Көркемсөз зергері
Сейсенбі, 28 тамыз 2012 7:20
XX ғасырдажасағандардыңмаңдайыныңбағыда, сорыдабеселі. Уақытағымындұрысұққандартолқынныңжалынадеркезіндежармастыдаелдіңойыменсөзінсөйлеп, жарқырапкөрінді. Олазкүндікпе, әлдемәңгілікпе, ондашаруаларыболмады. Өйткені, тіршіліктолқынытоластаудыбілмейді, маңынажақындағандардыөзініңиірімінетартабереді, жұтабереді. Дауылкүштіболса, айғыржалдытолқындаржер-көктіжұтыпқоярдайбұлқынып, орасанзоркүш-қуатпенжер-дүниенідүрліктіреді. Заманаекпініадамдардықаңбаққаайналдырып, өзініңдегенінекөндіреді, жолындағыныңбәрінөзінеқосыпалатынтасқынғаайналып, өзінежолсалады. Тулап-дөңбекшіпбарыпбасылатындакөрінеді.
Сейсенбі, 28 тамыз 2012 7:20
XX ғасырдажасағандардыңмаңдайыныңбағыда, сорыдабеселі. Уақытағымындұрысұққандартолқынныңжалынадеркезіндежармастыдаелдіңойыменсөзінсөйлеп, жарқырапкөрінді. Олазкүндікпе, әлдемәңгілікпе, ондашаруаларыболмады. Өйткені, тіршіліктолқынытоластаудыбілмейді, маңынажақындағандардыөзініңиірімінетартабереді, жұтабереді. Дауылкүштіболса, айғыржалдытолқындаржер-көктіжұтыпқоярдайбұлқынып, орасанзоркүш-қуатпенжер-дүниенідүрліктіреді. Заманаекпініадамдардықаңбаққаайналдырып, өзініңдегенінекөндіреді, жолындағыныңбәрінөзінеқосыпалатынтасқынғаайналып, өзінежолсалады. Тулап-дөңбекшіпбарыпбасылатындакөрінеді.
XX ғасырда жасағандардың іс-әрекеті, ой-санасы да осыған ыңғайлас болғандықтан пешенелеріне бақты да, сорды да батпандап сыйлағанын көзімізбен көрдік, ол аз болса тарих бетін парақтап білдік. Қуаныш пен шаттық сияқты өкініш пен опық та қатар жүретін көрінеді.
Бұл ойлар Ғабит Мүсірепов сынды дәуір перзентін еске алғанда өзінен өзі оралатын сияқты. Өйткені, Ғабит ғұмыры осы XX ғасырдың тірлігін көзге көрсетуге әбден лайық толқынды теңізде жүзген пенденің қалпын аңғартқандай. Алғашқы мәнді шығармасының «Тулаған толқында» аталуы тегін емес. Бірде өмірдің жарқын да ажарлы бетін сүйсе, бірде тұңғиығына батып, қасірет шексе де өмір тауқыметіне иілмей, өз дағдысынан жаңылмай өтуге ниеттенуінің өзі оның адами келбетін, пенделік сипатын ажарландыра түскенін байқаймыз. Өмірден абыройлы аттанғандардың бірі болуының сыры өз болмысын заманаға ыңғайлай бермегендігінде ме деп те қаламын.
Соның нақты дерегін біз көбіне-көп сабырлы да салмақты ойдың иесі, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің айрықша ажарлы шығармаларынан, сыншылық пікірі мен көзқарасынан табамыз. Дауылды заманда айтылған-жазылғандарды уақытынан бөліп алып қарап, бүгінгі түсінікпен баға беру кешегі әсіре тапшылдықтан қалған жаман әдет, өткеннің бәрін даттауға ыңғайланып тұратынымыз дұрыстыққа бастай бермейді.
Сондықтан сабырлы мінезімен салмақты да қомақты ой айтуға талаптанған, не жазса да көзге елестеткен және көрінген жерде желпілдеп, көзге түсейін деген пиғылдан аулақ болған, немесе жантәттілік жасап, бұралып-иілмеген, иманын сатпаған дарынның тактикалық бұрылыстарын емес, стратегиялық мақсатын көз жанарымызда ұстасақ қана, орынсыз даңғазадан, ажарсыз қимылдан аман боламыз. Әйтпесе, ауыр ойын әдемі де сұлу жазып бере білген ұлы қаламгердің жетегіне еріп кетіп, қайдан шығарымызды білмей қалу қаупі де жоқ емес.
Қазір жұрттың құлағында ғана емес, аузында жүрген бесеудің хаты, Бейімбет жау болса мен де жаумын деген батырлық сөздері, онан кейін қазақ тілінің тазалығын сақтауға үндеуі сияқты ұтқыр да өрелі ойларын теріп тізгеннен Ғабеңнің бар қасиеті айқындала қоймас. Оның жан дүниесін ел-жұртқа жайып қойған көркем шығармаларынан, әсіресе, ой-толғаныстарынан іздеген абзал. Ол үшін тер төгу, тереңге сүңгу қажет.
Жақсы айтты ма, жеткізіп айтты ма, әлде қысастықпен айтты ма, Әлжаппар Әбішевтің Ғабең жаназасында айтқан сөзі әлі құлағымнан кеткен жоқ. «Біз алыптар тобының ең соңғы тұяғымен қоштасып тұрмыз» деген-ді. Әрине, өмір тоқтамайды, қазақ мәдениеті суалып, тартылмайды, бірақ дауылды заманда арпалысып өткен алып топтың ең бір зергерінен айырылғанымыз рас. Қазіргі бұлыңғыр, аумалы-төкпелі, өтпелі заманда «Әй, қойсаңдаршы!» деп тоқтам айтар ақсақалға зар болып отырғанымыз өтірік емес қой.
Алыптар тобы несімен қымбат еді қазақ еліне? Ең алдымен, көл-көсір даналығымен қымбат еді. Бұл үшін жоғары білім, кандидат-доктор, профессор-академик болу шарт емес. Бұдан олардың қайсыбірі құр алақан да емес, алайда құдай берген түсінік-түйсіктері күшті, ақыл-парасатқа кемел еді. Төңкерістер заманында алаштап ат қойғандардың табиғи таланты халықтық негізден бастау алғандықтан әрі зәмзәмдей қасиетті, тасбұлақтың суындай нәрлі, әрі жаралы жүрекке дәру, ер көңілге қажыр-қайрат, шабыт дарытқаны даусыз. Сондықтан Әлихан, Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек есімдерін сағыныш сазына бөлеп қамыға айтатынымыз, Сәкен, Ілияс, Бейімбетті зор өкінішпен еске алатынымыз, Мұхтар, Сәбит, Ғабиден, Ғабиттерді медет тұта сөйлейтініміз, тындырғандарына қуана пікір білдіретініміз қазір уақыт таразысында. Олардан дала кемеңгерлігін тартып ала алмаймыз, сондықтан олар қазақ дейтін бағы қайтадан жана бастаған халықтың рухани көсемдері болғанын ашық айтуға тиіспіз. Олардың әрқайсысы өз заманына лайық бола білді. Уақыт пендесі екендіктерін еш ұмытқан жоқ. XX ғасырда білектің күші, найзаның ұшы емес, ақыл-сананың қуаты мықты екенін олар алдымен түсінді де, қайраткерлік жасады.
Аумалы-төкпелі заманда ел ісіне араласқан Тұрар Рысқұлов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков, Абылқайыр Досов, Нәзір Төреқұлов, Абдолла Асылбеков, Сейтқали Меңдешев, Жанайдар Сәдуақасов, Ыдырыс Мұстамбаев, Ғаббас Тоғжанов, Қаныш Сәтбаев, Нәзипа Құлжанова, Сара Есова, Халел Досмұхамедов сынды толып жатқан ер-азаматтардың айбынды толқындарын еске алғанда, олардың қазақ мәдениеті мен әдебиетіне етене жақын болғандығына қуанайық.
Бұлардың қай-қайсысы болмасын қазақ тарихы, мәдениеті, әдебиеті дегенде ішкен астарын жерге қойып, өз ойын тартынбай, қиналмай айтып, жазған кемеңгерлер еді. Таңертеңнен кешке дейін саясат сауып отырмай, қолына домбыра алып күй шерткен, өлең айтқан, жыр шығарған, сын жазған, ғылыммен айналысқан. Аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсетін, дым сыза білмейтін, төрдегі орындығын ғана бағып, кім-көрінгенге жалтақтап күн кешкен кейінгілер бұл даналарымызды мәдениетіміздің төмен кезіндегі «универсалдар» деп кекете сөйлеп, олардың мұрасын төмендетпек болғаны өтірік емес.
«Универсализмнің» соңғы тұяғы Ғабең еді демегенмен, ақыл-парасаты әрқашан аузын ашқаннан-ақ аңғарылатындардың ең ірісі болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан Ғабеңнің көркем шығармалары өзінің ажарымен, сұлулығымен, әдебиет жайындағы ойының шұрайлылығымен мәдениет теңізіне құйып, қазақ тарихына ұласып жатқанымен қадірлі.
Түбі көрінер таяздардың шығармасы жайыңда тақ-тұқ сөйлеп, тез аяқтауға асықсақ, Ғабеңдей хас шеберге кезіккенде не істеріңді білмей, пәлсапа соғып, айдынға түсіп кетуге жүрексінетін сәт те аз кездеспейді. Өйткені, зергер соққан дүниенің қыр-сырын біле қою оңай емес, сұлулыққа сұқтанған уақытта оның басқадан өзгешелігі мынау деп дөп басып көрсете қою, өз көңіліңмен сезгеніңді өзгенің көзіне елестете қоюдан қиын нәрсе жоқ.
Қазақ әдебиетінің кенжелей дамыған драматургия саласына өмірі қартаймайтын, әрі таймайтын «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», замана тақсіретін өнерпаздар арқылы көрсеткен «Ақан сері – Ақтоқты» қазақ сахнасынан түспейтін классикалық туындылар. Әрі-беріден соң, біздің әдебиетіміздің тарихында Ғабиттің орнын жарқыратып көрсететін ұлы шығармалар. Оны Мұхтар Әуезовтің өзі мойындаған және ағынан жарылып былай деген: «Ғабит Мүсіреповтің айрықша атап өтетін ірі пьесалары: «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және Ақан сері туралы жазылған «Ақан трагедиясы» атты пьесалары. Біздің жұртшылық анық жоғары бағалайтын Мүсіреповтің бұл драмалық шығармалары адамның сезімін, көңіл, мінез құбылысын, аңсау-арманын ақындылықпен сыйпаттайды. Қазақ драматургиясы Мүсіреповтің сол трагедияларының табыстары арқылы жалпы драматургиялық мәдениеттің биік сатысына көтерілді». Шынайы ойда желбуаз көпірме сөз болмайтынын осыдан-ақ аңғарамыз. Әлемдік драматургияның биігінен көріну қаламгер үшін аз олжа емес.
Алдыңғы ағалардың «универсализмі» жөніндегі ойдың екпінімен Ғабеңнің проза саласында тындырғандарын тізе бермей, өзі үшін де, қазақ прозасының өсіп-жетілуі үшін де үлкен әсері болған «Қазақ солдаты», «Оянған өлке» романдарын, қарасөзбен жазған «Кездеспей кеткен бір бейне» поэмасын, «Ұлпан» повесін атаудың өзі-ақ ұлы қаламгерлікті танытса керек.
Ал өзі зергер суреткер болған соң өзгелердің жазғандарына өз биігінен, өрелі таным-білікпен баға бергені белгілі. Ақын-жазушылардың ішінен қиястығы мен қытымырлығы қасынан жүргізбейтін сын саласына жүрегінің түгі барлар, өзгеге айтар ақыл-парасаты барлар ғана жақындайды. Ол заманда да, бұл заманда да айтары барлар ғана, өзінен өзгеге бөліп берері барлар ғана ескексіз қайықпен көркемдік теңізіне түседі. Солардың ішіңде ең талғампазы Ғабит Мүсірепов болғаны әмбеге аян.
Жалпы әдебиетке, оның ішінде жауынгер жанрда тұңғыш тартқан қаламы 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған «Қисық сынға әділ төре» деген мақаласы еді. Атының өзі Ғабит қаламгерлігінің қаншалықты айшықты да сұлу боларын аңғартқандай.
Онан кейінгі сансыз мақалалары, сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары филология ғылымдарының докторы, Ғабең мұрасының шын жанашыры Әбдіхамит Нарымбетовтің құрастыруымен «Суреткер парызы» (1970), «Уақыт іздері» (1977), «Заман және әдебиет» (1982) атты жинақтарына еніп, Ғабеңнен қалған сыни ойдың үлгісін көрсетіп тұр.
Өмір бойы бірге өсіп, қазақ әдебиетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Сәбит Мұқановтың Ғабең жөнінде атап-атап көрсеткен ерекшеліктеріне назар аудармай өту мүмкін емес. «Ғабиттің жазушылығын тұтас алғанда өзіне тән бірнеше өзгешеліктері бар: бірінші – бойына сіңбеген тақырыпқа жармаспайды, екінші – бойына сіңірген тақырыбын тез жазып тастауға асықпайды, үшінші – жазатын шығармасына күй таңдайды, күйі жетпесе игерген тақырыбын да жаза қоймайды, төртінші – шығармасына өте ұқыпты, сондықтан хал-хадары жеткенше олпы-солпысыз шығарады, бесінші – тілге үнемшіл, сипаттап отырған оқиғасына жәрдемі жоқ сөзді қолданбайды, алтыншы – жарқылдақ сөздерді көбірек қолданып, шешен сөйлеуге тырысады, жетінші – адам портретін жасауға қазақ жазушыларының ең шеберінің бірі» деп ағынан жарылып, білімдарлықпен айтқанын естен шығармайық.
Бұл түйінді ойларды тарамдатып жатпай-ақ, зергерліктің қайнар көзі – көркемдік шеберліктің сырына аз-кем үңілейік. Және өзгеден емес Ғабеңнің өз аузынан естиік. 1974 жылы 25 шілдеде Ғабеңмен үш жарым сағат магнитофон арқылы сөйлескенде жазушының жан сарайына, шеберлік зертханасына кірерліктей сұрақтар қойып ем. Оған Ғабең іркілмей жауап берген-ді. Шеберлік сырының ішіне кіріп, жұрт көзіне көрсеткен жайлары бар екен, соған назар аударыңыздар.
«Ғабит Мүсірепов. Әркімнің творчестволық қолтаңбасы деген нәрселер әрбір фразада, әрбір подтексте жатады. Әдебиет дегеннің идеясы анау, адамдары мынау дейміз ғой. Мұның негізі ішінде жатады. Міне, зерттеушілер соған зер салулары керек.
Тұрсынбек Кәкішев. Манадан бергі әңгіме Сәкен жөнінде ғана емес, Сіздің творчествоңыз төңірегіңде де болып отыр. Бірімен бірі байланысып жатқан дүние.
Ғабит Мүсірепов. Менің жазайын дегенім «Оянған өлкенің» екінші кітабы еді. Мынау «Ұлпан» соның бірінші тарауы сияқты. Шағын көлемде бір повесть жазып, арнаға түссем бе деп едім, көптен бері үзіліс жасап алғаным бар ғой менің. Очеркке, әңгімеге ауысқан кезім бар. Сонсын, бір бүйірде драматургия жүреді. Кино жүреді бір жағында. Менің өзім үшін жанрға жанр араласып кетсе, қиын болып қалады.
Тұрсынбек Кәкішев. Алдымен бір саланы бітіріп алып барып, содан кейін екінші салаға көшеді екенсіз ғой.
Ғабит Мүсірепов. Иә, мысалы, «Қозы Көрпеш» пен «Ақан серіні» жазған кезде мен бір де әңгіме жаза алмас едім. Бір жанрдан бір жанрға ауысудың психологиялық жай-күйі әркімде әр түрлі болады. Шығарма жазғанда кісі стилистикалық бір бағытта болуы керек. «Оянған өлкенің» баяғы бірінші кітабының стилін табу үшін, яғни сол стиліме оралу үшін «Ұлпанның» маған көп пайдасы болайын деп тұр. «Ұлпан» 10-15 күнде бітеді, екі бөлімі «Жұлдыз» журналының 6-7 сандарына шығады да, соңғы бөлімі 10-15 күннің мөлшерінде біткелі тұр. Содан соң әлгі киносценарийді бітіремін.
Тұрсынбек Кәкішев. «Ұлпаныңыз» әдемі дүние. Мен басынан аяғына дейін бір-ақ күнде оқып шықтым. «Жазушы» баспасының директоры Әбілмәжін Жұмабаев: «Осы күнге дейін шабысынан танбаған мұндай керемет шығармаларды қадірлеуіміз керек қой», – деді.
Айтпақшы, Ғаббасты да кездестірдім, орысша жолма-жол аударма жасап жатырмын деді. Қазірдің өзінде жарияланған жарты дүниенің өзі қалың оқырман жұртшылығының арасында үлкен әңгіме туғызып жатыр.
Ғабе, Сіздің шығармаңызды оқып отырғанымызда бір артық сөз кездестірмейміз, сол сөйлемнен бір бунақты алып тастасақ, кеміп қалатын сияқты болып көрініп тұрады. Осындай стильдік дәрежеге жеткенде, Сіз көп түзетесіз бе, жоқ болмаса бірден жазасыз ба?
Ғабит Мүсірепов. Мен егер бір бетті жазып шыққан болсам, оны енді қайтып түзетпеймін. Бірақ осы бетті жазып шығу үшін 3-4 бетті бүлдіремін. Менің бір бетім өзіме оңайға түспейді, ең кемі 3-4 бет жазылып барып, содан бір бет шығады.
Тұрсынбек Кәкішев. Сонда оны қайтадан түзетіп, тазартып жазып отырасыз ба?
Ғабит Мүсірепов. Қайта жазамын.
Тұрсынбек Кәкішев. Ал алғашқы қолжазбаларыңыз сақтала ма?
Ғабит Мүсірепов. Қалады жыртылып-жыртылып.
Тұрсынбек Кәкішев. Расымен жыртып тастайсыз ба?
Ғабит Мүсірепов. Жыртып тастаймын.
Тұрсынбек Кәкішев. Апыр-ай, көп байлық қой ол. Оның ішінде талай дүниелер кетеді ғой.
Ғабит Мүсірепов. Соны жинайын деп талап етіп едім. Жинауға реті келмей қойды. Әйтеуір мен бір бетті өмірде таза жазып шыға алмаймын. Екінші рет таза бет шықса, үлкен табыс. Мен үстінен түзетуді білмеймін. Бір-екі жолы сыйыспай тұрса, қайтадан көшіріп жазамын.
Тұрсынбек Кәкішев. Ойбай-ау, онымен уақытыңыздың бәрі кетеді ғой?
Ғабит Мүсірепов. Оның пайдасы көп. Үстінен түзетсең болмайды. Біздің жігіттерде бір түсінбестік бар, амандық болса, жазайын деп жүрмін.
Әр тілдің өзінің заңы бар. Біздің қазақ тілі маған қоңыр дауысты адамның үні сияқты естіледі. Қазақ тілінің кәдуілгі дауысты дыбыстары бар ғой, соған обал жасамау керек. «Боп», «кеп» дегендер, «боп қалды», «кеп қалды» дегендер, тілімізге келтіріп отырған зияндық десең де болады.
Тұрсынбек Кәкішев. Таза әдеби тілді қолданғанды ұнатасыз ғой.
Ғабит Мүсірепов. Иә, «Райкомтұғын», «сосын» дейтін сияқты сөздерді естігенде, төбе шашым тік тұрады.
Тілді ауылға бөлмеу керек, тілді жүзге бөлмеу керек. Қазақтың тілі ортақ тіл, ортақ байлығымыз. Қай жерде қаңдай жақсы мағынада пайдаланылады, сол біздің ауылдың тілі болуы керек.
Прозада да ритмика бар, бір сөзді орнынан алып, былай қойсаң, сол әдемі құрылған фразаңның өзі бұзылып кетеді. Сол сөздердің өзінен құралған сөйлемнің иін келтіру керек. Бұл ешкімнің мен әбден шештім деген мәселесі емес. Мен сөз қарастырғанда нені жақсы көретінімді ғана айтып отырмын.
Тұрсынбек Кәкішев. Сонсын тағы бір мәселе. Сіздің шығармаларыңыздың бәрі де әдемі, сұлу болып келеді де, ал орысша аударған уақытында ажары солғындап кетеді…
Ғабит Мүсірепов. Е, солай болады. Пушкинді Абай аударғанда қандай, болмаса басқалар аударғанда қандай.
Тұрсынбек Кәкішев. Олай болғанда орыстың бір үлкен жазушыларымен достас, пікірлес болып көрмейсіз бе?
Ғабит Мүсірепов. Шығармаларымның көбін мен өзім аудартпаймын, журналдар аудартады. Өздері аудармашы тауып, менен тек рұқсат сұрайды. Ал «Оянған өлкені» Дудинцев қайта аударып, қайта жазып шығып еді былтыр. Оныкі бұрынғылардан анағұрлым толық, анағұрлым жақын. Бірақ енді Дудинцевтің аударуы маған қиынға түсті. Жолма-жол аударма жасаған жігітті екі рет Москваға жіберіп алуыма тура келді. Сонда барып түсіндіріп отыру үшін. Бұл киын ғой.
Оның аудармасы жақсы. Ал мына «Ұлпанды» Белянинов аударамын деп жүр. Өзі жақсы жігіт.
Тұрсынбек Кәкішев. Белянинов жақсы жігіт болғанмен, жақсы жазушы ма?
Ғабит Мүсірепов. Кім білсін енді?..
Тұрсынбек Кәкішев. «Кездеспей кеткен бір бейнені» аударады ғой.
Ғабит Мүсірепов. Иә, ол шыққан жоқ.
Тұрсынбек Кәкішев. Шықпады дейсіз. Енді оған тағы мына «Ұлпанды» беретін болсаңыз, сонда не болмақ?»
Ұзақ сұхбаттан алынған осы үзінділер Ғабеңнің суреткерлігінен хабар беріп, көркемдік шеберлікке жетудің аз да болса шымылдығын ашқандай.
Қазақ әдебиетінде Ғабеңдей стилист болған емес, сондықтан ол алыптар тобының шашасына шаң жұқпас жүйрігі болды, қолынан шыққандардың көбі шын зергер ұста соққан бұйым. Бұлай дегенде Ғабең қаламынан шыққандардың бәрі мүлтіксіз, кемшіліксіз деген ой тумасқа керек, шығарманың сюжеті көркемдік шартының талаптарына жауап бере алмай жатқан сәттері Ғабеңде де кездескенмен, тіл қолдануы, оның сұлу да ажарлы болуы, суреттеген көріністі көзге елестетерлік қасиетінен айырылмауы, сөздің бір буыны түсіп қалса, не бұрыс айтылса, сөйлемі ақсақ адамдай шойнаңдап қалатын сәті көп кездеседі деп айта алмаймын. Осы тұста тағы да Сәбит Мұқановқа жүгіну шарт: «Абайдан кейін тіл өнегесіне Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ» дегенін Ғабит Мүсіреповтің прозасына, қара сөзіне жанастыра айтып, стилист ретінде Ғабеңнен асқан қазақ жазушысы болған жоқ деуден еш қысылмауымыз керек.
Алыптар тобындағыларды сырттай шолғанда жаңа замандағы қазақ поэзиясының Асау тұлпары Сәкен, қара сөздің майталманы Бейімбет, қазақ өлеңінің құлагері Ілияс, әз елінің рухани өресін әлемге танытқан Мұхтар, советтік сөзге қаламы еш мұқалмаған Сәбит, сараң сөйлеп, сазбенен жеткізген, қара судан шырын шығарып, майдан қыл айыратын, әшейінгі қара сөзге жан бітіретін шеберлікті игерген Ғабеңді қалайша зергерге теңемессің. Бұған бүкіл қазақ қол қояры сезсіз.
Тұрсынбек КӘКІШЕВ,
профессор.