөніндегі хатшысы Фазыл Кәріб­жанов кімнен кем? Ол екінші хатшылыққа жарамай ма? Сон­дық­тан, осындай дайын тұрған кадрларды көзге ілмеу мені таңғал­дырады. Мен мұны қазақ кадрларына сенім­сіздік не білгісі келмегендік деп түсіне­мін», деп ойындағыны ақтара салып, Л.Брежневті қат­ты састырған ғой. Бұл, сөз жоқ, көзсіз ерлік еді. Сондай-ақ, осы сөздер­дің астарынан сол кезде іскер басшы, білікті ұйым­дас­тырушы ретінде қалыпт­а­сып қал­ған қай­рат­к­ер Фазыл Кәріб­жанов­тың тұлға­сын да көреміз. Тәшеновтің өзінен сондай баға ал­ған Фазыл атамыз осал болмағаны ғой.

– Қазақтың тарихында Жұмекеңдей арыстар көп емес. Атамыз сол кісілермен үзеңгілес болу­дың бақытына бөленген жан. Ал шынына келсек, Жұмекең көп мәселелерде атамызбен ақылдасып отырды, оны аға деп арқа тұтты. Мысал үшін айтатын болсақ, тың игеру бірден басталып кеткен жоқ. Ол, ең алдымен, сол кезде Қазақстанды басқарып отырғандардың қарсы­лы­ғына тап болды. Осы мәселемен Н. Хрущев Ж.Шаях­метовті Мәскеуге шақыртқанда, Ж.Тәшенов Ауыл ша­руашылығы министрі Фазыл Кәріб­жановтан осындай жағдай бар, сіз қалай ойлайсыз деп сұрайды. Сонда атамыз мұндай қадам­ның қазақ еліне әкелетін жақсылықтарына тоқтала келіп, зардабы да қазаққа аз болмайтынын, алдымен мал басы­ның күрт кемитінін, келімсек­тер­дің қап­тай­­ты­нын, жат көбейсе қазақ тілінің халі мүшкіл болатынын ашық айтыпты. Мұ­ның соңы немен аяқ­талғаны тарихтан белгілі. Хрущев Ж.Шаях­метов­ті қыз­меті­нен тайдырып тынды. Фазыл атамыз тың игеруде осылай сақ­тық таныт­қан­мен, кейін өзіне жүктелген мін­деттерді адал атқарды. Тың игеру қазақ даласына орасан зор өзгерістер әкел­ді. Тың игері­летін облыстарда ғана бір жыл ішінде 337 кеңшар құрылып, егістік жер көлемі 17 млн. гек­тарға де­йін ұлғайды. Ол саланы өзі бас­қарған жылдары мал шаруа­шылы­ғына зияны тиеді, малмен күн көріп отыр­ған қазақ­қа, егін­шілікке тиім­сіз деп жайы­лым­дық жер­лер­ді жыртуға жол бермеді. Кейін не болғанын өзіңіз білесіз.

– Қазақтың белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, қөрнекті ақыны Кәкімбек Салықов Фазыл Кәрім­ұлының өмірін арқау еткен «Заман сыры» деген поэмасында: «Қазақ болып туған жүрегі Одақты жасқант­қан», деп жырлайды. Мен осыны Ф. Кәрібжанов батыл, мінезі тік, тура сөйлейтін, ешкімнен қаймықпаған қайсар жан болған деп түсіндім.

