25 Мамыр, 2012

Күлтегін – біздің бабамыз

2234 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Күлтегін – біздің бабамыз

Жұма, 25 мамыр 2012 6:50

Халқымыздың бетке ұстар асыл азаматтарының бірі, орда бұзар отыз жасында жемісті ғылыми-зерттеу еңбектерімен қазақ әдебиетінің тарихын бір мың екі жүз жылға тереңдетіп, ерлік жасаған, тоталитарлық жүйе күйремей тұрып-ақ Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарын, ардақты ақын-жазушы­лары­мызды халқымыз­бен қайта қауыштыруға айтарлықтай үлес қосқан, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында еліміз үшін шыбын жанын шүберекке түйген көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның жанынан табылып,

Жұма, 25 мамыр 2012 6:50

Халқымыздың бетке ұстар асыл азаматтарының бірі, орда бұзар отыз жасында жемісті ғылыми-зерттеу еңбектерімен қазақ әдебиетінің тарихын бір мың екі жүз жылға тереңдетіп, ерлік жасаған, тоталитарлық жүйе күйремей тұрып-ақ Шәкәрім Құдайбердиев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстарын, ардақты ақын-жазушы­лары­мызды халқымыз­бен қайта қауыштыруға айтарлықтай үлес қосқан, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында еліміз үшін шыбын жанын шүберекке түйген көреген Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның жанынан табылып, ұлтымыздың рухын оятуға, еліміздің еңсесін көтерісуге ат­салысқан, Наурыздың ұлттық рухани сипат алып, қайта оралуына, ана тіліміздің мем­лекеттік мәртебеге ие болуына, елдік салт-санамыздың, әдет-ғұрпымыздың жаңғыруына зор үлес қосқан Мырзатай Жолдасбековтің есімі елімізге кеңінен белгілі.

Соңғы уақытта мен ұлт мұраты жолында ғұмыр бойы жан аямай қызмет етіп келе жатқан Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың күреске, ғибратқа, қызықтарға толы өмірі туралы сыр-сұхбатқа құрылған жаңа роман жазуға кірістім. Бүгін сол кітаптан алғашқы «сүйінші» үзіндіні ұлт газеті «Егемен Қазақстан» арқылы көпшілікке ұсынуды жөн көрдім.

 Автор.

Автор: Мырзеке, «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген еді Бауыржан Момыш­ұлы. Отан үшін, ел үшін, халқың үшін еңбек ету – еңбек атаулының мәндісі. Хал­қымыз өзі үшін аянбай еңбек еткен аяулы ұл-қыздарының есімдерін де, атқарған қызметтерін де білуге тиіс. Осы тұрғыдан келгенде сіздің университет бітірген соң әуелі бірер жыл өзіңізді оқытқан оқу орнында дәріс бергеніңізді, артынан аспи­ран­тураға түсіп, «Көне түркі әдеби ескерт­кіш­тері және олардың қазақ әдебиетіне қаты­сы» атты диссертацияны мейлінше сәтті қорғағаныңызды білеміз. Сіз ғылымның өзіңізге дейін ешкім зерделемеген, ой сәу­лесін түсірмеген, аяқ баспаған тың алқабын өте мұқият, терең, тыңғылықты зерттедіңіз. Сұңғылалықпен игердіңіз. VІІІ ғасырдағы тасқа қашалып жазылған Орхон ескерт­кіш­терінің түркі жұртына, қазақ әдебиетіне ортақтығын жан-жақты дәлелдедіңіз. Тұң­ғыш рет Күлтегін, Тоныкөк кешені мәтін­дерінің бүгінгі қазақ тіліндегі әдеби-ма­ғы­налық аудармасын (жаңашасын) жасап, оларды 1967 жылы жарық көрген «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты кітапта жария­ладыңыз. «Бұл кітаптың шығуына орай қазақ әдебиеті тарихының көкжиегі он екі ғасырдан әріге кеңейді», – деп жазған еді сол кезде Мәскеудің өте беделді «Вопросы литературы» журналы. Қазақта «отызында орда бұзбаған қырқында қыр аспайды» деген мақал бар. Бүгін ойлап қарасақ, сіз сол кезде тұп-тура отыз жаста екенсіз. Сіздің ол еңбегіңіз халқымыздың тарихын, әдебиетін зерттеудегі орда бұзғанмен тең дейтіндей барынша айтулы еңбек болды. Сіздің сол Орхон ескерткіштері туралы зерттеулеріңіз енген «Асыл арналар» атты кітабыңызды оқыған әдебиетіміздің аузы дуалы абыз ақсақалы Әбділда Тәжібаев «мына Мырзатай бір өзі бір институттың жұмысын жасап жүріпті ғой» деп қуанып, «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала жазғанын да білеміз. Бұларды мен, Мырзеке, бүгін сізбен әдейі осы тақырыпта емін-еркін отырып, ашылып бір әңгімелессек деген ұсыныспен айтып отырмын.

Мырзатай: Жарайды. Дұрыс. Ол зерт­теу­лерімді мен расында да өз өмірімдегі, адамға алынбайтын биіктер жоқ сияқты көрінетін жалындаған жастық шағымдағы бірнеше жыл дамыл таппай ізденіп, тындырған, нәтижесін, жемісін көзбен көрген, өзіме үлкен рухани қанағаттанушылық сезімін әкелген, еліме, халқыма да пайдасы тиген еңбегім деп санаймын. Сен осы тақырыпта әңгімелесейік деген соң, өзімнің сол зерттеулерімді осыдан бірер күн бұрын ғана қайтадан оқып шығып, шынымды айтайын, риза болдым. Санамда қайта жаңғырттым. Сол кез үшін мүлде жаңа, тосын, сонысымен бірге байсалды, орынды, шыншыл пікірлерді айта білген екенмін-ау деп қуандым. (Мырзекең осы тұста маған мерейлене қарап, көзінде жастық ұшқыны жарқ ете қалғандай болып, жұмсақ жымиып қойды).

Автор: Осы тұрғыдағы әңгімемізді әуелі сол кездегі өмірдегі, ғылымдағы, әдебиет­тегі орын алған жағдайлардан бастасақ. Қазақ әдебиеті тарихының зерттелуі ол уақытта қаншалықты деңгейде еді?

Мырзатай: Әр заманның өзіне бейім­дей­тін өз идеологиясы, өз саясаты болады. Біз жа­­лаулатқан, ұрандатқан коммунистік жалаң идеологияның ықпалында тәрбиеленіп өскен ұр­пақпыз. Ол халықтың өз тарихын, өзі жасаған асыл мұраларын өзіне жат қылған заман еді. Аса көрнекті делінетін, қазақ әде­биеті тарихын зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан академик Қажым Жұмалиев ағамыздың: «Қазақ әдебиетінің тарихы ХVІІІ ғасырдан, сол кезде өмір сүрген жыраулардан баста­ла­ды» дейтін жаңсақ тұжырымы коммунистік сананың сал­қы­нымен қалыптасқан еді. Өкі­ніші, оның бұл тұжырымдамасы оқулық ар­қы­лы мектеп оқу­шы­­ларының зердесіне құйы­лып, санасына сі­ңіп жатты. Баяғы таптық көзқарас дейтұғын ескі дерт аяқ-қолды бірдей тұсап, біздің та­лант­ты қазақ халқының ға­сырлар бойына ту­дырған байтақ эпостарының өзі оқытылмады. Өйткені, Қобыланды, Алпа­мыс, Төлеген бар­лығы бай­дың балалалары ғой. Сонымен, оқу орын­дары­ның бәрінде тек Қамбар батыр жырын ғана оқытты. Өйткені, Қамбар тоқсан баулы қып­шақтан шыққан кедей, аңшылықпен әулетін асырап жүрген адам. Мұндай түсінік бүтіндей әдебиет тура­лы жүйелі, қисынды ұғымдардың быт-шытын шығарды.

Жалпы, әлем тарихынан біздің білетініміз халық болған жерде оның мәдениеті болады, та­рихы болады. Ал тарихы болған жерде оның мәдениетінің тарихы болады, әдебиетінің та­рихы болады. Қазақ халқы да солай.

Автор: Осы тұрғыдан келгенде қазақ әдебиетінің тарихы жайында, оның түп-төркіні жайында не айтуға болар еді?

Мырзатай: Қазақ халқы бір күнде пайда болған жоқ. Егер біз қазақ халқының басынан кешкен формацияларға зер салсақ, онда сол әрбір дәуірдің өзі тудырған мәдениетінің, әде­биетінің үлгілерін аңғарып, танығандай болар едік. Кез келген халықтың әдебиетінің тарихы сол халықтың өзімен бірге туады, бірге қалып­тасады, бірге дамиды. Қазақ әдебиеті де бір ғасырда туа қалған жоқ. Ол байырғы заман­дардан бері қалыптасып, дамып келеді. Әр дәуір өзіне лайықты мәдениет, әдебиет қалып­тастырған. Қазақ әдебиеті тарихының байырғы сақ, ғұн, түрк дәуірінен бастау алатынын бүгінде дәлелдеп жатудың еш қажеті жоқ.

Автор: Сол ертедегі кездерден бізге жет­кен өнер туындылары – халқымыздың қымбат жәдігерлері ғой. Ал тіл мәселесіне келгенде осы жөнінде не айтар едіңіз? Сіз ел таныған көрнекті әдебиетші ғалымсыз. Қазіргі қазақ тілінде, әдебиетінде сол кез­дерден, рулық дәуірден біздерге жеткен қанатты сөздер, әдеби мұралар бар ма?

Мырзатай: Осы өзің айтып отырғандай, ертедегі рулық дәуірдің шындығынан туған, күні бүгінге дейін бізге жеткен өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер аз емес. Халық тудыратын қанатты сөздер жылдап емес, ғасырлар бойы жасалып, бірте-бірте ұш­талып, өткірленіп, әсемдене береді. Қалыпты тіркестерге, қанатты сөздерге, мақал-мәтел­дерге айналып кетеді.

Автор: Осыған нақты мысалдар келтіру­ге болар ма еді?

Мырзатай: Әрине. Мәселен, өте ертеде туған, бізге жеткен «Сүңгінің жарасы бітер, тіл жарасы бітпес», «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге таралар», «Ұлың – Ұрымға, қызың – Қырымға», «Барар жерің Балқан тау, ол да біздің барған тау», «Жазған құлда шаршау бар ма», «Түйеге мінген қой ішінде жасырына ал­мас», «Диірменде туған тышқан дүрсілден қорықпас», «Жол сілемін түйе білер, жер жап­сарын түлкі білер, баласының кімнен туғанын анасы білер», «Тағдырды тәңірім жасар», «Адам баласының бәрі өлуге жаралған», «Өлім­нен ұят күшті» деген сияқты, басқа да көптеген мақал-мәтелдерді айтуға болады. Бұларды біз сонау түрк дәуірі кезінде, одан да ерте туған халық ойының көркем ескерткіштері деп білеміз.

Сол VІІ-ІХ ғасырларда түркі жұрты ара­сында бүгінгі біздермен туыстас түркі тектес халықтардың бәріне ортақ алғашқы әдеби дәстүрлер қалыптаса бастаған. Соның нәти­же­сінде әдебиеттің кесек үлгілері туған. Оған ақындық тәсіл мен дәстүрдің ең ертедегі туын­дысы болып есептелетін, бүгінгі өзіміз сөз етіп отырған Орхон жазбаларын зерттеген кезімде көзімді анық жеткізгенмін. Тасқа қашалып жазылған Күлтегін, Тоныкөк туралы жырларды сол дәуірдегі жазба әдебиетінің жарқын белгі­лері деп те қарастыруға болады.

Автор: Ал содан кейінірек, тоғызыншы ғасырдан бастап осы күнгі Орта Азия мен Қазақстанды арабтар жаулай бастады емес пе?

Мырзатай: Иә. Соның салдарынан осы аймақты мекен еткен халықтардың бұрынғы мәдениеті талқандалып, түркі рулары пай­далан­ған әліппелер, жазу-сызулар мүлде жойыл­ды да, олардың орнына араб тілі, араб әліппесі, араб мәдениеті келіп орныға бастады. Бұл кезде оқу, ғылым, әдебиет – барлығы да араб мәдениетінің ықпалымен дамыды.

Егер тарихқа үңілсек, Х-ХІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалардың өркен­дегенін, жергілікті халықтан да талай ұлы ғұ­ламалар, ғалымдар шыққанын көреміз. Мысал­ға әлемге аты белгілі бабамыз Фараби – Оты­рар қаласынан шыққан. Сол кезде біздің баба­ларымыз, жергілікті халық тудырған түрлі-түрлі әдеби шығармалар, ғылыми еңбектер болғаны белгілі.

Автор: Солар туралы да қысқаша айта кетуге бола ма?

Мырзатай: Әрине. Бұл енді сенің сұрап отырғаның халқымыздың тарихының ислам дәуірінің кезі ғой. Х-ХІІ ғасырлар. Осы кездерде өмір сүрген, жаңағы айтқан Фараби бабамызға қоса Мұхаммет Хорезми, Абурайхан әл Бируни, Әбу әлі ибн Сина (Авиценна), Раб­ғузи, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Югнаки, Сүлеймен Бақырғани, Омар Һайям, Жүсіп Баласағұн тәрізді қазіргі түркі халықтарының біразына ортақ ойшылдарды, ғалымдарды, ақындарды айтуымызға болады. Бұлардың бір ерекшелігі – аталған ғұламалар түркі халқынан шыға тұра сол уақыттардағы араб әдебиетін, араб ғылымын, сонымен бірге дүние жүзі ғылымын дамытуға үлкен үлес қосты.

Одан бергі тарихқа көз салатын болсақ, ХІІІ ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстан моңғол шапқыншылығына тап болды. Олар Қытай, Рим аралығындағы кең байтақ жерлерді түгелімен жаулап алып, он үшінші, он төртінші ғасырларда Алтын Орда мемлекетін құрғанын білеміз. Бұл дәуірдегі әдебиет туындылары аралас тілде, көбінесе қыпшақ тілінде жасал­ған. Араб басқыншылары да, моңғол шапқын­шылары да өлкемізді әбден ойрандап, ертедегі эпостарымызда айтылатындай «қаланың аузын қан қылып, қақпаның аузын шаң қылып», ел мен шаруашылықты әбден күйретіп, күйзелтіп жіберді.

Он бесінші ғасырда Алтын Орда мемлекеті құлағанда оның орнына жеке-жеке хандықтар құрылды. Солардың бірі – Керей хан мен Жәнібек хан құрған Қазақ хандығы еді.

Автор: Мырзеке, енді бүгінгі әңгі­ме­міздің тақырыбына қайта ойысып, ҚазГУ-дың аспирантурасында оқып жүргенде «Көне түркі әдеби ескерткіштері және олар­дың қазақ әдебиетіне қатысы» атты тақы­рыпты неліктен және қалай таңдағаныңыз жөнінде айтып берсеңіз.

Мырзатай: Өткен ғасырдың 50-ші жыл­дары­ның аяғында, 60-шы жылдарының басын­да қазақ әдебиеттану ілімінде жаңа бір леп, жаңа бір талпыныс, жаңа пікір пайда болды. Ол: халық болған жерде әдебиет болады, оның тарихы болады, қазақ әдебиетінің тарихы да тереңде, ол – қазақ халқының тарихымен, аза­маттық тарихымен біте қайнасады, бірге қалыптасады, бірге дамиды деген ұстаным еді. Бұл пікір бұрын да болған. Бірақ айтылып, жана алмаған от сияқты бықсып, сөніп қала беретін еді.

Осыны батыл көтеріп, күн тәртібіне қойған қазіргі әл-Фараби университетінің қазақ әде­биеті кафедрасының сол кездегі профессоры Бейсенбай Кенжебаев болатын. Ол кісі менің ұстазым. Бейсекең осы мәселені зерттеуді қолға алды. Қолға алғанда өзі тікелей айна­лыс­қан жоқ, шәкірттер жинап, төңірегіне топтас­тырды. Университетті үздік бітіріп жатқан жас­тардың арасынан іріктеп, өзіне аспиранттар белгілей бастады. Мәселен Мұхтар Мағауинді аспирантураға қабылдап, оған бертіндегі XV-XVIII ғасырлардағы қазақ хандығы дәуірінің әдебиетін берді. Маған көне дәуірді берді. Ол кезде қазақтың көне тарихы, әдебиеті, мәде­ниеті болған деген сөзді айтудың өзі қыл­мыс­пен бірдей саналатын. Алғашында көп ойла­нып, толғанып:

– Мен бұған бара алмайтын шығармын. Отбасым, бала шағам бар. «Пәлен ақынның өмірі мен творчествосы» деп қорғай салсам қайтеді. Ғылым кандидаты болып, күнімді көруім керек қой. Бұл тақырыпты алмаймын, – деп бір күні Бейсекеңе келдім. Жаман уайым­дап, жүні жығылып, көңілі түсіп, пәсейіп қалды.

– Мырзатай, бұл тақырыптың келешегі өте зор. Сен қазір солай ойлап отырсың ғой. Ал түбінде бұл өте баянды болады, – деді.

– Бейсеке-ау, кім біледі, түптің түбінде баянды болса болар. Бірақ таяу болашақта бұған жол ашылатынын көріп отырғаным жоқ қой. Бұл тақырыпта маған диссертация қорғат­пайтынына көзім жетіп отыр ғой, – дедім.

– Қиындық, кедергілер болады. Бірақ сен мойыма, жалтақтама. Түбі мақсатқа жетеміз. Бұл өзекті тақырып. Бәрібір бұған, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші болсаң, ертелі-кеш келуің керек болады, – деді.

– Орхон ескерткіштерінің мәтіндері осы күнгі тілімізге әлі аударылмаған, – дедім.

– Сен аударасың, – деді Бейсекең.

– Ол жазбалардың біздерге, қазақ халқының тарихына қатысы бары дәлелденбеген.

– Өзің дәлелдейсің, – деді Бейсекең. – Бұл жұмыстарды бүгін біз істемесек, кім істейді? Жағдайды жақсы білесің. Әдебиетіміздің тарихы күні кешегі он сегізінші ғасырдан емес, ертедегі түп-тамырымыз болып табылатын Түрік қағанаты кезінен басталатынын дәлел­дей­тін беташар үлкен мақала жазып, қазақ әдебиетінің хрестоматиялық оқулық кітабын шығарамыз. Оған сен барсың, Мұхтар Мағауин бар, Ханғали Сүйіншәлиев ағаларың бар, мен бармын, бәріміз бірігіп ат салысамыз. Хрестоматиясын, бағдарламасын әуелі осылай бір жариялап алсақ, оқулығын жазуға жол ашылады. Одан соң ол қиын болмайды. Оқулықты біз жазармыз, мүмкін басқалар жазар, ол екінші кезектегі әңгіме, – деген еді қадірлі ұстазым сонда.

Шынымды айтсам, бір жағы Бейсекеңе жаным ашығандығынан, ол кісінің маған қанша­лықты сенім артып жүргенін сезініп, қатты қиналғанын көргендіктен, ұсынысына амалсыз көндім. Аспирантураға түсіп, осы тақырыпты алдым.

Бірінші жылы үш ай, екінші жылы бес ай Мәскеуде Ленин атындағы орталық кітап­хана­да отырдым. Ескі әдебиет туралы, Күлтегін туралы жазылған кітаптардың, қолжазбалардың барлығын, олардың микрофильмдерін түгел дерлік ақтарып шықтым. Сонда, шынында да, Бейсекеңнің айтып жүргені дұрыс екен-ау, мұның өзі расында да ертелі-кеш біз қолға алатын тақырып екен-ау деген қорытындыға келіп, одан арғы зерттеу жұмыстарына бұрынғыдан да құлшына кірісіп кеттім.

Енді әдебиетіміз үшін, оның тарихы үшін өткендегі бұл жағдайларды қазір біздің айтуымыз керек. Алғашқы кезде, партияның заманында «ежелгі қазақ әдебиеті», «көне дәуір­дегі қазақ әдебиеті» деп айтуға біздің аузымыз да бармайтын. Тіліміз байланған кез. Оны бізге айтқызбайтын. Сондықтан біз «ежелгі әде­биет» деп атадық. Бір жағы, көкейіміздегіні айттық, екінші жағы, көкейдегі ойды партиядан, бізді сынайды дейтін шовинистерден бүркемелеп, әдейі солай атадық. Енді құдай үшін, тарих үшін, оның шындығы үшін айтуымыз керек, қазақ әдебиеті зерттеушілерінің ішінде көне дәуірдегі ежелгі әдебиетті, қазақ әдебиетінің ең ерте дәуірін, ерте кезеңін менен бұрын зерттеген бір адам да болған жоқ. Мұны тарих біледі.

Автор: Әбділда Тәжібаевтың «бұл Мырзатай бір институттың жұмысын бір өзі істеп жүріпті ғой» деп сүйсінгені де сондықтан шығар.

Мырзатай: Бұл істің басында Мұхтар Ма­ғауин, Рымғали Нұрғалиев, Алма Қыраубаева, мен сияқты шәкірттерін тәрбиелеген Кенжебаев тұрды. Жиындарда жарқырап көзге де түспейтін, жұртшылықтың назарын аудармай, ақырын сөйлеп, ақырын ғана жүретін, соншама кішіпейіл, кішкене қара шал. Бірақ қазақ әде­биетіне сіңірген еңбегі ғаламат… VII ғасырдан әрі баруға ол кезде біздің батылымыз жетпеді, әйтпесе сақ, ғұн заманынан келе жатқан аңыздар бар еді. Ол өрістерге бармастан, әлемді үш ғасыр бойы билеген, дүниенің төрт бұрышын түгел алған әйгілі Түрік қағанаты кезеңінде туған, бабаларымыздың тасқа қашап, өшпестей етіп, бір көзінен қан, бір көзінен жас ағып тұрып ұрпақтарына арнап жазып, қалдырып кеткен тарихи жырларынан бермен қарай бастадық.

Автор: Енді бүгін тәуелсіздік алдық. Ежелгі сақ, ғұн замандарынан келе жатқан аңыздарды, өзге де қазыналарымызды зерттеуге жол ашылған, мүмкіндіктің бәрі туған кез ғой.

Мырзатай: Бұл енді бүгінгі және келешек жастарымыздың, мамандарымыздың ісі болар.

Сонымен Мұхтарды, мені аспирант етіп алған Бейсекеңнің өзі де «қазақ әдебиетінің тарихы он сегізінші ғасырдан басталмайды, әде­биет әр халықтың өзімен бірге туады, бірге қа­лыптасады, өсіп-өркендейді» деген тұжыры­мын әртүрлі әдеби ортада, әрқалай жиындарда, ғылыми конференцияларда шаршамай, талмай, жалтақтамай айтып жүрді. Осынысы үшін талай таяқ та жеді, неше түрлі сөз де естіді. Бірақ әділдік үшін, әдебиетіміздің ақиқат тарихы үшін аянбай күресті. Өзі ұяң, момын, бас көтеріп кісіге қарсы сөйлемейтін биязы Бейсе­кең­нің мұзды мұхитты бұзуға, санаға сіңіп кеткен қағиданы өзгертуге сол заманның өзінде қалайша тайсалмай қарсы шыққан батырлы­ғына өз басым әлі күнге дейін тәнтімін.

Осыған байланысты мынадай бір эпизод еске түседі. Мың тоғыз жүз алпысыншы жылдардың ортасында ол кездегі педагогика институтында, Абай атындағы бүгінгі ұлттық педагогикалық университетте өткен конференцияда әдебиет тарихы мәселесі талқыланды. Бейсекең осында өзінің бұрын да айтып жүрген пікірлерін жүйелеп, көптің талқысына салды. Біз Мұхтар Мағауин екеуміз ол кезде Бейсекеңнің аспирантымыз. Бейсекеңді қолдап, біз де сөйледік. Біздің де сөзіміз уәжді, дәлелді болды ғой деймін, көпшілік ықыласпен тың­дап, қолдап, қошеметтеп отырды. Жап-жас аспиранттардың академиктің тұжырымына ашық қарсы шыққаны батыңқырап кетті ме, мен мінбеде сөйлеп тұрғанымда академик Қажым Жұмалиев ағамыздың:

– Бейсенбай, тарт үргізбей мына күшік­теріңді! – деп айқай салғаны әлі есімде.

Қажекең адуынды кісі еді, ұяң ұстазымыз басын сипалап отыра берді.

Осылар сияқты талай талқыдан соң, мың тоғыз жүз алпысыншы жылдардың ортасында Бейсенбай Кенжебаевтың тұжырымы елдің санасына сіңіп, әдеби орта қазақ әдебиетінің тарихы әріден басталады дейтін пікірге илана бас­тады. Ол кездегі КазГУ, бүгінгі әл-Фараби ұлт­тық университетінде мен тұңғыш рет «Ежелгі әдебиет» деп аталатын курсты негіздеп, жоғары оқу министрлігіне оның бағдарлама­сын бекіттіріп, лекция оқи бастадым. Бейсекең идеясының алғашқы жеңісі еді бұл. Түптеп келгенде бұл қазақ әдебиеті тарихының да даусыз жеңісі болатын.

Автор: Бейсекеңнің, сіздердіңжоғары оқу орындарының филология факультетте­рі­нің студенттеріне арнап дайындаған «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясы» атты кітаптарыңыз 1967 жылғы «Мектеп» баспасынан басылып шықты ғой.

Мырзатай: Ол кітаптың қолжазбасынКазГу-дің қазақ әдебиеті кафедрасы мың тоғыз жүз алпыс бесінші жылы әзірлеп, баспаға ұсынған болатын. Оның авторлары – Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Мағауин, Қабиболла Сыдиқов еді. Әдебиетіміздің ежелгі дәуірін мен жаздым, кіріспесін жазыстым.

Кітаптың талқылануы, дауы екі жылға созылды. Ақыры оның тағдыры сол кездегі Казгоскомиздаттың төрағасы Зазулиннің (аты-жөні есімде жоқ) кабинетінде талқыланып шешілді. Зазулин ұзын бойлы, ажарлы кісі еді, қазақша білмейді екен. Біздің әңгімемізді бір кісі оған аударып отырды. Айтылған сөздің бәрін стенографистка қағазға түсіріп отырды.

Баяғы дау-дамайы бітпейтін қазақ емеспіз бе, бір жағында академик Әлкей Марғұлан, профессор Есмағамбет Ысмайылов, профессор Бейсенбай Кенжебаев, профессор Ханғали Сүйіншәлиев және мен – аспирант, екінші жағында академик Қажым Жұмалиев, ғылым докторлары Ысқақ Дүйсенбаев, Әнуар Дербі­с­әлин және біреу (есімде жоқ) екі жар болып қолжазбаны талқыға салдық.

Талқылауға бәрі де қатысты, сөйлемеген кісі қалған жоқ. Кенжебаев бастаған топ бұл кітапты шығару керек дедік, Жұмалиев бастаған топ қарсы шықты.

Мен өз сөзімде түрк дәуірінде жазылған мұралардың бәрі де – Орхон ескерткіштері де, ертеде өмір сүрген өзге де түрк тектес халықтар тәрізді қазақ халқына да ортақ деп, ежелгі мұралардан мысалдар келтірдім. Қажым Жұмалиев та, Ысқақ Дүйсенбаев та сол жерде Орхон ескерткіштерінің, Ясауидің қазақ әдебиетіне еш қатысы жоқ, айтып отырғаның қисынсыз деп, бетімнен қайтарып тастады. Сол жиында баталы сөзді, төрелікті академик Әлкей аға Марғұлан айтты. Ата мұрасына қар­сы шыққан, халқымызға жат санаған Қажым, Ысқақ ағаларға ауыр сөздер айтты. «Әжептеуір ғалымсыңдар, ғылыми атақтарың бар, аспирант құрлы пайым-түсініктеріңнің болмағаны өкінішті. Мырзатайдың мына кітапта жазған тараулары ерлікке бара-бар» деген сөзі әлі күнге дейін құлағымда. Аты аңызға айналған ұлы академиктен ондай баға аламын деп ешқашан ойлаған емес едім. Кейін мен диссертация қорғағанда бас төрешім Әлкей аға, екінші төрешім диссертациясын менен бұрын қорғаған халқымыздың аса дарынды перзент­терінің бірі Мұхтар Мағауин әріптесім болды.

Диссертация қорғауым ұзаққа созылып, академик Марғұланның қайта сөйлеп, менің кандидаттық диссертацияма ғылыми кеңестен докторлық атақ сұрағаны есімнен кетпейді.

Қысқасы, сонымен «Ертедегі әдебиет нұсқалары» Госкомиздаттың шешімімен «Мектеп» баспасынан, жаңағы өзің айтқандай, 1967 жылы басылып шықты. Содан бастап әдебиет тарихы, оның түп-төркіні жайындағы дау-дамай су сепкендей басылды. Кітаптың өзі баяғы­ның хиссаларындай қолдан қолға көшті. Мәс­кеуде шығатын «Вопросы литературы» журналы мана өзің айтқандай «с выходом в свет этой книги история казахской литературы углубилась на целых двенадцать веков» деп жазды.

Сөйтіп, профессор Бейсенбай Кенже­баев­тың әдебиет тарихы жайындағы жаңа тұжы­рымдамасы салтанат құрды.

Автор: Сіз Орхон жазуларындағы Күл­тегін, Тоныкөк туралы мұраларды атақты орыс ғалымдары Радлов, Малов сияқты қарасөз түрінде емес, жыр ретінде аударып, хрестоматияға жыр ретінде кіргіздіңіз ғой.

Мырзатай: Осы ескерткіштердің жанрлық сипатын дұрыс анықтап, алғашқы пікір айт­қандар халқымыздың асыл ұлдары, академик Әлкей Марғұлан мен ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов болатын. Ә. Марғұлан 1957 жылы шыққан «Қазақ ССР-ы тарихы» 1 томының 117 бетінде: «VІ-VІІІ ғасырлардағы халық фольклорында эпостық поэзияның Орхон ескерт­кіш­терінде жазылып қалған ең ертедегі ақын­дық тәсілдері мен дәстүрлері белгілене баста­ған. Бұл поэзияның элементтерін Күлтегін мен Білге-ханның басындағы құлпытастарына жазылған жазулардан көруге болады. Бұл жазу­лардың тексі эпостық әңгіме стилінде жазылған», – деп көрсеткен еді. Ал Мұхтар Әуезов 1952 жылғы 8 шілдеде «Манас» эпосын зерттеуге арналып Фрунзе қаласында өткен бүкілодақтық конференцияда: «Орхон жазулары» деген не? Бұл күнге дейін оларды тіл тарихының ескерткіші ретінде зерттеп жүр. Соған қоса ол фольклордың мейлінше көне үлгілерінің де ескерткіші емес пе? Сол жазуларда эпостық аңыздардың шағын да ықшам фабулалық желілері бар ғой», – деген болатын.

Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларын арнайы зерттеген ғалым И. В.Стеблева Мәскеуден 1965 жылы шыққан «Поэзия тюрков» деген монографиясында: «Туған елінің тәуелсіздігі мен құлдыққа қарсы күресін, халқына және оның ерлеріне деген сүйіспеншілігін ақындық шабытпен жазған Орхон текстілерін жалаң тарихи (тарихи-өмірбаяндық) деректемелерге жатқыза қоюға болар ма екен? Керісінше, белгілі бір ақындық дәстүрдің ортасында туған осы жазуларды тарихи-ерлік поэма деп тану әлдеқайда орынды болар еді», – деп жазады.

Мен өз зерттеулерімде Стеблеваның айтқан­дарына негізінен қосыла отырып, бұл ескерт­кіштердің жанрын одан әрі нақтылай түстім. Расында да бұлар Стеблева айтқандай бірегей ағыл-тегіл жырдан тұрмайды. Орхон жырлары тек қана өлеңге құрылмаған. Оның баяндау тәсілінде өзіміздің «Алпамыс», «Қобыланды» тәрізді эпикалық жырларымыздағыдай, қара сөз де араласып келіп отырады…

Болат БОДАУБАЙ, жазушы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері.