Сегіз қырлы, бір сырлы
Жұма, 3 тамыз 2012 7:43
Көрнекті сыншы, білікті әдебиеттанушы, шебер аудармашы, ұлағатты ұстаз, белгілі мемлекет қайраткері Мүсілім Базарбайұлы қазақ халқының ары таза адал перзенттерінің бірі еді. Осындай қайраткерді өмірінің соңғы жылдарында көріп, білімі мен білігіне, талғамы пен талабына тәнті болған жайларымыз бар.
Жұма, 3 тамыз 2012 7:43
Көрнекті сыншы, білікті әдебиеттанушы, шебер аудармашы, ұлағатты ұстаз, белгілі мемлекет қайраткері Мүсілім Базарбайұлы қазақ халқының ары таза адал перзенттерінің бірі еді. Осындай қайраткерді өмірінің соңғы жылдарында көріп, білімі мен білігіне, талғамы пен талабына тәнті болған жайларымыз бар.
Саналы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен өнерін насихаттауға арнаған Мүсілім ағамыз шын мәнісінде ұлтының, елінің жанашыры, патриоты болатын. Ән мен жырдың бесігіне айналған Қызылорда өңірінің Сырдария ауданындағы Кекіреліге кіндік қаны тамған ағамыз жастайынан қазақтың мол әдеби мұрасын қанып ішті. Бала күнінде атақты жыршылардың аузынан батырлық, ғашықтық жырларды тыңдап өскен ол хат тани бастаған соң, алқа-қотан жиналған ауыл ақсақалдарына өзі де Абай мен Шәкәрімнің жырларын оқып беретін болған. Шәкәрімнің 1935 жылы С.Сейфуллиннің алғы сөзімен шыққан «Еңлік-Кебек» дастанын мұқабасы тозып кеткенше қайта-қайта оқыған ол дастанды тіпті жатқа айтатынын «Шәкәрім ақын» атты зерттеуінде еске алған болатын. Ес білгеннен басталған әдебиетке деген құмарлық хат танып, кітап оқыған соң артқан үстіне арта түсті.
Киелі топырақта дүниеге келіп, ел арасындағы қазыналы бұлақтан сусынын қандырған Мүсілім Базарбайұлы әдебиет пен өнерге бір табан жақын екендігін мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ танытып үлгерді. Бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ алғашында аудандық, сосын Алматыдан шығатын «Октябрь балаларына» хабар жаза бастайды. Сол бір қызғылықты сәттерді ғалым былайша еске алады: «1940-41 жылдары «Октябрь балаларына» бір-екі хабарым жарияланып, дәндеп алғанмын. Енді «Лениншіл жасқа» жаза бастадым. Бір жазамын, екі жазамын, хабарым басылмайды. Ақырында мектептің драмалық үйірмесінде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы қойылғанын жазып жібергенмін. Бұған мөр басылған мынадай жауап алдым: «Сіз мектеп үйірмесінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы қойылғанын асыра мақтайсыз. Республикалық академиялық театр да ол пьесаны дұрыс қоя алмағанда, мектеп үйірмесі қалай жақсы етіп қоя алады? Хабарыңыз осы себептен басылмайды. Бөлім меңгерушісі Қ.Сүлейменов».
Хабарым басылмаса да, сол кезде хатқа едәуір қуанып қалдым».
Ұлы Отан соғысы басталып, ер-азаматтардың бәрі майданға аттанғанда Базарбай ақсақал ұжымшар төрағасы қызметін атқарады. Тыл майданындағы бүкіл ауыр жұмысты еңкейген қариялар мен бұғанасы қатпаған жас балдырғандардың, қыз-келіншектердің атқарғанын еске алсақ, Мүсілім аға бұл кезде 14 жастағы жасөспірім екен. Әкесі ауыл адамдарына үлгі көрсету үшін мектептегі баласы Мүсілімнен бастап қара жұмысқа салады. Жігерлі жасты кетпенмен атқарған қара жұмыс та қажыта алмайды. Керісінше, сол бір ауыр жылдар жастарды ширатып, өмірге деген құштарлықтарын арттырып жіберген болатын.
Ол арман қуып Алматыға келген соң да бала кезінен өзіне таныс «Лениншіл жас» газетімен байланысын үзбейді. Болашақ ғалымның тұсауын кескен де осы газет екені анық. Оны өзі былайша еске алады: «Қанша дегенмен газет жұмысы қызық. Жақсы журналист қай кезде болса да сан алуан оқиғалардың қақ ортасында бола біледі. Ол кездің кезбелік те, кеңселік те шағын осы кезде ризашылықпен еске аламыз. Өйткені, жазу тәсіліне ғана емес, еңбекке, ойлау еңбегіне үйреткен газет. Егерде бойда азғантай жазарлық қасиет, оған құштарлық, ынталық бар болса, газетке, «Лениншіл жасқа» қарыздар екенімді ұмыта алмаймын».
Міне, осылайша басталған қадамның болашағы жарқын болды. Өзінің ізденімпаздығымен ерекше көзге түскен жас журналистің 1953 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Қазақ әдебиетінің оқулығын жазу туралы», «Қазақ әдебиетінің тарихынан сапалы оқулық жазу керектігі жөнінде» атты мақалалары әдебиетші қауым арасынан қолдау тауып, жаңа оқулық жазу науқаны басталып та кетті. 1954 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы президиумы мәжілісінің қаулысы бойынша белгілі ғалымдар М.Әуезов, С.Мұқановтардың басшылығымен М.Базарбаев (Е.Лизунова, А.Нұрқатов, Х.Сайкиев, С.Сейітовтермен бірге) оқу құралын жазатын авторлардың құрамына енді. Оқулық жазуға араласқан жас әдебиетшілердің ішінен М.Базарбаевтың (авторлармен бірге) алғашқылардың бірі болып жазған 10 сыныпқа арналған «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы 1954 жылы жарық көрді. Бұл оқулықтың талап-тілекке сай жазылғандығын 1986 жылға дейін 11 рет қайта басылғанынан да көруге болады. Толықтырылып, түзетілген осы оқулық 1989 жылы 11 сыныпқа арналып қайта жазылды да, 1994 жылға дейін басылып отырды.
Алғашында ізденімпаз журналист, оқулық жазуда талғампаз әдебиетші, шебер әдіскер ретінде көзге түсіп, қаламы төселген ол әдебиет майданына еркін араласты. 1955 жылы М.Базарбаев КОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясында «Қазақ совет поэзиясындағы еңбек тақырыбы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.
Мұхтар Әуезов болашағынан мол үміт күткен шәкірті 1961 жылы Тіл білімінен бөлініп, өз алдына отау тіккен Әдебиет және өнер институтына директор болып сайланды. Академиктер мен ғылым докторларына басшылық еткен ол орда бұзар жасындағы сынақтан жақсы өтті. Ғалымның замандасы Серік Қирабаевтың: «Академия қабырғасында Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, І.Кеңесбаев, С.Бәйішев, А.Жұбанов сияқты ғылым корифейлерімен бірге істескен жас Мүсілім олардың тәлімін бойына сіңіріп, ғалымдығына қоса ғылымның көрнекті ұйымдастырушысы ретінде танылды», – деген сөзі 1961-1970 жылдар аралығында институттың тұңғыш директорының жаңа қырынан танылғанын байқатады. Себебі, ол «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты 3 томдық 6 кітаптан тұратын ұжымдық еңбек авторларының бірі болуымен бірге оған тікелей басшылық етті (1960-1967). Қазақ, орыс тілдеріндегі «Қазақ әдебиеті тарихының очеркі» (1958, 1960) атты еңбектердің тыңғылықты зерттелуі мен жазылуына, олардың жариялануына тікелей басшылық етумен бірге көп томдық «История многонациональной советской литературы» атты іргелі зерттеудің негізгі авторларының бірі болды.
Мұхтар Әуезов қайтыс болған соң оның есімін мәңгілік есте сақтау жөніндегі Қазақ КСР Ғылым академиясының қоғамдық ғылымдар бөлімінде өткен мәжілісте (1961, 28 маусым) жасаған М.Базарбаевтың баяндамасынан кейін көп ұзамай осы институтқа академик жазушының есімі берілді. Сонымен қатар, жазушының мемориалдық музей үйін ашуда қыруар еңбек сіңірген ғалым 1967 жылы оның 12 томдық жинағына алғысөз жазумен бірге бас редакторы болды.
1971 жылы Мәскеудің Шығыстану институтында «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, ғылым корифейлерімен қатар жүріп, олардан тәлім-тәрбие алған ол ендігі жерде мемлекеттік қызметтерге араласа бастады. 1970-1976 жылдары Қазақ КСР-нің Мәдениет министрі, 1976-1981 жылдары Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарды. Оның осы жылдарда атқарған қызметтеріне Гүлбараш Ізбасқанқызының «Біз және біздің замандастар» («Мы и наши современники»), «Мүсілім Базарбаев туралы естеліктер» атты еңбектерінен қаныға түсеміз. Ол Мәдениет министрі болған кезде Кеңестер одағында өткен мәдениет пен өнерге арналған халықаралық конференциялар мен конгрестердің ұйымдастырушысы ғана емес, тұрақты баяндамашысы да болды. Оның «Қазіргі заман және өнер» (1972), «Қоғамдық даму және өнер» (1973), «Әдебиет пен өнердің қоғамдық функциясы» (1974), «Өнердің ұлттық және интернационалдық мазмұны» (1975), «Советтік мәдениет және оның шетелдік сыншылары» (1976) атты баяндамалары қазақ әдебиеті мен өнері ғана емес, бүкіл кеңес халқы мәдениетінің маңызды мәселелерін көтергені анық. Мүсілім Базарбайұлының ЮНЕСКО жылдарында Ашғабад, Индонезия-Джокартада сондай-ақ, кеңес елінің Швеция, Батыс Берлин, Дания, Чехословакия, Конго сынды елдердегі мәдениет күндерінде бүкіл министрлер атынан жасаған баяндамалары – өнер мен мәдениет жолындағы еңбектерінің көрінісі.
«Индонезия сапары», «Данияда өткен он күн», «Өркен жайған өнер» атты көпшілік мақалаларының да мәдениет тарихындағы орны ерекше. «Театр және театр сыны» мен «Қоғам дамуындағы өнердің рөлі» атты баяндамаларынан оның өнер мен әдебиетті қашанда бірлікте қарағанын көруге болады. «Театр және театр сыны» деген баяндамасында қазіргі қазақ театры мен сынының жай-күйі қандай екендігіне үңіле отырып, оның болашақтағы міндеттерін санамалап көрсетумен бірге олардың алдында тұрған негізгі өзекті мәселелерді қалай шешу керектігі жөнінде бағыт-бағдар ұсынды. Ол: «қазақ театр сыны бар, бірақ ол қазір тәжірибе жинақтау, күш жинау үстінде», – деп келеді де драматургия жанрының табиғатына үңіледі. 1930-40 жылдардағы қазақ драматургтары «Қозы-Көрпеш – Баян-Сұлу», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Еңлік – Кебек» сынды фольклорлық мұраларды қазақ театрына алып келсе, осы үлгі қазіргі таңда «Алпамыс», «Қамбар», «Қаракөз» сынды туындылармен және Құрманғазы, Махамбет, Абылай сынды тарихи тұлғалар туралы жазылып жатқан туындылармен толығу үстінде екендігін тілге тиек етеді.
«Қоғам дамуындағы өнердің рөлі» атты баяндамасында ол әрбір өнер түріне жеке-жеке тоқталып, олардың жай-күйінен хабар береді. өзбек, түркімен, тәжік, қырғыз сынды Орта Азия халықтарының өнерін салыстыра сөз етуде туысқан халықтар әдебиеті мен мәдениетіндегі ортақ ұқсастықтарды баса айтады. Қазақстандағы театр өнерін драма, опера, балет жанры бойынша сөз еткен ол қазақ театрындағы актерлік шеберліктің негізін салған Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Қапан Бадыров, Камал Қармысов, Сейфолла Телғараев, Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова, Ыдырыс Ноғайбаев, Зәмзагүл Досанова сынды өнер қайраткерлерінің есімін ілтипатпен атайды. Олардың Шекспир, Мольер, Гоголь, Островскийлердің шығармаларынан бастап, қазақтың «Айман-Шолпан», «Қобыланды», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік – Кебек», «Қаракөз» сынды батырлық және лиро-эпикалық жырларының негізінде жазылған пьесаларын сахналаудағы шеберлігіне дейін көңіл аударған.
Қазақ сахнасына әлемдік озық үлгіде жазылған Софокл, Аристофан, Еврипидтердің пьесаларын шығару керектігін, ал Аристофан, Шиллер, Толстой, Островскийлердің пьесаларын қазақ тіліне тәржімалау керектігін баса айтқан министр осы іске өзі де белсене араласты. Бұған дейін В.Губарев пен А.Гусевтің құрастырған «Вожатый кітабын» (екінші кітап, 1953) М.Әлімбаевпен бірге тәржімалады. И.С.Тургеневтің таңдаулы төрт повесін («Первая любовь», «Вешние воды», «Ася», «Постоялый двор») «Алғашқы махаббат» тәржімалауда тәжірибе жинақтаған ол (1960-1968) ендігі жерде М.Ибрагимбековтің «Мезозей тарихы» пьесасы (екі көріністі, 1977) мен Аристофанның «Лисистрата» және «Фесмофорлар мейрамындағы әйелдер» комедияларын (1991) қазақ тілінде сөйлетті. Осы еңбектеріне қарап Мүсілім Базарбаевтың министрлікте отырғанда сөздің емес, істің адамы болғандығын аңғаруға болады.
Академиялық М.Әуезов атындағы театр өнерінің мектебін қалыптастыруда жоғары дәрежелі актерлер мен режиссерлерді дайындап жатқандығын, бір жылда қазақ театрлары 160-қа жуық жаңа қойылымдарды сахналайтынын да министр жіті бағалап отырған. Осындай жетістіктерімен бірге ақсап жатқан мәселенің бар екендігін жасырмаған ол театр сынының жай-күйінен де біраз мағлұмат берген. «Театртанушылар мен театр сыншылары өкінішке қарай өте аз дайындалады. Москва, Ленинград сынды ірі орталықтарға жіберген жас кадрлар дайындық үстінде»,– дей келіп, мерзімді басылым беттеріндегі театр, театр сыны туралы мәліметтерге тоқталады. «Жалын» мен «Жұлдыз» журналы театр туралы материалдарды очерк, естелік, шығармашылық портрет түрінде жазатындықтарын айта келіп, осындай басылымдарда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында, Лермонтов атындағы және ұйғыр, корей театрларында қойылып жатқан шығармалар туралы нақты сын мақалалар мен рецензиялардың жетіспей жатқандығына көңіл аударады. Кәсіби театр туралы мерзімді басылым беттерінде жазылып жатқан сындарды мұқият қадағалап отырған ол театр мен театр сынын қолға алып, оған қамқорлық жасауда да қыруар еңбектер атқарды.
Мәдениет министрінің келесі бір жетістігі – жас кадрларды тәрбиелеуге қосқан үлесі. Оған Қазақстан Мәдениет министрлігінің жанынан республикадағы 27 театрды басқаратын театр мен репертуарлық коллегия бөлімдерін ашуы нақты мысал. Жаңадан ашылған театр бөліміне баспасөзде танылып жүрген, өзіндік айтары бар Әшірбек Сығайды шақырып алып басшы етіп тағайындаса, ол бүгінгі таңда білікті театр сыншысы ретінде алыс-жақын шетелдерге таныс маман. Сол тұста өлеңдерімен баспа бетінде көріне бастаған жас ақын Нұрлан Оразалинді Мәдениет министрлігі жанындағы репертуарлық коллегияға редакторлыққа шақырса, бүгінде ол аға үмітін Қазақстан Жазушылар одағын басқарумен ақтап отыр. Жас кадрларды дайындау үшін консерваториядан Театр институтын бөліп, жеке ғылым ордасы етуді сұраған да Мүсілім Базарбаев болатын. Қазіргі таңда осы екі оқу орны да өнерпаз жастарды тәрбиелеуде. Осылардың қатарында институт директоры болып жүрген кезіндегі өнертанушы ғалым Бағыбек Құндақбайұлының диссертациясының Алматыда қорғалуына мұрындық болғанын да баса айтуға болады. Қазақстандағы өнертану саласы бойынша тұңғыш қорғалған диссертацияның авторы – Қазақстандағы өнертану ғылымының көшбасшысы болды.
1970 жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қабылдауында болғандығын растайтын құжатта Мүсілім Базарбаевтың Алматы қаласынан драмтеатр, кітапхана, өнер қайраткерлеріне пәтер және Гурьев, Өскемен, Петропавл сынды облыс орталықтарында жаңа театрлар салу мәселесімен барғаны жазылған. Бұл ұсынысқа бірінші хатшы қолдау көрсетіп, сол сәттен-ақ белгілі адамдарға тапсырған. Осындай мәліметтерге қарап отырып, оның қазақ халқының жарқын болашағы үшін жанын аямай еңбек еткенін аңғаруға болады.
Бірінші хатшының қабылдауынан шыққан соң, келесі күні-ақ Артем Мисанович Вартанян екеуі аталған ғимараттарды салатын жерді көруге барған. Сол, Құрманғазы көшесіндегі үйге 1972 жылы Мәдениет министрі қаншама өнер иелеріне пәтер кілтін табыс етті. Чапаев (қазіргі Манас) көшесіндегі жатақханада бүгінге дейін жас өнерпаздар тұрып келеді. Осылайша өнер қайраткерлеріне тұрғын үй, жатақхана салуды да Мәдениет министрі басшылыққа алып қадағалап отырған.
Сол тұстағы Мәдениет министрінің ерекше көңіл бөлген мәселесінің бірі – өнер иелерінің әлеуметтік жағдайы. Бұл кез келген адамның бірінші және негізгі қажеттілігі болса, өнер иелеріне жасалған бұл қамқорлық – қазақ мәдениетінің болашағына жасалған жанашырлық еді. Оның қойын дәптеріндегі жазбаларынан пәтер беру керек, пәтерін кеңейту керек деген тізімінің ішінен К.Байсейітова, В.Пусурманов, З.Шәріпова, т.б. сынды белгілі өнер қайраткерлерінің есімдері кездеседі.
Осы жылдары Мүсілім Базарбаевтың басшылығымен біршама мәдени шаралар жүзеге асты. Оның аса көңіл бөлген мәселесінің бірі – айтыс өнерінің қайта жандануы. 1980 жылы М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының залында М.Базарбаевтың басшылығымен өткен республикалық айтыс күні бүгінге дейін өз жалғасын табуда. 1982 жылы Алматы облысы ақындары Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есікте осы бастаманы жалғастырса, 1984 жылы Қазақ телевизиясы бұл істі қолына алып, жаңаша әр бергенін, кейін оның Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Алматы сынды оңтүстік облыстарда жалғасын тапқанын баса айтқан жөн. Олай болса, Мүсілім Базарбаев – атадан-балаға мирас болған суырып салма өнерінің кеңестік дәуір тұсында қайта жандануына бірден-бір себепкер болған үлкен мәдениет қайраткері.
1981 жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына екінші рет директор болып келгеннен кейінгі жылдардағы қыруар еңбегі жөнінде академик Серік Қирабаев: «Ұзақ жылдар басшылықта жүріп, ғылыммен бірыңғай шұғылдануға мүмкіндігі болмай келген ғалымның осы тұстағы қажырлы еңбегі ерекше сүйсіндірген еді», – дейді. Бұл – Мүсілім Базарбайұлының не нәрсеге де аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын табиғатын танытар аталы сөз. Бұл жылдары аталған институт Алаш арыстарын ресми ақтаумен тікелей айналысты. Институттың бұрынғы-кейінгі директорлары М.Базарбаев, Ш.Елеукенов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов сынды ғалымдардың жүкті жұмыла көтеруінің арқасында әдебиеттің ақтаңдақ беттері ашылды. Алаш арыстарының мұрасын жинау, зерттеу, жариялау сынды жұмыстарының бәріне де олар бір кісідей атсалысты. М.Базарбаевтың жетекшілігімен қазіргі қазақ әдебиеті бөлімінің қызметкерлері 20-30-жылдардағы қазақ әдебиетін жаңаша бажайлауға кірісті. Қыруар істің нәтижесінде «20-30-жылдардағы қазақ әдебиеті» (1996), «40-50-60 жылдардағы қазақ әдебиеті» (1997) атты ұжымдық зерттеулер жарық көріп, оқырманға жол тартты. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы кеңестік дәуір әдебиетін егемен елдің талап-тілектеріне сай жаңаша бағамдаған тұңғыш еңбек еді.
Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы.