19 Мамыр, 2012

Сан қырлы қаламгер

621 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Сан қырлы қаламгер

Сенбі, 19 мамыр 2012 8:11

(Құрван Тохтәмов туралы толғаныс)

Өткен ғасырдың 60-жылдары ұйғыр мәдениетінің жаңаланып өрлеуі кезеңі болып саналады. Бұлай айтуымыздың өзіндік себеп­тері де жоқ емес. Ең әуелгі елді елең еткізерлік қоғамдық-саяси өзгерістерді тудырған Хрущев заманын атап өткен дұрыс. Жеке басқа табыну сынға алынып, жылымық келе бастаған кез еді. Кеңес­тік жүйенің қателері біртіндеп қалпына келтіріле бастаған болатын. Міне, осы тұста мәдениетке де, әдебиетке де өзгерістер ене бастады. 1957 жылғы «Коммунизм туы» газетінің жарық көруі үлкен оқиға болды.

Сенбі, 19 мамыр 2012 8:11

(Құрван Тохтәмов туралы толғаныс)

Өткен ғасырдың 60-жылдары ұйғыр мәдениетінің жаңаланып өрлеуі кезеңі болып саналады. Бұлай айтуымыздың өзіндік себеп­тері де жоқ емес. Ең әуелгі елді елең еткізерлік қоғамдық-саяси өзгерістерді тудырған Хрущев заманын атап өткен дұрыс. Жеке басқа табыну сынға алынып, жылымық келе бастаған кез еді. Кеңес­тік жүйенің қателері біртіндеп қалпына келтіріле бастаған болатын. Міне, осы тұста мәдениетке де, әдебиетке де өзгерістер ене бастады. 1957 жылғы «Коммунизм туы» газетінің жарық көруі үлкен оқиға болды. Қазақ радиосы жанынан ұйғыр тілінде хабарлар таратыла бастады. Қолданбалы әдебиет және оқулықтар басып шығаратын ұйғыр тіліндегі баспалар іске қосылды. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты жанынан ұйғыр бөлімі ашылып, оны бітірген жас мамандар әр салада қызмет ете бастады.

Ерекше қадап айтатын мәсе­ленің бірі – отандық бір топ ға­лымдар, әдебиетшілер, көркем­өнер­­паздар шықты. Шығарма-шылық, ғылыми іздену сапасы көтерілді. Бұл жайт өмірге жаңа леп әкеліп, дамуды тездетті, осын­­­дай қауырт өрлеудің ықпа­лында әрбір адам өз ісінде бел­сенділік танытты.

Орта Азия университетінің (САГУ) ұйғыр бөлімін бітірген жас маман Құрван Тохтәмов сол жылдары қоғам есігін ашып, өмір мұхитына араласты. Ол алға­шын­да «Коммунизм туғи» газе­тінің әдебиет бөлімінде істеді. Онан соң бір-екі жылдай Абай атындағы Қазақ педагогика инс­титутының ұйғыр бөлімінде ұс­таздық етті.

60-жылдардан бастап, ұйғыр әдебиетін ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары қолға алынды. Осыған орай әдебиеттанушы ғалымдарға деген сұраныс өсті. Сол жылдары ұйғыр жастарынан алғашқы ас­пи­­­рантураға қабылдау кезінде Құрван бірінші болып оқуға түс­ті. Содан өмірінің соңына дейін Қазақстан Ғылым акаде­­мия­сы­ның ұйғыр әдебиеттану бөлімін­де ғылыммен айналысты.

Қ.Тохтәмов Қазақстан ұйғыр әдебиетінің көшбасыларының бі­рі ғана емес, ол проза жанрының дамуына, өсуіне зор еңбек сі­ңір­ген жазушы. Оның жазушы­лық таланты әр жылдары жарық көр­ген «Қарапайым адамдар», «Аяулылар» хикаяттар жинағы, «Күн шығып келеді», «Байқамай бас­тым тікенді» хикаяттарында, «Өмірге махаббат» кітаптарында жан-жақты жарқырай көрініп еді. Бұл шығармалар өз кезінде қызу оқылып, әсерлі болғанына өзім куәлік бере аламын. Құрванмен бірге болған оқырмандармен кездесулерде, қойылған сұрау, ай­тылған жауаптардан анық байқа­латын. Оған жер-жердегі оқыр­мандары тоқтаусыз хат жолдап жататын. Әр жаңа кітабы басыл­ған сайын қаламгерлердің пікір­лері үздіксіз баспа бетінде шы­ғып отыратын. Біз оның жазушы ретінде үлкен беделге ие екенін сезетінбіз. Жасампаздықта өзінің қалыптасқан қолтаңбасы айқын білінетін. Өз заманының талантты қаламгері екені даусыз еді.

Құрванның әдебиетші болып қалыптасуына – оның бала кезі­нен еңбек адамдары арасында шыңдалып өсіп, ержеткені себеп болды. Бай тәжірибенің, жинақ­талған білімнің пайдасы тиді. ­Соғыс жылдарында жеңіске жету жолында бар ауыртпалық елдегі бала-шаға, кәрі-құртаңдардың мойнына түсті. Олардың еңбек тіршілігі соғыс майданынан бір де бір кем болған жоқ. Қабыр­ға­сы қатпаған Құрванға сол жыл­дардың азабы жеңіл соқпады. Үлкендермен араласа жүріп, жұ­мыс істеу, көріп-білуі оның өмір­­ге көзқарасының қалыпта­суы­на, есейіп, ержетуіне өз әсе­рін жасады. Сондықтан да оның өз құр­дас­тары қатарында ойы – терең, жұмысы – орнықты болды.

Жазушыларды өзіне тартатын көтеретін тақырыбы, айтар мәсе­лесі десек, Қ.Тохтәмов ауыл өмі­ріне, әсіресе, Отан соғысы жыл­дарындағы сап еңбек адамдары өмірін басты тақырып етіп қалам тартты. Ұлт әдебиетінде соғыс жылдарының сипаты біршама ашылды десек, осы жолдың басында Қ.Тохтәмов секілді жазушылар тұрды. Әр шығармасында сол дәуірдің ащы шындығы, бей­нетті тердің иісі шығып тұратын. Балалық дәуіріндегі естен кетпес күндердің естелік­тері, тартқан бейнет, төгілген жас, азабы мен мехнаты мол шерменде жыл­дардың шежіресін көркем бей­нелеуші еді. Сондық­тан да оның еңбектерінде ел мен жер, езілген еңбекші, ерлікке бара-бар күндер кестеленуі табиғи нәрсе деуге болады. Шығарма­ларының «тәні де, жаны да» сол күрделі ке­зеңнің жыры болуы заңды еді. Қ.Тохтәмовтің бірсы­пыра әңгіме-хикаяттарында және «Жағистай­лықтар» романында бұл тақырып тамаша жазылып, шырқау шы­ңына жеткізілген. Ауыл­дағы қыз-келіншектердің аяз­дан қатып қалған диірменді мұздан аршып, суын ағызып, жан бітіріп іске қосуын ол шынайы суреттейді. Бір эпизодында: «Сол болаттай берік, ерік-жігері мық­ты әйелдер сұрапыл соғыс жылдары қыста қатып қалған диірмен тасын ғана емес, тарихтың тегер­шігін айнал­дырған еді» деп, өткір ой, терең мазмұнмен ро­ман­ның нүктесін қойып еді.

Осылай жарқын образ, өмір естелігін айтып отырып, тылдағы нәзік жанды аналардың азапты сәттеріне бас игізіп, жанқиярлық рухына құрмет сезімін оятады. Бір айта кететін нәрсе, жазушы қаламында әйел-аналар образы барынша ашыла түседі. Бұдан өзге де балалық шағының естен кетпес кездері аз емес. Әкесі соғыста қаза болған болашақ жазушы ел-жұртқа келген қайғы-қасірет, тізені дірілдеткен қиын­дық­тың алдында әлсіремеген, қай­сар, қайратты, табанды әйел­дердің тағдырын суреттейді. Сондай аналардың бірі – өз анасы. Ол еңбекшілдік пен жүрек­тіліктің өнегесі ғана болып қал­мастан, мейір-махаббаттың да, сүйіспеншіліктің де сарқылмас көзі болған.

Жарқын образ, шынайы кіші­пейілдік Қ.Тохтәмов еңбектерін­де басты образ болып қаламға ілінеді, нақты тіршіліктің жанды көрінісіне айналады. Қаламгер көңілдің кеңдігін, пейілдің ашық­тығын көркем суреттейді. Жан әлемді толқытып, көзіңе жас әкелетін әсерлі жерлері өте көп. «Жағистайлықтар» романында жа­зушы қаламына тән ерек­ше­лік­тері жан-жақты қамтылып, ұйғыр ұлтының өмірін, тыныс-тірші­лі­гін бейнелеп, шындыққа барынша жақындата түседі. Бізге бел­гілі болғандай, осы заманғы ұй­ғыр әдебиетінде соғыс тақы­­рыбын арқау еткен бірнеше еңбек бар. Ал, аталған роман солардың қатарындағы шоқтығы биік шы­ғарма. Бұл кітап ұзақ жылғы іздену, еңбектенудің ғана жемісі емес, ол – ойға ерік беріліп, қолға жұмыс жасатқан, көзмайын та­уысқан туынды. «Жағистайлық­тар» алғашында хикаят болып жазылып, оған «Таң атып келеді» деген көлемді бөлім қосылып, кейін бірлестіріп, толықтырып романға айналған, көп жылғы жұмыстан жарыққа шыққан көр­кем шығарма!

