04 Мамыр, 2012

Қайта тумайтын «Хлестаков»

496 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Қайта тумайтын «Хлестаков»

Жұма, 4 мамыр 2012 7:42

Біздің «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесі осыдан біраз жылдар бұрын Кіші Алматы өзенін бойлап жатқан Қамал Қармысов атындағы көшеге қоныс аударған-ды. Бір кездегі Пугасов дейтін көпестің көпірі мен тарихи үйі қалған бұл көше бұрын Речная деп аталған. Ал біз заманауи биік ғимараттары мен Алматының кешегі бір қабатты ескі үйлері қатар қоныстанған осы көшеге көшіп келгеннен кейін театр үшін туылған тұлға жайлы мағлұматымызды кеңейтіп алғанымыз рас. Редакцияның қара шаңырағы іспетті Алматы бөлімшесінің мекен-жайы осыдан кейін Қ.Қармысов атындағы көшеде орналасқаны нөмір сайын газет соңында тайға таңба басқандай жазылып тұрады.

 

Жұма, 4 мамыр 2012 7:42

Біздің «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы бөлімшесі осыдан біраз жылдар бұрын Кіші Алматы өзенін бойлап жатқан Қамал Қармысов атындағы көшеге қоныс аударған-ды. Бір кездегі Пугасов дейтін көпестің көпірі мен тарихи үйі қалған бұл көше бұрын Речная деп аталған. Ал біз заманауи биік ғимараттары мен Алматының кешегі бір қабатты ескі үйлері қатар қоныстанған осы көшеге көшіп келгеннен кейін театр үшін туылған тұлға жайлы мағлұматымызды кеңейтіп алғанымыз рас. Редакцияның қара шаңырағы іспетті Алматы бөлімшесінің мекен-жайы осыдан кейін Қ.Қармысов атындағы көшеде орналасқаны нөмір сайын газет соңында тайға таңба басқандай жазылып тұрады.

Тарихтың өне бойында талай таланттар туған. Алайда, қайдан бастау алып, қашан аяқталары беймағлұм мәңгілікте небір тұлғалардың ізі ұмытылмау үшін іздейтін ұлты мен ұрпағы, үрім-бұтағы болуы ке­ректігіне ұдайы көз жеткізесің. Сол Қамал Қармысовтың театрда сомдаған 160-қа жуық рөлі, ұлттық кинематографияның толықметражды 20-ға тарта ленталарын­дағы ғажайып кейіпкерлері шежірелі жылдардан шоқтығы көрініп, менмұндалайды.

Өнер дейтін ауылдың бел баласы болған Қармысовтан 3 қыз, 2 ұл қалды. Бүгінде аталарының қандай адам болғанын мақтанып айтар немере-шөберелері бар.

Сонымен әкелері ғасыр жасап жатқан Қармысовтар әулетіне хабарласқанымызда, келіскен күні ол кісінің үш қызы бір жерден табылып, өнері өзіндей, өмірі өнердей көркем кісі жайлы перзенттік махаббатпен талай естеліктерін төкті.

Венера ҚАРМЫСОВА, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі:

– Егер бәріміздің бойымызда өнерден қандай да жұрнақ болса, әкемізден жұққан. Әкеміз музыкалық жағынан өте дарынды адам болды. Ол кісі қазақша, орысша, өзбекше, ұйғырша, татар тілінде де ән айта беретін. Алматыдағы Кеңес өкіметі кезінен келе жатқан ұйғыр, корей театрлары әкемізді өте жақсы көретін, құрметтеп, премъераларынан қалдырмайтын. Сол спектакльдерде айтылатын әндерді бірден қағып алып, айтып жүретін.

Мына тұңғышы мені де дауысымның бар екенін байқап, өнер жолына баулыған әкемнің өзі. Менен кейін дүниеге келген қызына Мари деген қазақта жоқ ат берді. Сол кезде «О, Мари! О, Мари» дейтін неапольдік ән өте танымал болатын. Мари – бүгінде француз тілінің маманы, Абылай атындағы халықаралық қаты­настар және әлем тілдері университетінің профессоры. Інім Арман «Қайрат» командасында ойнады. Жастарды теңбіл доп өнеріне баулыды. Өкінішке орай, бұл бауырымыз қазір арамызда жоқ. Онан кейінгі Арыстан – музыкант. Көп жылдар бойы Мемлекеттік сим­фо­ниялық оркестрінде, Президенттік оркестрде гобойда ойнады. Қазір Күләш Бай­сейі­това атындағы дарынды балаларға ар­налған музыкалық мектепте үрмелі ас­пап­тар бөліміне жетекшілік етеді. Әкеміз­дің сүйікті кенже қызы Ақбөпе Мәскеу Мем­лекеттік консервато­рия­­сының скрипка класын аяқтап, аспирантурада оқыды. Қа­зір ол да консерватория профессоры. Оның жолдасы Әнуар Боранбаев да халық артисі болды. Әкемізбен бірге театрда қызмет етті.

