04 Мамыр, 2012

Қайыспас қара нар еді

638 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Қайыспас қара нар еді

Жұма, 4 мамыр 2012 7:48

Жылқайдар Егінбаев осындай жан болатын

Жетісу – жердің жәннаты деп бекер айтыла ма? Айтса айтқандай, жайсаң Жетісу – жұмақтың төрі, сұлу табиғаттың жері; сылдырап аққан мөлдір бұ­лақтың, сыбдыр қаққан құрақтың, асқақ таудың, сыңсыған баудың, сарқыраған өзеннің, жалғасып жатқан қырат-кезеңнің, тұнық ауаның, дертке дауаның өлкесі. Сондықтан да осындай ғажайып өңірде Қа­былисадай жыраудың, Молықбайдай қобызшының,

Жұма, 4 мамыр 2012 7:48

Жылқайдар Егінбаев осындай жан болатын

Жетісу – жердің жәннаты деп бекер айтыла ма? Айтса айтқандай, жайсаң Жетісу – жұмақтың төрі, сұлу табиғаттың жері; сылдырап аққан мөлдір бұ­лақтың, сыбдыр қаққан құрақтың, асқақ таудың, сыңсыған баудың, сарқыраған өзеннің, жалғасып жатқан қырат-кезеңнің, тұнық ауаның, дертке дауаның өлкесі. Сондықтан да осындай ғажайып өңірде Қа­былисадай жыраудың, Молықбайдай қобызшының, Ескелді, Балпықтардай әулиелердің; Мәулім­бай, Бақтыбай, Қыдыралы, Сара, Қуат, Қалқа, Ілияс, Артық, Темірғали секілді ақын­дар­дың; Нұрмолда Алдабергенов, Әбдіқадыр Дайыров, Николай Головацкий, Имир Белялов, Ыбырайымжан Қожахметов, Зылиха Тамшыбаева секілді асылдардың салтанат құрмауы мүмкін емес еді.

Осындай ылғи жақсы мен жайсаңның қа­тарында Жетісуда туылып, даңқы туған елі­не, әрісі Одаққа жайылған, қазақтың бейнелі сөзімен айтқанда, қарадан шығып хан бол­ған, қайыспас қара нар болған, бүкіл өмірін Отаны үшін сарп еткен Жылқайдар Егін­баев­ты көремін.

Мен Жетісудың төріне 1977 жылдың басында, Талдықорған педагогика институтына (бүгінгі Жетісу университеті) ректор болып келдім. Ол кезде Талдықорған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы аяулы ағамыз Әріпбай Алыбаев еді. Келген күннен бастап Әрекеңнің қам­қорлығында бол­дым, жетісу­лық бауыр­ла­рымның ыстық құ­ша­ғында жүрдім. Ешкім мені бөтенсіген жоқ. Сондық­тан мен де еш­қай­сысын бөл­мей, баяғыдан таныс адамдардай араласып кеттім.

Он бір жыл бойы аралас­қан, сыйласқан, мені өте жа­қын тартып, бауырына басқан ағам Жылқайдар Егінбаев еді.

Кезінде Қабан жырау, Қа­раш, Өтеген, Райымбек батырлар туралы жазғаным бар. Же­ті­су­ға келген соң, сол Сарыой­дағы жырау ба­баның жұртына барып зиярат етіп, бата оқып қайтқан едім. Біреулерден есітіп ертеңіне Жылқайдар ағамыз менің каби­нетіме келіпті. Оған дейін мен ол кісіні танымаушы едім.

Мығым денелі, орта бойлы, маңдайы ашық, аңқылдаған ағамыз алшаң басып кі­ріп келді.

– Шырағым Мырзатай, Жетісуға қош кел­дің! Бұл да сенің өз елің, жатырқама. Жақсыға жаттық жоқ деген, әлі-ақ бәрімен араласып кетесің. Мен Жылқайдар Егін­баев деген ағаң боламын. Киров ауданын­дағы, Ленин колхозының председателімін, ауылымыз қаладан таяқ тастам жерде, Лабасы­ның етегі, Көксудың жаға­сында. Келін екеуің бала-шағаны алып келіп, жеңгеңнің қолынан дәм татып қайтыңдар. Жердің жыртығын жамап жүргеніміз жоқ. Келімді-кетімді кісің болады. Ауылға әкеліп тұр. Бәріне де жараймыз, шырағым. Біздің үйдегі жеңгең Мөрима өзің мақала арнаған Қабан жыраудың шөбересі. Қабыли­садан Ыс­қақ туады. Ысқақтан – Рахмет, Мөрима – Рахметтің қызы, – деді.

Иә, кезінде Қабан жырау туралы жазға­ным бар еді, пәлен жылдан кейін жарық­тықтың ұрпағына жолығамын деп кім ойлаған.

– Қабан жырау – әрі батыр, әулие, ғұла­ма жы­­рау, Сүйінбайдың нағашысы. Сүйін­бай Қа­былисаның көшіне жеті күн ілесіп жүріп батасын алған, – деп отырушы еді Кенен Әзірбаев.

Жылқайдар ағаға алдағы сенбі күні келеміз деп уәде бердім. Ертеңіне маған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әріпбай Алыбаев телефон соғып:

– Мырзатай, Жетісуда аса қадірлі Әбді­қа­дыр Дайыров деген ағаң бар. Бұл күнде ол кісі науқас, қалада тұрады. Кеше көңілін сұрап шықтым. Сені сұрады. Елдің айтуына қара­ғанда, жақсы жігіт көрінеді, сәлем айт деп жатыр. Жаңа ғана хабар келді, нашарлап жатқан көрінеді, көңілін сұрайсың ба, бірге барайық, – деді.

Сағат он бірде бірге кірдік. Сәлемдес­тік. Көңілін сұрадық. Сол үйде Жылқайдар аға да отыр екен.

Әбдіқадыр ағамыз әлсірепті. Әрең сөйледі. Жалайыр тарихы, ел жайында, Жеті­су туралы біраз әңгіме айтты. Маған табыс тілеп, батасын берді.

Әттең, бұрын білмегенім-ай, әңгіменің кені екен. Өзімен бірге талай әңгіме кетеді-ау деп өкіндім. Расы да солай ғой, тірші­лікте кісінің бір-біріне қадірі бола бермей­ді, өлгеннен соң бәрі де жақсы болатын әдеті емес пе.

Тіршілікте сыйласпаған ағайын,

Құм құйылсын көзіңе,

Өлгенде, сірә, жылама, –

деп Махамбет ақынның ашынып айтатыны да сондықтан.

Көңілін көтерейін деді ме, нашарлап жат­­қан кісіге демеу болсын деді ме, Жыл­қайдар ағаның Дайыров Әбекеңе арнаған мына екі шумағы жадымда қалыпты:

Әбеке, жатырмысың деміңді алып,

Жаста көрген бейнеттің кегін алып.

Қайнағаң осы күні науқан кезі,

Деп келдім көріскелі өзім барып.

 

Қарайды жеңгей қалай, жоқ па қысым,

Әбеке, осы күнде қандай күшің?

Кетесің тез қартайып, жата берме,

Жүргеннің тәңірім өзі оңдайды ісін.

Уәделескен сенбі күні түсте Жылқай­дар ағам мен Мөрима жеңгем Көксудың Та­лапты жағына, жоғарғы сағасына үй тігіп қарсы алды. Дастарқан дәмге толды. Үй ықыласқа толды. Көңілді, жақсы отырдық. Ағамыз қолына домбыра алып, төгіп-төгіп жыр айтты. Он екі ата Жа­лайырдың шежіресін таратып айтқаны, Же­ті­суды жырға қосқаны жадымда қалыпты. Анау-мынау ақынның аузына түсе бермей­тін сөзді айтқанда аң-таң болдым. Бірың­ғай шаруашылықпен, басшы­лықпен кеткен кісі ғой, әйтпесе, талай ақынның алдын орайтын қабілеті бар екен-ау дедім.

Кейін де ағаның Жетісу жайындағы жыр­ларын талай тыңдадым. Бүгінде жұрт­тың көбі өзі­нің туған ауылын да біле бер­мейді, ал Жықаң­ның Жетісуға арнаған жырларының кейінгі жастарға танымдық та, тәр­биелік те мәні зор.

Ортасы Жетісудың Талдықорған,

Жері бай, дәулетті елі ырыс қонған.

Суы мол, шөбі шүйгін малға жайлы,

Қазаққа атамекен қоныс болған.

 

Тоғайда қырғауылы, көлінде үйрек,

Жүреді құр мен ұлар шыңында өрлеп.

Елігі, арқар, марал тау жайласа,

Өседі ақбөкені құмын жерлеп.

 

Күйелі, Сатылы мен анау Шажа,

Шаған тау, Матай менен жеке-дара.

Аласа болса-дағы төбе, шоқы,

Ел қонған құтты мекен Желдіқара.

 

Көксуға жақын тұрған тау Лабасы,

Көп таудың Малайсары құрамасы.

Жетіжал қойнауы құт, мал өрісі,

Құм жағы аталады Құланбасы.

 

Қоңтажы, Төлек төрі, Сандықтасты,

Көктөбе, Ақтөбе мен Назар асты.

Сарноқай, Суықтөбе өз жайлауым,

Кен іздеп Текеліден қазған тасты.

 

Осылай төгіліп кете береді, кете береді, бү­кіл Жетісу жерін суреттеп, сипаттап шығады.

Жылқайдар ағаның «Жетісуды жырлаймын» деп аталатын бұл ұзақ жырын Жетісу жері, Жетісу ерлері жайындағы энциклопедия десе де болады.

Жықаңның замандастарына арналған өлең­дерінде әдемі әзіл бар. Өлең арнаған за­мандас­тарының көбі маған таныс. Қайсы бірі­мен аралас-құралас та болдық. Әуелі Үштөбеде тұр­ған, кейін Алғабасқа көшкен Оңғарбеков Күміс­тай ағамыз сері кісі. Домбырасы қанжығасында жүретін. Әнші еді. Қали Алпысбаев – көршісі еді, замандасы. Біз Қали ағамен де көп аралас­тық. Нұрпейісов Мұрат­бек – құдасы. Кезінде аудандық атқару коми­теті төрағасының орынбасары кейін аудандық кинопрокатты басқарды. Көргенді, жақсы кісі еді. Дастарқанында да болып жүрдік. Әзтай Ерсалиев – облысқа еңбегі сіңген қайраткер. Төлеген Ахшанов – Жықаңның шәкірті. Ауданды бас­қарды, облыс басшыларының бірі болды. Осылардың бәрімен де тұз-дәміміз жарасты.

Ағамыздың балаларына арнаған өлеңдері де жан тебірентерлік, ол өлеңдерден үлкен жүрек­ті, ақ тілекті аңғарамыз.

Жылқайдар ағаның екі қызының бірі – Тойжан. Тойжан консерватория бітіріп келіп, менің қарамағымда, институттың музыка факульте­тінде оқытушы болып қызмет етті. Сол Тойжанды ұзатқанда ақынжанды ағамыз көңілі босап, қолына домбыра алып, кешті өзі бастаған:

Ішінде он баламның ерке қызым,

Бәрінен жақсы көрем – өте шыным.

Той-думан, қуаныш болғаныменен,

Үйіңнен балаң кеткен қандай қиын.

Асылып иығыма тұратын-ды,

Қандай мінез көрсетсе сиятын-ды.

Көрмесем сағынушы ем шыдай алмай,

Білмедім қалай жатқа қиятынды.

Жарығым, бақытты бол барған жерде,

Кезіктің өнегелі, жақсы елге.

Қоса ағар қосағыңмен, айналайын,

Реніш, жаманшылық, тапшы көрме.

Мұратым, енді маған сен де бала,

Адам бол, жанұяңа жақсы қара.

Ержетіп, енді, міне, тұрмыс құрдың,

Кішкентай бала едіңдер кеше ғана.

Мұратбек, құдағиым Күлзағила,

Аманат екеуіңе енді бала.

Рахмет, балаларға ризамын,

Кез болды Тойжаныма Сіздей ана.

Жықаң осылай деп аяқтағанда, тыңдаған кісі­лердің көбі көзіне жас алған.

Қазақ салтында ұлы үйленгенде, қызын ұзат­қанда ата-анасының бата беру салты әлім­сақтан бар. Базар, Назар деген үйелмелі-сүйел­мелі екі ұлы бірдей шешектен шетінеп, «Сорлы ақ ешкі, жылайсың лағыңа» деп жылап жүріп дүниеге Көр­кемжаны келгенде Кенен Әзірбаевқа Жамбылдың өзі келіп құтты болсын айтқан екен. Сол Көркем­жаны ер жетіп, шаңырақ көтергенде қарт ақын Кенен жолын бе­ріп, ырым қылып келінінің бетін өзі ашқан.

