03 Мамыр, 2012

Сахна сыны

696 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Сахна сыны

Бейсенбі, 3 мамыр 2012 7:45

Есмұхан Обаев – ұлттық театр режисссурасына дүркіреп сонау 60-жыл­­­дар­­дың орта тұсында, Ә.Мәмбетовтің ізін ала келген талантты буынның көрнекті өкілі. Қазақстанның халық артисі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының басқарма мүшесі, Түркітілдес елдер Ұлттық театрлары директорлар кеңесінің мүшесі.

Бейсенбі, 3 мамыр 2012 7:45

Есмұхан Обаев – ұлттық театр режисссурасына дүркіреп сонау 60-жыл­­­дар­­дың орта тұсында, Ә.Мәмбетовтің ізін ала келген талантты буынның көрнекті өкілі. Қазақстанның халық артисі, «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, профессор, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының басқарма мүшесі, Түркітілдес елдер Ұлттық театрлары директорлар кеңесінің мүшесі. Драма, опера, тіпті опереттасы бар, жүзден аса спектакль қойған; суреткерлік болмыс-деңгейімен де, республикадағы іргелі өнер ордаларын басқару тәжірибесінің молдығымен, ал бүгінде М.Әуезов атындағы академиялық драма театрындағы көркемдік жетекшілік мәрте­б­е­лі қызметімен де қазақ театр өнерінің көшін бастаған, ұлттық театр өнерінің керегесін кеңейтіп, игі дәстүрлерін жалғастырушы ірі тұлға өз мақаласында қара шаңырақ театрдың бүгінгі тынысы және сахна өнерінің өзекті мәселелері мен оны шешу жолдары туралы ойларымен бөліседі.

Тәуелсіздігінің жиырма бірінші көктеміне аяқ басқан Қазақстан әлемдік қоғамдастықтан өзіне лайықты орнын алды. Алдағы көп жылдарды қамтитын мақсатты стратегиясын белгі­леп алған еліміздің жеткен жетістіктері аз емес. Бұл еліміздің мәдениет және өнер саласына да тіке­лей қатысты. Құлашын кеңге жаю – өнердің үл­кен саласы театр өнерінде де айқын көрінеді. Бү­гінгі таңда елімізде халықтың рухани сұра­ны­сын орындап келе жатқан, белсенді жұмыс жасап отыр­ған елу екі театр бар. Тәуелсіздік туы жел­бі­регелі Елбасымыздың тікелей қаты­суымен қан­­­шама жаңа театрлар ашылды. Олар: Қос­та­най­да Ілияс Омаров атындағы, Петропавлда Сәбит Мұқанов атындағы, Ақтауда Нұр­мұхан Жантө­рин атындағы театрлар, Өске­мен­де Қазақ театры, Түркістанда музыкалы драма театры, Шымкентте өзбек театры ашылды, Астанада Жас­тар театры құрылды, ең соңғысы Елба­сы­мыздың қатысуымен ашылған Шым­кент­тегі опе­ра және балет театры. Орталық Азияда үш опера және балет театры бар бірде-бір мемлекет жоқ.

Тәуелсіздік жылдарында қаншама театрдың ғимараты жаңадан бой көтерді, қаншама театр күрделі жөндеуден өтті. Осы жылдың басында Қостанайдағы қазақ театры жаңа ғимаратқа қо­ныстанғанының өзі қандай қуаныш. Иә, бүгінде елуден аса театры бар Қазақстанның. Бiз әлемге тек көмiрiмiз, темiрiмiз, газымызбен ғана емес, рухани әлемiмiз бен мәдениетiмiз арқылы да таныламыз. Театр дегенiмiз – тiл, рух, мәде­ниет, тарих. Сондықтан да бiр мемлекетте елу екі театрдың болуы – үлкен жетiстiк. Қазақстан – әлемде алты тiлде сөйлейтiн театрлары бар жалғыз ғана ел және бұл әлем бойынша осындай бірден бір рухани тәжірибе, бұл біздің рухани үлкен байлығымыз. Мұндай байлық сәні мен салты, ынтымағы мен бірлігі жарасып, та­ту-тәтті күн кешіп отырған, әлемдік қоғам­дас­­тыққа жасампаз идеяларымен танылып отырған Қазақстанның еншісінде екеніне шүкірлік дейміз. Бүгiнде республикамызда қазақ театр­ларымен қоса көптеген орыс, сондай-ақ корей, немiс, ұйғыр, өзбек театрлары табысты жұмыс жасап келеді. Ал ұлттық сахна өнерінің көш­бас­таушысы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры қазір өзінің 86-шы маусымын өткеруде.

Қара шаңырақ театр алыптар салған игі дәстүрлерді жалғастыра және жаңа заман талаптарына сай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың мемлекетіміз дамуының жаңа стратегиясына сай талаптары жолында, яғни қазақ қоға­мы­ның мәдени және жаңа білім деңгейін жоға­ры­лату, жаңа қазақстандық интеллектуалды, мей­лін­ше рухани болмысты ұлт қалыптастыру жолында еңбектеніп келеді.

Театр – рухани қазына, ұлттың тәрбиешісі десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда театр – халықтың рухани қайнарға бас қою, тіпті мәдени адаптациядан өтуінің де бірден бір кепілі болып отыр. Ауылдан келген қарапайым қазаққа да, талғамы жоғары эстетке де есігін айқара ашады. Қара шаңырақ репертуарында елуге жуық қойылым бар. Олардың оны әлем­дік классика, заманауи шетел драматургиясы, тең жартысынан астамы бүгінгі заман драматургиясы, замандас драматургтардың пьесалары. Және де репертуарды қазақ мемлекет­тілі­гі­нің беріктігін паш ететін, халықтың рухын кө­те­ріп, жас ұр­пақты отансүйгіштікке тәрбие­лей­тін жаңа қойы­лымдармен толықтыруға ерекше мән береміз. Репертуарымызда табысты жүріп жатқан, Т.Әл-Таразидің қойылымындағы Ша­һи­марденнің «Томирис», Қ.Ысқақ пен Шаһи­марденнің «Қазақ­тар», О.Кенебайдың қойылы­мындағы Қ.Мұх­а­меджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кезде­суі», Т.Нұрмағамбетовтің «Қо­жанәсір тірі екен», тағы да басқа, сондай-ақ соңғы маусымдарда сахнаға шыққан менің қойылымымдағы М.Әуезовтің «Абай», Д.Иса­бековтің «Жаужүрек», Ә.Рахимовтің қойы­лы­мын­дағы М.Әуезовтің шы­ғармасы бойынша (сахналық нұсқасы Н.Оразалиндікі) «Қилы заман» спектакльдері түге­лімен осы талап үдесінен шығады.

Иманжүзділік, шыдамдылық, халыққа, елге бәйек болу, патриоттық рух сахнадан насихатталуы тиіс. Тәуелсіздігіміздің қадірі жас ұрпақ­қа түсіндірілуі тиіс. Біз бұған ерекше мән бере­міз. Айталық, қазіргі жетекші драматург, шы­ғар­малары шетелдерде койылып жүрген Дулат Исабековтің «Жаужүрек» драмасы несімен қым­бат? Патриоттық рухымен. Театр бұл спек­такльді тарихқа тәуелсіз ел биігінен көзқарас­пен қойды. Спектакльде патриоттық рух бар. Жерін қорғап, еліне азаттық әперейін деп жүр­ген Балуанды неге біз жәй бір қарапайым ғана балуан етіп қоюымыз керек? Балуан дегенде дене күші зор адам да бола береді. Сондықтан мен режиссер ретінде оған өз шешімімді жасадым. Оны сондай сымбатты, фрак киіп, пианино ойнай алатын символикалық образ етіп алдым. Балуан сау­дамен айналысқан, циркте күресіп, дүние жүзін аралап жүрген адам. Ендеше, неге ол сәнді, тіпті заманынан озық киінбеуі керек? Мысалы, Балуанның қасында жүрген Жаяу Мұсалар скрипка тартатын болған. Ал Балуан Шолақ пианино ойнамаған деп кім айта алады? Режиссер болғандықтан солай ойнат­қым келді, ойнаттым. Отаршыл Ресей өкілдері алдында қалай ойнамайды? «Осындай әні бар, осындай музыкалық әлемі бар ұлтты надан деуге бола ма?» деп Балуанның губернаторға айтатын сөзі бар. «Мен ештеңе сұрап тұрғаным жоқ. Мен халқым өз жеріне өзі ие болсын деп отырмын», дейді. Ал, мұндай патриоттық рух­та­ғы дүниелерді көрер­мен үлкен ықыласпен көре­ді. Мен жоғарыда атаған спектакльдердің бә­рін­де де, тағы айтайын, елге деген сүйіспен­шілік, адамгершілік жол, имандылық көркем зерделенеді.