Ал әкеміздің биылғы ғасырлық мерейтойына келсек, ол кісіні бала-шағасы ғана емес, елі, елдің ең үлкен газеті – «Егемен Қазақстан» іздеп жатыр. Теледидардан, радиодан хабарласуда. Осыған қуанып, ме­рей­іміз көтеріліп қалғанын несіне жасырайық?!

Мари ҚАРМЫСОВА, Абылай хан атын­дағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессоры:

– Бір француздың философ данышпа­нының мынадай бір пайымы бар. Елдің көз алдында жүрген батырлар, көптің сүйік­тісіне айналған әйгілі тұлғалар өзінің ең жақын адамдары үшін олай бола бермейді.

Керісінше, біздің әкеміз мүлде ондай адам болған жоқ. Түзде қандай танымал, талантты, көпшіл болса, үйде де мейірімді, өнегелі болды.

Анамыз Ханшаны 18 жасында жолық­тыр­ған. Торғайдың 16 жастағы бойжеткені әкемізді сахнадан бір көргенде ұнатып, ғашық болады. Солай оларды сахна та­ныс­тырған. Алайда, сол кезде лауазымды қыз­мет атқарып отырған шешеміздің туысқан­дары өзіне сай адамдармен сөз байласып, құда-жегжат болуды көздеп отырған екен. Тегі жоқ, тіреп тұрған туысқандары жоқ актерді қайтпек?!

Бірақ, осыған қарамай Торғайдың текті қызы мен Жетісудің жігіті қиындық-ке­дергілерді жеңіп, 1931 жылы бас құрайды. Көп уақыт терезесі жоқ еден бөлмеде тұруларына тура келіпті.

Қысқасы, ата-анамыз 60 жыл бір ша­ңырақта тату-тәтті тұрмыс кешіп, 5 бала тәрбиеледі.

Әкеміздің дөрекілік көрсетіп немесе анамызға артық сөйлеп, болмаса біреуге өктемдік танытқанын бір де бір көрмеппіз. Өз ойын жұмсақ жеткізетін, пікірін еш­кім­ге күштеп таңбайтын еді. Барлық жерге сәулесін шашқан күн сияқты, шапағаты себіліп тұратын. Бірақ, сол үшін кеуде со­­­ғып, қайтарымын күтпейтін. Осының арқа­­­­сында біздің үйде дәстүрлі түрдегі «тәр­­­­бие» деген түсінік болған жоқ. Қалай жү­­­ріп-тұру керек, өйт-бүйт деп ата-анамыз ұзын-сонар ақыл айтқан емес. Олардың аялы алақаны мен мейірімі бізді жақсы жолға салды.

Әлі есімде, бала күнімізде актерлар жиі-жиі жалақыларын қолдарына ала алмай жүретін (1946-1956 жылдар). Сондайда «Артистер үйі» бір бірімен барымен бөлісіп, қарайласып жатушы еді. Әрине, сол кездің балалары мына біздер киноға барамыз, балмұздақ аламыз деп ақша сұраған емеспіз. Біздің аулада тіпті осылардың атын естімей өскендер де бар.

Алайда, біздің әкеміздің бұл­жы­май­тын әдеті бар еді. Жалақысын ал­ған күні әкеміздің кереуетінің қасына төртеуміз тізіліп тұрамыз. Ол кезде Венера, мен, Арман мен Арыстан бар. Алдымен әкеміз: «Ой, айналайындар!» деп еміреніп алады. Сосын «Шалбарымды әперіп жіберіңдерші» дейді. Сосын шешемізден тығып алып қалған ақшадан жасымызға қарай 10, 7, 5, 3 сомнан жүлде сияқты таратып, құ­шақтап, бетімізден сүйеді.

Әрқайсысымыз әлі күнге дейін әке­міздің таусылмайтын мейірімін, жүрек шымырлатқан махаббатын сезініп келеміз.

Мен ол кісінің біреуді сөгіп, жа­ман­да­ға­нын ешбір естіген емес­пін. Кім туралы әң­гіме айтса да «Керемет адам!» дейді. Егер біреуді жаратпайтындай болса, ол адам туралы іштей өкініп, еске алмауға тырысатын.

Ол сергек адам болды. Көбінесе жымиып жүретін. Ең көп қайталайтын сөзі: «Айналайын, айналайын!» болды. Әкемді көр­ген адам да риясыз күлімсірей кетуші еді. Жаны жарқын мұндай адамды жұрттың бәрі жақсы көрді. Аула сыпырушыға да, министрге де бірдай ықылас көрсетіп кетті.

Қамал Қармысов Дінмұхамед Қонаев­пен бала кезінен таныс болды. Есейген жыл­дары жиі жолығысып тұрса да, әңгі­мелері адам жанына шуақ ұялататын әдемі естеліктерден асқан емес. Бірде Димаш атамыз: «Қамал, осы сен менен ештеңе сұраған емессің. Әр адамның әйтеуір бір қажеті болады ғой…» дейді. Алайда, қазақ театрының патриархы барын қанағат тұтты. Балалары да өз қолдары өз ауыздары жетіп, жерге қаратқан жоқ.

Ақбөпе ҚАРМЫСОВА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сының профессоры:

– Біздің балалардың у-шуына толы тату отбасының тәрбиесімен көбінесе анамыз Ханша айналысты. Бір кездері ол кісі де қуыршақ театрында ойнапты. Бірақ, өмірге үшінші бала – Арман келгеннен кейін әке­міз: «Не сен жұмыс істе, не мен істейін» деп қатаң талап қояды. Әкеміздің беделі бар­лық кезде сезіліп тұратын. Өйткені, біз­дің үйдің жазылмаған өз заңы болды. Егер шешеміз­ден сұранатын болсақ, ол кісі үне­мі: «Әке­леріңмен ойласып көрейін» десе, әкеміз де қалыспай: «Мамаларың рұқсат берді ме?» дейтін. Әкеміздің отбасындағы ықпалы күшті еді. Мен сахнаның шілте­рі­нің артында өстім десем де болады. Репетициялар кезінде артистердің сөздері мен режиссердің ескертулерін қағып алатын едім. Таңға­жай­ып сәттердің басталуын та­ғатсыздана күтіп отырамын. Міне-міне, сах­наға мүлде өзгер­ген папамыз шыға келеді. Сол кезде залдың жарығы өшеді де, сахна шамы жанады…

Балалық шақтың елесіндей сол сах­на­ның жарығы әлі күнге дейін жанып тұрған сияқты көрінетіні бар. Өкінішке орай, мен әкеміздің қалай Хлестаковты ойнағаны көре алмадым. Мен бұл туралы кейін ана­мыздың аузынан, үлкен әпкелерімнен көп естідім. 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан театр өнерінің онкүндігі өткенде мәскеулік сын­шылары бірауыздан Қамал Қармы­сов­ты «Кеңестік сахнаның ең үздік Хлестаковы» деп таныпты.

Венера ҚАРМЫСОВА:

– Бұл рөл әкемізге қалай бұйырғаны туралы жазушы Әбділда Тәжібаевтың есте­лі­гінде былай жазылады. «Әдетте Мұхтар Әуе­зов пьесаларға жасаған аудармасын дос­­­тарының талқысына салып отыратын. Мұн­дай оқиғаларға жазушылармен бірге артистер мен режиссерлер де қатысатын еді. Ма­ған да бірде тамаша аударылған «Ревизор» спектаклін талқылауға қатысудың сәті түсті.

Көз алдымнан мына бір сцена әлі күнге дейін кетпейді. Пьесаны талқылау аяқтал­ған­нан кейін Шәкен Айманов орнынан атып тұрып, Хлестаковты өзі ойнайтын­дығын мәлімдеді. Бірақ, Мұхтар жұмсақ дауыспен және талапты түрде бұл рөлді Камал Қармысов ойнауға тиісті деді. Өйткені, Гогольдің Хлестаковы қатқан қайыстай арықтұғын деді.

Айтты – бітті. Осылайша қазақ сахна­сын­дағы Хлестаковты Қамал Қармысов сомдады. Бұл характерлік рөлдерді ойнайтын талантты актердың тамаша рөлдерінің біріне айналды» дейді жазушы.

Өнер адамының жолында әртүрлі оқи­ғалар болып жатады. Қамал Қармысов ұзақ жылдар бойы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклінде Қозы рөлімен көрермен­де­рі­нің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген кез. Осыдан кейін ол «Махаббат туралы дастан» фильмінде Қозының басты жауы Жантықты ойнайды. Көрермендері де, достары мен туыстары мұндай метаморфозаны тіпті сатқындық сияқты қабылдағаны бар. Осындай екіұдай сезімде жүргенде бір қазақ отбасынан әкеміз хат алды. Онда былай деп жазылыпты: «Сіз Қозы сияқты жаны соншалық таза адамнан Жантықтай қара жүректі жауызға айналуға қалай ғана дәтіңіз барды?». «Бұл басты жолдауды ал­ған­нан кейін мен түпкілікті сабырға келдім. Демек, мен қолымнан келгенше дұрыс істе­дім. Егер көрермендер тарапынан басқалай реакция болса ол сәтсіздік болып табылар еді» депті әкеміз. Қармысовтың өз образдарыны енуі осылай жүретін.

Қармысовтың қатысуымен қойылған спектакльдердің бәрін көрген адамдар оның өз кейіпкерлерімен бірігіп кететінін үнемі айтатын. Оны өмірде жиі көретін көрермендері сахнада мүлде басқа болып, кейіпкерін тірілтіп ала жөнелтетінін жиі ауызға алатын еді.

Ақбөпе ҚАРМЫСОВА:

– Есесіне мен әкемнің «Отеллодағы» Ягосын жақсы білемін. Әрине, одан кейін «Асауға тұсау» спектакліндегі Траниосы қандай еді. Бұл қойылымда ол кісі барын салып ойнайтын. Ол 60 жасында сахнада сальто-мортале жасайтын. Рөлдерге өте үлкен жауапкершілікпен дайындалатын-ды. Өз кейіпкерлеріне қатысты қосымша әде­биеттерді ақтарыстырып, түртіп отыратын. «Мен өз мәтінімді ғана емес, партнер­ла­рымның барлығының сөзін жатқа білемін» деп мақтанатын.

Бірде әкемізге Шәкен Айманов хабарласып: «Қамал, саған тамаша рөл табылып тұр» деп қуантты. Бұл Қармысовтың «Біз­дің сүйікті дәрігер» фильміндегі сиқыр­шы­ның рөлі еді. Картинаның бір бөлігі Ташкентте түсірілетін болды да, бірден әкеміз жолға жиналды. Айтқандай, сол кезең­дер­дегі бүкіл қазақ зиялылары кітаппен өсті ғой. Кино мен спектакльдер адамдарды тәр­биеледі. Теледидар деген болған жоқ.

Алты жастан бастап есім кіре баста­ға­нымен, әкемнің шын мәнінде қандай тұлға екендігін толық түсіне қоймаған кезім. Біздің отбасы да сол кездегі Мир және Виноградов көшелеріндегі Артистер үйінен пәтер алды. Қазақтың небір айтулы адамдарын ауладан көретін едік. Таңғы асымды іше салысымен аулаға ойнауға шығатын едім. Бұл кезде түнгі съемкадан шаршап-шалдыққан Шәкен Айманов үйіне келе жатады. Мен үшін қарапайым ғана Шәкен ағаның қас-қабағына қарайлап, көңілді келе жатса мойнына асыла кететінмін. Бүкіл ха­лық әртістері мен «еңбек сіңірген­дер­дің» көбісін үйдің алдынан оңай кездестіресің.

Бұл үйде Мұхтар Әуезов атындағы театр­дың негізін қалаушылардың бірі Қалибек Қуанышбаев, Мүсілім Абдуллин, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтай жан­­­дар тұрды. Драматург Шахмет Құсайынов пен жары Бикен Римова осы үйдің тұр­ғындары болды. Барлығы бір-бірімен дос-жаран болып, қонаққа шақырысып, барыс-келіс жасап тұратын. Біз екі бөлмелі коммуналды пәтерде тұрдық, ал көршілеріміз үнемі ауысып жататын.

Мари ҚАРМЫСОВА:

– Әкеміз Алматы облысының Беріктас дейтін ауылында дүниеге келген. Қазіргі ондағы Мәдениет үйіне әкеміздің аты берілген. Ол кісінің әке-шешесі ерте қайтыс болып, 5 жасынан бастап жетімдік пен тұрмыстың тауқыметін тартып өсіпті. Сиыр бағып, пішен шауып, отар қойдың соңында жүріп, өмірдің барлық қиындығын көрген. Әкеміз үлкен әпкесі Бүбікейдің қолында тәрбиеленіп, интернатта оқиды. Бұл интернатта Күләш Байсейітова мен Сейфолла Телғараев та оқыған. Түйдей құр­дас үшеуі бірге мектептің көркем өнерпаздар үйірмесінде ойнайды. Әкеміз­дің көптеген тілдерде ән салатын өнері бар екендігін айттық қой. Алайда, үлкен ағасы Қамалды Ташкентке барып, экономист мамандығын меңгеруге үгіттейді. Бірақ, аудандық комсомол комитеті жас жігіттің ерекше талантын байқап, 1931 жылы Рид­дердегі жұмысшы жастар театрын көтеруге жұмсайды. Мына қызықты қараңыз, осындан кейін ешқандай арнаулы білімі жоқ Қармысов Мұхтар Әуезов атындағы Рес­пуб­ликалық драма театрының штатына қа­былданады. Бұл сахнада әкеміз артық-кемі жоқ 60 жыл еңбек етті. Ешқандай атақ мен мемлекеттік марапаттар әкемізді өзгерте алған жоқ. Әлі күнге дейін жұмыстан оралып келе жатқан әкеміздің ақсақалдармен де ауладағы бала-шағамен де бірдей амандасатындығы көз алдымда. Кішкентай балалардың қолын ерінбей алып шығатын. Аңтарылып қарап қалатын бізге: «Бұлар да жеке тұлғалар!», дейтін еді.

Ақбөпе ҚАРМЫСОВА:

– Егемендікке қол жеткізуге санаулы айлар қалғанда, яғни 1991 жылдың көкте­мін­де күтпеген жерден әкеміз өмірден озды. Ол жауапкершілігі өте үлкен адам еді. Қайтыс боларына бірнеше күн қалғанда театрға барып, партиялық жарнасын төлеп келді. Әкеміз қатты науқастанып көрген адам емес. Аздап жөтеліп жүретін де мұны­сын ұзақ жылдар бойы шылым шеккенінен көретін. Ол кісі өзінің қандай сұмдық дертке шалдыққанын білмей-ақ көз жұмды. 14 наурызда «Күйеу бала» комедиясындағы басты рөлін ойнап шықты. Бұл спектакльде театр­дың ең мықты актерлеры мен актрисалары ойнайтын. Қысқасы, осы күлкілі қой­ылымда әкеміздің сүр бойдақ кейіпкеріне айнала­сындағылар жабылып қалыңдық іздейді. Ал ол айналып келгенде өзінің алғаш­қы махаббатын таңдайды. Сол сәтте бұл әкеміздің соңғы рет сахнаға шығып тұрғаны ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Даусы қар­лығып қалғанына уайымдап: «Енді қалай ойнаймын?» деп қалды. Түнде ұйқысы бұзы­лып жүрген­дік­тен: «Сен қасымда отыр­саң, түнгі уақыт тез өтеді» дейтін…

Венера ҚАРМЫСОВА:

– Өмірге де өнерге де, үлкенге де кішіге бірдей құрмет көрсеткен Қамал Қармысов сынды сахна тарланы осындай жан еді. Ұлт­тық театр өнеріне өлшеусіз еңбек сіңір­ді. Қо­ғамға пайдалы ұрпақ өсірді. Ұл-қыз­да­рынан қазір немере-шөберелері бар. Айт­қандай, немерелері Еркін мен Руслан – мық­ты музыка майталмандары, скрипкада ойнайды.

Кенже қызы Ақбөпе Қамалқызы консерватория ұстазы ретінде көптеген халық­аралық байқаулардың жүлдегерлерін даярлап келеді.

Әкеміздің өнерге деген адалдығы бес намазын қаза қылмаған иманды жанның парызындай еді.

Айнаш ЕСАЛИ,

Алматы.