Адалдық алаңындағы қаламгер
Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:39
(драматург, жазушы Төлен Әбдік туралы сөз)
Осыдан әлденеше жыл бұрын қасиетті Түркістан топырағына жолымыз түсіп, қалалық драма театрына ат-басын тіреген болатынбыз. Осы Түркістан драма театрының негізін қалаушы әйгілі режиссер, талантты актер Райымбек Сейтмет мырза атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың түрмедегі соңғы түнін суреттейтін «Абақты – ғұмыр» деген поэтикалық драмамды сахналағалы жатқан. Соның премьерасына шақырылған болатынбыз. Өзіміз «қалай шығар екен, көрермен қалай қабылдар екен» деп көңіліміз алаңдап, ойымыз онға бөлініп отырған сәт еді, Райымбек ағамыз кәдімгі ақжарқын мінезімен бізді өзіне қарай баурап әкетті:
Сейсенбі, 4 қыркүйек 2012 7:39
(драматург, жазушы Төлен Әбдік туралы сөз)
Осыдан әлденеше жыл бұрын қасиетті Түркістан топырағына жолымыз түсіп, қалалық драма театрына ат-басын тіреген болатынбыз. Осы Түркістан драма театрының негізін қалаушы әйгілі режиссер, талантты актер Райымбек Сейтмет мырза атақты ақын Мағжан Жұмабаевтың түрмедегі соңғы түнін суреттейтін «Абақты – ғұмыр» деген поэтикалық драмамды сахналағалы жатқан. Соның премьерасына шақырылған болатынбыз. Өзіміз «қалай шығар екен, көрермен қалай қабылдар екен» деп көңіліміз алаңдап, ойымыз онға бөлініп отырған сәт еді, Райымбек ағамыз кәдімгі ақжарқын мінезімен бізді өзіне қарай баурап әкетті:
– Қазір драма жазғыштар көбейіп кетті ғой, – деді асыл аға. – Шамасы келетіндер де, келмейтіндер де аяқ астынан драматург бола салғысы келеді. Сөйтіп, бірінен соң бірін жазады. Сапа емес, санды қуады.
– Енді көбірек жазса, арасынан біреуі шедевр болар деп арман ететін шығар, – деп өзімізше әзілдеген болдық.
Аға жылы жымиды да:
– Ал, енді жалғыз пьесасымен-ақ танымал болып, дарындылар тобына қосылған драматургті білесің бе? – деді.
– Қайдам, есіме түспей тұр, – дедім шынымды айтып. – Ол кім болды екен?
– Ол кім дерсің! – деп Райымбек аға тағы да тамсанып қойды. – Ол өзің жақсы білетін, осы күні бірге қызметтес болып араласып жүрген Төлен ағаң…
Түсіне қойдым. Әрине, білемін Төлен ағаның «Біз үшеу едік» атты алғашқы пьесасы Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер драма театрында сахналанған кезде біз студент едік. Бір емес, бірнеше рет барып тамашалағанымыз да есімізде.
Сосын жігіттер мен қыздар болып, екі топқа бөлініп алып, біріміз Мұратты жақтап, ал екіншіміз, Өмірбекті қостап, түні бойы қызу талас-тартысқа түскеніміз, күні кеше сияқты еді. Сөйтсек, арада талай уақыт зымырап өте шығыпты-ау!
– «Біз үшеу едік» деген пьесасын айтып тұрсыз ғой, – дедім өзімше білгішсініп.
– Иә, – деді Райымбек аға. – Иә, сол шығарма…
Сосын аз-кем ойланып отырып қалды да, қайта сөзін жалғады.
– Сол пьесаның жолы әуелден-ақ ауыр болды, – деді. – Режиссерлер біріне бірі сілтеп, көбі шығарманың ішкі мәнін түсінбеді-ау деймін, сағызша созып жүрген шақ еді. Мен өзім аттай қалап алып, жасөспірімдер театрына сахналамақ болдым. Қоюға кірісер алдында Төленге хабарласып, ойымды айтып ем, ол қуана:
– Реке, сізге сенемін, – деді. – Тек жалғыз өтінерім – менің негізгі айтпақ идеям сол қалпында сақталса екен… Сол ой бұрмаланбай жетер болса, арман жоқ.
– О, не дегенің, – дедім мен Төленге. – Әрине, сақталады. Автордың ойы бұрмаланса, ол көркем әдебиетке қиянат.
Ақыры сөз басталып кеткен соң, мен де Райымбек ағаның ойын білгім келіп:
– Қалай ойлайсыз, «Біз үшеу едік» пьесасының неге жолы ауыр болды екен, а? – дедім.
– Оның көп-п себебі бар, – деді Рекең енді қоңыр үнімен дауысын соза сөз сабақтап. – Ең бірінші себеп – бұл драма ішкі психологиялық қақтығысқа құрылған. Оны көру үшін көңіл көзімен қарау керек. Ал, екінші себеп – мұнда кей драмалардағы секілді шым-шытырық оқиға жоқ, бәрі де әңгімелесу мен ой ағыны үстінде шешіледі.
– Сонда бұл шығарманы драма-монолог деп атасақ ше!
– Бәлкім, солай деуге де болар. Алайда, олай атасақ, пьесаның екінші бір елеулі қырын елемеген боламыз.
– Ол не?
– Ол ма? Ол-л…
Осы кезде әңгімеміз кілт үзілді.
Администратор келіншек Райымбек ағаны шұғыл телефонға шақырды. Ал, біз орнымыздан тұрып, көрермендер отырған залға қарай беттедік.
* * *
Осыдан оншақты жыл бұрын Төлен аға алпыс жасқа толып жатқанда Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театры «Біз үшеу едік» пьесасын қайталап сахналады. Оған бардық. Көрдік. Желпініп шықтық.
Шыққан соң есік алдында тұрып марқұм Ақаң (А.Сейдімбек):
– Ойпырмай, осы Төленнің спектаклін көрсем болды, есіме қайдағы-жайдағылар түсе береді, – деді.
Жазушы Алдан Смайыл:
– Сонда есіңізге не түседі, Ақа?-деп жеңіл қағытты.
– Әй, оның қайсыбірін айтайын, – деді Ақселеу аға. – Бір білетінім – тәуір көркем дүние ғана кісінің ойына ой қосады, санасына сілкініс жасай алады…
– Ақа, сізді қайдам, мен бағана спектакльді көріп отырғанымда ана Мұрат өзімнің бір досымды еске түсірді, – деді жазушы Әлібек Асқаров. – Сол досым да Мұрат секілді қиялилау, өз дегенімен өмір сүргенді ұнататын. Кейде тым артық кетіп те жататын.
Ақселеу аға сөзді іліп әкете қойып:
– Қалай десек те мына фәниде сол Мұрат тектес адамдар аса қажет, – деді. – Егер олар болмаса, Өмірбек-өмір басталады. Ол –баянсыз өмір… Ол – қауіпті…
Осындай бірі шын, бірі әзіл-қалжыңмен біз аз-кем кідіріп тұрдық та, сосын үйді-үйімізге тарасып бара жаттық.
Үйге келген соң тағы да Төлен ағаның пьесасын еске алдым. Өзіме таныс оқиға. Өзіміз әбден талқылаған, таласып-тартысқан тақырып. Баяғыда. Студент кезде.
Бас кейіпкердің бірі Мұраттың спектаклдің финалында көрермендерге қарап тұрып:
– Адалдықтың бәйгесіне атыңды қос. Жеңсең де – алдасың, жеңілсең де – алдасың, – деп айтатын әйгілі сөзі санамда сайрап тұр.
Менің көз алдымда еріксіз Райымбек Сейтмет сахналаған көрініс елес берді.
«Әй, сол қойылымға жететін сахналық нұсқа жасала қояр ма екен. Әлде… жас күнгі алған әсер кім-кімге де сондай аса ыстық болып қала бере ме,а!?.»
Сәті түскен бір күні Төлен ағаны осы тақырыпта әңгімеге тарттым.
– Астана театры да жаман сахналамаған сияқты, – дедім.
– Е, енді әр режиссердің өз ойы болады емес пе, – деді Төкең.
Сосын тоқтап қалды. Өзіне тән асықпайтын әдетімен біраз мүдіріп барып:
– Ал, сен Райымбек аға сахналаған қойылымды көріп пе едің? –деп сұрады.
– Көрмегенде. Біз ол кезде студент едік.
– Өзгелердің көңіліне келмесін, менің осы шығармамның бүкіл болмысын қазбалап көрсетіп, ішкі мазмұнын, қыртыс-қатпарын терең түсіне білген сол Рекең…
Сол күні әңгіме үстінде мен Төлен ағамнан:
– Сіз тағы да пьеса жазбайсыз ба? – деп сұрадым. – Қарымыңыз менің білуімде қай драматургтерден де асып түспесе, кем емес.
– Ой, тым асыра айтып тұрсың, – деп күлді Төлен аға. – Мықты драматург деп ана Дулат құрдасымды айтсайшы. Жыл сайын біреуін жазады.
– Жоқ, сіздің өз әдісіңіз бар. Сізді оқығанда…
Төкең сөзімді бөлді.
– Ойда бір шығарма бар, – деп, ол кісі ойлана түсті. – Бірақ бұл жазылмақшы шығарманың жолы бұрынғыдан да ауырлау болатын шығар… Жазылар-ау, алайда…
– Неге? Не себеп?
– Оны кезінде көре жатарсың. Әзірге жұмбақ бола тұрсыншы!
* * *
Біз білетін Төлен Әбдікті драматург ретінде кеңінен танымал еткен шығармасы – осы «Біз үшеу едік».
«Біз үшеу едік» пьесасында үш достың – екі жігіт және бір келіншек арасындағы хикая сөз болады. Мұрат о бастан шындықты сүйеді. Қай кезде де адалын, ақиқатын айтып отырғанды қалайды. Өз қиялында өмір деген шыныдай таза, судай мөлдір болуы шарт. Соны іздейді. Соны арман етеді. Ал, екінші досы Өмірбек олай емес. Ол үшін өмір сүру деген – көп нәрсеге көз жұма қарау. Тым талапшыл болмау. Сонда ғана өмір қиын болмайды. Шығарманың шарықтау шегінде сол Мұраттың «шындығы» арқасында досы Өмірбек пен әйелі Дариға ажырасып тынады.
Сондай сәтте бірге өскен досы – Өмірбектің айтатыны бар. «Егер сен әлгі шындықты айтпай-ақ қойғаныңда, біз тату-тәтті өмір сүре берер едік».
Айтпақшы, шығармаға негіз болған оқиға қалай еді? Өмірбек пен Дариға отбасын құрады. Тату-тәтті өмір кешіп жатады. Ал, күндердің күнінде Дариға өзі қызмет істейтін жердегі басшысымен «тіл табысады». Осы жағдайды Мұрат біліп қояды. Біледі де бетіне басып айтады. Өмірбектің көзінше. Ал, содан соң…
Иә, бұдан кейін қандай отбасы болсын. Екеуі ажырасады. Өмірбек бұның бәріне де Мұратты кінәлайды.
Мұрат ше?
Мұрат досын еш түсінбейді.
«Адамдар неге өтірікпен өмір сүре алады, бұл өз болмысыңа жасаған барып тұрған қиянат қой» деп қиналады.
Қысқасы, Төлен Әбдіктің бұл пьесасы – драма – дискуссия. Немесе, драма-тартыс! Ой тартысы… Сахнаға қарап отырғаныңда екі жігіттің қайсысын жақтап шығарыңды білмей қиналасың.
* * *
Төлен Әбдік жазушы ретінде осы жасына дейін бірқатар прозалық дүниелерді де өмірге әкелді. Әрине, өз тұстастарымен салыстырғанда өте талапшыл, өте талғамшыл қаламгер екені мен мұндалап көзге ұрып тұрады. Қалай дейсіз бе? Өйткені, Төкең ең алдымен, сан қуған жазушы емес. Бір шығармасын сарғая күткізіп, ұза-қ-қ жылдар бойы әлдилеп, аялап, оқырманға әзер дегенде ұсынатыны бар. Бұл – бір. Екіншіден, Төкең өзі жазатын шығармасын терең зерттейді. Әбден түсініп, әбден зерделеп болмайынша жазуға отырмайды. Бұл – екі. Ал, үшіншіден, өз-өзіне өте қатты сын көзбен қарайтыны тағы бар. Яғни, тілге, образға, шығарма шымырлығына…
Айта берсек, қаламгердің бұдан өзге де ерекше қырлары жеткілікті.
