28 Маусым, 2012

Асанәлі

1492 рет
көрсетілді
47 мин
оқу үшін

Асанәлі

Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:25

Асанәлі! Осы бір есім бүгін маған қазақ дәстүрінде қалыптасқан, ата-те­гін қазбалатпай-ақ атымен халық арасына белгілі болған ұлы тұлғаларды елес­тетеді. Абылайдың, Қабанбай мен Бө­ген­байдың, Махамбет пен Абайдың, Аман­келді мен Қажымұқанның жал­ғасы сияқты. Олардың есімдері біздің сана­мызға ұлт қаһармандары болып сіңген. Халқы сүйікті ұлдарына ұқсас ұр­пақ өсіруге ұмтылған, ырымдап со­лар­дың атын қойған. Бүгін де жас Асан­әлілер өсіп келеді. Әшімовтер көп, Асанәлі жалғыз.

Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:25

Асанәлі! Осы бір есім бүгін маған қазақ дәстүрінде қалыптасқан, ата-те­гін қазбалатпай-ақ атымен халық арасына белгілі болған ұлы тұлғаларды елес­тетеді. Абылайдың, Қабанбай мен Бө­ген­байдың, Махамбет пен Абайдың, Аман­келді мен Қажымұқанның жал­ғасы сияқты. Олардың есімдері біздің сана­мызға ұлт қаһармандары болып сіңген. Халқы сүйікті ұлдарына ұқсас ұр­пақ өсіруге ұмтылған, ырымдап со­лар­дың атын қойған. Бүгін де жас Асан­әлілер өсіп келеді. Әшімовтер көп, Асанәлі жалғыз. Бүгінгі қазақ ортасында (одан тыс жерлерде де) одан гөрі кеңірек тараған есім жоқ. Экранда – Асанәлі, сахнада – Асанәлі, теледидарда, театр мен кино жарнамаларында – Асанәлі, газет-журнал беттерінде де – Асанәлі, «Асанәлі» атты альбом да бар. Елдің құрметті қонағы, төрге шығарар асылы да Асанәлі. Тіпті Бахус  компаниясы да оның атын пайдаланып, «Асанәлі» деген коньяк шығарып, саудасын қыздырып жатыр. Таңданбай көр!

Неге солай? Адам туғаннан дана боп, ұлы болып, жаһанға жар салып барып туа ма? Ойланып, қаһарманы­мыз­дың өмір жолына көз жіберсек, тіпті де олай емес екенін көреміз. Әкесі соғыс өртінде жоғалған жас бала жалғыз панасы анасымен тентіреп жүріп жан асырапты-ау! Туған ауылдан пана таппай, Кентау сияқты жаңа ашылған өн­діріске барып анасы жұмыс істеп, баласын жеткізуге тырысқан, мектеп­тегі оқуын үзбей, үмітін жоғалтпай, жақ­сылықты алдан күткен. Содан соғыс аяқталып, ел тұрмысы жөнделе қойма­ған­мен, көңілдері жайланып тыныш­тық жағдайға көшкенде, анасы Тәжіхан жалғызын адам болсын, өмірден жолын тапсын деген үмітпен Алматыға оқуға аттандырған. Қандай ерлік десе­ңізші! Соғыс кезінде жалғыз балаға алданып қалған аналардың біз талайын көрдік. Біріне бірі серік боп жарасып қалған олар соғыстан соң да бірін бірі қимай ауыл ішінде қалды. Шешесі жалғызын көзден таса қылғысы келмесе, баласы оқу іздемей, жұмыс істеп, ана­сын күтті. Анасы немерелерін тәр­биеледі. Елде әкесінің шаңырағын ұстап қалып, жал­ғыз баласын қалаға аттандыру екі ана­ның бірінің қолынан келген жоқ. Тәжі­хан-апаның қылығы ерлікке пара-пар деп айтуымның сыры да осында. Оның үстіне баланың бола­шағы да айқын емес, таңдаған маман­дығы жоқ. Әй­теуір диплом алып елге қайтып, ау­ыл­­­да­ғы шаруашылықтың бір тұтқа­сына ие болса деген үміт. Механик па, мал дә­рігері ме, зоотехник пе – бәрі бір. Бірақ құдай оны бұл жолға салмай, басқа жолға – өнер жолына бұрып жіберді.

Алланың жазуы деген осы болар – Асанәлі көзіндегі ұшқынды танып, «Көп болса, ауылға бір мал дәрігері кем барар… Сен бізге кел» деп кон­сер­ва­торияның театр бөліміне шақырып алған Асқар Тоқпановтың қылығын бас­қаша жору мүмкін емес.

Сөйтіп Асанәлі жолын тапқан, бо­йын­да жасырынып жатқан өнерге деген бейімділікті танытуға мүмкіндік ал­ған. Бұл – шын мағынасындағы бақыт. Бо­йын­дағы талантын танымай, не нәрсеге бейімінің барын білмей, оқуға кез­дейсоқ түсіп, кейін оны тас­тап кеткен, не болмаса оқыған маман­дығына ырық­сыз байланып қалып, жұпыны қызмет атқарған  жастар аз ба? Бүгінгі жастар­дың басты қатесі де осында. Адам бо­йын­да қуат пен белгілі бір мамандыққа бейімділік  мол ғой. Соларды таңдап ала білу, соған жол ашу – үлкен өнер. Сол таңдау сенің бақытыңды ашады, ісіңді оң жолға салады. Бұған Асанәлі тағдыры куә.