– Фазыл атамыз жоғары лауазымды қызметтер істей жүріп, елдің, ұлттың жайын бір елі де ойынан шығармаған. Семейдегі атом жарылысына ашық қар­сы шыққан азаматтар көп емес. Со­лар­дың бірі Фазыл атамыз. Ол ашық жағ­дайда жүргізілетін сынақтардың жер­гілікті халыққа көп залалы бар еке­нін жоғары жаққа жеткізіп, олардың назарын аудармақ болады. Бірақ Мәс­кеу орын­ды талапқа құлақ аса қой­май­ды. Кейін оған қазақтың ірі ғалымы Қаныш Сәтбаев қолдау білдіріп, ақыры ашық сынақтар тыйылып, жер асты сы­нақ­тары басталады. Бұл мәселенің тү­бе­гейлі шешілуіне тәуел­сіздік жыл­дары, елі­міздің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың арқасында ғана қол жетті. Әрине, атамыздың туған хал­қы­на деген жана­шырлығын Мәскеу бағалаған жоқ, қайта оны ұлтшылдық деп, реті келсе аяқтан шалуға тырысты. Басқаларын айтпағанның өзінде, сол кезде Қазақстанды басқарып тұрған Н.Беляев оған ашық өшігіп, туған шешесі қай­тыс болып жатқанда, анау-мынауды сылтау етіп, жерлеуге қатысуына мүмкіндік бермеген.

Фазыл атамыздың ойындағысын ашық айтатын өр мінезді адам болғанын ол кісіні көр­гендер, бірге қызмет істегендер естеліктерінде жазады. Біреудің лауазымы жоғары екен деп ешкімнің ығына жығылмаған. Беляев сияқты­ларға жақпай қалуының да бір себебі осы. Мысалы, 1958 жылы Қазақстан Компартиясы Ор­та­лық комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Н. Беляев Атбасарда жиналыс өткізіп, егінді бөлектеп неге ормайсыңдар деп дігірлей бас­тайды. Оған қарсы уәж айтқандар болмайды. Тек Фазыл Кәрібжанов пен сол кезде үкіметті басқарып жүрген Жұмабек Тәшенов ол әдісті ауа райы жағдайын, шаруашылықтардың техникамен жабдықталуын ескермей қолдануға болмайды, мұның аяғы ысырапқа әкеліп соқ­тыруы мүмкін деп қарсылық білдіреді. Бірақ кеудемсоқ басшы бой бермейді, өз дегенін іс­те­теді. Соның салдарынан сол жылы Қос­та­най облысында егіннің жартысы жиналмай қалады.

– Бүгінге жеткен деректерге зер салсақ, Фазыл Кәрімұлының руханият мәселе­лері­не де көп көңіл бөлгені, қазақтың тілінің бола­шағына алаңдағаны байқалады. Бұл шаруа­шылық, экономика мәселелерімен айна­лыс­қан ел ағаларының бәрінің бірдей бойынан табыла бермейтін қасиет қой. Ол кісі қайтыс болғанда қазақтың Жұмабек Тә­шенов, Мұх­тар Әуезов сияқты арыстары көз жастарын тыя алмай, егіліпті. Осында не сыр бар?

– Ол кісі сан қырлы адам болған ғой, көп оқыған. Сол кезде «Батыр Баянды», «Манасты», Бұқар жыраудың, Үкілі Ыбырайдың, Ма­хам­беттің жырларын жатқа айтатын. Осы өнеріне сүй­сінген, мемлекет және қоғам кай­рат­кері, ға­лым Хайдар Арыстанбеков: «Фазе­кең­нің «екінші мамандығы – қазақ әдебиеті», деген екен.

Біз ол кісіге өзіміз барып тұрдық. Жазғы демалысымыздың көп уақыты сол үйде өтетін. Cонда көргенім – атамыз қазақтың бетке ұстар зиялыларымен көп араласты. Үйлеріне Мұхтар Әуезов, Ілияс Омаров, Сәбит Мұқанов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов жиі келетін. Күләш Байсейітованы да талай рет көрдім. Солардың бәрінің шығармашылығына зер салып, қолдап отырған. Мұхтар Әуезовтің өзінің күнделігіне Фазыл Кәрімұлы туралы арқа сүйеуге болатын сенімді адам, адамгершілік қасиеттері өте мол, жүрегі мейірімді, мен осындай азаматпен кездес­кеніме қуаныштымын деп жазғанынан да көп ой түюге болады. Атамыз қазақ зиялыларына қолы­нан келген көмегін жасап отырған. Осындай бір әңгімені маған көзі тірісінде қазақтың көрнекті қаламгерлерінің бірі Қалтай Мұхамед­жанов айт­қан еді. Кейін ол кісі жазды да. Ол кезде мен Алматыда қызмет істеймін. Бірде қабылдау бөл­ме­сінде отыратын хатшы қыз сізге Қалтай Мұха­меджанов деген жазушы келіп отыр деді. Ол кісімен араласпасам да сырттай танитынмын, кірсін дедім. Біраз әңгі­мелестік. Арада біраз уа­қыт өткеннен кейін Қа­лекең тағы келді. Осылай үш-төрт қайта кез­дестік. Соңғы кел­генде, үлкен кісі ғой, бір бұ­йым­тайы бар шы­ғар, айта алмай жүр ме деп аға, бір көмек керек болса, қысылмай айтыңыз дедім. Ол кісі күліп алды да, маған ештеңе керек емес, өзіңді көрейін, әңгімелесейін деп келемін, сені көргенде Фазе­кең­ді көргендей боламын деді.

Сосын маған жанарын тік қадап, сен Әжім­бет деген ұлы атаңды білесің бе деді. Мен есті­генім болмаса, білетінім шамалы екенін айттым. Сол атаң өз заманында өте атақты адам болған, Омбының аға сұлтаны қызметін атқар­ған. Шілде айында қайтыс болады. Соған қара­мастан оны сол кездегі дәстүрмен Түркістанға апарып жерлейді. Фазекең сондай асылдың тұяғы еді ғой. Шарапаты мол жан еді. Мені де тура келген бір қауіптен құтқарып қалғаны бар. «Бөлтірік бөрік астында» атты пьесамнан ұлтшылдықтың исі аңқып тұр деп Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті­нің хатшысы Н. Жанділдин қырына алмасы бар ма. Пьесам сахнадан алынатын болып, өзім сын­ның астында қалдым. Осылай шақшадай басым шарадай болып, қатты қиналдым. Аға, мына пәледен құтқара көріңіз деп Мұхтар Әуезовке бардым. Ол кісі бұл мәселеде саған кім көмек­те­се алатынын білемін, Фазыл Кәрімұлы Кәріб­жанов құтқарады. Біз спектакліңе бірге келе­міз, сол арада әңгімелесеміз, деді.

Қойылым 6 сәуірде көрсетілетін болды. Шы­мыл­дықтың сыртынан залға көз салсам, Мұхаң қасында Қазақстан Компартиясы Орта­лық коми­тетінің екіншісі хатшысы Фазыл Кәрібжанов бар, залда отыр екен. Мен осындай жоғары лауазымды адамның әлі көрерменге танылып үлгер­меген жас драматургтің спектаклі­не келгеніне таң­ғалдым. Қойылымнан кейін кездесіп әңгі­мелес­тік. Фазыл Кәрімұлы: «Жа­рай­сың, жастар туралы жақсы еңбек екен, осылай жаза бер», деді. Келесі күні барлық газеттерде дерлік қойылым­ның сәтті өткені жайлы мақалалар жарияланды. Содан кейін мені ешкім мазалаған жоқ.

– Фазыл Кәрімұлының ұрпақтарынан кімдер бар?

– 1944 жылы туған үлкен ұлы Жан, одан төрт жас кіші Олег қазір зейнет демалысында. Валерий деген ұлы Алматыда тұрады, геолог. Немерелері, шөберелері бар. Жеңгеміз Лидия Петровна 1980 жылы қайтты.

– Фазыл Кәрімұлы небәрі 48-ақ жыл өмір сүріпті. Зерттеушілердің жазуларына қара­ған­да, демалыс дегенді білмепті, өзінен гөрі өзгелердің жайын көбірек ойлап, аса сақтан­баса керек. Олай дейтінім, Семейде сынақ жүріп жатқанда, ол жаққа атбасын бұрудың қауіпті екенін біле тұра, қайта-қайта барады, ауылдарды аралайды, халықтың хал-жағдайын өз көзімен көреді, дабыл қағады. Қайда қызмет істесе де жақсы ісімен танылады, артына із қалдырады. Міне, осындай еліне, халқына еңбегі сіңген азаматқа біз лайықты құрмет көрсете алдық па?

– Дербес мемлекет ретінде дами баста­ғаны­мызға 20 жылдан жаңа асып барады. Бұл – тарих үшін көп уақыт емес. Бәрі орнына келеді деп ойлаймын. Баяғылар: «Өлі риза болмай, тірі байымайды», деген ғой. Бүгінгі ұрпақ баба­лар­дың өр­лігі мен ерлігін естен шығармауға тиіс. Фазыл Кәрібжановтың есімі Алматы қаласы мәслихаты мен әкімдігінің 2003 жылғы 27 ақпан­дағы қаулы­сы­мен Алматы қаласының бір көшесіне берілді.

– Ол кісінің Қарағанды облысында болмаса Солтүстік Қазақстан облысында ізі қалмады ма? Осы облыстарда көшелерге немесе оқу орындарына ол кісінің атын берсек артық емес қой. Семейдегі сынақтарды тоқ­тату үшін жан алып, жан беріскенін жоға­ры­да айттық. Қаншама ауылдарды, қаншама халықты аман алып қалды. Осындай ерлік­ті ұмытуға бола ма?

– Дұрыс айтасыз. Болашағымыздың іргесі берік болсын десек, өткенді ұмытпауымыз, хал­қымызды бүгінгідей дәрежеге көтеруге үлес қос­қан­дарды есте ұстап, оларға лайықты құр­мет көр­сетуіміз керек. Фазыл атамыз мүлде ұмыт қалды дей алмаймын. Құдайға шүкір, ұрпақтары бар, ауылы орнында. Омбыдағы өзі оқыған жоға­ры оқу орнының қабырғасына ілін­ген атақты түлектердің қатарында ол кісінің де суреті тұр. Елімізге әйгілі мемлекет және қоғам қай­рат­кер­лері Д.Қонаев, Ж.Тәшенов, А.Асқаров, В.Ливенцов, Х.Арыстанбеков, М.Қозыбаев ес­телік­терінде атамыз туралы жылы лебіздер біл­діреді. Мәсе­лен, 1997 жылдың 22 желтоқса­нын­да Ғылым ака­де­мия­сының Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты Қа­зақ­стан Рес­пуб­­ли­ка­сының Президенті­нің мұра­ғатымен бірлесіп Фазыл Кәрімұлы Кәріб­жановты еске түсіруге арналған кеш өткізді. Кейін ол жалғасын тауып, осындай елге еңбегі сіңген ірі тұлғаларға арнал­ған шаралардың бастауына айналды. Міне, осы кеште сөз алған академик Манаш Қозыбаев: «Фазыл аға жоға­ры лауазымды қызмет­тер атқарды, өз елінің ардақты ұлы болды, сон­дық­тан да оның қыз­меті де лайықты баға­лануға тиіс. Біз бүгін өз республикасының эконо­микалық және мәдени дамуына зор үлес қосқан көрнекті мемлекет қай­раткерін өз заманы­ның ұлы адамы деп атасақ артық емес», деді.

Осыдан бір-екі жыл бұрын Кәкімбек ағамыз «Фазыл аға» деген кітап шығарды. Сол кітапқа енген бір өлеңінде ақын:

Ауылдың шын қамқоры қазанатсың,

Еңбегің жазылмаған таза хатсың.

Шаяхметов, Тәшенов арыстарға

Дем берген, ақыл қосқан азаматсың, – деп толғанады.

Фазекеңдей азаматтардың ұмытылмайты­нына сенгім келеді. Өйткені, олардың тарихта іздері сайрап жатыр.

– Жәнібек Сәлімұлы! Әңгімеңізге көп рахмет, ел игілігіне бағытталған еңбегіңіз жана берсін.

Әңгімелескен Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ.

Астана.