Академиялық театр сахнасы ұлттық классика мен әлемдік классикаға қашанда ашық болуы керек. Театр ұлттық классиканың көш­бастары Мұхтар Әуезов атында болған соң ұлы суреткердің «Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Қарагөз», «Абай» пьесалары – репертуа­ры­мыздың көркі. Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» («Махаббат дастаны»), С.Мұқа­новтың «Мөлдір махаббат», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу», Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтма­тов­тың «Көктөбедегі кездесу», сондай-ақ адам жанын зерттеп, адамзатқа ортақ проблемаларды кең ауқымда көтерген У.Шекспирдің «Гамлеті» мен «Ромео мен Джульеттасы», Н.Гогольдің «Үйленуі», Н.Хикметтің «Фархад-Шырыны», Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббаты», У.Ғаджыбековтің «Аршын мал аланы» да көрер­менге рухани азық, эстетикалық-этикалық көр­кем таным. Театрымызда кей туындылар қайта­лап қойылатыны заңдылық. Өйткені, жаңа ұр­пақ келеді, жаңа заманның сұранысы болады. Мысалы, қара шаңырақта «Абай» бірнеше рет қойылды. Әр қойылым өз Абайын алып шы­ғады. Олай деріміз – Абай көп өлшемді, көп қырлы Тұлға.

Театрымыздың соңғы сахналанған «Абайында» Абайдың айналасында жүргендердің бәрі кілең жастар, рөлдерде де. Өнерге, әуен-әуезге, жаңалыққа жақын, Жидебайда отырып болашақты – ондағы жақсылықты көретін, өс­кен елді көретін, өркениетті жағдайларды көре­тін арманшыл жастар. Қырдан асып бір таң, шапақ келе жатқан сияқты. Бұл болашақ ұр­пақ­тың шапағы болса керек. Өйткені, Абай ең со­ңында: Алдымда ерекше күн. Уақыт өзгереді, жастармен толығады. Біз сол ерекше күнге кетіп бара жатқандаймыз. Сәлем деңдер, солар­ға, сәлем деңдер, – деп кетеді ғой. Абайдың сол сәлемі жетті ме? Әрине, жетті. Бұған дәлел – тәуелсіз еліміз Қазақстанның бүгіні. «Абай­дың» бүгінгілік маңызы, қадірі осындай тұстар­дан ашыла түседі. М.Әуезовтің «Қилы заманы» екінші рет қойылды. Салмақты, елдің елдігін тануы, рухын жоғары ұстай білуі туралы айтары мол қойылым. Әрине, театр сахналаған бүкіл спектакльді репертуарда ұстауға мүмкін­дік жоқ. Әйтпесе қара шаңырақта әлем классикасынан өзге де көптеген туынды қойылды.

2009 жылдың сәуір айында республика театр қайраткерлерімен кездесуінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Отандық театрлардың репертуарына тәуелсіздіктің биік талаптарына сай, осы заманғы тақырыптарға жазылған, көркемдік сапасы жоғары жаңа пьесаларды көптеп алу керек» деп атап көрсетіп, сахна өнерін жаңа биік­терге көтеру жөніндегі негізгі мақсат-міндет­терді белгілеп бергені белгілі.

Шындығында да бүгiнгi театр адам жанын зерттеу проблемасымен айналысуы қажет. Адам­ның мұңы, адамның болмысы, адам жа­нының еркiндiгi, адамның махаббаты, бәрi-бәрi – театр сахнасында жүретiн үдерiстер. Бiз айт­қан ойлар мен сырласулар, болжам, күдiктердiң бәрi де сахнада жүрiп отырады. Мысалы, қазiр театр репертуарындағы спектакльдердің басым көп­шiлiгi – бүгiнгi күн тақырыбына арналған шы­ғармалар. Әр режиссер – өзінің замандас дра­матургымен көгереді, бірге өседі десек, мен өз шығармашылық жолымда ұлттық драматургияны көп қойған адаммын, әлі де қойып келемін.

Мемлекетімізде драматургия жанрына, демек, театрлар репертуары үшін үлкен қамқор­лық көрсетіліп отыр. Жыл сайын әртүрлі девизбен драматургиялық шығармаларға гранттық байқаулар жарияланып келеді. Онда жеңімпаз болғандардың біразы республика театрларында қойылды. Мысалы, біздің театрда грант жеңім­пазы болған шығармалардан С.Балғабаевтың «Сағыныш пен елесі», Д.Исабектің «Жаужү­регі», сондай-ақ республикалық «Рух-Мирас» байқауының жеңімпазы С.Асылбектің «Күзгі романс» драмасы қойылды. Алдағы маусымда өткен жылғы «Тәуелсіздік толғауының» бас жүлдегері Т.Әбдіктің «Ардагер» драмасын дайындамақпыз. Жеңімпаз пьесалардан біразын өзге театрлар да қоюда. Ал, әл-әзір қойылмай жатқан пьесалар қазақ драматургиясы қорында сақтаулы, мүмкін алдағы уақытта қойылар.

Өзім бастап, театрымыздың режиссерлері бар, әдеби кеңесшім бар, актерлерге дейін өте көп пьеса оқимыз. Әйтеуір, бір ұшқыны, идеясы, айтары бар-ау, сахналық бейне-тартыстары, идеясы ойдағыдай деген дүниелерді қоюға тырысамыз. Мысалы, осы маусымымыздың премьерасы «Империядағы» кеш» 2010 жылғы республикалық байқауға қатысып, жүлдеге ілік­пеген екен. Бүгінгі шындықты, тыныс-тірші­лігіміздің үлкен бір қырын бейнелейтін астарлы драманы жас режиссер Алма Кәкішева сәтті шығарды. Идеясы, айтары көңілден шықса, қалың жұртшылыққа қажет десек, прозалық шығармаларды да сахналау дәстүрі де үзілген жоқ. Бұл тұста Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» деректі прозасы бойынша драма жасап, сахнаға шығарғанымызды айтуға болады.

Режиссер демекші, театрымызда белгілі режиссерлер, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ә.Рахимов пен О.Кенебай қызмет етеді. Сондай-ақ белгілі өнер қайраткерлері А.Әшімов, Т.әл-Та­ра­зи, Т.Аралбай және А.Кәкішевалар спектакльдер қоюда. Сондай-ақ республика театрла­рының, жа­қын шетелдердің тәжірибелі, белгілі режис­сер­леріне спектакль қойғызу тәжірибеміз бар.

М.Әуезов театрының 86 жылдық тарихында, меніңше, мүлт кеткен кездері болған емес, сонау 1926 жылғы «Қарагөзден» бері дәстүрді жоғалтпай келеді. Театр деген бұл күнделікті өмір, тірі организм. Бүгін Абайды ойнаған артист ертең басқа шабытпен, бүрсігүні басқа шабытпен ойнайды. Сондықтан бұл тірі өнер – тірі адам сияқты құбылып тұрады. Театр сынап сияқты да құбылып тұрады. Оның әсері де әртүрлі болуы мүмкін. М.Әуезов театрына жетекшілік жасап отырған соң айтқаным емес, шындығы солай. Бұл театр қазақ театрының әкесі болған, атасы болған. Сондықтан да біздің алып жүретін жүгіміз ауыр. Театрдағы репертуарды жаңғыртып-жаңарту, сапа арттыру, тағы да басқа шығармашылық-ұйымдастыру жұмыс­та­рымыз жемісін беріп отыр.

Театрдың соңғы жылдардағы үлкен жетіс­тіктерінің бірі, сөз жоқ, көрерменімен қайта табысуы. Ал, көрермен ықыласының артуы – театрдың қоғам үшін, адам үшін бүгінгі таңда аса өзекті деген мәселелерді көркем көтеріп отырғаны және тағы халықтың рухани азыққа бет бұруы болса, екінші жағынан алғанда «Кө­рермен» агенттігіміздің жұмысының нәтижесі.

Соңғы кезеңде гастроль жүйесі де қайтадан жанданды. Қара шаңырақ М.Әуезов театры рес­публика Мәдениет министрлігі қолдауымен, сон­дай-ақ арнайы шақырулармен де Ресейдің Омбы қаласы мен облысында, Ташкентте, өзі­міздің Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қараған­ды, Маң­ғыс­тау, Петропавл, Павлодар, Қоста­най, Тал­ды­қорған, Ақтөбе, Орал, Жамбыл облыстарында және Көкшетау қаласында, елордамыз Астанада гастрольдік спектакльдерін көр­сетті. Мамыр айында Павлодар облысына гастрольге барамыз. Елбасы биылғы Жолдауында моноқалалардың жағдайына қатты көңіл бөл­гені белгілі. Театрдың облыс орталық­та­рына барған­да шағын қалала­р­ға, мәдениет сарайлары бар аудандарға спектакль қою тәжірибесі бұрыннан бар болатын. Елбасы Жолдауы аясында енді Екібастұз бен Ақсуда, сондай-ақ осы маусымда Жезқазған, Сәтбаев, Теміртау қалаларында өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз. Гастрольдік са­пар­лардың бүкіл қара­жатын Мәдениет министр­лігі бөледі.

Қара шаңырақ театр халықаралық фести­вальдарға да қатысып келеді. Соңғы бірер жылда Кореядағы, екі рет Түркиядағы халықаралық фестивальдарға қатыстық, өнеріміз жақсы баға алды. Театр қойылымдарына республикамыз­дың, сондай-ақ шетелдер режиссерін шақыру тәжірибемізде бар. М.Әуезов театрында рес­пуб­ли­камыздың, сондай-ақ жақын шетел ре­жиссерлері спектакль қойды.

86 жылда қазақ театры үлкен жолдан өтіп, ұлттық өнердің символына айналды, қаншама буынды тәрбиеледі, өзі де өсті, қоғамды да өсірді. Ұлттық рухани игіліктеріміздің, иман­­дылық-адамгершілік ұстындарының сақталуы, іргетасы шайқалмауына ерен үлес қосты. Бұл – бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бір­неше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жал­ғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайрат­кер­лерінің, аға, орта, жас буынның қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің нәтижесі. Бүгінгі таңда театрда 1 КСРО халық артисі, 10 Қазақстанның халық артисі, 11 Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 15 Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, 3 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 3 «Дарын» Мемлекеттік сыйлығы лауреаты, 8 Жастар Одағы сыйлығы лауреаты, 2 «Тарлан» Тәуелсіз сыйлығы лауреаты; 4 «Отан» ордені иегері, 6 «Парасат» ордені иегері, 10 «Құрмет» орденінің иегерлері қызмет етеді.

Тұңғыш қадамымды осы театрда Сер­ағаң­мен, Елағаңмен, ұлы Қаллекилермен 1965 жылы «Жаяу Мұсаны» қойып бастаған едім. 40 жыл­дай осы театрдың кеңістігінен алшақ кет­пе­гендіктен де табалдырығын аттаған сайын осы театр мен үшін бір үлкен Мекке сияқты, бір үлкен сиынатын орын сияқты. Өзіңді-өзің бағалай алатындай, өзіңді-өзің қайда жүрмін, не істеп жүрмін деген сауалдар төңірегінде ой толғайтын дәрежеге жеткендейміз. Бүгінде аға режиссер емес, ата режиссер болдық. Сондық­тан да мақаланың соңында соңғы кездері театр өнері кеңістігіне байланысты айтылып жүрген сындар, пікір-ұсыныстарға байланысты өз ойларымды білдіріп өтсем деймін.

Ең алдымен, бүгінгі театр құрылымын өзгерту қажет деген ұсыныс туралы.

Театрды басқаша құру, басқа жүйеге көшу, оның ішінде театрларды интенданттық басқару деген мәселе көтеріліп жүр. Біз өзі шетелдермен көп бой салыстыратын әдетіміз бар. Мұ­ның дұрыс жағы да, бұрысы да бар. Қазақ театр құрылымы орыс сахнасының жүйесімен құрыл­ған. Ол – негізінен көркемдік жетекші, бас режиссер институты бар модель. Ал жігіттердің ұсынып жүрген моделі – интенданттық – қазір­ше бізге онша келмейді, таза нарықтық бұл жүйе орнығуы үшін еліміз әлі де өркендеп, құры­лым­дық жетілулер жүруі шарт. Батыс театр­ларының өзі бір үлгіде емес. Мәселен, екі ғасырлық тарихы бар атақты опера театр­лары­ның өзіне мемлекет үлкен қолдау көрсетеді. Айталық, бүгінде атақты Ла Скала бюджетінің 45 пайызын мемлекет, қалғанын акционерлері қамтамасыз етеді. Ал бұл театр жекешелен­ді­ріл­генге дейін де қаржының елеулі бөлігін ак­цио­нерлерінен алып тұрғанын естен шығармайық.

Ресейде театр өте көп. Олардың құрылымы да, бет-бағдары да әртүрлі. Ондағы көптеген шағын театрлар жекелеген адамдардың бастамасымен, меценаттық, демеушілік жүйемен де жұмыс жасайды.

Мен – жас кезімнен театр ісімен айналысып келе жатқан, театрмен шашым ағарған адаммын. Жігіттер көп айтатын Еуропа мен Ре­сей­дің өзінде мемлекеттік театрлар мемлекеттен қаржыландырылады, өз беттерінше де пайда табады. Бірақ, мұның бәрі сол театрлардың өз қажетіне жұмсалады. Оларда таза бизнес, пайда табу үшін жұмыс істейтін театрлар бар. Ал мемлекеттік театрларға жақсы қаржы салынады. Ол театрларды үлкен, тәжірибелі тұлғалар басқарады. Сондықтан да біздегі бірер мем­лекеттік театрды іргесінен шайқалтып, жаңа модель жасаймыз деудің онша орны жоқ. Мұны Обаев өзі қара шаңырақ театрды басқарып отырған соң айтып отыр деген ұғым тумауы керек. Мұндай эксперименттер Ресейде біраз бол­ған, бірақ өзін ақтаған жоқ. Бір кездері театр­да түбегейлі реформа жасау керек деп ұран­датқан атақты В.Фокиннің өзі қазір академия­лық театр­ларды, репертуарлық театрларды сақ­тау қажеттігін талмай айтуда. 90-жылдар қар­са­ңында, тіпті 2000 жылдарға дейін небір экспе­риментті бастан өткерген Ресей одан онша барқадар таппай, көркемдік жетекші, бас режиссер институтына қайта оралды. Қазір бүкіл дерлік жетекші театрларына басшылыққа бел­гілі, үлкен тәжірибеден өткен режиссерлерді қой­ды. Меніңше, бізде де мемлекеттік театр­ларға эксперименттерді абайлап жүргізу қажет.

Эксперимент жасағаннан гөрі, өнердің, оның ішінде сахна өнерінің дамуына мүмкіндік бере­тін заңдар қабылдануы керек. Еліміздегі үлкен компаниялар, жекелеген миллионерлер, байлар театрға қаржы салатындай қызығу­шы­лығы туатындай, театрға қаржы салу әрі пайда көзі, әрі мәртебе болатындай кезге жетуіміз керек. Ол үшін салықтық жеңілдіктер қарасты­ры­луы керек. Сонда біртіндеп театрлар саны көбейеді, оның әртүрлі пішіндері пайда болады, театр­дың рухани кеңістігі кеңейеді, бәсеке­лес­тік күшейеді, көрермендер өзінің қалаған театрына, жанына жақын эстетикалық танымға баратын болады. Және мұндай жағдайда мемле­кет­тік театрлар репертуар жағынан, өзге жағы­нан да болсын, әмбебаптық міндетінен құты­ла­ды да мақсатты, жүйелі жұмыс жасауға мүмкін­дігі көбірек болады. Мысал үшін алсақ, Францияда 65 миллиондай халыққа үш жарым мың­дай театр қызмет етеді, олардың бесеуі ғана таза мемлекеттік театрлар. Бізде 16 миллионнан аса халыққа – елу екі театр, бұл мүлдем жеткіліксіз.

Еліміздегі театр өнерінде жаңалықтар болмай отырған жоқ – өнерді бір орталықтан бас­қару келмеске кетті, театрларға шығармашы­лық еркіндік берілді. Қазір «пәленшенiң пьесасын қоясың, мына пьесаны қоюға болмайды» деп жоғарыдан ешкім дігерлемейді. Театр өз репертуарын өзi таңдайды, өз мүмкiндiгiне қарай тәуелсiз әрекет етедi. Бұл өз кезегінде әр театрдың өз жауапкершілігін күшейтті. Ал, Мәдениет министрлігінің жанынан қайтадан репертуарлық коллегия құру театрларға пьеса қоюды міндеттеуге қайта оралу деген сөз. Мұның зардабын театрлар, режиссерлер кеңес кезінде әбден тартқан. Өнер алдындағы, көрер­мен алдындағы, мемлекет алдындағы жауап­кершілікті сезінбейтін бірен-саран адам болуы мүмкін, бірақ, негізінен театр басшылығында отырған азаматтар нені қойып, нені қоймау керек екенін білмейді, өнердің, демек, басқарып отырған театрының, ұжымының абыройын ойламайды деу қиын. Театрлардағы еркіндік сыбайлас жемқорлыққа жол ашып отыр дегендей пікірлер нақты, негізді айтылуы керек. Қай театр сыбайлас жемқорлық ордасы? Оны ашық айтуға, мемлекеттік тексерулермен анықтауға әбден болады. Бұған ешқандай кедергі жоқ. Бүгінгі таңда мемлекет берген әрбір тиынына дейін есеп сұрауға құқылы. Сондықтан да тап бұрынғыдай репертуарлық коллегияны емес, тәуелсіз сарапшылар алқасын жұмысқа тартып отыру дегенге ойлануға болатын шығар.

Біздер өткеннен тағылым алып отыруымыз қажет. Алайда, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деген. Бұрындары спектакльді қоғамдық ко­миссия талдар еді, үлкен жазушылар келіп, пікір айтатын еді, қазір театрлар өздері қа­был­дай береді деген пікірлер айтылады. Бұрынғы тәжірибе кезінде, кәсіби мамандар тапшылығы болған кезде мұндай әдіс өзін ақтаған болуы керек, бірақ, «ұжымдық Белинскийдің» зардабын режиссерлер аз тартқан жоқ. Егер бас режис­серді, көркемдік жетекшіні театр басқаруға сеніп қойған болса, оның шығармашылық жұ­мысына сырттан барып араласу кәсіби деңге­йіне сенімсіздік деген сөз емес пе? Театр – ұжымдық өнер дегенде, ондағы суреткерлердің шығармашылық құқы бар емес пе? Ал театр­ларда шынымен де шығармашылық озбырлық болып жатса министрлік, басқа да тиісті орындар театр басшысын жауапкершілікке шақыра алады емес пе? Өз мүшелерінің құқығын, кәсіби мәртебесін қорғап Театр қайраткерлері одағы шығады емес пе?

Сахна өнерінде шешімін табуы тиіс мә­се­лелер баршылық. Олар тек театрларға қатысты емес, маман дайындау, театр тарихын жасау, жазу, халықаралық байланыстар, т.с.с. Елба­сының бастамасымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасынан сахнагерлердің сырт қалуы өкінішті. Енді республика театрларының өзге елдер қорындағы спектакльдерін, әсіресе, Останкинодағы бейнетаспаларды, кезіндегі ғылыми-театртанушылық талқылауларды алдырып, алтын қорға қосу, сондай-ақ кең ауқымды салыстырмалы зерттеулер жүргізу, т.б. мәсе­лелердің қаржыландырылуын қолға алу керек.

Жаңа көркемдік-эстетикалық ізденістердің қанат жаюы, театрлардың даралығы арта түсуі үшін республикалық дәстүрлі фестивальға қатысатын спектакльдерді іріктеуден өткізу және де міндетті түрде алғашында екі жылда бір рет болса да экспериментті қойылымдар фестивалін жасау керек.

Драматургияға жаңа, жас есімдер керек деген пікірлердің жаны бар. Бұл мәселеге аға буын драматургтер білек сыбана кіріскенге ұқсайды, өте құптарлық жәйт. Біздің де бірер жас драматургпен жұмыс жасап жүргенімізді айтуым керек. Дей тұрғанда, бұл кешенді шараларды қажет ететін шаруа сияқты. Жас дра­матургтердің республикалық гранттық конкурсын өткізу, драматург, сценарийшілердің лабораторияларын және екі жылдық жоғарғы курс­тарын ұйымдастыру қажет. Ресейде соңғы бес-он жылда дүркіреп шыққан, біраз шетелдерде табысты қойылып жүрген жас драматургтер негізінен арнайы семинарларда танылған, арнайы драма мектептерінен өткендер.

Өткен жылы Ресей Президенті өнер қай­рат­­керлерімен кездескен соң, елдің жас драматург­тері мен режиссерлерін қолдау туралы жоба жасауды ұсынғанын білеміз. Сол кезден бастап Ресей Мәдениет министрлігі осы бағыт­та көптеген шараны жүзеге асыра бастады. Қазір Мәдениет министрлігі жанында қазіргі драматургия мен жас режиссураны қолдайтын сарапшылар комиссиясы жұмыс жасайды. РФ Мәдениет ми­­нистр­лігінің қатысуымен жыл сайын 20 шақты лабораториялар, семинарлар, шеберлік сыныптары өткізіледі. Сарапшылар алқасының таңдауы­мен жылына жиырма бес жаңа автор шығармасы сахналанып, отыз шақты жас режиссер мен сценографқа қолдау көрсетіледі. Бізде де осындай жобалар жасауды қарастыру керек шығар.

Театрда, өнер жолында мұраттастық аса керек. Театрда оның әрбір мүшесі өз үйіндегідей қызмет етер болса жақсы өнер шығады. Бүгінгі орыс театры моделіндегі «театр – ортақ ша­ңырақ орайында» ұғымы осыған келеді. Бұл – бізде бар атмосфера. Суреткерлік жарасымды, рухтық қарым-қатынастардан көркем спектакль және адамдар арасындағы жарасымды, рухтық қарым-қатынастан берісі ұжымда, арысы қоғам­да береке, сәттілік, перспектива туады. Сондықтан да 86 жылдық тарихы бар өнер ордасы – М.Әуезов атындағы академиялық драма театры күнде кешке шамдары самаладай жарқырап, залы өнер нұрын шашып, мәртебелі көрерменіне рухани қуаныштар сыйлай береді.

Тәуелсіздіктің сынағы көп. Соның бірі – руханият сыны. Өркениетті елдердің ешқайсы­сын­да да шетелдік қонақтарды өнеркәсіп орындарына сүйрелеп, сапалы өнімімен мақтанып жатпайды, «біздерде мынандай бар, мынандай бар» дегенде алдымен өз мемлекетінің маң­дайға ұстай­тын ұлы адамдарының музей-үй­ле­ріне жете­лей­ді, атақты өнер шаңы­рақтарына ша­қырады. Сондай орындардың бірі – театр. Сахна сынынан сүрінбейтін ел, театр мәдениеті кемел мемлекет атану – баршамызға ортақ мұрат.

Есмұқан ОБАЕВ, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық артисі, профессор.

Соңғы жаңалықтар