Аталған романды оқыған адам­ның көз алдынан соғыс жыл­­дарындағы ұйғыр ауылының бейнесі, атқа мінер ер-азаматта­рынан айырылған қамкөңіл ха­лық суреттеледі. Автор, қайғыны қайратқа, нәзіктікті берілмес бе­кемдікке айналдырған аналарды мадақтайды, мақтан етеді. Олар­дың іс-әрекеттері арқылы сенімге қанат бітіреді. Шығармадағы Жемил қарт, Данихан, Адаләт, һурият қарапайым ауыл адамдары бола тұра, жігері мығым, еркі болаттан қатты екеніне көз жет­кізесіз. Жазушы олардың тайсалмас табандылығын, тұрақты­лы­ғын, рухани байлығын көрсету арқылы, ойдан шықпас кейіпкер­лерді сомдайды.

Қарт дихан Жемил ата бас­тық, ал өзге қыстақта қалған қыз-келіншектер атыз басында, тоған­ның қасында ауыр қара жұмысқа жегіліп, еңбек етеді. Көп жыл бойы бос жатқан жерді игеріп, мол өнім алады. Сөйтіп, өзде­рінің жанқиярлық еңбектерімен жеңіс күнін жақындата түседі. Бастарына қандай ауыртпалық төнсе де тек алға ұмтылады. Кү­шіне күш қосып, шыдам­дылық көрсетті. Шұғылалы бір күннің боларына сенді. Шығар­ма­­дағы су­реттелген қоғам, өмір, кейіп­кер­лер тағдыры шындықпен жым­дасып жатқаны қандай ғанибет. Сол дәуірдің адамдары, оқиғалары артық әсірелеусіз әде­мі әдіптелген. Жазушы сырт­­қы әлемді ғана жаза бермей, әр ке­йіпкердің ішкі жан-дүниесіне барынша үңіліп, ниеттерін, көңіл ауанын, дүние-танымының өсуін дөп басып тереңге бойлайды. Психологиялық мінез, психоло­гия­лық қиял әлемін өз деңгейіне жеткізіп, шебер үйлестіреді. Жан-жақтылы қарастырылған ке­йіпкерлер заман үнін, дәуір кел­бетін көрсете біледі.

Романда Адаләт, Данихан, Һевиз, Һүсәйін секілді жас­тар­дың адал махаббаты және берік­тігі тұтас сюжет жемісін құрап, өмір­дің озық, өскелең сын-сый­патын паш етеді. Сонымен бірге, жазушы шеберлігін білді­ретін шығар­мадағы бір ерек­шелік – қарым-қатынастар, түйт­кілдер, оқи­ға­лар, ұлттық ерек­шелік, салт-дәс­түр шынайы су­реттеледі. Ұлттық рухпен су­ғарылған, қырманда бидай сапырып, онан ши сыпырт­қымен майқандап жү­ріп дәнінен топанын айыра жү­ріп, айтқан әндері мұңлы, ырғағы қандай десеңші!? Әлгі шер кө­кірек, жарты көңіл әйелдердің көздері жасаурап отырып айтқан әңгіме­лері, ішкен эткэн чайлары қандай дәл берілген десеңші!? Сондай ауыртпалық арқалай жү­ріп, ең­бекке еркін араласып, жү­зім сө­­ре­лерін тұрғы­зып, гүл бақша­ла­рын өсірген та­за­лыққа, әдемі­лікке құштар­лық­тарын да құл­пыртады. Еңбек­сүйгіш ұйғыр ұл­ты­ның ұйым­шыл ұлағатын көрсетеді.

Қ.Тохтәмовтың елу жасқа толуы қарсаңында жарық көрген «Өмірге махаббат» атты кітабына жазушының ішінара еңбектері ғана кіргізілген еді. Олар ғалым­ның ғылыми ізденісі, зерттеудегі жұмыстары болып саналады. Әрине, Қ.Тохтәмов – жазушы тұр­­­­­­ғысында емес, ғалымға тән сипат арқылы да ардақтауға тиіс тұлға. Оның очерк, публицистика жанрларында жүзеге асырған жұмыстары аз емес. Осының бәрі Құрван Тохтәмов шығармашылы­ғының көлемін, ауқымын анық­тайтын абыройлы еңбектер.

Қ.Тохтәмов еңбекқор, өзіне талапшыл жан еді. Ол негізгі білімі төмендеу болса да қызмет істей жүріп, қажыр-қайрат көрсе­тіп, аз ғана уақытта орыс және қазақ әдебиетінің қаймағын қал­қып оқитын дәрежеге жетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, 60-жылдарда ұйғыр әдебиеті саласында өрлеу кезеңі болған еді. Ал, бүгінгі таңда сол кездерден бастау алған игі бастама Қа­зақ­стан аумағында қарқынды түрде қарыштап дамыды. Жан-жақты сала бойынша жанданды. Ұлттың материалдық және рухани мәде­ниетінің мәйегі өсті. Сол кезге дейінгі баяу және ескерусіз келген мәселелер мән ала бастады. Әрине, өздігінен өсу болмасы анық, міне, осы шаруалардың басында ұлттың зиялысы Қ.Тох­тәмов секілді адамдардың сі­ңірген еңбегі өлшеусіз еді. Көп жылғы зерттеуден соң, 1964 жылы «Ұйғыр кеңес прозасының қалыптасуы және дамуы» тақы­ры­бында кандидаттық диссертация қорғады. Бұл тынымсыз ең­­­бектену 20-30-жылдардың жемісі еді. Ол отызыншы жылдардың аяғында жазықсыз жапа шеккен А.Муһәммәдин, Н.Исрайылов, Мөмүн һәшраев, Тұрди һәсәнов секілді әдебиетшілердің есім­де­рін қайта тірілтіп қана қоймай, олардың еңбектерін жарыққа алып шықты. Оның ғылыми жұ­мысында ұлттық прозаның басында тұрған Ө.Мухаммадин ең­бек­­тері баса сараланды.

Қ.Тохтәмов ғылыммен, немесе әдебиетпен ғана шектеліп қал­­май, жазушы әрі ғалым ре­тінде қоғамдық өмірге дендеп араласты. Әр жылы өткізіліп тұ­ратын жыл қорытындысында, әсіресе, прозалық жанр бойынша сын-пікірлерін білдіріп жүрді. Талқы-жиындарында жасаған тал­дау­ла­ры жалпының көңілінен шығып, шындықтың бетін ашып отыратын. 60-70-жылдарда әде­биеттің сан түрлі жанры бойынша жаңа дүниелер жазылды десек, оның өсуіне Қ.Тохмәтовтың сы­ни-зерт­теулерінің өзіндік әсері көп болды. Сол жылдары «Коммунизм туы» газеті күнделікті шығып тұрғандықтан, әлгі баяндамалар сол қалпында басылып, оқыр­ман­дарға жетіп тұратын.

Сол жылдары ай сайын Қа­зақстан Жазушылар одағында жа­­ңа кітаптарды талқылау, талдау жүріп отыратын. Бәріміз тал­қыға ұсынылған кітаптары­мыз­ды оқып, шынайы әрі сыпайы пікір­лерді ортаға салып, ойымызды, көзқарасымызды жеткізіп отыратынбыз.

Жоғарыда айтылған жайдан өзге, ұйғыр әдебиеттану жүйесі бойынша тікелей зерттеу, зерделеу мәселесін іске асырып отыратын. Әдебиет бөлімінің бастығы Қ.Тохтәмов осы істің басында болып, басшы ретінде әрі ғалым­дық білім-білігі бойынша еңбек етті. Осы жұмыстардың жемісі ретінде оның «Ұйғыр кеңес әде­биетінің тарихы» атты монографиясын, өзге де бірнеше ғы­лы­­­ми мақалаларын атап айтуға болады.

Қ.Тохтәмов салмақты, сабырлы, кішіпейіл адам еді. Оның шырайында ылғи да бір кешірім сұраған кісінің әлпеті сезілетін. Артық сөзге бармай, үнсіз жүр­генді ұнататын. Кейде әлдебір ұнатпаған нәрселеріне бұрқ етіп «қайнап» шыға келетін кездері де болатын. Байқауымша, кейбір ма­ңызды нәрселерге салғырт қарау­шылығы да бардай көрінетін. Енді ойласам, оның өзіндік сыры да бар сияқты. Сынға ұшыраған еңбектерді іздеп тауып қайта қарап, дұрыс болса, оны дәлел­деуге тырысатын. Көміліп қал­ған, қалтарыста қалған әдеби мұраларға жанашырлық танытып, жарыққа шығаруға жалық­пайтын. 1967 жылы «Ұйғыр ке­ңес әдебиеті тарихының очерк­тері» басылып шығарылды. Осылайша 6-7 жылдық еңбегіміздің жемісі көрінді. Мінеки, Қ.Тохтә­мов жетекшілік еткен жоба ха­лыққа ұсынылып, ұлағатты ға­лым, іскер басшы екенін дәлелдеді.

70-жылдарға дейін мектептің әдебиет оқулығы шынайы әде­биетшілер жағынан емес, әлдебір мамандардың жазылуы бойынша оқытылып келгендіктен, әртүрлі сынға алынушы еді. Жаңа әде­биетші, білгір мамандар өсіп-жетіліп шыққаннан кейін, әлгі кеткен қателіктер түзетіліп, қайта жазылды. Осы бір жауапкер­шілікті жұмыстың басында Қ.Тохтәмов жүрді. 1970 жылы ол 10-сыныпқа арналған оқулықты жаңа оқу жылына дейін жазып бітірді.

Жазушылар одағының тапсырмасымен қызмет бабымен ау­дан­дарға шыққанда, ол ең алдымен мектеп оқушыларымен кездесу өткізе­тін еді. Мұғалімдер­ден «Оқу­лық­тың олқы тұстары бар ма?» – деп сұрап отыратын. Алда-жалда ұсыныс-тілектер бол­са, өзгеріс енгізу мәселе­сін де ұмытпайтын.

Өкініштісі, Қ.Тохтәмов арамыздан ерте кетті. Оның сансыз армандары, сан түрлі идеялары болатын. Алайда орындап үлгере алмады. Баста айтқанымыздай, ол Қазақстандағы ұйғыр әде­биетінің қалыптасуы кезеңінде кемелденді, тұғырлы тұлға болып қалыптасты, өзінің соңына іргелі еңбектер қалдырды. Құрван Тох­тәмовтың өміріне және шығарма­шылығына назар салып қарасақ, атап өтер артықшылықтары бар­шылық. Сонымен бірге тағы бір белгілі жазушы, оның бауыры Тұрған Тохтәмовтың атын да ауызға алуға тура келеді. Бір анадан екі бірдей қаламгердің ту­ғаны және олардың тағдырлы тұлға­ларға айналып, тамырын те­реңге салуы, тегіннен тегін болмаса керек. Әрине, Меликам ананың ақ сүті, адал еңбегінен бөле қарауға болмайды. Отан соғысы бастал­ған алғашқы күн­дерде соғысқа аттанған әкесі те­­мірші Қасым аға соғыстың отты ошағына түскен бетінде жау оғы­нан қаза болып, келмеске кетті. Ал, жас қалған Құрван мен Тұр­ған анасының тәрбиесінде есе­йіп, ер жетті.

Сөз реті келгенде айту артық болмас, Құрван мен Тұрғанның шығармашылығында көзге түсе­тін ортақ жағдайлар бар. Әрі еке­уінде де ана образы баса сурет­теледі. Оларға мейлінше орын беріледі. Ағасының еңбегін інісі онан әрі жалғап күш қосқандай. Тұрған Одақ көлемінде танымал жазушыға айналып, атақ-даңққа бөленеді. Оның «Әкемнің ақыр­ғы хаты», «Ескі диірмен», «Балға дауысы» хикаяттары, әрі «Назугум» романында Құрван бастаған жолдың жалғасқанын көреміз. Бұл жақындық, ұқсастық мүлде кездейсоқтық емес, оның түп негізінде әулеттік тек және талантты қабілет жатқанын көр­сет­се керек. Қайталап айтар болсақ, ананың ақ тілегі, аялап күтуі арқаландырса керек! Иә, бұл қос есім оларды білетін әр жүректен ойып орын алған. Өйткені, олар еңбектерін еліне арнап жазды.

Бүгінгі таңда жазушы-ғалым­ның 80 жылдық мерейтойы келіп отыр. Қазақстан – көп ұлтты ха­лық­тардың алтын бесігі. Мұнда туып, мұнда есейген әрбір адам үшін Отанымыз аяулы. Рухани қазынамыз ортақ, байлық барша­ға тән. Құрван Тохтәмовтың тойы – халықтың тойы.

Ахметжан АШИРИ, жазушы-драматург,

Қазақстан Жазушылар одағындағы ұйғыр әдебиеті кеңесінің төрағасы.