Жықаң ұлдары үйленгенде де қолына домбыра алып, батасын берген.

Бір үйден үйелмелі-сүйелмелі бес аға­йын­ды соғысқа аттанып, төртеуі опат болып, екі рет жараланып, майданнан Жылқайдар ғана аман келген. Жүрегі әбден шайлығып қалған ағамыз балаларым ер жетсе, келін түсірсем деп армандап жүреді екен. 1970 жылы Бекайдары мен Қозай­дары қатар үйле­ніп, келін түсіргенде қуа­нышы қойнына сыймай, тойда әуелгі сөзді аға­мыздың өзі бастайды:

Ризамыз, дос-жарандар, келгеніңе,

Біз үшін уақытыңды бөлгеніңе.

Қызметте абырой, үйде бақыт,

Қадірменді болыңдар елдеріңе.

Қуанышты осындай біз тілейміз,

Бастарыңа келсін деп сендердің де.

Соғыс жыл, ауыр кезең, отты жалын,

Азаппен ауырлатты елдің халін.

Ел үшін, Отан үшін жанын қиып,

Төрт бірдей келмей қалды бауырларым.

Орыны осылардың тола ма деп,

Ішімді өртеуші еді сонда арманым.

Сол арман орындалды деген осы,

Көтерді екі бала шаңырағын.

Роза, Райханым, Қозы, Бекен,

Деуші едім бұл бақытқа қашан жетем.

Көрінгеннің жоқ деген алыстығы,

Шынында асыққаным бекер екен.

Гүлдерім, қуанышым, балаларым,

Бақытты сені өсірген аналарың.

Қоса ағар қосағыңмен, өмірлі бол,

Құрыштай берік болсын араларың!

Мықты болсын сүйеніш, тіректерің,

Ол үшін адал болсын жүректерің.

Аянбай Отаныңа қызмет істе,

Сендерден осы менің тілектерім!

Ұрпағын үнемі адалдыққа, шындыққа, кісілікке тәрбиелеген Жықаңның бұл өлеңі, Отаныңа адал қызмет етіңдер, тілектерің де, жүректерің де бір болсын деген батасы Жетісу өңіріне аңыз болып тарапты.

Құдайға шүкір, атасының батасы қабыл бол­ды, періштенің құлағына шалынды, бү­гін­­­де балалары да өзіндей ағайынға қадірлі, ұр­па­ғы ынтымағы жарасқан бір рулы ел болды.

Жылқайдар ағаның құдай қосқан қосағы, өмірден таңдап алған жары Рахметқызы Мө­ри­ма жеңгеміз де қасиетті кісі еді, алтынның сынығы, тұлпардың тұяғы еді. Сөйте тұра Жылқайдардай сері ағаның бабын да таба білді, жанына желеу, отбасының ажары бола білді. Ағамыз ер көңілді, аңқылдаған адам еді. Кейде жеті түнде бір тойдың қонағын ертіп келсе де жеңгеміз бәрін де ретімен, жөнімен атқарып отыратын. Отағасының сағын сын­дыр­маған. Қысқы соғымды тұз­дап, шыныдан жасалған банкілерге салып, сал­қын жерде сақтап, жаңа сойған жылқы­ның етіндей қы­лып талай асқанын көрдік. Үйге қайтарда біра­зын алып та қайтатынбыз. Өзі де, сөзі де сұлу, дастарқаны ажарлы, көргенді, береке дарыған кісі болатын. Дауыс көтеріп сөйле­­мейтін. Келін қайын ененің топырағынан жаралады дегендей, жеңгеміз­дің осы қасиеті келіндеріне де жұқты. Аға-жеңгеміздің пейі­ліне қарай келін­дері де әулеттің салт-дәс­түріне сай болып кездесті. Олардың да алды бүгінде әже болды.

Қабылисаның қасиеті қыздарына дары­ған, әруағы да қыздарына қонған. Мұны Мө­рима жеңешем үнемі айтып отыратын. Жырау­дың киім ілетін адалбақаны, дәрет алатын құмғаны осы үйде болатын. Келген сайын ырым қылып киімімізді сол адал­бақанға іліп, анда-санда құмғанмен қол шаятынбыз.

– Атамның шарапаты маған тиді, – деуші еді жеңгеміз. Он үш жасында қайта-қайта ауыра берген соң, атасының сол құмғанын бас жағына іліп қойыпты. Сол күннен бастап дертінен құлан-таза айығып кетеді.

Мен бертінде сол құмғанды да, адалба­қанды да жеңгемізден музейге беріңіз деп талай сұрадым, бірақ бермеді.

Мөрима жеңгей әнші еді. Сызылтып, тамылжытып ән салғанда жалықпай тыңдаушы едік. Жұрт көп айта бермейтін Жетісудың ескі әндеріне де салушы еді. Кезінде мән бермедік, бертінде оны біреулер жазып алды ма, алмады ма – ол жағы белгісіз.

Мөрима жеңгей ақын еді. Жыраудың тұқы­мы ғой, сөздері жатық, ұйқастары әдемі болатын. Қиналмай қиыстырып айта беретін. Тыңдап отырып ол кісінің аузынан шыққан аса бір сәтті жыр шумақтарын қағазға түсі­ріп жү­ру­ші ем, өкініші – бүгінде оның қайда қал­ға­нын білмеймін. Бізді кейде өкіндіретін осын­дай құнтсыздық.

Бабасы Қабан жыраудың 300 жылды­ғында шөбересі Мөрима Рахметқызы арнау айтқан екен, соны осы мақалада беруді жөн көрдім.

Бас иіп сәлем бердім ағайынға,

Отырмыз ата қоныс маңайында.

Атақты Қабан жырау шөбересі,

Білдірмей туысымды қалайын ба.

 

Үш арыс ертеде өткен бабаларым,

Бөлмеген ағайындық араларын.

Қаратал, Іле, Көксу бастарына

Жалайыр мекендеткен балаларын.

 

Жер жәннаты Жетісу атандырып,

Берік ұста келгенше шамаларың.

Өскен елдің ұрпағы сияқты боп

Ақ ниетін ақтаңдар даналардың.

 

Мұны айту шөберелік хақым менің,

Құрметтеп жатыр бүгін ақынды елім.

«Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды»

деуші еді,

Бір аунап аруағың жатыр ма едің?

 

Өшірмей жағып жүрмін шырағыңды,

Білмеймін, өмір, қанша тұрарыңды.

Елу жеті жыл болды тұмар етіп,

Әкем берген сақтадым құмғаныңды.

 

Ардақты алтыннан да қымбат құмған.

Маңдай терін сыпырып бетін жуған.

Бес уақыт намазды қолына алып,

Кейінгі ұрпағына мұра қылған.

 

Жазар ем келсе әлім әлі қисса,

Келеді өлең сөздің сәні жиса.

Жырыммен шырақ шаштым басыңызға,

Риза болсын әруағың, Қабылиса.

 

Аңғарған кісіге осы бір жыр жолда­рының өзінде тектілік те, ақындық та бар. Аз ғана жыр­ға дана бабалардың аманатын да, өзінің перзенттік парызын да, ықылас-пейілін де, ақ ниетін де шебер сыйғыза білген.

Ақындықтың жолына түспеген, өздерін ақынмын деп айтпаған, бірақ ғажайып жырлар тудырып, әндер қалдырған аналар қазақта аз емес. Мөрима жеңгей солардың бірі әрі біре­гейі. Шынтуайтына келгенде, жырау бабасы­ның ақындығы, қасиеті қон­ған адам. Өзінің адал жар, асыл ана дейтін атын бәрінен де биік қойып, ақындықты мұра тұтпаған. Әйт­песе, көзіміз көрген, аралас-құралас болған, талай қолынан дәм татқан асыл жеңгеміз шынында да мінсіз ақын, ғажап әнші еді.

Екі жақсы қосылмайды деп жатады ғой. Неге қосылмасын, қосылады. Ерлі-зайып­тыны әдетте періште қосады екен. Бір жақсы – бір жаман деп қосады екен. Бір заманда періште шаршап қалғиды екен. Қалғығанда: бір жақсы – бір жақсы деп, екі жақсыны қосып жібереді екен. Сол айтқандай, Жыл­қай­дар аға мен Мө­рима жеңгей періште қал­ғып кеткенде қо­сылған жақсылар.

Шүкір, жаман болған жоқ. Тату-тәтті өмір сүрді. Қатарының алды, үлгілі отбасы атанды. Балалы-шағалы, үрім-бұтақты бол­ды. Ағамыз – ардақты әке, жеңгеміз ардақты ана болды. Мәуелеген бәйтерекке айналды. Тұңғышы Бекайдар белгілі мемлекет қайраткері, талай дәрежелі қызмет­тер атқарды, бүгінде «КЕГОК» ұлттық компаниясы әкім­шілік депар­таментінің жетекшісі; Қозайдары «Керамогранит» компаниясының директоры; Жанайдары – өзі туып-өскен ауылында акционерлік қо­ғам­­­ның президенті; Тойжаны – Астанада, өнер уни­верситетінің профессоры; Сәкен – Парламент Мәжілісінің депутаты; Тәкені – үлкен бірлес­тіктің президенті; Төкені – Астана қала­сы­ның сәулеттенуіне үлкен үлес қосқан «Құла­гер» құрылыс корпо­рациясының президенті. Бұлар­дың бала-шағалары да әрқалай қызмет атқарып, оқып, өніп-өсуде. Кісі ұрпағымен мың жасайды деген, міне, осы болады. Осындай көсегесі көгер­ген, мәуелеп бұтақ жайған тату, текті әулет көбейе берсін, мерейлері арта берсін.

Жылқайдар Егінбаев осыншама дәу­летке, атақ-даңққа бірден жеткен жоқ, бұра­лаң жолдан, тайғақ кешуден, өмірдің алуан түрлі сынынан өтіп жетті. Әкесі Егінбай, анасы Бибі қарапайым шаруа кісілер болған екен. Жылқайдар осы күнгі Қапшағайда туады. Қыстаулары Іленің жағасында жиде тал, қалың тоғайдың арасында болыпты. Жаз түсе Кербұлақ еспе­сінің жаға­сына көшеді екен. Егін салып, мал бағып күн көрген. Кейін бер­тіндегі Киров (бүгінгі Көксу) ауданы, Куйбышев колхозына көшіп келеді. Әкесінен тым ерте қалған Жыл­қайдар бұғанасы қатпаған бала кезінен еңбекке араласады. Төрт ағасымен бірге майданға аттанады. Аға­лары қаза тауып, өзі екі рет жараланып, соғыс біткен соң елге оралады. Жұмысын қатардағы есеп­шіден бастап «Көкбастау» шаруашылығының пред­седательдігіне де­йін көтеріледі. Он жылдан кейін аудан басшылары Жықаңды «Ленин» колхозына председатель етіп жібереді. Артта қалған шаруашылықты аз уақытта алға сүйреп, ағамыз­дың даңқы облыс асып, бүкіл республикаға жетеді. Октябрь Револю­ция­сы, екі рет Еңбек Қызыл Ту ор­ден­дерімен наградталады.

Қазақстан Республикасы Министрлер Каби­не­тінің 1993 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен Жылқайдар Егінбаевтың есімі жергілікті орта мектепке беріліп, ескерт­кіші мектепке орнатылып, оған:

Білім мәңгі таусылмайтын бұлағың,

Туған жерің – қаның тамған тұрағың.

Бақытыңды еңбекпенен табасың,

Жер-Анаңды қадірлей біл, шырағым, – деген Жылқайдар ағаның өз сөзі жазылып, жас ұрпақ­қа өсиетін айтып тұрғандай. Иә, осы бір төрт жол өлеңді бақытын еңбектен тапқан асыл ағамыздың өмірлік кредосы десе де болғандай.

Атағы дүрілдеп тұрған осы кезде Жыл­қай­дар ағамен танысып, он бір жыл бойы, 1987 жылы мен Алматыға Оқу ми­нистрі болып ауыс­қанымша, біріміз туған ағадай, біріміз туған інідей жиі араласып тұрдық. Бауырмал еді. Кіршіксіз, аңқыл­даған ақ көңіл еді, жаны таза еді. Пенде­шіліктен аулақ еді, ұсақ-түйекпен, өсек-аяңмен ісі жоқ еді. Қайраткер еді. Бей­нет­­қор еді. Қа­­йыс­­пайтын қара нар, қарадан шық­қан хан еді. Мұндай кі­сі­­­лер өмірде көп кездесе бермей­ді, сирек туады.

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы,

профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркология кафедрасының меңгерушісі.