Өнерге барған жас Асанәлінің бо­йындағы талант қуаты әуелден-ақ сырт­­­­қа шығуға ұмтылып, оны маза­ла­ғанын тану қиын емес. Киноға, театрға әуес болды. Киноға түсуге тырысты. Оған студент кезінде-ақ «Ботакөз», «Бір ауданда», «Асау Ертіс жағасында» фильм­деріне түсуі дәлел.  Ойнағаны шағын рольдер болғанмен, ол олардан жанына қуат алды,  талабын ұштады. Жігері жаныла түсті. Сөйтіп жүгіріп жүріп сабақтарын жіберіп алды. Бір жылдай оқуы үзіліп қалды. Сонда да ол алған бетінен қайтпай, оқу мен тә­жі­рибені ұштастыруды жөн санады. Өмір мен өнердің  егіз, бір бірімен байланысты екенін ұқты. Адамдық мінез-құ­лықтар мен тіршілік сырларын түсі­не бастады. Буыны қатайды. Асан­әлі­нің театр мектебін бітіргеннен соңғы қыз­метін сол кино маңында бастауы да  осыдан болар. Ол бұл тұста «Менің ұлым», «Жол торабы», «Тұлпардың ізі» сияқты фильмдерде ірілі-ұсақты рөл­дерді ойнады. Киностудияда ол атақты актер және режиссер Шәкен Аймановты кездестірді. Оның өзімен бірге оқыған қызы Майрамен  жылы қарым-қатынасы үлкен сезімге ұласып, өз алдына отау тігу мәселесі шешілді. Асан­әлісі үйленіп, Тәжіхан-апа балалары­ның қолына көшіп келді.

Кино, әрине, жақсы өнер. Кезінде кеңес көсемі оны өнер атаулының ең маңыздысы санаған. Сондықтан Кеңес одағында оған қамқорлық күшті болды. Кино жасауға қатысушылар үлкен гонорар да алды. Алайда мұндай үлкен өнерде оза шауып, беделге ие болушылар көп болған жоқ. Оның үстіне кино – артист үшін өткінші дүние. Оған дайын­далып келіп, бір-ақ рет түсесің. Жақсы ойнасаң да, жаман ойнасаң да бітті, қателігіңді жөндей алмайсың. Сон­дықтан актер үшін ең маңызды жә­не үлкен мектеп – театр өнері саналады. Шын актер осында шынығады. Театрда рөлді  бір ойнап шығумен тоқ­талмайсың. Әр ойнаған сайын оған  бірдеме қосасың. Үздіксіз ізденуде бо­ла­сың. Театрда шыныққан актерлер­дің киноға көп шақырылатын себебі де осында. Әрі кино көпшілікке тарап, атыңды елге таныс етеді.

Ұлы Шәкен де киноға барғанда, драма театры өнерін игеріп, жақсы режиссер ретінде танылып барып келген. Оның театр режиссері тәжірибесі жаңа қызмет орнында пайдаға асты. Ол клас­­сикалық фильмдер жасады. Ұлы актер театрды сағынғанда келіп ойнап кете­тін, жаңа спектакльдерге қаты­са­тын. Кинода жүріп, театрға келіп Отеллоны ойнағаны  бәріміздің жадымызда.

Осындай үлкен өнер жолы Асан­әліге де бұйырды. Ол шын бақытын М.Әуезов атындағы Қазақтың Акаде­мия­лық драма театрында тапты. Жаңа өнерге төселу, іздену шағы, өрлеу, актер ретінде биікке жетуі де осы театр қабырғасында өтті. Осында жүріп ара кідік киноға барып, онда да кең танылды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде жаңа бір бетбұрыс тудырған өткен ға­сырдың  60-жылдары Асанәлі мен оның замандастары үшін де өзгеше бір кезең болды. Сталиннен кейін Кеңес елінің саяси-қоғамдық және идеоло­гия­­­лық өмірінде бой көрсеткен жаңаша ойлау, іс-қимыл еркіндігі шығарма­шы­лық ұйымдарда тың серпін туғызды. Осы кезде қазақ драма театрына бас режиссер  боп келген, Мәскеу оқу ор­ны­ның түлегі Әзербайжан Мәмбетов  театрды  жаңа бағытқа бұра білді. Өмір талаптарын алғыр сезінетін ол талантты да танығыш, оның мүмкіндігі мен қандай рөлдерге бейімін де аңғаратын, ойына қарай батыл шешім жасайтын басшы болып шықты. Әзербайжан дәуірі театрдың алтын заманы десе де болады. Ол классиканы да, заманауи туындыларды да, ұлттық драматургияны да жетік білді. Соларды қазақ сахнасына шығарумен репертуарды байытты. Театр­ға драматургтерді көп тартты. Озық спектакльдерімен қазақ театрын Мәскеу сахнасына шығару дәс­түрі осы жылдары көбірек іске асты. Сөйтіп Әуе­зов театрының табыстары Одақ көлемінде мойындалды.

Қазақ театрының осы бір табысты жылдарының қуанышы оның актерлер құрамының  еңбегімен тікелей байланысты болғаны белгілі. Ол кезде қазақ театрының негізін салған Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыровтар, олар­ға 30-жылдары қосылған Шәкен Айманов, Рахия Қойшыбаева, Жағда Өгізбаев, Сейфолла Телғараев, Камал Қармысов, Сәбира Майқановалар тірі еді. Оларға театрға соғыс кезінде келген Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Бикен Римовалар, соғыстың со­ңы мен 60-жылдардың өкілдері Нұр­мұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаев, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Райымбек Сейтметов, Фарида Шәріпова, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбековалар қосылды. Барлық ұрпақтың өкіл­дері болып бір қазанның құлағын ұс­тап, бір дертеге қатар жегілді. Еш­қайсысы қатарынан қалмай, жүкті алға сүйреді. Інілері мен балалары ағаларынан үйренсе, ағалары қамқор, тәрбиеші бола білді. Сөйтіп, жастар жағы өнерді ғана емес, ағалары өткен өмір жолының сабақтарын игеріп, адам­дықтың мектебінен өтті. Бүгін қатарлары сиреп қалған соңғы ұрпақ өкілдерінің аруақты еске алып, ағала­рының өнері мен адамдық қылықта­рына, әзіл-қалжыңдарына тамсанып, сағынатыны әдемі-ау!

«Бұл шалдардың театры – ұлы театр екен ғой. Қазір қарап отырсам, қазақ сахна өнерінің қайта өрлеу (ренессанс) дәуірі сол қасиетті қариялар ке­зінде болған екен», – деп жазды кейін Асанәлі.

Сөйтіп, 1964 жылы М.Әуезов театры табалдырығын жасқана аттап кір­ген Асанәлі бар өмірін осы қабырғада өткізіп, бүгін  театрдың төрінде отыр. Оның өсу жолы, қашандағыдай, біртін­деп басталды. Дегенмен, аз да болса кинода көрініп, ірілі-ұсақты рөлдер ойнап келген жас актердің алымын, жіге­рі мен оттылығын танып, басшылық оны көпшілік сахнасына  қатысушылар қатарына қосқан жоқ. Орта тұстан, кеудеге жақындау рөлдер тапсырумен бастады. Асанәлінің театр сахнасында алғашқы ойнаған рөлі жаңа қойылған М.Әуезовтің «Абай» драма­сындағы Айдар еді. Бұл рөл актердің арғы ізде­нісіне баспалдақ болды. Асекең оны өзіне қымбат бейнелердің біріне сана­ған. Бұдан кейін ол «Қара­қыпшақ Қо­быландыда» Шуақ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Қозы, «Еңлік – Кебекте» Кебек болып ойнады. Біртін­деп, ізденіс жолына түсті. Актерлік шеберлікті шың­дауға бет алды.

Осы бір тұста оның көңілін тағы да кино бөлді. Оған «Қыз Жібек» филь­мін­де Бекежан рөлін ойнау туралы ұсы­ныс түсті. Қазақтың ұлттық сана-сезіміне  ыстық Қыз Жібек тақырыбы кім-кімге болса да қымбат қой. Оның үстіне Бекежан образы туралы өз түсі­нігі бар Асанәлі бұған ықыласпен ке­лісті. Осымен қабаттаса Шәкен Айманов «Атаманның ақыры» деген фильм түсіруге дайындалып, Қасымхан Шадияров атты сақшының рөліне Асан­әліні шақырды. Әрине, күйеу баласы болғандықтан емес, Асанәлі бойын­да­ғы жігер мен қайраттың мол­дығы, тә­уекелі басым мінезі,  жүрек­тілігі қы­зық­тырды. Фильмнің бас кейіп­кері Ша­дияровты тек сондай жас адам ойнауы керек деп шешті. Тіпті Шәкен Асанәліге Бекежанды қойып, осы фильмге басын босатып келуді ұсын­ды. Шадияровтың рөліне қызық­қан­мен, Асанәлі Бекежаннан бас тарта алмады. Екі жағына да «келіссеңіздер, екеуін қабат ойнайын, қиын болғанмен, үлгеремін, ұятқа қалдырмаймын» де­генді айтты. Шәкен мен «Қыз Жібек­тің» режиссері Сұлтан Қожықов екеуі қатар отырып, Асанәліге ыңғайлы график жасауға мәжбүр болды. Сөйтіп ол екі фильмге қатар түсті.

«Бір күннің ішінде, түске дейін – Бекежан, түстен кейін – Қасымхан болып ойнаған күндерім болды, – дейді Асан­әлі. – Екі рөлдің бір-біріне ти­гізген кө­мегі көп болды. Бекежанның эпизодына түсіп келген соң, Қасымхан «оңайлау беріледі». Ыстық қанды, от болып жанып тұрған Бекежан мінезін сәл сабаға түсіре қойсам, Қасымхан мінезін дәл ұстаймын. Өйткені, Қасым­хан әр қада­мын он ойланып, мың тол­ғанып шешер байыптың, ақылдың адамы… Керісінше, Қасымханнан кейін Бекежанның ішкі жан сарайына кіру тіптен қиын. Оған Қасымхан сияқты ұзақ толғанып, қате қадам жасамауға тырысып отырсаң, аң­ғал батырдың бейнесінен мүлде аулақ­тап кетер едің. Сондықтан біраз тер төгіп, алпыс екі тамырыңдағы қа­ныңды қыздырып алу­ға тура келеді. Ең үлкен пайдасы деп осы екі бейнені салыстыра отырып, біріне бірін өлшем ете алу тәсілінің өзін айтар едім».

Әрине, екі рөлді салыстыра айтқан актердің сөзі, толғанысы ол көрген қиын­шылықтарды жеңілдете алмайды. Екі дәуірде өмір сүрген екі кейіпкердің мі­нез-құлқын, жүріс-тұрысын, сөйлеу мәне­рін, ел алдында өздерін ұстай білу әдетін игеріп, бір-біріне ұқсатпай беру де оңай емес еді. Екеуінің дұшпандары да екі түрлі. Дутовтың алдындағы жас офицер Шадияров пен Төлегенмен, Жі­бек­пен кездесулердегі Бекежанның өзін өзі ұстай білуі, сөйлеу дағдысы тіпті де салыстыруға келмейді. Әрбір сөз бен іс-қимылдың астарында осыны сезінген актер мен режиссерлердің тынымсыз төгілген тері мен ой-толға­нысы жатты.

Ақыры екі фильм де түсіріліп бітті. Екеуі де ойдағыдай шықты. Қазақ киносына жаңалық болып қосылды. Шадияров бейнесінде Асанәлі Кеңес Ода­ғының қас жауы, оны құлату үшін жан аямай күрескен Дутовтың штабына кіріп кетіп, оны талқандап шыққан қа­зақ сақшысының ойлы, аңдап басқан, сабырға жеңгізген мінезіне қоса, ше­шу­ші кезеңдерде батыл, жіті қимыл-әрекеттер жасай алған ерлігін  таныта алды. Ал, Бекежан рөлдің жаңа трактовкасымен Асанәлі шығармашылығы­ның биік шыңы боп қалды. Ол бұрын­нан қалыптасып қалған сүйіскен екі ғашықты айырған, өлімге қиған қарақ­шының бейнесін жаңартып, күрделі образ жасады. Ол – бір жағы – елін жаудан қорғап жүрген батыр, өзі сері, өзі сал, Жібекке ғашық өз заманының ер жігіттерінің бірі. Жібек сүймеді екен деп, жолынан жығылып, Төлегенге жол бере қою оның да азаматтық, батырлық намысына тиеді. Ел ішінен Жібекке ла­йық жігіт таба алмағандай, қаңғып келген біреуге қызды өңгертіп жіберу оның ар-ұжданына сиымсыз. Сөйтіп, ол күреске шығады. Осы егес Төле­геннің өліміне әкеледі. Образға осындай жаңалықпен келген Асанәлінің шешімі кейін бүкіл көрермендер қауы­мының қолдауына ие болғаны белгілі. Асанәлі өзі де Бекежанды өз шығар­машылық өмірінің белесі санайды.

Осы жерде «Қыз Жібек» фильмінің түсірілуі алдындағы таластар жөнінде бір-екі ауыз сөз қосуды парыз көрем. Оған менің де қатысым болғаны бар. Бір күні белгілі халық әртісі Мүлік Сүр­ті­баев (бізбен жерлес, туыс болып араласып жүретін) үйіне шақырды. Барсақ, Сұлтан Қожықов отыр екен. Әң­гіме үстінде «Қыз Жібек» фильмі жайлы сөз болды. Оны қырғыздарға беру мәселесі көтеріліп жатқанын есті­дім. Ол кезде қырғыздарда екі атақты ре­жиссер (Төлеміш Өкеев, Болат Шәм­шиев) шы­ғып, олардың фильмдері одақ көлемінде табысты өтіп жатқан. Қазақ­станда шыққан фильмдердің онша бағаланбай жүргендерінен жас­қанып, кино саласы­ның басшылары қырғыз­дарға беруге ынталы болыпты. Әңгіме үстінде қазақ режиссерлері ішінен фильм түсіруден Сұлтанның дәмелі екенін білдім. Ол да қазақтың үлкен ел болып отырып өз мамандарына сенбей, «Қыз Жібекті» қыр­ғыздарға беріп қоюды намыс көретінін айтты. Мүлік марқұм Сұлтанмен дос болатын (Сол тұста туған немересінің атын да Сұл­тан қойған), оған іш тартып, қош­тай отырып, маған жалтақтады. Тілі жеткен жерге бірдеме айта ма деп үміт­тенген сияқты.

Ертеңіне мен осы әңгімені сол кез­дегі Қазақстан Компартиясы орта­лық комитетінің идеологиялық жұмыс­ты басқаратын  хатшысы Саттар Има­шев­қа  жеткіздім. Оның да ұлттық намысына тиетіндей  қажап айттым. Қазақ жағынан Сұлтан Қожықовтың аты аталып қалғанын, сенім көрсетсе, оның фильмді түсіре алатынына сен­дірдім. Саттар бұл әңгімеден хабардар екен. Өзі де екі ойлы болып отырғанын айтты. Мәселеге араласуға уәде берді. Сөйтіп «Қыз Жібек» қазақтардың пайдасына шешіліп еді.

«Қыз Жібек» пен «Атаманның ақы­ры» фильмдері Асанәлінің атын ха­лыққа кең жайды. Фильм үлкен экран­ға шығып Кеңес Одағына қоса, шетелдерде көрсетілді. Жас болған­­­мен, ак­тер­­лік тәжірибе жинақтап үлгерген, ең бастысы, құдай берген таланты мен сол образды жасарлық ойы, өзіндік көзқарасы, концепциясы бар Асанәлі  табысы кім-кімді де болса таңғал­дыр­ғандай еді. Жалындай жанып, «Садақ­тың оғындай зуылдап тұрған қиялы бар», Г.­А.Товстоно­гов­тың сөзі, Асанәлі  ішкі сезімімен, көкірек көзімен  дүние­ні барлай бі­летін адамгершілік қасиет­терімен көз­ге түсті. Ел-жұрт оны екі өнердің тізгінін қатар ұстаған шебер актер деп таныды. Шындығында, мұн­да талант күшіне қоса жанын қинаған бейнет, аямай тер төккен еңбек бар еді. Ол көп ұлтты мемлекет өнерінің төрі­нен орын алды. Кейін ол «Атаманның ақыры» фильмінің 2-сериясы болып тү­сірілген «Транссибирь экспресі» филь­мінде Шадияровтың кейінгі тағ­дырын бейнеледі.

Кинодан театрға осындай ірі табыс­тармен оралған Асанәліні алда үлкен істер күтіп тұр еді. Ендігі кезеңде оған негізгі спектакльдерде басты рөлдер тапсырылды. Бірге ойнайтын артистер­дің барлығы да, оның ойынына, қас-қабағына қарап, ол бастаған ұжым ан­самблін бұзбауға тырысатындай еді. Содан бергі жылдарда ол сахнада көптеген тың образдар жасады. Олар­дың бәрін бүгін театр тарихының маманы емес адамның есіне түсіруі қиын. Дегенмен, бастыларын ойға алсақ, М.Каорудың «Шығыстағы бір бейбақ» спектакліндегі Эйдзи, М.Фриштің «Дон Жуанның думанындағы» Дон Жуан, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» пье­са­сындағы Асан, Т.Ахтановтың «Бора­нындағы» Қасболат, С.Жүнісов­тің «Ажар мен ажалындағы» Атан, И.Купряновтың «Вьетнам жұлдызын­дағы» Нгуен Ван Фан, 1971 жылы Ә.Мәмбетов қайта қойған Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуындағы» Қодар, М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқи­ғасы» хикаятындағы (сахналық нұс­­қасын «Таңғы жаңғырық» деген атпен жасаған – Қ.Ысқақов) Жарасбай, Ә.Әбішевтің «Мансап пен ұждан» пьесасындағы Арман, Қ.Мұхамед­жа­нов пен Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кез­десуіндегі» Өсіпбай, Ә.Нұрпейі­сов­тің «Қан мен теріндегі» Еламан, Ғ.Мү­­сіреповтің «Болашаққа аманатын­дағы» Сырым батыр, т.б. рөлдер еске түседі. Бәрі де спектакльдердің негізгі тұтқа­сын ұстап тұрған, шығарманың идея­лық-көркемдік кейпін ашатын бейнелер. Кезінде бұл спектакльдерді көрер­мен қауымның жылы қабылдағаны мерзімді баспасөзде жазылған.

Жас Асанәлінің талантын алғаш танытқан рөлдердің бірі Асан («Жат елде») еді. Өз отанынан адасып шет елде қалған, жат өмірден түңіліп, елін сағын­ған ақынның бейнесі, трагедия­лық күйі Асанәлі ойынында шебер сомдалды. Біз бәріміз де оның айрық­ша талантын осы рөлде танығанбыз. Менің «Қазақ әдебиеті» газетінде (1968, 28 қаңтар) осы спектакль туралы мақала жазғаным бар. Ол тұтастай спектакльге, бөліп айтсақ Асанәлі ойынына деген шын сүйіспеншілік, риза­лық көңілден туған еді. Осындай пікірді Ә.Нұр­пейісов те жазған. «Асан қандай?! Асанәлі Әшімов осы рөлді тамаша ойнап жүр. …О баста Отанын сатқан, сонан соң өзін сатқан екі қазақ жігіті қараңғы көшеде тентіреп қалған. … Сыл­быраған ақ жауын… Әр жерде бір сығырайған электр шамын жел шайқап, дір-дір етеді. Құрбан пла­щы­ның жағасын көтеріп алған. Қасында Асан келеді. Ебіл-себіл. Жалаң бас. Шашы су-су. Беті жалқындаған ісік. «Азған ақын, тозған талант» дейді Құрбан оның түріне қарап. Ал Асан кө­шеде қаңғып қалған Түркістан өкі­ме­тінің президентіне қарап, көкірегіне тас боп қатқан шер-шеменін ащы тырнағымен аямай осып-осып алады. «Әлгі Абыз не деуші еді?! Не деуші еді?! Адам сезімі суалып, қиял қуара бастағанда жаттан­дыға жабыса береді екенсің. Не деуші еді әлгі! – деп залға төніп тұрып ап, өз маңдайын өзі кі­жініп төбелеп ұратын Асанәлі. …Шір­кін Асанәлінің ойыны сұмдық! Сонан әрі ол: «Не деуші еді әлгі. …Не деуші еді? …Ә, ә! Бас кесілген бос кеуде, береке қонар арты жоқ, көзін алған біз сона, жар салып бас­тар жалқы жоқ. Барар жерің – батпақ сор, күн түзелер қалпы жоқ, шерменде емей біздер кім, көк тиындық нарқы жоқ», – деп бір кезде Сарыарқада сарнап өткен Абыз аташа Әшімов те сахнаны күңірентіп жібе­реді», – деп жазды ол. («Лениншіл жас», 1968. 28 қаңтар).

Қодар рөліндегі Асанәлі кейіпкері фольклорлық жырдағы ұрда-жық қара күштің иесі етіп қана қоймай, оның бойында «дүлей мінезбен қатар асқақ адуындылық та барын» Қ.Мұхамед­жа­нов жақсы байқаған («Қазақ әдебиеті», 1972. 17 наурыз). Мұны Бекежан рөлі­­мен салыстыра қарасақ, халық поэ­зия­сының бірыңғай қара бояуы ырқымен кетпей, Асанәлінің олардың адамдық сезімі, намысы барлығын, кейде сол сезім жылт етіп көрініп, кейін дүлей бақастықтың жеңіп кететінін көрсете алғанын көреміз. Бұлардың өзі – ескі таптаурын жолдан жалтарған актердің жаңалығы.

«Қараш-Қараш оқиғасында» да    М.Әуезов жазған Жарасбайдың бей­мезгіл заманда күй кешкен қайшы­лықты бейнесін Асанәлі шебер аша білді. Ол – орыс отаршылдығына бас иген, қазақ­тың биліктегі ірі  тұлғасы. Бірақ халық жазасынан қашып, сол билікті орыс қолына береді. Қамытты өз еркімен киіп, енжар күйде қолын­дағы сақина­сын мөр қып басып тұрған күйі қандай оның? Бәрібір халық қар­ғысынан құтыла алмайды. Театр­дағы Асанәлі ойыны жайлы пікір­лер бұдан әлдеқайда көп. Біз оның ойымызға дәлел есебінде бірен-саранын ғана алдық.

Асанәлінің театр сахнасындағы үл­кен табысы – актердің үздіксіз іздені­сінің, өзіне өзі биік талап қоя қарауы­ның нәтижесі екені даусыз. Ол барды ойнап қана қоюмен қанағаттанбай, жоқты іздеуге ерінбеді, көп оқыды, өмірден тоқыды. Оның таланты көп қырлы, жігері мол, тапқыр, әрқашан жинақы, диапазоны кең, байсалды, керек жерінде шиыршық ата да біледі. Сол арқылы Асанәлі қазіргі қазақтың биік дәрежедегі интеллектуалды зия­лыларының қатарынан берік орын алды. Онымен пікірлессең, айтқанын жа­лық­пай тыңдасаң, оған көзің әбден же­теді. Осы білімімен, талантымен театр мен киноның әлемдік тұлғала­ры­мен тең тұруға хақылы күйге жетті. Оны біз театр фестивальдарынан жиі көріп жүреміз. Оның кішіпейілдігі, еңбегіне сүйеніп өсіп жетілгені, күпір­лік міне­зінің жоқтығы да адамға тән қылықтар.

Ол алдымен қазақ театрының негі­зін салған ұлылармен тіл табыса білді. Ресми білімі болмаса да, өмірді жетік білетін таланттардың өз  бетінше білге­нін толықтырып, қазақ туындылары ғана емес, орыс және әлемдік классиканы игергенін көрді. Олардың осы байлықты игеру жолындағы еңбегі мен мехнатын талдап түсінді. Қалибек пен Серкенің, Елубай мен Қапанның, Құр­манбек пен Қанабектің, Шәкен мен Камалдың, Сәбира мен Қадишаның әрбір ойыны мен оның жаңалық­та­рына, олар жасаған образдардың кесек қал­пына көңіл аударды. Олардың адамдық қалпы мен кеңдігіне, дарқан болмысына қызықты. Ұлы адамдардан ғана ұлы актерлер шығатынын, қыз­ғаншақ, күндестігі көп, өз қуанышы болмаса, басқаның табыстарына қуана білмейтін адамның өресі ұзақ болмайтынын байқады. Өзі де кеңдікке, адам­дық жылылыққа, көппен бірге болуға үй­ренді. Осы байқаулары мен ойларын кейін кітаптарында («Майраның әні», «Жан бөлек») жазды да.

