04 Мамыр, 2012

Өнеге

508 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Өнеге

Жұма, 4 мамыр 2012 7:47

Әдетте, жұрт жоғары қызмет пен лауа­зымдарға өлермендікпен ұмтылатын­дарға сақтана қарап жатады. Оған себеп те жоқ емес шығар. Ал сол қызмет пен лауазым жақсы адамның алдынан өзі ұшырасып, жолын ашып жатса, бұл ұжым үшін де, қоғам үшін де көбіне-көп олжа ма дейсің. Қалай болғанда да, есімі еліміздің зиялы қауы­мы­на біршама таныс Мұхамбетқасым Қойшы­байұлы Шәкенов ағамыздың өмірі мен еңбек жолына зер салсаң, осы ойға беки түсесің.

 

Жұма, 4 мамыр 2012 7:47

Әдетте, жұрт жоғары қызмет пен лауа­зымдарға өлермендікпен ұмтылатын­дарға сақтана қарап жатады. Оған себеп те жоқ емес шығар. Ал сол қызмет пен лауазым жақсы адамның алдынан өзі ұшырасып, жолын ашып жатса, бұл ұжым үшін де, қоғам үшін де көбіне-көп олжа ма дейсің. Қалай болғанда да, есімі еліміздің зиялы қауы­мы­на біршама таныс Мұхамбетқасым Қойшы­байұлы Шәкенов ағамыздың өмірі мен еңбек жолына зер салсаң, осы ойға беки түсесің.

Жамбыл облысының Сарысу ауданын­дағы малды ауылда туып-өскен, бала кезден талапты Мұхаң сонау 50-ші жылдардың аяғында мектеп қабырғасында жүргенде-ақ әр қияға ой жіберіп, көлік жүргізушілікті де, фотоға түсіруді де үйреніп алған екен. Сапалы білім алуды ойлап, облыс орталығын­дағы мектепке ауысып, сонда жүргенде облыстық радиода балалар бағдарламасын жүргізетін диктор болғаны да бар. Соңғы сыныпта әскери училищеге оқуға түсуге талаптанып, оның да сынағынан сүрінбей өте шыққан. Бозбаланы журналистік романтика да қызықтырған. Бүгінде біз білетін Мұхаң шындап талпынса жақсы журналист болып кетуі де мүмкін еді. Бірақ баланың көңіл қалауын «Қарағым, ауылда туып-өстің, күнкөрісіміз малдың арқа­сында… Лажы болса, мал маманы болға­ның жақсы» деген әкенің талабы шешіпті. Қазақы тәрбиеге қанық ауыл баласы әкенің айтқанын тілек емес, заң деп қабылдайды. Мұхаң 1959 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік инс­титутының ветеринария факультетінің есігін ашады.

«Ветеринария – өте қадірлі мамандық. Академик Константин Иванович Скря­биннің: «Медицина адамды емдейді, ветеринария адамзатты емдейді» деген қанатты сөзі бар, – дейді Мұхаң. – Осы мамандықты мең­гер­геніме өкінбеймін».

Малдың еті мен сүтінсіз күніміздің екібастан қараң екені өз алдына, бұл сол жейтін етіміз бен ішетін сүтіміздің сау малдың өнімі болуы тиіс дейтіні шығар мұнысы. Ал оны қай кезде де дұрыс, сауатты малдәрігерлік қызметсіз қамтамасыз ету мүмкін емес.

Тағы бір мал маманының: «Мал дәрігері болу адам дәрігері болудан да қиын. Адам қай жері ауыратынын өзі айтады, ал малдың ауруын өзің табуың керек…» – дегенін де естідік. Бұл да жаны бар сөз шығар…

Институтта жақсы оқып қана қоймай, осы оқу орны футбол командасының құра­ма­сында ойнаған, әрі комсомол ұйымының белсендісі болған Мұхаң дипломын алған соң, өз ауданындағы «Коммунар» кеңшары­ның шалғайда жатқан «Көкдала» бөлімше­сіне мал маманы болып қызметке кіріседі.

Тағдыр Мұхаңа өкінбестей еңбек жолын, еліне, халқына абыроймен қызмет ету бақытын бұйыртып тұрған болып шықты. Негіз­гі мамандығы бойынша Свердлов (қа­зіргі Байзақ) ауданына ауысып, есепке тұру үшін ол комсомол комитетіне соғады. Сөйт­се, басшылық оған бос тұрған ұйым­дас­тыру бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынады. Обкомкомсомолдың бірінші хатшысы Тасболат Байталиев Мұхаңның ұйым­дастыру жұмыстарына бейімділігін Алма­ты­дағы студент кезінен байқаған екен. Реті келіп жатса, Мұхаңды қоғамдық қызметке тартуды аудан басшылығына сол құлақ­қағыс етіп қойыпты.

Мұхаңның содан кейінгі еңбек жолы жө­нінде аз айтуға да, көп айтуға да болады. Аз дейтініміз: сыдыртып өте шықсаң, ол жол ақ парақтың жартысына-ақ сыйып кетеді. Жоға­рыда аталған қызметтен кейін ол жол бір жерде ұзаққа созылып, екінші бір жерде шолақтау қайырылып, Жамбыл аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қа­зақстан комсомолы ОК нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Мәскеу­дегі БЛКЖО ОК нұсқаушысы, Жезқазған облыс­тық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Ақтоғай ауаткомының төрағасы, Жаңаарқа аупарткомының бірінші хатшысы, Қазақстан компартиясы ОК инспекторы, Торғай облатком төрағасының орынбасары, Қызылқұм аупарткомының бірінші хатшысы, Қазақ тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төрағасы, ҚР Президенті мен Министрлер Кеңесі Аппа­раты­ның бөлім меңгерушісі, республика Жоғарғы Кеңесі Аппаратының басшысы, ел Үкіметі, кейіннен Министрлер Кабинеті бө­лім меңгерушісінің орынбасары, бас инспекторы болып жалғасты. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де еңбектен қол үзбей, бүгінде «КEGOC» ұлттық компаниясында жауапты қызмет атқарып келеді.

Ал көп айтуға да болады дейтініміз: бұл жөнінде тұтас кітап жазсаң да артықтық етпейді. «Жадымдағы жылдар» деп аталатын ондай кітапты Мұхаңның өзі 2009 жылы жазып шығарғаны да рас.

Ол кітаптан «осыларды мен істедім» деген бір жолды да таппайсың. Бірақ кітапты оқу барысында атқарылған істердің ту сыртында іске де, адамдарға да жанашыр, ақылды басшының тұрғанын сезінесің.

Әрине, бір кітапта Мұхаң көрген-білгені­нің бәрін жаза қоймаған болар. Соның өзінде де осы кітапты оқу барысында Мұхаңның талай-талай тағылымды оқиғаларды бастан өткер­генінің куәсі боласың. Оның істің көзін білетін басшы, тамаша ұйымдастырушы, елжанды, ұлтжанды азамат болғанына көз жет­кізесің. Түрлі жоғары лауазымды қызмет­терді атқара жүріп, өз мүмкіндігінің аясында мәде­ниетіміз бен өнерімізге, дініміз бен ділімізге қамқор болғанын аңғарасың.

Ал олар неден көрінеді?

Бұған да Мұхаңның еңбек жолында мысал етерлік деректер аз емес.

– 1988 жылы Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданын басқаруға барғанымда құмдағы шопандардың осы кезге дейін киіз үйлерде қыстайтынын көргенде таңғалдым, – деп еске алады Мұхаң. – Олардың көпшілігінде электр жарығы жоқ екен. Түнде майшам жағады. Жергілікті халықтың жартысынан азы ғана таза ауыз сумен қамтылған.

Жаңа басшы ең алдымен шопандардың осы әлеуметтік жағдайын шешумен айналысуды қолға алады. Жарты мыңнан астам малшыны үш күнге жинап, дәрігерлік тексеруден өткіз­діреді. Сөйтсе, олардың жартысынан көбінің денсаулығында ақау бар екен. Содан соң, барған жылдың күзінде-ақ жұртты жұмыл­дырып, жергілікті материалдарды пайдаландырып, екі айда 28 үй, 28 қой қора, 18 монша салдырады. Шопандардың бәрін де киіз үйде қыстаудан құтқарады. Мамандар жіберіп, өзге облыстардың озық тәжірибесін зерттетіп, соларды өздерінде қолдануға көңіл бөледі.

Діни насихатқа тыйым салынған сол кездің өзінде Арыстан баб кесенесін пайда­лануға бергіздіреді. Сондай-ақ, көне Отырар топы­рағында мұражайды ашқызып, оның алдына әл-Фараби ғұлама бабамыздың ескерт­кішін орнатқызады. Отырар төбесіне бей-берекет қазба жұмыстарын жүргізуге тыйым салуға қол жеткізеді. Аудан жұртының еңсесін көтер­ген өзгерістер, міне, осылай бастау алады.

Айта берсең, сол ескерткішті орнатудың тарихы да қызық. Бұған дейін көне Отырарда әл-Фарабидің атында көше де, ескерткіш те жоқ екен. Сұрастырып байқаса, Алма­тыға орнату үшін жасалған бір ескерткіш келбеті келмейді деген сылтаумен Шым­кент­тің саяба­ғында жатқан болып шығады. «Мың жыл бұрын оны қай қазақ суретке түсіріп алды дейсің?» деген уәж айтып, Мұхаң әлгіні алдыртып, ұнаған соң, Отырар топырағына орнаттырады. Сол ескерткіш қойылған жерінде жарасып-ақ тұр.

Әрине, басшы болу үшін адамға кемел білім, биік парасат керек. Осылар табылса, қажет кезінде басшының басынан дұрыс шешім, аузынан жұрт құлақ қоятын көшелі сөз шықпақ.

Мұхаң осы Қызылқұм ауданын басқарып тұрғанда, өзінің туған топырағына Монғо­лияның ғарышкері Гуррагча досын ертіп ақын Мұхтар Шаханов келе қалады. Отырар халқы өзінің қадірлі перзентін қошеметтеп қарсы алып, «Ауданның құрметті азаматы» атағын береді. Ал Гуррагчаның иығына шапан жабумен шектеледі. Ақын Мұхаң алға­шында соңғы шешімге қатысты «тары­ну­дың» себебін түсінбей қалады.

Сонда аудан басшысы ақынға: «Мұха, басқа жақта ондай құрмет көрсете берсін. Ал бізде болмайды, өйткені, мына тұрған Отырарды оның бабалары 1219 жылы жермен жексен еткен» деп, мәселенің мән-жайын есіне салады. «Мен бұл жағдайды қалай ойламағанмын?» деп, орынды уәжге, әрине, ақын да тоқтайды.

Мұхаңның өміріндегі мына бір оқиға 1981 жылдың сәуірінде Жаңаарқа ауданын басқарып жүргенде болыпты. «Дружба» кеңшарының Рахметжан Салжанов есімді қызметкері әйелінің толғағы ұстап, мейір­бикені ертіп алып аудан орталығын бетке алып шығады. Бірақ жолда мінген көліктері бұзылып тұрғанда, оларға өзінің қызмет көлігімен келе жатқан аудан басшысы Мұхаң жолыға кетеді. Жағдайды білген соң, ол көлігін соларға беріп, өзі үйіне жаяу қай­та­ды. Ертеңіне перзентханада дүниеге ұл келеді де, Мұхаңның адамгершілігіне сүй­сінген ата-ана нәрестесіне оның есімін бермек болады. Алайда, сол арада көрші әйел түнде түс көргенін, түсінде осы Салжанов­тың Ауғанстанда соғыста жүрген ұлы Нұрлан қасына Ерлан деген баланы ертіп келгенін айтады. Сөйтіп, ырымшыл қазақ енді нәрестені Ерлан деп атайды.

2009 жылы осы Ерланға түсінде біреу: «Мынаны саған бір адам беріп жіберді», – деп жас нәрестені ұсынады. Ол таңертең көрген түсін әке-шешесіне айтады. Салжановтар сол кезде Ерланның өзі дүниеге келерде болған оқиғаны естеріне алады. Сөйтіп, 19 ақпанда Айгүл келіндері босан­ған­да, немерелеріне Мұхамбетқасым деген ат береді. Астанада тұратын үлкен ұлы Нұрланға: «Сол кісі бар ма екен, табыңдар­шы, өзіне айтайық», – деп тапсырады. Ол Мұхаңды елордада өткен бір той дастарқа­нында ұшыратып, танысып, онысын әке-шешесіне хабарлап, қуантады.

Мұхаң содан кейін жолдастарын ертіп бір кезде өзі қызмет атқарған Жаңаарқаға барып, кішкентай аттасына батасын беріп қайтады. Иә, адамға жасалған бір жақсылық кейіннен осылайша «кино оқиғасына» бергісіз болып жалғасқаны да бар. Адамға үлкен абырой осындай үлкенді-кішілі іс-әрекеттеріңмен де келеді екен.

Әрине, осыларға қарап, Мұхаңның алдынан ұдайы ақ таң атып тұрды екен деуге де болмас. Өмір болған соң, тағдырдың те­періші мен адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастардың сан алуан шырға­лаңын ол да бір кісідей бастан өткерді. Әсі­ресе, ақылды да аяулы, ұлдан жалғыз Асқа­рынан қапыда көз жазып қалуы сөзбен айтып жеткісіз ауыр қасірет еді. Бірақ өмірде көпті көрген Мұхаң тағдырдың бұл сына­ғын да сабыр мен төзім сақтап, көтере білді. «Қайтейін, халқым аман болса, жалғыз болмаспын» деп жұбатты өзін. Институтта бірге оқып жүріп, тағдырын қосқан жары Шекер тәтемізді де жұбатып, жанына сүйеу бола алды. Бүгінде олар үлкен қызы Гүлнара мен күйеу баласы Нұртуған­ның, Асқар ұлының жары Мәдина келінінің, немерелері Жандос, Нұргүл, Есеттің және Ұлыбританияда магистратурада оқитын қызда­ры Айгүлдің тілеуін тілеп, тіршілік кешуде.

…Талабымен де, талпынысымен де жастай көзге түскенімен, Мұхаң жоғары қызмет атқаруды ешқашан жалаң мақсат тұтпапты. Жас­тар одағының Жамбыл аудандық ұйы­мынан Алматыдағы комсомолдың орталық коми­тетіне қызметке шақырылғанда да, бірін­ші хатшы Өзбекәлі Жәнібеков марқұм­ның «партиядан шығартқызбақ болған қысымынан кейін» ғана келіскен екен. Ол қызметті – әрдайым азаматтың халық алдын­дағы міндетін абыроймен өтеу мүмкіндігі деп ұқты. Көріп отырғанымыздай, осы қарапайым да ұлы мақсат оны жолынан жаңылдырған емес. Түсін­генге одан алатын өнеге де аз емес сияқты.

Әбдімүтәл ӘЛІБЕКОВ.

Астана.