22 Мамыр, 2012

Ұлтын сүйген ұл

1011 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін

Ұлтын сүйген ұл

Сейсенбі, 22 мамыр 2012 7:04

Сонау алыста қалған, бай мен кедей, ақ пен қызыл алысып-жұлысқан ал­ма­ғайып заманның небір қиын-қыстау кезеңдерінде жүрек тереңіне құн­дақ­таған ұстанымынан айнымаған, ары мен жанының тазалығын сақтап, жүй­кеге де, жүрекке де салмақ салған өмір сындарында сағы сынбаған, сөй­тіп ұлтының абырой-беделіне көлеңке түсірмей өткен Алаш қайраткер­­лерінің қатары қалың дей алмаймыз. Ондай асылдардың есімдерін саусақпен санап шығуға болады. Ол тізімнің басында Смағұл Сәдуақасұлы да тұруға тиіс.

Сейсенбі, 22 мамыр 2012 7:04

Сонау алыста қалған, бай мен кедей, ақ пен қызыл алысып-жұлысқан ал­ма­ғайып заманның небір қиын-қыстау кезеңдерінде жүрек тереңіне құн­дақ­таған ұстанымынан айнымаған, ары мен жанының тазалығын сақтап, жүй­кеге де, жүрекке де салмақ салған өмір сындарында сағы сынбаған, сөй­тіп ұлтының абырой-беделіне көлеңке түсірмей өткен Алаш қайраткер­­лерінің қатары қалың дей алмаймыз. Ондай асылдардың есімдерін саусақпен санап шығуға болады. Ол тізімнің басында Смағұл Сәдуақасұлы да тұруға тиіс. Сол сияқты, Смағұлдың есімі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақ­тың қазақ болуы үшін күресіп өткен, сол жолда өмірлерін пида еткен арыс­тардың біреуінен ілгері, біреуінен кейін емес, қатар аталуы керек деп ойлаймын. Рас, елі мен халқы асыл перзентін танып-біле қоймаған, тиісінше баға­лай алмай жатқан бүгінгі таңда: «Ол кім еді?» деушілер де табылып қалуы мүмкін. Айтайын.

Смағұл Сәдуақасұлы Қазақстан жастарының жетекшісі (1920-1921 жж.), қазақ арасынан шыққан тұңғыш экономист, Қырғыз (Қазақ) АКСР-і Жоспарлау комитетінің алғашқы төрағасы (1924-1925 жж.), Қазақ АКСР-нің халық ағарту комиссары (1925-1927 жж.), тұңғыш қазақ драма театрының негізін қалаушы, жазушы, әдебиет сыншысы, «Кедей сөзі», «Еңбекші жастар» (Омбы), «Еңбек туы» (Орынбор), «Еңбекші қазақ» (Қызылорда) газеттерінің және «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы…

Осы қысқа деректерден-ақ оның өмірі тағылымды, сан қырлы азамат бол­ғанын, қам­шының сабындай қысқа ғұмы­рында талай қыз­меттің тізгінін ұстап, елі үшін, халқы үшін ұлан-ғайыр істер тындыр­ғанын аң­ғару қиын емес. Десек те, Сма­ғұл Сәдуа­қасұлы сияқ­ты толағай тұлға­­ны тарихтың төріне шығарып отырған тіпті де шаруа­шы­лықтың әр саласында төгілген тері, атқарған лауазымды қыз­меттері емес, оның өз ұлтына деген сүйіс­пен­шілігі, сан ғасырлық ғұмырын­да мың өліп, мың тірілген, жиырмасыншы ғасыр­дың басында ұлт ретінде ұйыса бастаған қазаққа қызмет етуді, қайда болмасын оның мүд­десі үшін табан­дылықпен күресуді өмір мұратына айналдыруы десек қателес­пей­міз. Оның бағы да, соры да – өз ұлтын жан-тәнімен сүйгендігі.

Смағұл Сәдуақасұлының өмірі мен шығар­машылығын зерттеушілердің бәрі де оның осы бекзат қасиетіне тәнті. Смағұлдай арда ұлдың халқына қайта оралуына, асыл бейнесінің ұлт жүрегіне ұялауына көп еңбек сіңірген, оның мұрасын ширек ғасырдай уақыт зерттеп, 2 том­дық еңбегін шығарған, 1 монография жаз­ған, жастайынан тағылым­ды сөз сабақтап, терең ой айтып жүрген ұлтжанды ғалым Ди­қан Қамзабек­ұлы­ның еңбектерінде де оның осы қасиеті айрықша әспеттеледі. «Әрине, 20-жылдары қазақта елеулі, білікті қайрат­керлер аз болған жоқ. Бірақ солардан Смағұл Садуақасұлының айырмашы­лығы – ұлт мүд­де­сі мен тарихын терең саралай алатындығы және «ескі оқы­ғандарды» (Алаш осылай тұспалданып айтылған) жаңа мемлекет ісіне орнымен тарта алғандығы және орталық (Мәс­кеу) пен республика арасындағы саяси-қоғам­дық, әлеуметтік-экономикалық қа­рым-қаты­наста принципті көзқарас ұстағандығы еді».

Ол бар болғаны отыз үш жыл ғана өмір сүрді. Егер ол қарақан басының қамын ғана ойласа, бойындағы бар қа­сиетін осы мақсатқа ғана жұмыл­дыр­са, қай салада болмасын, тау қопа­рып, тас жарар, басқалар үшін қол жетпес биік­терді бағындырар еді. Бірақ ол мансап қуған жоқ, қайда жүрсе де, қандай қызметтің тізгінін ұстаса да, халықтың жайын, елдің болашағын есінен шығар­мады. Өкініштісі сол, ол кезде қазақтың болашағына алаңдаған­дар­дың қарасы тым аз болатын, кейде олардың да басы бір қазанға симай жататын. Содан да, Смағұлға мыңмен жалғыз алысуға тура келді. Мәселен, жауапты қызметкерлер­дi даярлайтын аймақтық кеңестiк партия мектебi басшылығы қазақ тiлiндегi оқулықтардың, оқу құралда­ры­ның жоқ­тығын және сапалы бiлiм беретiн оқы­тушылардың жетіспейтінін желеу етіп, қа­зақ бөлiмiндегi тыңдаушыларды орыс тiлiнде оқы­туды ұсынғанда, ол «ауылға бетбұрыс» қада­мында мұндай әрекет­тер­дiң саяси қателiк екенiн, қазақ бө­лiмдерiндегi кемшiлiктер және қазақ тiлiнде сабақ беру мүмкiн емес екендiгi оның болашағы жоқтығына байланысты болып отыр­ған жоқ, бұл iсте мектеп әкiмшi­лiгiнiң ерiк-жiгерiн көрсетiп, жұ­мыс iстей алмауынан деп батыл қарсы шықты. Ұлттық мектептер ашу жөнiнде мақала жазды, қазақ балаларын орыс тiлiнде оқыту, ұлттық кадр­ларды даяр­лаудың тамырына балта шабу екендiгiн ашып айтты.

Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұ­мабаев Смағұлдың өмірден озғанын естігенде қабыр­ғасы қайысып, былай деген екен:

Жас Смағұл үздік туған бала екен,

Байтақ елге асқар таудай пана екен.

Сол баладан, сол панадан айрылған,

Қайран қазақ, орны толмас жара екен.

Кім білді ердің асыл туған бағасын,

Байтақ елдің асқар таудай ағасын.

Ажал шіркін қарамайсың ажарға

Тағдыр тартып жыртқызыпты жағасын.

Аққуы жоқ, қаздары жоқ көл жетім,

Шүйгіні жоқ, шалғыны жоқ жер жетім.

Смағұлдай баласынан айрылған

Қайран қазақ, болдың бүгін сен жетім!

Бұл өлеңді маған көзі тірісінде Смағұл Сәдуа­қасұлының жерлесі, Ұлы Отан соғысы­ның ардагері, «Отан» орде­нінің иегері, Қазақ­станның еңбек сіңір­ген экономисі Нұрым Сансызбаев берген еді. «Смағұл Сәдуақасұлы бұ­рынғы Көк­шетау облысының Ленин ауданына қарасты Жарқын ауылында (Жиырмасыншы ғасырдың басында Ақмола губерниясы, Омбы уезі, Қорған болысы­ның құрамында болған бұл ауыл қазір Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданына қарайды – Ж.С.) туған, мен де сол жердікімін. Менің туған ағам Омар Сансызбаев Смағұлмен көп араласқан екен, осы өлеңді жазып алыпты. Ал маған 1990 жылы ауылдасым Шақарбек Кәрібаев арқылы жетті», – деген ақсақал.

Халқының бақыты үшін басын бәй­геге тіккен Смағұлдың есімі кеңес заманында ауызға мүлде алынбады деуге болмайды. Ол кезде, негізінен, Смағұлды қаралау тұрғы­сындағы еңбектер ғана жа­рық көрді. Оған деген көзқарас тек тәуел­сіздік алғаннан кейін ғана өзгере бастады. Міне, осы кезде бел­сенділік танытып, жақ­сы­ның атын жаңғыр­туға, халқына қайтаруға күш салғандардың бірі Нұрым Сансызбайұлы еді. Ол кісі қартайып, жүріп-тұру қиындап қалған кездің өзінде, осы мәселемен Алматыдан Қы­зыл­жар­ға талай рет келіп, талай мекеменің та­бал­­ды­рығын тоздырған. Сөйтіп, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстық тарихи-өлкетану мұража­й­ының Сма­ғұл Сәдуақасұлының өмірі мен қыз­метіне, шығармашылық жұ­мысына қатысты жә­дігер­лермен толы­ғуына, ұлының есімін ұлық­тауға бағыт­талған басқа да шаралардың қолға алынуына қозғау салған.

Нұрым ақсақалдың айтуымен, 2003 жылы Ақжар ауданының әкімі болып істеп жүрген, есімі солтүстікқазақ­стан­дықтарға жақсы таныс ұлтжанды азамат Ерік Нұрақаев белгілі ғалым­дарды ша­қырып, араларында Диқан Қамза­бекұлы да бар, Смағұл Сәдуақасұлының туған ауылынан таяқ тастам жердегі аудан орталығы – Талшықта атақты жерлес­тері­нің өмірі мен шығармашылық қызметіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Жалпы, мұндай бас қосулар шалғайдағы ауданды былай қойғанда, облыста да жиі бола бермейді. Ерекең көп оқитын, өткен-кеткеннен хабары мол, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін қатты құр­меттейтін азамат, Смағұлға тән­ті болғаны сон­шалық, бәрін өзі ұйым­дастырды. Бұл – ақжар­лықтардың бір кезде халқы көз жазып қалған, тәуелсіздіктің арқасында қайта оралған атақты жер­лесімен алғашқы қауышуы еді. Көп кешік­пей Ерік Есімұлы тағы бір ерлік жасады, Ом­быға арнайы тапсырыс беріп, Смағұлға Тал­шықтың орталық алаңында ескерткіш орнатты.

Мағжан Смағұлды байтақ елдің асқар таудай панасы санайды, «Смағұлдай баласынан ай­рылған, қайран қазақ, болдың бүгін сен жетім!» деп күңіренеді. Иә, Смағұл Сәдуақасұлының еліне, халқына сіңірген еңбегі шын мәнінде өлшеусіз.

Ол жастайынан туған халқын сүйіп өсті, оның басқалармен терезесі тең болғанын қалады, сол үшін күресті, өз өмірін осы мақсатқа қызмет етуге арнады және осы жолда өзіне терең білім ғана сүйеу болатынын ерте түсінді. Оған әкесінің де ықпалы аз болмаған сияқты. «Медресе Ғалияны» тәмамдаған Сәдуақас хазірет мұсылманша хат таныған баласын өз жолына тартпай, көрші селодағы орыс мектебінде оқытады. Смағұл 1912-1915 жыл­дары Павлодардағы екі кластық орыс-қазақ училищесін бітіріп, бір жыл мұғалім болады да, Омбыдағы ауылша­руашылық мек­тебіне түседі. Осында қазақ жаста­ры­ның алғаш­қы жасырын ұйымы – «Бір­ліктің» жұмысына араласа бастайды.

Алғашқы қазақ жастары ұйымының құ­рылуы, оның мақсат-мүдделері жөнін­де Смағұл Сәдуа­қасұлының өзі кезінде былай деп жазыпты: «Бір­ліктің» мақсаты оның программасында (тұтынған жолында) айтылған. Қазақ халқын мәдени һәм әдеби жағынан ілгері қатардағы жұрт­тарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу, һәм ұлттықты сақтау… Бастауыш, орта дәрежелі мектептерге кітаптар жазу, школға түсемін деген шәкірттер даярлайтын курстар ашу».

Отарлық тәуелділіктегі елінің азат­тығын армандаған «Бірліктің» мүшелері білім алып қана қоймай, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әлеумет істе­рінде ұлт мүддесі үшін кү­ресті, жиі-жиі Омбыдан бар-жоғы 100 шақырым жердегі Жарқын, Ұялы, Байнияз, Қызылшілік, Қарашілік, Төрегелді, Бұланбай, Жандос, Томар, Дүйсенбай сияқты қазақ ауылдарына ат басын бұрып, сол кездегі “Қазақ” газетінде жария­лан­ған мақалаларды, өзде­рі шығаратын “Жас азамат” газеті және “Балапан” қолжазба журналымен таныстырып, Ресейде болып жатқан өзге де саяси оқиғаларды жұртқа жеткізіп отырды, ағартушылық қызметпен айналысты, жастарды өнер-білімге құштар­лық­қа үндеді.

1916 жылы «Бірлік» «Балапан» деген журнал шығара бастады. Басылымның көздеген мақ­саты саясат екендігі, әлеумет мүддесін қорғамақ ниеті Мағжанның: «Балапан қанат қақты жас еді… амалсыз қақты… солтүстіктің суығына шыдай алмады… балапанды көріп: «қорама кір, қолыма тұр, қалған-құтқанды берермін» деп күледі солтүстіктің салқын жүрек, тас бауыр адамы», – дегенінен-ақ айқын аңғарылады.

Өмір Смағұлды қатарластарынан бұрын есейтті, жаңаруды тіле­­ген жастардың төңкерісшіл көңіл күйі оның саяси сана-сезімінің тез өсіп-жетілуіне, азаматтық тұлғасының қалыптасуына ықпал етіп, бодан­дықтың азабын тартқан халқына пана болсам деген ізгі ниетін ерте оятты. Ол басқару ісіне де ерте араласты. 1917 жылғы төңкерістің дүмпуі кешікпей қазақ даласына да жеткені тарихтан бел­гілі. Нақ осы кезде, мұнда да жер-жерде жергілікті басқару органдары – комитеттер сайлана бастайды. Сондай комитеттердің бірі Омбыда құрылған болатын. Ақмола губер­ния­лық қазақ комитеті деп аталатын, өзін-өзі басқару меке­месінің құрамына біраз оқыған жігіттермен бірге Смағұл да кіреді. Кейін, 1918 жылғы мамырда, «Бір­лік» «Жас азамат» деген жаңа ұйым болып қайта құрылғанда да, Смағұл бас­қарма мүшесі болып сайланады. Осы кезден бастап Смағұл сая­сатқа белсене араласып, қоғамдық қызмет баспалдақ­тары­мен жоғары өрлей береді. 1920 жылдар­дың бас кезінде ол Батыс Сібір кооперация одағының бұратана халықтар арасында жұ­мыс жүргізетін нұсқаушысы қызме­тін ат­қарады. Қазақстан автономия болып енші алған кезде, советтердің бүкілқазақ­стандық I съезіне Ақмола губерниясынан делегат болып қатысып, Қазақ орталық атқару комитетінің төралқа мүшелігіне сайланады, артынша Бүкілодақтық орта­лық атқару комитетіне де мүше болады. Осы съездерден кейін, Қазақ АССР үкіметі тағайындалған кезде, ол халық ағарту комиссары Ахмет Бай­тұрсынов­тың орынбасары болып бекиді.

Келесі, 1921 жылы Смағұлды Ақмола губерниясы Қазақстан советтерінің II съезіне тағы да делегат етіп сайлайды, тағы да орталық атқару комитетінің төр­алқа мүшесі болады. 1922 жылдың 4 ақпанында ол Қазақ орталық атқару комитетінің Түркістан республикасын­дағы өкілі болып тағайындалады. 1923 жылы Қазақ орта­лық атқару комитетінің хатшысы, ал 1924 жылы мемлекеттік жоспарлау комитетінде төрағаның орынбасары қызметін атқарады. Смағұл Сәдуа­қасұлы 1925 жылғы сәуірде, Қазақстан совет­терінің V съезінде, халық ағарту комиссары болып тағайындалғанға дейін осындай әр дең­гейдегі мемлекеттік қыз­меттерді атқара жүріп, үлкен мектептен өткен қайраткер ретінде қа­лыптасып қалған еді.

Ол өзінің жаңа қызметіне де құлшына кіріседі. Бұл – халық 1921-23 жылдар­дағы аш­тық­тың салдарынан, отаршыл­дық саясаттың зардаптарынан толық арыла қоймаған – ел өмі­ріндегі ерекше бір күрделі кезең еді. Халық ағарту сала­сындағы жұмыстарды ұйымдас­тыруда өлкенiң саяси-эконо­микалық тұрғыдан артта қалуы, қазақ халқының арасынан шыққан педагог мамандардың өте азды­ғы, оқулық­тар­дың, оқу құралдары­ның же­тiс­пеуi және оқу-ағарту саласына қаражаттың аз бөлiнуi қолбай­лау болды. Жаңадан тағайындалған Халық ағарту комиссары, ең алдымен, ауыл мектеп­терiн дамытуды қолға алды. «С.Сәдуақасовтың мектептер санын көбейтудегi бiлек сыбана кiрiскен еңбегiнiң нәтижесiнде 1925-1927 жылдары ара­лығында республика бойынша 147 мектепке жөн­деу жұмыс­тары жүргiзiлдi және жаңадан 153 мектеп салынды. Республикамызда 1920 жылдары ғана қолға алынған мектепке дейiнгi бiлiм беру меке­мелерiнiң саны 1925-26 жылдары 14-ке жетсе, 1926-27 жылдары балабақшалардың саны 42-ге жетiп, онда 2440 бала тәрбиелендi. (ҚР ОММ. Қ. 81. т. 1, iс-1305. п 11).

Ендігі жерде, мектептерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету маңызды іске айналды. Ол халыққа бiлiм беру iсiн жақ­сартудың тізгіні мұғалiмнiң қолында екенiн, оларға аса үлкен жауапкершiлiк жүктелетiнiн «Оқу iсiндегi кем­шiлiктер» деген мақаласында талдап көрсетедi. Халық ағарту комиссары бұл мақаласын­да оқу iсiндегi кемшiлiктердiң бiрi мұғалiмдердiң өз iстерiне қалай болса солай қарап, сауда-сат­тықпен айналысуы, еңбек тәртiбiн бұзуында жатыр деп санайды. Сондай-ақ, мектептердегi кертартпа атқамiнерлерді сын тезіне алады, баршаны олармен күресуге шақырады.

Оның қаршадайынан саясаттың қаза­нында қайнап, тез өсуіне бірден бір ық­пал еткен жағ­дай ойшылдығы, жастайынан қиялына қанат байлап алға жетелеп отырған қаламгерлік қасиеті дегім келеді. «Балапаннан» басталған оның қаламгер­лік жолы ақтық демі таусыл­ғанша үзілген жоқ. Ол өзінің мақалаларымен, публицис­тикалық еңбек­терімен қоғамда қалып­тасқан жағдайға талдау жасап, халыққа бағыт-бағдар сілтеп отырды. Оның осындай оқушы­сын баураған мақа­лала­рының бірі «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы 13 қарашасында жария­ланған «Көтеріл, жастар!» болды. Оған автор бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, адамшылық, ұйым­шыл­дық негізімен өзгерту, жаңа дүние орнату деген жеңіл жұмыс емес екенін өзек ете отырып, бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығар­ғанмен оңдал­май­тынын, бұған ақыл, білім, ақ жүрек, адал ниет керек екенін, ұлттың ісін, елдің жұмысын жастар атқаратынын атап көрсетеді, «Жастар, жастар, жастар. Бұ­лар­дан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ» – дейді жас Смағұл.

Ол қайда жүрсе де, қазағын ұмыт­пайды, елдің болашағы қазақтың білі­міне, белсен­ді­лігіне байланысты екенін баса айтып, ой-санаға қамшы басып отырады. Осындай құнды дүниелердің бірі – «Қостанай-Торғай» деп аталатын жолжазбасы. «Қызыл Қазақстан» журналында 1922 жылы басылған бұл еңбегінде ол Қостанай өңірін мекендейтін қазақ­тар­дың тір­шілік-тынысын талдай отырып, кеңестік билік­ке мойынсұнған қазақ жұртының ауыр халін ашып көрсетеді, отаршылдардың зымияндығын әшкере­лейді. «Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепе-тең, құқық жағынан, бос­таншылық жағынан Қостанай қазағы­ның халі ескі замандағыдан төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі орыстар… Істеген­дері зорлық-зомбылық, қиянат, қырып кету, жойып кету. Ел ішіне жақсылық сөзбен, таза пікірмен барған біреу жоқ», – дейді ол күйініп.

«Ауылдағы жастар туралы» мақаласы «Еңбек туы» газетінде 1920 жылғы 25 желтоқ­санда жарияланған. Смағұл осы мақаласында: «Осы күнгі заман – бірлес­кеннің, білгеннің заманы. Бірлестің, бірауызды болдың – сен күн көре аласың. Бытырадың, надан болдың – өле­сің» – деп, ел жастарын ұйымдасуға, өре­лілікке шақырады. Ал «Жастар съезіне» атты мақала­сында қаламгер ұлтты қадірлеу қажеттігін ескер­теді. «Мен – коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі бір» деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады», – дейді ол.

Ол өзі таңдаған жолдың, ұлт мүддесі үшін күресудің қауіптілігін, кеңестiк билiктің өз саясатына қарсы келгендерді аямайтынын, басып, жаныштайтынын түсін­ді. Оған 1925 жылы бiреу­лер­дiң жалған жаласымен айыпталып, жазаға тар­тылған ағартушы-ғалым, қазақтың көрнектi жазушысы Ж. Аймауытовтың соты да көз жет­кізген. Алайда, ол таң­даған жолынан тай­ған жоқ. Кейін өзіне соққы болып тиетінін біле тұра, жазық­сыз жапа шек­кендерді арашалауға ұмтыл­ды, оларға көмек қолын ұсынды. «Ленинградта оқып жүр­генде Әуезовке қаржы­лай да көмектескен. «Жас Қазақстан» атты жинақ шығарып, оған Мұхтар, Жүсiпбек, Бейiм­беттердiң шығар­ма­ларын бередi» (Диқан Қамза­бекұлы). «Жоғары биліктегі коммунистер алаш атынан алты қырды айналып қашып жүргенде Халық комиссары Смағұл Сәдуақасұлы шығар­ма­шылықтағы алаштық зиялыларға қар­жылай түрлі қолдаулар жасап отыруды өз бақылауында ұстады. Мәселен, 1926 жылы М. Әуезов «Қаракөз» драмасы үшін шамамен екі мың, Ж.Аймауытов «Шернияз» драмасы үшін бір мың рубль сый­лық алды. А.Құнанбаев пен С.Торай­ғы­ровтың шығар­ма­ларын жинап, құрас­тыруға арнайы қар­жы бөлінді. Ж.Аймауытов 1926 жылдың 6-7 айы көлемінде жазған шығармалары үшін он мың рубль көлемінде қаламақы алды» (Мәмбет Қой­гелді. «Егемен Қазақ­стан», 12 қаңтар, 2011 ж.)

Сәдуақасовтың өз ұлтына деген жана­шыр­лығы әсіресе, 1925 жылы Қазақстан­ның тізгінін қолына алған Голощекиннің қитығына қатты тиді. Ф.Голощекин Ста­линнің өзін қолдағанын арқаланып, Смағұл Сәдуақасұлына неше түрлі жала жапты, соңына шам алып түсті. Оның тоқпағымен өлкелік партия комитеті Сма­ғұл Сәдуақасұлын ұлтшылдардың жетек­шісі деп таныды. Бірақ Смағұл одан қаймыққан жоқ, кез келген мәселеге пікі­рін ашық білдіріп отырды. Мысалы, Ф.Голощекин мекемелерді қазақылан­дыру, яғни мекемелердегі іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге қатысты: «қазақы­ландыру жұмысы партиядан басқа меке­мелердің бәрінде жүруі керек, партияның қазақылануының қажеті жоқ, өйткені партия Россиянікі, оның тілі орысша болса да жетеді» десе, Смағұл Сәдуақасұлы: «Партия қазақ жұртшылығымен жұмыс істейді, қазақ коммунистерімен қарым-қатынаста болады, ол неге өз жұмысын қазақ тілінде жүргізе алмайды» деп оның айтқандарын теріске шығарады.

Сол сияқты, Ф.Голощекин орыс по­сел­кесіндегі кулак пен қазақ аулындағы байдың үлкен айыр­машылығы бар екенін айтады. «Кулак өз шаруа­шылығын мәде­ниетті жүргізеді, соқа-сайманы бар, ал бай болса, біреуді қанай­ды, совет өкі­метін мойындамайды» деген пікір­ге ке­ліп, орыс кулактарына тимей-ақ қояйық, ал қазақ байларын тақымдап отыру керек деген ұсынысын өткізуге күш салады. Бұл мәселе­лерде де Смағұл: «Ауыл-поселкеде жүргізілуге тиісті біздің саясатымыз бірдей болуы керек. Қазақ ауылында бір түрлі, орыс поселкесінде басқаша саясат жүргізуіміз дұрыс емес, қазақ­тың байымен қатар орыстың да жуан жұды­рықтарын (кулак) тақымдап отыруымыз керек», деп оған қарсы шығады.

Ақыры жағдай ушығып, 1926 жылы 27 қаңтарда болған Өлкелiк комитет пен жұмыс­шы-шаруа инспекциясы комис­сариа­тының бiрiккен мәжiлiсi Өлкелiк комитеттiң ұсыны­сымен Халық ағарту комиссариатын тексеру жөнiнде шешiм қабылдайды. Соған орай, 1926 жылы 17 қарашада, Өлкелiк комитеттiң алқа мә­жiлiсiнде Халық ағарту комиссариа­тын­дағы жағдайды тексеруге байланысты жұмысшы-шаруа инспекциясының өкiлi Смирнягиннiң баян­дамасы тыңдалып, талқыланады. Жабық жағдайда өткен ал­қа мәжiлiсiн ашқан Ф.Голощекин С.Сә­дуақасовтың өз атына жұмыстан босату жөнiнде өтiнiш жазғанын, Сәдуақа­совты райынан қайтаруға әрекеттенгенiн, бiрақ одан ештеңе шықпағанын хабарлайды. Смағұл Сәдуа­қасұлының өз еркімен өтініш жазғаны рас еді. Оны талқылау барысында оның арызы жөнiнде және жеке басына байланысты алқа мүшелерi тарапынан әртүрлi пiкiрлер айтылады. Алғашқылардың бiрi болып сөйлеген Тәтiмов: «Сәдуақасовтың бұл жұмыстан бас тартуы неге байланысты екенiн мен бiлмеймiн. Оның осы уақытқа дейiнгi Қазақстандағы жұмысын бiле­мiн және оны бiздiң аймақтағы iскер қызмет­кер­лердiң бiрi санаймын. С.Сәдуақасов өзi­нiң қабiлеттiлiгi жөнiнен басқа қыз­меткерлерден әлдеқайда биiк тұр. Ол тек ағарту комиссариатында ғана емес, қаласа басқа да салаларға ауыса алады. …Жазатындар бар, партиядағылар және партияда жоқтар жазып жүр, бiрақ оларды басқару керек. Жолдас Сәдуақасов осы жұмысқа лайықты келетiн iрi масштабтағы қызметкер және көрегендiгi жағынан бәрi­мiзден әлденеше рет жоғары тұр»,  деп оның қызметiне лайықты баға­сын берсе, Н.Нұрма­қов: «Жолдас Сәдуа­қасовтың iс-әрекетiнiң шынайылығына мен күдiктенбеймiн, ал бiрақ бұл арыздың берiлуi қазiргi уақытта кездейсоқ дей алмаймын.    …Сә­дуақасовты ағарту комиссариатында алмастыратын адам жоқ демесем де, бұл жұмысқа өзiнiң деңгейi жа­ғынан, қабiлетi жағынан толықтай лайықты және сәттi кандидатура болып табылады. Ағарту комиссариаты басшы­лыққа тек жақсы әкiмдi қоя салатын орын емес. Мұнда ағарту комис­сариатының алдында тұрған барлық мiндет­тердi жете түсiнетiн, толықтай мәдениеттi адам керек», – деп арызды қабылдамай, жұ­мыста қалдыруды ұсы­нады. Мәжiлiс соңында талқыланған мә­селе дауысқа салынып, Смағұл Сәдуа­қас­ұлының өтiнiшi қана­ғаттан­дырылмайды. Алайда, Ф.Голощекин қазақ зиялыларын қу­далауын тоқ­татқан жоқ. Смағұл Сәдуақасұлына «ұлт­шыл» деп айып таққанда, оның Алаш қай­раткер­лерiмен байланысын, оларды қолдағанын үнемi алға тартумен болды.

Ақыры, 1927 жылы 22 маусымда Халық ағарту комиссары қызметiнен босатылған Смағұл Сәдуақасұлы Ташкент қаласындағы қазақ педагогика инсти­тутының ректорлығына жiберiлдi.

Көп кешікпей Смағұл Сәдуа­қасұлының айтқандары келіп, Голощекин бас­қар­ған жылдары қазақ шын мәнінде сорлап қалды. 1928-1930 жылдары егін шықпай, астық тап­шылығы анық сезілсе, 1929-1930 жылдары халықтың көпшілігі қолда бар малынан айырылып, үлкен күйзеліске ұшы­рады. Ол ол ма, байтал түгілі, бас қайғы болып, адамдардың өздері шеті­ней бастады. Осы кездегі ел тіршілігін белгілі тарихшы Т.Көлбаев былайша суреттейді: «Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғам­дасты­рыл­ған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнде­лікті күтімі бол­маған­дықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды… “Ба­ла-шағаларымды аштық апатынан аман алып қаламын ба?” деген үмітпен арып-ашқан қазақтар (олардың панасыз қал­ған балалары) лек-легімен шұбы­рып, өнеркәсіп орын­­дары­ның, по­сел­­келер­дің, көптеген қалалар­дың (Алматы, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Қызыл­орда, Семей, Қарсақбай, Қараған­ды, Бал­қаш, Ақмола, Петропавл, т. б.) теміржол станса­ларының төңірегінде сеңдей со­ғылып, сандалып жүрді. Бұл қалалар мен поселкелерден ересектер мен балалардың мәйітін күн сайын қала сыртына алып кетіп жатты» (“Ақиқат”, 1989, №5, 21-бет).

Нақ осы кезде Т.Рысқұлов пен О.Исаев Сталинге хат жолдап, 1932 жыл­дың көктемінде Орталық Қазақстанда 10-15 мың адам аштан өлгенін, Торғай мен Батпаққара аудандарында халық­тың 20-30 пайызы қырылып қалғанын хабарлайды. Кейін анықталған ресми деректерге қарағанда, қызыл қырғын кезінде Қазақ­стан­да тұратын және қо­нысынан ауып көршілес өлкелер мен республи­каларға барған қазақтар­дың өлгендерінің саны 2,3 миллионға жеткен. Бұл 1930 жылы Қазақстанда тұрған бүкіл қазақ халқының жартысынан көп еді.

Смағұл Сәдуақасұлы сияқты арыс­тың халқына қайта оралуына Берік Әбдіғалиев, Сабыр Қасымов, Диқан Қамзабекұлы, Мәмбет Қойгелді, Тұр­сын Жұртбай, Бейбіт Қойшы­баев сынды азаматтардың көп еңбек сіңіргені жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Осы ретте, ауызға көп алына бермейтін тағы бір есім бар. Ол – өмірден ерте кеткен белгілі қоғам қайраткері, қаламгер Батырхан Дәрімбет. Ол сонау 1993 жылы Смағұл Сәдуақасұлының таңдамалы еңбектерін жинақ етіп шы­ғарған. Қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан сол бір қиын-қыстау кезеңде, белгілі мемлекет қай­раткері Жәнібек Кәрібжановтың қаржылай қолдауымен жарық көрген осы еңбекпен танысу барысында Батырхан Дәрімбеттің де Смағұл Сәдуақасұлы туралы айтары аз емес екеніне көз жеткіздім. Ол Смағұл Сәдуақас­ұлын ағып өткен бір жұлдызға теңейді, «Смағұлдың жазушылық қабілеті оның көр­кем шығармаларымен бірге ғылыми-публи­цистикалық еңбек­те­рінде де айқын көрінеді. Қалыптасқан стереотиптерден ада еркін ой өзіне еріксіз баурап отырады» (Смағұл Сәдуа­қасұлы, «Таңдамалы», 1993ж. 14 бет).

Әдебиет дегенде мына бір жай ойға оралады. Жоғарыда Смағұл Сәдуақас­ұлының ескі оқығандарға, соның ішінде революцияға дейін аты елге жайылған, кезінде «Алаш» партиясымен байланысты болған Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сын­ды ақын-жазушыларға көзқарасы туралы айттық. Бүкіл газет-журналдар жоғарыда аты аталған Алаш қайрат­керлерін байшылдар, түрікшіл­дер, ұлт­шыл­дар деп шулап жатқанда, Смағұл Сәдуақасұлы солардың қиқуына ілесіп кетпей, «Рас, олар патша заманында ұлт-азаттық қоз­ғалысына қатысты, қа­тысып қана қойған жоқ, басқарды. Сондай кездерде олар кей жағдайда ұлт­шылдық пікір де айтып қалып жүрді. Сол үшін оларды күйдіруге бола ма? Ондағы мақсаттары ұйқыда жатқан қазақ елінің ұлттық сезімін ояту, ұлт ретінде калыптастыру, өзін-өзі ұлт ретінде сезіну сезімін ояту болды ғой. Міне, осындай қасиеттері үшін біз оларды үнемі түртпектей беруге тиіспіз бе» дейді «Ахаңның алдында» деген баяндамасында. Ал «Молодой Казахстан» деген жинақ­қа жазған алғысөзінде «қазақ – дүниеге қайта шығып келе жатқан, ғасырлар бойы қараң­ғылықта ұсталған халық, оның рухани мұра­сын жасаушылар да аз. Ал енді осы «саусақ­пен санағандай», ат төбеліндей аз ғана топтың бірін түрікшіл, бірін ұлтшыл қылып соңына түскеннен кім не ұтады? Бұларды жауып тастап, дүниені жаңадан жасаймыз дейтін­дер­дің дәрежесі бұлардың жеткен биігіне орайласа ала ма? Әлде бұларды қолдап-қошемет­теген­нен қазақ халқы әлдеқан­дай бір пәлеге ұшы­рап қала ма?» деп ара түседі. Оның көре­гендігіне таң қаласың.

Осындай текетірестің немен аяқ­талғаны белгілі. Смағұл Сәдуа­қасұлы туған елінен қуы­лып, жат жерде жұмбақ жағдайда қаза болды. Бірақ уақыт оның тұлғасын көмес­кілей алған жоқ, алмас кездік қап түбінде жатпайды деген емес пе, Смағұл Сәдуақас­ұлы халқына қайта оралды, мәңгілікке оралды.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

«Егемен Қазақстан».