Бүгінге дейін жазғаны – жалғыз роман («Өліара»), төрт-бес хикаят және он-он бес әңгіме. Егер осы шығармаларын түгел жинастырып, кітап етіп басатын болса, әрі кеткенде 3 том болатын шығар.
Әрине, жазушының болмыс-бітімі мен талант тұғыры оның жазған шығармаларының аз-көптігінен көрінбейді. Шығарма саны қалай десек те, көркемдік кілті бола алмайды. Әлем әдебиетінде жалғыз-ақ туындысымен тарихта аты жазылған қаламгерлер де бар. Мәселе – көркемдікте! Мәселе – шеберлікте!
Біз білетін Төкең сол көркемдік деген биік шыңды қалай бағындырамын деп бас қатырып, тынымсыз еңбектеніп, үнемі ізденіп жүретін қаламгер.
Оның «Өліара» романы осыдан талай жыл бұрын жарыққа шықты. Сол романның аяғында «бірінші кітаптың соңы» деген ескертпе де бар болатын. Міне, сол романның екінші кітабын жазып жүргеніне ширек ғасыр!
Бір жолы әзілдеп:
– Сол романның жалғасын саналы түрде жазбай жүрсіз бе, әлде қаламыңыз жүрмей, созылып келе ме? – деп сұрағанымыз бар.
Төкең күліп алып:
– Екеуі де бар, – деді. – Ал, шындығын айтқанда, роман секілді кесек дүниені кісі жастау күнінде, бойыңда қажыр-қайраты көп кезде жазып тастаған дұрыс екен. Жас келген сайын күш кететіні өз алдына, сонымен бірге талғамың да тым биіктеп кетеді. Анау-мынауды жазғың да келмейді. Қаламың жүрмейді.
Біз түсінбекші болдық. Бірақ…
Оймен барлап қарасақ, тарихта жасы егде тартқанда көлемді дүние жазған қаламгерлер де баршылық. Айталық, Л.Толстой «Қажымұратты» сексенге жақындағанда жазған. Өзіміздің М.Әуезов болса алпыстан асқанда бес кітаптан тұратын романдар сериясын (алғашқысы «Өскен өркен») бастамап па еді!?.
Алайда, кім біледі, әркімнің шабыт шалқары өзінше өрнектелетіні тағы бар. Бұл көркемдік әлемі тылсымы тереңге бастайтын өзгеше әлем ғой,ә!..
* * *
Жазушы Төлен Әбдіктің ерекше қыры – аз жазатындығы ғана емес, алған тақырыбын көп-п уақыт зерттеп барып қолға қалам алатынын жоғарыда айттық. Соған бір мысал.
«Тозақ оттары жымыңдайды» деген хикаятында Африкадағы бір тайпа өмірін тілге тиек ете отырып, бүгінгі қоғамның, қазіргі кезеңнің кейбір келеңсіздіктерін астарлап ашып көрсетпек болады.
Өзінің айтуынша, осы хикаятты жазбас бұрын әлгі тайпа өмірін ұзақ зерттепті. Көптеген мақалалар, кітаптарды парақтапты. «Сол хикаятты жазамын деп жүріп, әлгі тайпа туралы көп деректер таптым. Біраз жайларға қанықтым. Тіпті, арнайы танымдық кітап жазуға да болатын еді» деп күледі Төлен ағам.
Ал, идея… Жазушының діттеген ойы қайсы еді?
Бір жолы, биллиард ойнап жатқан кезде, сөз арасында Төкеңді әңгімеге тартып:
– «Тозақ оттары жымыңдайды» деген хикаятыңызда неге бөтен елді негіз етіп алғансыз? – деп сұрадым.
– Өйткені, – деп, Төкең маңдайын сыйпалады. – Өйткені… оның ішінде мынадай кермек ой бар. «Қоғамдағы кейбір мықтылар әуелі бір идеяны ел игілігі үшін деп ойлап тауып алып, ақыр соңында сол идеяны адамдардың өзіне қарсы қолданады». Әрине, мен өз елімді айтып тұрғаным жоқ. Бұл – жалпы әлемде әлдеқашан орын алып үлгерген қауіпті тенденция. Міне, сосын да…
Мен үндеген жоқпын.
* * *
Төлен Әбдікті – талантты қаламгер – әңгімеші ретінде қалың оқырманға кең танытқан алғашқы шығармасы – ол «Оң қол»! Кезінде «Жалын» альманахына (ол кезде журнал емес) жарияланды да, осы әңгіме дереу оқырмандар ілтипатына бөленді. Сол кезгі жастар әлгі альманахты кезек-кезек алып, тез-тез оқыды. Мұны өз көзімізбен көрген соң айтып отырмыз.
Әңгімедегі Алма қыз тағдыры кім-кімді де бейтарап қалдыра алмаса керек. Өзінің бір қолы өзіне жау. Түн ішінде өзін-өзі буындырып өлтіргісі келеді. Күнде болатын қиын хал… Бұның сырын емдеуші дәрігер де түсіне алмай әлек.
Жә, жазушы ойына тереңірек үңілер болсақ, мәселе кісінің өзін-өзі буындыруы ғана емес. Бұл – қоғамдық кесел. Ұлтымыз сақтанар індет. «Ау, адамдар, біз кей-кейде алжасып, өзімізге өзіміз қол жұмсап алып жүрген жоқпыз ба?..» деген философиялық ой…
Әңгіме жазылған кезде Төлен ағам небәрі отыздан енді асқан жап-жас жігіт еді. Шағын әңгіме сол кездің өзінде-ақ бірден аға буын жазушылардың назарына ілінді. Сөйтіп, демде талантты жазушылар арасынан ойып орын алып үлгерді.
Міне, талант дегеніңіз осы! Шеберліктің жеткізер биігі осылай!
Әрине, бұдан кейін де Төкең «Әке», «Қайырсыз жұма», «Ақиқат», т.б. әңгіме-хикаяттар жазды. Алайда, «Оң қол» қай кезде де өзгеше туынды, һәм оқырманға айтары бар әңгіме болып қала бермекші!
* * *
Мақаламыздың басында біз Төлен Әбдік жалғыз пьеса жазып, сол арқылы-ақ дарынды драматург атанғанын ескертіп өтіп едік. Тіпті, кейбір кездесу сәттерінде «тағы пьеса жазбайсыз ба?» деп сұрағанымызды да айтқанбыз.
Таяуда Төлен аға жаңа бір пьеса жазды. Оның аты – «Ардагер».
Пьесаны қолжазба күйінде оқып шыққандардың бірі – бізбіз. Негізгі кейіпкер – профессор болса, екінші кейіпкер – ұры. Екеуі екі бөлек адам. Аспан мен жердей. Осы екі адамның арасындағы диалог.
Ең қызығы, профессордың үйіне түсем деп, ұсталып қалған ұры, «мені кешіріңіз, мен оңбаған адаммын» десе, профессор:
– Оған еш қысылма, сен жоқшылықтан ұрлыққа түстің, ал үлкен мағынада алсақ, біз де ұрылармыз, – дейді.
Ұры аң-таң. «Бұл қалай?» деп сұрайды. Профессор:
– Біз де біреулердің ойын ұрлаймыз да, соны өзіміздің пікіріміз деп жалпақ жұртқа жария етеміз. Оған еш қымсынбаймыз да.
Осы пьесаның тағы бір тұсында, әлгі профессор:
– Қазір мың теңге ұрласа – қылмыс, ал миллион теңге ұрласа – ол бизнес, – деп күйініп айтатыны бар.
Меніңше, осы «Ардагер» мен баяғы «Біз үшеу едік» пьесасы арасында білінбейтін байланыс та бар. Екеуінде де кісі бойындағы кереғарлық, болмысты бұрмалап көрсетуге ұмтылушылық қатты сынға алынған. Елдің санасын сілкілеп, есін жиғызатын ойлы туындылар деуге әбден болады.
Драматург ағаның өзі айтқандай, аталмыш жаңа пьесасы өткен жылы Мәдениет министрлігі ұйымдастырған бәйгеде бас жүлдені жеңіп алса да, әлі сахналанған жоқ. Бәлкім, бұл дүниенің де жолы ауыр болып тұр ма екен! «Мен-ақ сахналайын» деп дереу ұмтылатын елгезек режиссер Рекең, Райымбек Сейтмет те жоқ фәниде!..
* * *
Жазушының «Оң қол» әңгімесінің рухани-идеялық жалғасы – ол «Парасат майданы» хикаяты.
Мұнда да жазушы кісі бойындағы аласұрған сезім мен қарама-қайшылықты айтады.
Адам кейде екіге жарылады. Екі түрлі бейнеге ауысады.
Міне, жазушы осы бір құбылысты өз кейіпкері арқылы әдемі жымдастырып, барынша көркем кестелей алған.
Кісінің әлдебір жағдайда екіге жарылуы әлем әдебиетінде баяғыдан бар әдіс. Оны кейбір әдебиетшілер Ф.Кафка алғаш бастап жазды деседі. Ал, енді бір топ сыншылар орыс жазушысы Ф.Достоевский өз туындыларында алдымен кестелеп көрсете алған болатын деседі. Тағы біреулер одан да әріден бастағысы келеді.
Оймен барлап қарасақ, кісінің екі түрлі сезімге түсуі көркем әдебиетте әуелден бар.
Тіпті «Құран хикаяларында» да кісінің екі иығында екі кісі тұратыны айтылмай ма! Бір жағында – періште, екінші жағында – шайтан…
Жалпы, көркем шығарма туралы сөз қозғағанда ондай әдісті кім бірінші болып бастағаны емес, кім қай деңгейде көркемдеп, шеберлікпен жеткізе алды деген мәселе алдымен тілге тиек болғаны абзал.
Жазушы Т.Әбдіктің «Оң қол» әңгімесі де, «Парасат майданы» хикаяты да өз деңгейінде сәтті шыққан, әрдайым сөз болып отырар шығармалар.
Бір атап айтарлығы – осы екі шығарма бүгінгі күнге дейін жан-жақты зерттеліп, толыққанды тілге тиек болмай келе жатқаны. Егер көкірегі ашық, ойы терең зерттеуші Т.Әбдікті әр қырынан алып қарап, кеңінен талдап көрсете алса, оның осы дүниелері қазіргі әлемдік озық туындылармен тайталаса алар еді-ау деп ойлап қоятынымыз да бар.
Бүгінгі күні бізге керегі – өзіміздің қаламгерлердің ең үздік туындыларын әлемдік деңгейге көтеру. Ол үшін «қолда бар алтынның қадірін» білу ләзім. Әсіресе, көркем аударманы жолға қою керек! Осы мәселе өз шешімін таппаса, біздің көтерілер биігіміз қай уақытта да тым аласа болып қала бермекші.
* * *
Осы мақаланы жазу үстінде, неге екені белгісіз, Төлен ағаның тұстастары қайта-қайта ойымызға орала бергені. Әлі есімізде, осыдан 20 жыл бұрын Төкеңнің құрдастары елуге толып, Алматыда бәрінің басын қосқан кеш өткен-ді. Қарымды қаламгер Ә.Кекілбаев баяндама жасағаны да есте. Ол бір ғажайып әдебиет кеші болып еді. Одан соң 60 жасқа толғанда, осы Астанада, «Конгресс-холл» сарайында үш қаламгердің – Д.Исабеков, А.Сейдімбек пен Т.Әбдіктің кеші болды.
Ойда қалғаны – А.Сейдімбек пен Т.Әбдік екеуі көрермендерге күй тартып берді де, кезек Д.Исабековке келгенде «мен күй тарта алмаймын, одан да анекдот айтайын» деп, достары жайлы қалжың сөзге кезек бергені. Бәріміз де желпініп, өте көңілді тарқасқан едік.
Осы кештердің барлығына да қатысып жүріп байқағанымыз – Т.Әбдік туралы өте аз айтылатыны. Неге? Біздіңше, бұл Төкеңнің жарнамаға, өзін-өзі насихаттауға аса құлықсыз болғандығынан шығар.
Қаламгердің шын биігі мен қабілет-қарымы өз уақытында бүкпесіз айтылмай болмайды. Мықты шығарма бәрібір өзін-өзі ақтап шыға алады, әрине! Біз адалдық үшін айтып отырмыз. Айталық, Д.Исабеков екі-үш повесімен-ақ әлемдік әдебиеттен өз орнын таба алатын болса, Т.Әбдіктің «Оң қол», «Парасат майданы» және «Тұғыр мен ғұмыр» деген шығармалары қандай мадаққа да лайық. Бірақ, соны айта алмай, жеріне жеткізе мақтай алмай келе жатқанымыз да жасырын емес.
Біраз жылдар бойы Ақ үйдің ішінде қатар жүріп, күнбе-күн көріп жүріп, әзіл-қалжыңымыз жарасып жүріп, Төкеңмен емін-еркін сырласқан-ақ екенбіз. Түс ауа, кеңсенің төменгі қабатына қарай беттейтінбіз. Шәй ішу үшін дейсіз бе? Иә, солай деуге де болады. Бірақ біз үшін, Ә. Асқаров, Қ.Бораш, М.Қайыңбай, Ә.Ыбырайым үшін, ең алдымен, керегі Төкеңнің ағынан жарылып айтатын әңгімесі. Бір күні қазақ әдебиеті мен мәдениетін тілге тиек етсек, екінші күні әлемдік деңгейге бір-ақ көтеріліп кетеміз. У.Фолкнер, Э.Хемингуэй, О.Бальзак, Р.Тагор, Р.Акутагава, Л.Толстойларыңыз біз үшін түк те болмай қалады. Олардың шығармаларын көзді ашып-жұмғанша талдап тастаймыз. Әрине, Төкеңнің көмегімен…
Айтпақшы, біздің шәй үстіндегі пікір алысуымыз тек әдебиет мәселелерімен шектеле қоймайтын. Төкең кейде қоғам жайлы, адамдар жайлы да ой қозғайтын. Қай әңгімесін тыңдап отырсаң да, ол ең әуелі Адалдықты, Тазалықты, Шыншылдықты алдымызға тарта беруші еді (Шығармаларында да соны жазады ғой).
* * *
Енді бұл жазбаларымызды тізгіндеп, қысқаша ой түйіндеп көрелік. Төлен Әбдік қандай қаламгер!
Жазушының ең үлкен ерекшелігі – шығармаларын өте қарапайым жазатындығында. Сосын да ол кез келген оқырманға ұғынықты, түсінікті. Қаламгер жасанды тіркес, қиын сөйлем жасауға аса құштар емес.
Сосынғы ерекшелігі – жазушы оқиғаларды тым шиеленістіруге ұмтылмайды. Бәрі де өмірден алынған, күнделікті көріп жүрген қарапайым суреттер. Алайда, сондай қарапайым сәттердің арасынан өмірлік пәлсапа табады, ойыңа ой қосып, санаңа сілкініс жасайды.
Біз, кейінгі буын қаламгерлер, бірқатар уақытта әуелі Ә.Кекілбай мен О.Бөкейге, сосын Д.Исабековке, тіпті Т.Нұрмағанбетовке де еліктеп әңгіме-хикаяттар жазған кездеріміз болған. Оны ашық айта аламыз. Бір қызығы, біз қанша талпынсақ та, зор ынталы әрі ықыласты болсақ та, Төлен ағаға еліктей алмаппыз. Неге? Соның құпиясын әлі күнге дейін түсінбей келе жатқанымыз тағы да рас.
Төлен Әбдік қандай азамат?
Ол кісі, бір сөзбен айтқанда, өтірікке жоқ, тазалыққа құштар, кісіге қайырымы мол кең жүректі азамат. Бұдан артық айтып та керек емес.
Қысқасы, Т.Әбдік өз дәуірінің үлкен Азаматы әрі шыншыл жазушыларының бірі.
Оның көркем туындылары жайлы кең толғап жазылар еңбектер әлі өз кезегін күтіп жатыр.
Біз ондай мақала-зерттеулер жазыларына бек сенеміз! Өйткені, Төлен Әбдік жетпіске жетсе де адалдық алаңында ат ойнатып жүрген қарымды қаламгер!
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ,
драматург-жазушы.