Баяғыда театр құрылған кезде Ес­пем­­бетті («Еңлік – Кебек») ойнаған Серкенің пьеса жаңадан қойылғанда сол рөлді жаңартып (тіпті өзгеше рухпен) орындап шыққанын талдаған Асанәлі ойлары қызықты. «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» депті  Серағаң оған. – Елу жыл ойнап келе жатқаным рас болғанмен, елу жылда көрерменнің де қанша ұрпағы алмасты емес пе? Әр шыққан сайын менің алдыма мүлде жаңа ұрпақ, кешегіден басқа көрермен келіп отырғандай көрі­неді. Сонан соң толқымай қайтейін! Оның үстіне елу жыл бұрынғы Еспембет пен қазіргі  Еспембетті салыстыра аласың ба? Бүгінгі Еспембет – мүлде басқа Еспембет, сөздері өзгеріссіз бол­ғанмен, көрермені басқа. Басқа көрер­мен үшін басқа, яғни жаңа Еспембет керек болады. Жаңармаған өнердің болашағы күңгірт, ол өсуден қалған өнер. Сахнаға шығады екенсің, кешегі жат­таған сөзің­мен ғана емес, бүгінгі әре­кеттерің­нің де бағдарын біліп шық».

«Ойлап отырсам, данышпан шал­дың айтқандарының бір қателігі болса-шы! – деп қорытады ойын Асанәлі. – Сахнаға шыққанша, қобалжымаған, керісінше қалың көрерменнің алдында тұрып сасқалақтаған артист – нашар артист. Артист сахнаға шыққан соң шығармашылық өнердің шыңында тұрғандай,  бәрінен де өзін биік сезінуі керек. Өзінің әр сөзінен, әр қимыл-қаракетінен рахат алуы керек. Сахнаға шыққанша қобалжып, мың толған­ба­саң, мұндай биікке жете алмайсың. Қа­лың көрерменнің қас-қабағына қарап ойнамай, көрерменді өзіңе ілес­тіріп әкетуге әрекет ет. Сонда ғана жеңіс – шығармашылық жеңіс сенікі» («Май­раның әні» – 98-бет).

Асанәлінің кинодағы Бекежан рө­ліне бекіп, көңілі тасып келе жатқан­да Құр­манбекке кездесуі де көңіл аударарлық.

– Құреке, өзіңізбен жолыққанымды бір жақсы ырымға жорып тұрмын. Қәне, қолыңызды жайып, батаңызды беріңізші, – дейді Асанәлі.

– Оу, жайшылық па, әйтеуір? Ала­бұртқаныңа қарап бір жақсылықтың болғанын байқаймын, – деп ақкөңіл қария көшеде тұрып қолын жая берді. Сонан соң ғана сұрады:

– Қандай қуаныш?

– Құреке, осы келе жатқанда «Қыз Жібек» фильміне өзіңіздің Бекежаны­ңызды ойнайтын болып бекіп келе жатырмын.

Ағамыздың батасы да менің ойым­ның үстінен дөп басқандай.

– Бекежандай еңбегің – еш, тұзың сор болмасын! Азаматты халқыңа қалт­қысыз жеткізсең, қор болмассың. Жорт­­қанда жолың, жолдасың Қыдыр болсын! Әумин! – деп тақпақтай жөнелді.

– Әумин, Құреке! Бекежан – өзі­ңіздің Бекежаныңыз еді. Аңғал да ақ жүрек батырдың жарқылдаған бейне­сін сахнада талай жасап едіңіз. Мен сізден аздап ұрлаймын. Айтып істеген ұрлық­тың айыбы жоқ, алдыңыздан өттім, – дедім.

Құрекең сөзін жалғастырып:

– Бір ғажабы театрға қарағанда, киноның құлашы да кең, мүмкіндігі де мол. Сондықтан, оның өмірі де ұзақ, театрдағы ойының жақсы  болса да, кейбір көрерменнің ғана есінде қалар, ал келесі жолы одан иә артық, иә кем ойнауың мүмкін, бірақ бәрі де бірте-бірте ұмытылады. Ал кино өнері бір жолғы ойыныңды ұзақ уақытқа әкетеді. Сонысымен де ол мәнді, сонысымен де оның ғұмыры ұзағырақ. Бәлкім, кейінгі бір ұрпақ «Қыз Жібекті» қайтадан лентаға түсірер. Мінеки, егер сен шын шебер актер болсаң, ол Бекежан – актердің өзі сенен көп жайды, өзің айтқандай «ұрлайтын» болар. Сондық­тан, ұлым, бұл жолы бойыңда барыңды сарқа пайдаланып, жоғын талмай іздеп табуыңа тура келер. Менің Бекежанымнан «ұрлайтын» бірдеңе тапсаң, түк ренжімеймін. Бірақ операдағы Бекежан мен кинодағы Бекежанның арасы жер мен көктей-ау! Сондықтан, талмай ізденіп, талпынудың қажеттігін өзің де жақсы білесің ғой. Мен сол «ұр­лаймын» дегеніңнің  өзіне ризамын»,  деп батасын беріпті қарт  шебер.

Қарт ұстаздың осы бір «бойыңда жоғыңды іздеп табуыңа тура келеді» деген сөзі көкірегімде аяттай жатталып қалды» – дейді Асанәлі.

Осындай ұстаз ағалардың қатарын­да Асанәлінің атасы, жары Майраның әкесі Шәкен Айманов та бар еді.

«Мен Шәкеңнің тірі кезінде де, соңынан да ол кісінің өзіне не рухына бағыштап көп қызмет істедім деп құ­дайға күпіршілік айта алмаймын, – деп жазады Асанәлі, – менің ол кісіге деген ықылас-пейілімнің бәрі де белгілі бір шеңберден асып-төгіліп көрген емес. Қайта, керісінше, онсыз да өнері­не басымды иетін, өзіме ұстаз санайтын атақты адамның туған қайын атам болғанына  қиналып та жүретін кезім аз емес еді. Рас, алғашқы үйімді  алған кездегі  жасаған жақсылығы, бедел салып жіберетін тұстары болатын. Дегенмен, ол жақсылығын мен күйеу баласы болмасам да  жасайтындай көрінеді. Се­бебі, ол біреулерге қолұшын беріп, қуантып жүретін жан еді. Қазекем қарап жүрген бе, егер өнерден бір биік­ке қолым жетсе, тіпті тәуір рөлдерде ойнайтын боп бекісем де, «Е, оның бәрі де Шәкеңнің арқасы ғой. Оған қатысы жоқ қаймана қазақтың бірі болса, көрер едік», дейтін күңкіл сөз алдымнан кес-кестей беретін.  Намысшыл басым өз еңбегіммен жетке­нім­нің бәрін сол кісінің арқасы деп сана­ғандарын естуге төзбей-ақ жүре­тінмін. Бір қызығы –  ол кісі де менің осылайша намыстанатынымды сезіп жүретін. Содан да болар, жұмыс бабында жұрт­тан ерекше жеңілдік жасамауға, кіш­кене жақсылығы болса да елді қойып, өзіме де білдіртпеуге тырысар еді… Әке ретінде емес, ізбасар шәкірт ретін­де еркелете жүріп тәрбиеледі. Біл­мей­тініңді білдірмей ғана үйретіп жіберуге шебер еді. Кейбіреулердей «Мұны неғып білмейсің?» деген сияқ­ты сауалдармен өзіңді кемсітіп, жер-жебіріңе жету дейтін жат мінезі мүлде  болмайтын. Маған ғана емес, бар­лық шәкірт­теріне, тіпті қатар жүр­ген замандастарына да солай еді. …Сондықтан да ол бар­ша жұрттың Шәке­ңіне айнала білді».

Асанәлі Шәкеннің әлемдік даңқын көтерген өнері мен ондағы достары (шетелдік, одақтық, қазақстандық) жай­лы тартымды әңгімелер айтады. Оны сахналас ағалары да сүйіп еркелеткен ғой. Е, жігіттер, ол Шәкен ғой» дейді екен олар Шәкеннің ісіне сүйініп, оларды түсінген Шәкен де «Ау, ол – Елағаң ғой, Серағаң ғой», – деп отырған.

«Бір білетінім – керемет әртістігі­мен, актерлігімен қатар, әншілігімен қатар дамыған өнерпаздығымен, дарынды режиссерлігімен, оған қоса жұрттың бәрімен де тіл табыса білер дарқан мінезімен, қол астындағы кез келген ұжымның әр мүшесімен қабақ шытып, түсін суытпай-ақ жұмыс істесе білетін ұйымдастырғыш қасиетімен, тапсырылған шаруаны тап-тұйнақтай орындай білетін тыңғылықтығымен, ең соңында әзілін кез келген жанмен жарас­тыра білетін дария-шалқыма жанымен, былайша айтқанда, бүкіл болмысымен ұмытылмас ұлы бейнелердің бірі болып қала алды. Ең кереметі – қандай іс істемесін, ойында ең алдымен халқының намысы, халқының мүддесі тұратыны таң қалдыратын», – деп қорытады әңгімесін Асанәлі.

Асанәлінің ағаларынан алған саба­ғының түрі осындай. Осыған ұқсас өнегені ол олардан жастау әріптес аға-апаларының, құрбыларының да бойын­а­­­н тауып, тани білген. Өзінің білімі мен құдай берген талантына қосылып, бойындағы халықтық дарынын оята білген қазақы  табиғаттық көзі осы аға­лары болғаны анық. Ол кім-кімнің бойы­­нан да өнердің бір ұшқынын, тап­қырлықты көрсе, одан үйренуді ар санамаған. Басқа халықтар өнерпазда­рымен араласа жүріп, олардың ойынын көріп, тапқандары қаншама! Қанша білім кітапта жатты. Ол ұлы өнер­паздар, ғалымдар, атақты адамдар туралы шығармаларды көп оқыды. Осылар Асанәліні әлемдік деңгейдегі актердің дәрежесіне көтерді. Сол тұста М.Әуе­зов театрының Мәскеуге сапары да жиі болып тұрды. Ә.Мәмбетовтің режис­серлік жаңалықтары орталық­тағы өнер ұжым­дарын қызықтырды. Сол гас­трольдік сапарларда Асанәлі еңбек­тері де аталып жатты. Ол СССР халық артисі деген үлкен атаққа ие болды.

Өткен ғасырдың 70-80-жылдары Асанәлінің өзі үшін де, отбасы үшін де жұлдызды жылдар еді. Жан жары Майра консерватория бітіріп, Абай атын­дағы опера және балет театрының әншісі болып орналасты. Аз уақыттың ішінде өнерімен танылып, «Абайда» Ажарды, «Қыз Жібекте» Жібекті, «Ер Тарғында»   Ақжүністің рөлдерін орын­дады. Жұлдызы жанып, қолдан қолға тимейтін опера әншісі болды да шықты. Екі ұлы Мәди мен Сағи да біріне бірі жете ержетіп, театр институтын бітіріп, өнер жолына түсті. Сағи Асанәлінің өзі қойған төрт сериялы «Шоқан Уәлиханов» фильмінде Шо­қан­ның рөлін тамаша, жұртты таң қал­дырып ойнап шықты. Асекең өзі де актерлігіне қоса режиссерлікке бе­йім­деліп, театрда да, кинода да, театр инс­титутында да жастарды тәрбиелеу жұмыстарын қатар жүргізді.

Өнер жолындағы отбасының бақы­ты деген осындай-ақ болар!

Алланың әміріне билік жүре ме? Жақсылықтың жолына бөгет тұра қала­тын жаманшылық қашан да жақын, жар астында екені мәлім ғой. Кенет Майра ауырды. Майраның ауруы бір Асанәлі мен анасы Тәжіханның,  бала­ларының жанына батқан жоқ, оларды білетін жұрттың бәріне ауыр соқты. Майра өнерді де, жар, ана бағуды да, отбасы тіршілігін ұймдастыруды да жетік меңгерген, ағайын мен достар арасында ерекше қадірлі жан еді. Адам­дарды өзі іздеп тауып, жақын­дыққа тартып жүретін. Елден келген біреулерді ертіп: «Апа, сіз біздің апамызсыз ғой», деп ерке үнімен Әлияға бауырлық сезімін ұсынғанын апасы ұмытпайды. Кейін үйіне шақырды. Ауруының жағдайын да Әлияға айтып, Германияға емделуге жүрерде шыға­рып салушылар ішінде де болғанымыз бар. Мейірбандығы мол, адамдық тазалығы мен ақкөңіл­дігі, кейде тіпті балалықтың табындай көрінетін аңғал­дығы әрқашан мөлдіре­ген көзінен көрініп тұратын оны Тәжіхан апа да ерекше сүйді. Ол кісінің Майра қайт­қанда: «Періште боп келіп өмірге, Періште болып кеттің-ау!» деп жыла­уын­да да себеп бар.

Майрадан кейінгі өмір Асанәліге тым ауыр тиді. Есін жиғызбай Мәди мен Сағи кетті өмірден. Адам боп қатар­ға қосылып, өнердегі жолдарын таба бергенде қыршынынан қиылды. Екеуінің арасы бір-ақ жыл. Мәдидің жылын, Сағидың 40-ын  бір күнде өткізді. Асан­әлі үшін өмір  қаңырап бос қалды.

Осы тұста қайғы басқан Асанәлі сілкініп тұрып, өзін бір ерлікке бастады. Өлімге қарсы өмір үшін күрес жолына шықты. Жайшылықтағы жұмыс үстінде ойы бөліне беретін болған соң әуелі Майрамен бірге өткен өмірі, қатар өрбіген шығармашылық жолы жайлы кітап жазуға отырды. Қайғы­руға уақыт болмай, басқа ойға беріл­мей, жазумен шұғылдану арқылы өмірге жол тапты. Ақыры «Майраның әні» деген кітабы (1995) шықты. Бұл – бір жағынан сүйікті жарына ескерткіш, екіншіден, ұлы актердің адамдық, пендешілік қылықтары, махаббаты туралы кітап еді. Майраға жазған хат түрінде автор сүйгеніне көзі тірісінде айта алмаған сырын ашты. Екеуінің ортасы, достары, өмір жолы, өнері жайлы қалың оқыр­манға әңгіме шертті. Кейін «Жан бө­лек» (2001) деген кітаппен екі баласын еске алды. Жан бөлек екені рас. Өлген­нің артынан өлмек жоқ. Соның сырын, қымбатынан айырылған адамның жан тебіренісін Асанәлі тағы қозғады. Бұрынғы ойларына ой қосты, замандас­тары, әріптестері жайлы айтылмаған жайларын толықтырды.

Асанәлінің өнеріне қоса, өмірдегі ерліктері осыдан басталады. Ол қай­ғыға бөлінген уақытты  кітап жазуға арнап, өмір үшін күресе білді. Уайым­ға көңіл аудармауға тырысты. Балала­рының асында өзі жасаған Шоқан туралы фильмде Шыңғысты ойнағанын еске алып, енді ол рөлді өмірде ойнауға бел буғанын айтқан еді. «Шыңғыс төре – 90 жыл жасаған адам, сол жасты мен де жасауға тиіспін…. Мәдиім мен Сағиымның балапандары үшін…. Сонау суық дүние түкпірінен маған қуат беріп, аманат артып жатқан Майрашым үшін жасауым керек» дегені есімде.

Асанәлі – тұрақты сөздің, істің адамы. Айтты – бітті. Сол күрес басталды да, әлі жалғасып жатыр.

Өмірді сүю мен сүруді жалғыздық көтере алмайтыны түсінікті. Оның үстіне қайғы арқалап анасы дүниеден озды. Асанәліге осы сапарда серік болар жаңа жолдас-жар керек еді. Тағдыр оны осындай адаммен жолықтырды. Ол Асан­әлінің талантын сыйлап, оның басына түскен ауыртпашылыққа жаны ауы­рып, оны бөлісуге тәуекел еткен жас қыз Бағдат еді. Сөйтіп Асанәлі жасы жетпіс­ке келгенде жаңа өмір бастады. Бағдат та оны рухтандыра, өмірге құлшындыра білді. Жас Асанәлі өмірге келді.

Бағдат сыйлаған ұлға осылай, әкесі­нің атын қою да Бағдаттан шықты. Ат қою кешінде сөз алған ол: «Ағалар, менің Асекеңмен жас айырмашы­лы­ғым­ды білесіздер. Соған қарамай онымен бірге болуды армандаймын. Тағ­дыр жазса, ол да орындалар. Жазатайым Асекең қасымда бола алмай қалса, жас Асанәлі болар. Атын Асан­әлі қойсаңыздар, сол да маған алданыш. Асекеңмен өмірім бірге өтті деп санаймын», – деді Бағдат. Жұрт мақұл­дап, тілегін берді. Қазір бір үйде үл­кенді-кішілі екі Асанәлі жасап, өмірді қы­зықтап жатыр. Тек осы қызық ұзағы­нан болсын!

Бұл да даусыз Асанәлінің тағы бір ерлігі еді. Осыдан он жыл бұрын, Бағдатпен жаңа қосылған кезде театр сахнасында Асекең жасаған тағы бір ерлік еске алуға тұрарлық. Ол Г.Гаупт­манның «Ымырттағы махаббат» атты драмасында жас қызға ғашық болып көңіл жарастырған жетпістегі шал Матиас Клаузеннің рөлін ойнады. Бір жағынан, жаңа ғана осы сезімді бастан кешкен Асанәлі өз рөлін өзі ойнаған­дай көрінгенмен, пьесаның актердің өз өмірінен тыс тартысы да үлкен еді. Ол рухы күшті адамның бас еркіндігін, өзіне лайық өмір соқпағын таңдауы жолын көрсетер керемет күшті образ жасады. Қарттың ержетіп кеткен балалары жиналып, анасынан қалған дүние-мүлікке таласып, әкемен тартыс тудырса да, Клаузен өзінің абыройы мен арын сақтап, дүниеқоңыздыққа, адамды емес, дүние-мүлікті сүюшілер­ге қарсы тұрады. Пендешілік пен адамзаттық биік мораль тартысқа түседі. Пьеса он жыл бойы сахнада жүріп жатыр. Ол 75-ке келген Асе­кеңнің ерлігін әйгілеп, көрермендерге өмір сүрудің мән-мағы­насын, оны сүйе білудің сырын ашар­лық туынды болып қалары даусыз.

Асанәлінің осы жаста театрда ойна­ғаны бұл ғана емес. 90-жылдары ол Шекспирдің «Юлий Цезарын» ойнап еді. Кейін «Апат» атты И.Вов­нян­коның пьесасы бойынша қойылған спек­такльде теңізші капитан шалдың образын жасады.  Арал теңізі тартылып, кемеде жағада қалған капи­танның тол­ға­нысы арқылы бүгінгі замандағы халық басына түскен экологиялық трагедияны өткір аша білді. Ол  «Мен Арал­дың оралуын күтем» деп, теңіз жа­ғасынан кетпе