20 Қыркүйек, 2012

Ақсұңқар азамат

712 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Ақсұңқар азамат

Бейсенбі, 20 қыркүйек 2012 7:35

Айбынды Алаш елінің айтулы перзенттерінің бірі де бірегейі Әди Шәріпов өзінің білікті-білімді, жо­ға­ры мәдениетті, парасатты ұста­зы, профессор Шарафий Есмұхам­бет­ұлы Әлжанов (1901-1937) туралы ой-толғанысында: «Әрбір ұлы ойшылды шын мәнінен танып бі­лу, дұрыс түсініп қабылдау бел­гілі бір мезгіл-мезгілдің ғана емес, бай­тақ уақыттың, бәлкім, тіпті ға­сырдың үрдісі. Өйткені, ең әділ сарапшы да, әділ төреші де – һә­ман­да уақыт. Соңғы сөзін айтуға асық­пай­тын, қатал да әділқазы – уақыт ке­зі келгенде әркімді, әр­нәрсені тиіс­ті өз орнына қояры дау­сыз», – деп жазады.

Бейсенбі, 20 қыркүйек 2012 7:35

Айбынды Алаш елінің айтулы перзенттерінің бірі де бірегейі Әди Шәріпов өзінің білікті-білімді, жо­ға­ры мәдениетті, парасатты ұста­зы, профессор Шарафий Есмұхам­бет­ұлы Әлжанов (1901-1937) туралы ой-толғанысында: «Әрбір ұлы ойшылды шын мәнінен танып бі­лу, дұрыс түсініп қабылдау бел­гілі бір мезгіл-мезгілдің ғана емес, бай­тақ уақыттың, бәлкім, тіпті ға­сырдың үрдісі. Өйткені, ең әділ сарапшы да, әділ төреші де – һә­ман­да уақыт. Соңғы сөзін айтуға асық­пай­тын, қатал да әділқазы – уақыт ке­зі келгенде әркімді, әр­нәрсені тиіс­ті өз орнына қояры дау­сыз», – деп жазады. Тұ­тас бір тарихи дәу­ір­дің шынайы куә­герінің ой-тұ­жырымы осындай. Әдағаң өзінің атақты озық ойлы за­ман­дас­та­ры­ның қатарында нардың жү­гін ар­қа­лап, білімдінің сөзін сөй­леп, әділ­діктің туын асқақтата жел­бі­ретіп, кісіліктің, зер­делі­лік­тің жөн-жобасын көрсетіп, обал, сауап, борыш, иман дейтін киелі ұғым­­­дар­ды Темірқазық жұлды­зын­­­­дай шам­шырақ етіп ұстанған жан еді. Ол ағаға ізетті, ініге ілтипатты ақсұң­қар азамат, сом, кесек жаратылған тегеурінді тұлға, ел-жұртына ересен еңбегі сіңген, өрендігімен, жетелілігімен өрге сүй­реген, заманымен аяғын тең басқан, қайрат­ты, Аталықтай ар­дақ­ты, арыстандай атақты ар­да­гер-тін.

«Қыран бүркіт асырар ердің даң­­қын, қыран жігіт асырар елдің даңқын», дегендей, оның ар алдында биік берекелі, дархан, рухани болмысы қандай бағаға да лайық-ты. Халық перзентінің шы­ғар­ма­шылық еңбегі, елшілдік, мем­ле­кетшілдік істері, Ұлы Отан соғы­сы тұсындағы партизандық жо­рық­тары, педагогтік қызметі, ғы­лымның ірі ұйымдас­тырушысы екен­дігі елдің зерде­сін­де, тарих­тың еншісінде.

Әди Шәріпов заманның бет қа­ратпайтын қара дауылына, тағдыр­дың сын-талқысына, тұрмыстың те­перішіне, ақыл-сананың, жігер-қай­раттың құдірет-күшімен қас­қай­ып, қарсы тұра білген нағыз қара емен еді. Ұлт санаткерінің арғы атасы Қай­ранбай қажы Тоқ­тыбайұлы ел­ді сәулелендірген, ізгі­л­ендірген ағар­­­ту­шы. Уфа қала­сын­да мед­реседе оқыған. Қажы ата 1896 жылы мед­­ресе салдырған, интернат ұйым­­­дас­тыр­ған. Профессор Санжар Асфендияров Қайранбай қа­жы­ның ағарту­шы­лық еңбегін 1933 жылы «Большевик Казахстана» жур­на­лында жарық көр­ген ма­қа­ласында ерекше ілти­пат­пен ата­ған. 1913 жылы медресе орта мектепке ай­налған.

Қайранбай қажы Өскемен уезі­нің указной молдасы болған. 1913-1914 жылдарда Қайранбай қажы ұлдары Шәріп пен Дәуітті ертіп, Меккеге қажылыққа аттанады. Осы сапарда Омбыға ат басын ті­реп, Әлихан Бөкейхановтың үйін­де қо­нақта болады. Жолда ұлы Дәуіт дү­ниеден озады. Қай­тар жолында Қай­ранбай қажы Пен­за қа­ласында көз жұмады. Шә­ріптің сүйегі Мекке то­пы­рағына тапсырылады. Әди Шә­ріпов КСРО Жо­ғар­ғы Кеңесінің депутаты, Ұлттар ке­ңесі төрағасының орын­басары бол­ған уақтысында делегация бас­қарып, Сауд Арабиясына бар­ға­нында Орталық мешіттегі әке­сінің қабірін тауып, тағзым еткенін айтып отырушы еді.

Әди аға 1926 жылы Дарственка қыстағында, 1927 жылы Құмаш се­­лосында орыс мектебінде оқы­ған. Үй қожайыны Алексеевтің аты мен екі бұзаулы сиырын бақ­қан. Ол өте-мөте сыпайы, кең пей­ілді, жайдары жан болыпты.

1928-1929 жылдарда мал бақ­қан. Шынашақтай шағында шыр­мауық­ша шырмаған шырғалаң­дар­ды, қай­шылықтарды бастан ке­шір­ді. Ашар­шылықты, кәмпес­кені, қы­­надай қы­рылған жандарды көр­ді. Озық ойлы оғылан 1929 жылы Өскемен шаһа­ры­ның базарынан Ахмет Байтұр­сын­ұлының «Әде­биет танытқы­шын», Мұхтар Әуе­зовтің «Қилы заманын» және Ғұ­мар Қараштың «Бала тұлпар» (Уфа, 1911) шығармасын сатып алып, бұларды тәуелсіз ел болған заманға бүп-бүтін сақтап жет­кіз­гені қандай жүрек жұтқандық де­сеңізші! 1932 жылы Семей педагогика техникумының дайын­дық бө­лімінде тарланбоз тарихшы Ермұ­хан Бекмахановпен бірге оқы­ған.

Бұл орайда: «Мен сауатымды ашқан жас балауса кезімнен қазақ ауыз әдебиетінен батырлар жырын, ғашықтық жырларды, ертегі мен өтірік өлеңдерді, Ахмет Бай­тұр­сы­нов, Мағжан Жұмабаев, Жү­сіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бей­імбет Майлин, Сә­бит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, басқа да қалам­гер­лері­мізбен қатар Пуш­кин­нің, Лермон­товтың, Крыловтың шы­ғар­ма­ла­рын оқып өстім. Абай, Ыбырай, Сұлтанмахмұт жырларын жаттап айтатынымыз өз алдына. Мені ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әде­биеті бөліміне түсуге жетектеп әкел­ген төл әдебиетіміздің ықпалы бол­ғаны сөзсіз», – дегенінде телегей сыр, шынайы кемелдік, өткір түсі­ну­шілік бар.

Адамның жолын арман кең­ейтіп көркейтеді ғой. Сонымен мақсаткер жалынды жас 1932 жылы ҚазПИ-дің студенті атанып, оған Сәкен Сей­фуллин, Мұхтар Әуезов, Санжар Асфендияров, Құ­дайберген Жұба­нов, Шарафи Әл­жа­­нов, Молдағали Жолдыбаев, Ілияс Қабылов, М.С.Силь­­ченко, Н.С.Смирнова, А.Х.Лен­чевский дә­ріс жүргізеді. Әйгілі оқымысты-педа­гог­тардың тәлім-тағылымын, даналық мәйектерін, әдеп мәде­ниетін, рух, сезім, тіл, қиял бай­лығын болмысына ұялатады. Оның қақ-соқпен шаруасы жоқ. Рухани жетілу, елге қыз­мет ету, әділдікті, туралықты ту етіп ұстау, «біреудің сөзін біреуге айтпау» – жас береннің өмірлік қағи­дасы еді.

Академик-жазушы Сәбит Мұ­қа­нов­тың: «Оны отызыншы жыл­дар­дың бас кезінде Алматыдағы Қазақ педагогика институтының аудиторияларында өтетін әдебиет­тік жиналыстарда көретінбіз, сонда ол алғашқы курстардың сту­дентімін демей әде­биеттің талас мәселелеріне пікір айтатын және пікірлерінің түтіні дұ­рыс ұша­тын», – дегені айғақ.

Бірде Қазақстан Жазушылар ода­ғының тұңғыш төрағасы Ілияс Жансүгіров ҚазПИ-дің студенті Әди Шәріповты шақырып, Жазушылар ұйымының көмекші хатшысы етіп тағайындайды. Әдекең әрі оқып, әрі кешкі рабфакта сабақ жүргізетін-ді.

Орта қандай десеңізші! Ұлы­лық пен сұлулықтың мектебі. Қа­зақтың қасиетті сөз өнерінің майталмандары Сәкен, Бейімбет, Мә­життерді кө­ріп, жақсылардың сө­зін тыңдау бейне бір салтанатты мәслихаттың өзі ғой.

Әди Шәріпұлы мемуарлық жаз­­баларында замана шамшы­рақ­тары­ның ұстаздық тұлғасы, адам­шылық болмысы, шешен­дікпен, шебер­лік­пен ой толғауы, сөйлеу мәдениеті хақында қызықтырып ой бөліседі, әсер-түйіндеріне, топ­шылау-тұжы­рым­дарына, сыр-сұх­баттарына ор­тақ­­тастырады.

Ұлттық әдебиеттану, фольклортану ғылымы тарихында ересен ой-пікірлер қалдырған Сәкен Сей­фул­линнің ұстаздық шеберлігі, ке­мел­дігі жөнінде былайша тол­ғайды: «Сәкен қазақ әдебиеті тарихынан, фольклордан лекция оқыды. Ол кісі қазақ әдебиеті тарихынан өте мол бі­летін, лекцияны оқығанда қолында бір жапырақ та қағаз болмайтын. Ау­диторияға кіре берісте үстіндегі сырт киімін шешіп, шегеге іледі, басындағы қалпағын столға қояды да сөйлеп кетеді. Ақындардың көп­теген шы­ғармаларын ол кісі жатқа айтатын еді. Оларды талдағанда мү­дірмей, түсінікті етіп айтып беретін. Сәкен ағаның әдебиет тарихындағы ақын біткеннің бәрі-бәрінің шы­ғар­ма­ларын есіне сақтап, ұмытпай жат­қа айтқанына біз шын таң­данатын едік. Сәкеннің лекциясы болады деген күні бірде-бір студент са­бақ­қа кешікпейтін. Бар ынтасын сала Сәкен ағаның лекциясын тың­дай­тын». Себебі, Сәкен Сейфуллин лекциясы – студенттің ойлау, қа­былдау, қиялдау, зейін аудару, ба­қылау, еске сақтау қыз­метін, та­нымдық қызы­ғушы­лық­тарын ту­ды­рып, дамытады. Және де оқу материалының түсі­нік­тілігі, рухани құндылықтардың, эт­но­мәдени ерекшеліктердің жарқын көрініс табуы бар.

– Сол жылдарда, – дейтін еді әң­­­гі­мешіл Әдекең, – Сәкен де, Бей­імбет те, Ілияс та студенттер жаса­ған баяндаманы, сөйлеген сө­зін ықы­ластарын қоя тыңдайтын еді.

Тумысынан бейнетқор, отты, із­де­німпаз, алға басымпаз Әди аға әр күнін мағыналы өткізуге, әр ісін тия­нақты аяқтауға машықтанған. Бұ­ған өзінің ұстазы, атақты бі­лім­паз Құдайберген Жұбанов­тың: «Әди, сен лекцияны өте ұқыпты жазып ала­ды екенсің. Оқулық жоқ болған­дықтан мұға­лімнің айт­қа­ны­ның бәрін жазып алу ыжда­һат­тылыққа жатады», – дегені дәлел. Лекцияның түйінді тұстарын жазып отыру, қағаз бен қаламды пайдалану – еске сақ­таудың, білімді байытудың басты тәсілі. «Мен басқа ұстаздардың да сабақтарын мұқият жазып алуға дағ­ды­лан­дым», – дейді. Оқу ми­нис­трі лауазымын атқарғанда мә­жілісте я бол­маса күнделікті кеңсе қызме­тін­де айтылған қадау-қадау ой-пікір­лерді жалықпай жазып отыр­ған.

1937 жылы ҚазПИ-дің студенті Әди Шәріпов Семей мен Өскемен қа­лаларына, аудандарына барып, бір­неше таңдаулы шәкірттерді оқу­ға әкеледі. Олардың ішінде өнер қай­рат­кері Ораз Әбішов пен Ісләм Мұ­хамбетовты айтуға болады.

ҚазПИ-дің тіл және әдебиет фа­­культетінің комсомол жиналысында Әди Шәріпов халық жауларымен жең ұшынан жалғасқан, әкесі қажы болған, әкесінің інісі Садық және Фазыл Қайранбаевтар Кеңес өкі­ме­ті­не қастандық жаса­ғаны үшін әш­ке­реленген деген өтірік желеумен комсомолдан шы­ғарылады.

Әди Шәріповке қажының баласы дейтін айып тағылып, комсомол билетінен айырылып, етінің тірілі­гінің арқасында ғана Түркі­менс­тан­ның Красноводск қала­сын­дағы педтехникумда оқу ісінің меңгерушісі және қазақ тілі мен әдебиетінің мұ­ғалімі міндеттерін абыроймен ат­қар­ды. Ортасында бе­делді, сыйлы ұстаз атанып, Түр­кімен ССР Оқу-ағарту комис­са­риа­тының шешімімен сый­ақы бе­рі­ліп, алғысы жарияланады. 1938 жылдың жазында Алматыға оралып, комсомол билетін қай­тарып алып, қалалық жастар коми­те­тінің ұйғарымымен өзі оқыған Қаз­ПИ-дің IV курсына қабыл­данады. 1938-1940 жылдарда Алматы об­лы­сының Қаскелен қала­сын­­да­ғы қазақ орта мекте­бінде мұға­лім­дікке жіберіледі… 1940 жыл­­дың ақпанынан әскер қа­та­рын­да.

Ұлы Отан соғысынан оралған соң, яғни 1944 жылы Оқу комис­сариатының орынбасары, кейін­нен Оқу министрі лауазымын ат­қар­ған жыл­дарында небір қай­шы­л­ық­тар­дың тұтқынында, ұс­тара­ның жүзін­де, иненің ұшында жү­ріп ұлт ме­рейі, ел мұраты жолында жан­қияр­лықпен қызмет жасайды.

Өкініштісі сол, заман идеологиясына қарай, сол жылдары «Еді­ге», «Ер Сайын», «Қарасай-Қази», «Орақ-­Мамай», «Наурыз­бай-Қан­ша­й­ым», «Шора» жырлары, Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай, Күдері, Дос­қожа, Шәңгерей, Ақмолла, Нұр­жан, Ғұмар, Мәшһүр Жүсіп мұрасы, «Қы­рық өтірік», «Сыншы бала», «Алып туралы ер­тегі» дей­тін ха­лықтық шы­ғар­ма­лар, «Бір­жан-Сара» айтысы ман­сұқ­талды. Қорқытата, Асан қай­ғы аяусыз әш­кереленді. Ұлт қаһармандары Абылай хан, Кенесары-Наурызбай тарих бетінен өшірілді, теріске шы­ға­рылды.

Мұның барлығы 1947 жылғы Қазақстан Орталық партия коми­теті­нің «Қазақ ССР Ғылым акаде­мия­сы­ның Тіл және әдебиет инс­ти­туты­ның жұмысындағы өрескел саяси қателіктер жөніндегі» қаулы мен 1950 жылдың желтоқсанында «Прав­да» газетінде жарияланған «Қазақ­стан тарихын маркстік-ле­ниндік ба­ғытта игеру үшін» дей­тін сорақы қаулы жарияланып қазақ зиялыларын есеңгіретті. Тағ­дыр тәлкегіне ұшыратты. Әйгілі оқы­мыс­тылар Ер­мұқан Бекмаханов, Қажым Жұ­ма­лиев, Есма­ғам­бет Ыс­майылов, Қай­ым Мұха­мет­ха­нов 25 жылға бас еркінен айырылды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуе­зов, Ахмет Жұбанов сын­ды дара­боз­дардың қанаты қайы­рыл­ды. Осы­нау сойқанды жылдарда ар-на­мыстан жаралған Әди Шәріпов «нар тәу­е­кел» деп тас жұтып, Сәбит Мұ­қанов, Жұмабек Тәше­нов, Ілияс Ома­­ров, Әбдіхамит Сем­­баев, Әб­діл­да Тәжібаев, Қай­некей Жарма­ғам­бетов, Шайхы Кәрібаев, Сырбай Мәу­ленов тә­різді қайрат­кер­лермен тізе қоса отырып, нақты қаһар­ман­дық қи­мылдар жасайды. Ұлттық игі­ліктерді сақтап қалуға жан бе­рісіп, жан алысады. Тасбауыр пәле­қорлардың тайталасынан сескен­бей­ді.

1952 жылдың 5 қарашасында «Қа­зақстан мұғалімі» газеті өмірге жолдама алады. 1958 жылы «Қа­зақ тілі мен әдебиеті» журналы және «Орыс тілі мен әдебиеті» қо­сым­шасы шығады. Тегінде мұның қоз­ғаушысы, себепкері Әди аға болатын. Әлбетте, бұны ұшан-теңіз ең­бегінің бір ұшқыны деуге болады.

Қазақ тіліндегі газет-журнал­дар­ды орыс тілінен аударма ету мә­се­лесі – Қазақстанның сәулет, мә­де­ниет майданындағы келеңсіз кө­рі­ніс­тің, текетірестің, қазақ ті­ліне ба­ғытталған қастандықтың ша­­расы болғаны аян. Әділдікті жақтайтын, ұлт мәдениетін бар болмысымен қол­дайтын Әди аға Сәбит Мұ­қа­нов­тың, Әбділда Тәжі­баевтің, Жұма­бек Тәшеновтің, Сыр­бай Мәуленов­тің қазақ ті­лі­нің жалынды қол­дау­шысы бол­ға­нын бажайлап түсін­ді­ретін-ді. Сон­­да, тұтқиылдан Жұма­бек Тә­шеновтің: «Қазақ газет-журналы орыс тілі­нен аударылғаны ме­нің ана тілім­нің қолқасына қанжар сұққандық! Қазақ халқы қаншама өмір сүрсе, оның газеттері мен журналдары соншама өмір сү­ре­ді!» – деп дүр сілкіндіргенін ын­ты­­зар­лық­пен ай­татын-ды. Және де: «Жұмабек Тә­шенов – парасаты мол, ойы те­рең де алғыр адам-ды. Өз халқының мә­дениетіне, оның үлкен-кіші қай­рат­керлеріне бар адал, ақ кө­ңілі­мен жаны ашитын, туған хал­қы­ның қамын жейтін ер мінезді азамат-ты. Өте бі­лімді, қазақ, орыс тілінде бірдей шешен сөйлейтін, өз пікірін қайда, қа­шан болсын ашық айтатын батыл қай­раткер еді. Оның кең маң­дай­лы, жалт-жұлт еткен қыран көзді шымыр тұлғасы, нағыз ерге біткен, жігіт болсаң – осындай бол деп шын сүйсінетін келісті жаратылыс еді», – деген Әди Шәрі­повтің си­пат­та­масынан қайрат­кердің ұлт тари­хын­дағы ұлы еңбегін елестетуге болады.

Әди Шәріповтің қайраткерлік, санаткерлік, қаһармандық қырла­ры­нан басқа, суреткерлік өнер­на­масы да өзгеше. Ол туындатқан «Партизан қызы» (1961), «Орман­дағы от» (1968), «Тон» (1969), «Қа­пастағы жұл­дыздар» (1973) дей­тін шығар­ма­лары Ұлы Отан соғысы тұсындағы партизан­дар­дың ерлік кү­ресінің энциклопе­дия­сы.

Әскери мемуарист Әди Шә­рі­пов «Партизан қызы» атты романында Жылбек және Жамал Ақәді­лов­тар­дың, командир Тимофей Михайлович Коротченко, отряд комиссары Петр Васильевич Лебедевтің, Тамара Подгурская­ның, Мәжит Мұ­қа­нов­тың, Пав­ликтің, Батырханның, Иван Михайлович Емельяновтың бар­лау­шылық жұмысындағы айла­кер­лік, тапқырлық, ептілік, жүрек­ті­лік, ше­шімпаздық іс-әрекеттері, рухани болмысы, соғыс шындығы көр­кемдік шеберлікпен суреттеледі.

Әди Шәріповтің өзі қиян-кескі шайқастарға қатынасып, жау қор­шау­ында қамалып, Кеңес Ар­мия­сы­ командованиесінің ұй­ға­ры­мы­мен партизан жасақтарын ұйым­­дас­тырып, жиырма жеті ай бойы осынау атақты барлау­шы­лардың жуан ор­тасында оттай лаулап, аңызға лайық ерліктер көр­сеткен. «Әди Шә­ріповті ұстап бергенге 50 мың неміс маркасын және по­мещиктің же­рімен қоса үй-жайын қоса бере­міз», дейтін лис­товка таратылған. Сол себепті «Партизан қызы» романы нағыз алапат соғыстың шарайнасы. Көз көр­геннің шығармасына жү­гінсек, азан-қазан күңіренген орман іші, «тобықтай болып үзіліп түскен бомбалар», «шағаладай ұшып-тү­сіп жатқан төрт бұрышты ақ қа­ғаздар», ысқыра ұшқан, гүрс-гүрс жарылған снарядтар, автомат пен пулемет оқтарының ысыл­даған отты іздері, жер қыртысын ойдым-ойдым, шұ­рық-шұрық қазан­шұң­қыр еткен зиян­кестік әрекеттер, көрінде өкір­гір жалмауыздар. Жан түршігерлік үрейлі көріністер.

Кіші лейтенант Жылбек Ақә­ді­лов бастаған партизандар темір жол­ға мина қою, сөйтіп, паровозды өртеуі немесе жаудың авто­база­сын­дағы 60 машинаның күлін көкке ұшы­ру тәрізді істері көңіл сүй­сін­діреді.

Профессор Темірғали Нұрта­зин Әди Шәріповтің «Партизан қызы» атты «өмір материалы ұлан-байтақ» деректі шығар­ма­сы­ның «жалынды патриоттық», обыр, жеміт, құзғын­дарға деген «от екпінді өшпенділік» сыр-си­пат­тары турасында ой са­бақ­тап, туындыда «партизан­дардың тап­қырлығы, айлакерлігі, көре­ген­дігі, сақтығы, ұйымдастырғыштығы, көз­ді ашып жұмғандай шапшаң қи­мыл жасай білетін жауынгер оң­тай­лығы – соның бәрінде жаудан асып түсіп отыратын келісімді сурет табады» деп әділ көрсетеді.

Жазушы Әди Шәріпов қаһарлы жаудың еселеген шабуылына тойтарыс берген, тәсілқойлық таныт­қан, олардың арасындағы жағ­даят­тарды, мағлұматтарды ақылды, сабырлы, сенімді байланысшы ар­қылы алып отырған, «жіптің түйінін таба алмайтындай» шым-шытырық күйге түсірген, бүлдір­гіштік әрекеттерге майталман пар­тизандардың ересен ерлік қимыл­дарын шыншылдықпен сипат­таған. «Партизан қызы» романында тарихилық та, деректілік те, көркемдік әсерлілік те бар. Ро­ман­ның аяғында командир Тимофей Ми­хайлович Коротченконың қар төсеніп, мұз жастанған бейнетті дамылсыз жылдардағы өмір, тір­шілік оқиғаларын іштей екшеп-елеп, өзін қартайған еменмен салыстырады. Оның тәкаппар бей­несі, қорған-па­на, нәр-қорек бол­ғаны, «азаттық жолы әрдайым қым­­батқа түсетіні», «адам өмір үшін, азаттық үшін жа­ратылғаны» тәрізді ой-толғамдар шыр­мап алды.

Осы шақта партизандардың бір­сыпырасы ағаштың саясында дем алып, бір тобы ағаштан мосы жасап бірдеңелерді қайнатып, бі­разы әң­гіме дүкенін қыздырып, ал Жамал, Маяны ұстаған Тамара, Пав­лик, Мәжит, Батырхан да өзін­ше дуылдасып отырған-ды. Бә­рі де Маяның тіліне, қылығына қы­зығады. Тимофей Михайлович төс қалтасынан бір түйір қантты алып, қазақшалап Маяға ұсынады. Ол:

– Менің қызым боласың ба? – деді.

– Боламын…

Сәби баршасының қызымын деп есептейді. Әсіресе: «Мен – партизан қызымын!» – деп сәбилік мақта­ныш­пен айтты. Бұл уыз лебіз – пар­тизандардың таңға­жа­й­ып есепсіз ер­лік-қаһармандық қи­мылдарына шынайы куәліктей.

Әди Шәріповтің «Партизан қы­­зы» романының көркемдік құ­ры­лы­мында монолог, диалог, портрет жасау, пейзаж, кейіпкерлердің психо­ло­гиялық көңіл-күйлері, ой-тебі­реніс­тері оқырманды толқы­тып әсер­лен­діреді: «Сен, Мая дүниеге жаңа ғана шыр етіп келген сәбисің. Көзіңді ашпай жатып орман кезіп, лаулаған оттың, өмір мен өлімнің ортасында жүрсің. Бірақ сен ғой, төңірегіңде не болып жатқанын білмейсің. Дүние­нің астан-кестен болып жатқанын қайдан білейін деп едің? Сен кейде маған, осы партизандардың туындай желбіреп көрінесің. Өйт­ке­ні, сен біздің келешегімізсің, біз сенің, сендей күнәсіз жас сәби­лер­дің бақыты үшін күресіп жүрміз. Біз жеңсек, сен тыныштық, тәтті өмірде өсерсің».

Полковник Коротченконың: «Пар­­­­тизанның панасы – орман, серігі – түн!» деген нақылы бар. Орман тұнып тұрған сыр, мың құ­бы­лысты, алуан-алуан әуез сый­дырған әлем. Партизан-жазушы: «Ор­ман жым-жырт, сұлап жатқан өліктей үнсіз. Сыртын қалың шаң басқан ақ қайыңдар әлденені аза­лағандай ді­рілдейді. Тек тамырымен қопары­лып, омырыла құлаған немесе морт үзіліп, айқыш-ұйқыш сұлаған те­рек­тердің жапырақтары өзін-өзі өлім­ге қимағандай кешкі соқ­қан самал желмен дірдек қа­ға­ды. Олардың сыбдыры біртүрлі аянышты дыбыс шы­ғар­ғандай. Тоқ­тау­сыз гүрс-гүрс жарыл­ған бомбадан жер қыр­тысы қорасан шық­қандай шұрық-шұрық болыпты», – деп, кәміл сөйлетеді.

Асылы, «Партизан қызы» романы тарихилық, шежірелік, көр­кем­дік сипаттарымен ерекше­ле­неді. Бұл шығарма – қазақ әскери прозасының көркем үлгісі деуге әбден лайық.

Жазушының «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар» шығарма­лары «Партизан қызы» туындысымен рухтас, тамырлас. Бұл шы­ғар­маларда да партизандардың барлау жұмысындағы ерен тапқыр­лықтары баяндалады. Мысалы, гес­тапо бас­тығы Ранкенаудың үсте­ліне, дива­ны­на, темір пешіне мина қоюы. Я болмаса, парти­зан­дардың орталық штабының дербес бұй­рығын жет­кі­зуге капитан Ши­лин­нің жасырын алаңға парашютпен түсірілуі және онымен Пуш­киннің шумақтары ар­қылы қарсы алынуы. Сонымен қа­тар, батыл бар­лаушылар Жамал мен Тама­ра­ның тапсырманы тап-тұй­нақтай орындауы. Гестапо бастығы генерал Рихтердің аспазшысы, бар­лау­шы­лардың жәрдемшісі Лидия Андреевна Герасимовнаның Рославль аэ­ро­дромының картасын қол­ға түсіруі, сондай-ақ, Алтай Сы­рым­бетовтің, Әбдіғали Төлегеновтің, Володья Ольховтың көзсіз ер­лік­тері әсерлі бейнеленеді.

Бұл шығармаларда жаудың жырт­­қыштық, айуандық әрекет­тері мейлінше терең бедерленеді.

«Сахара қызы» романында ХІХ ғасыр қазақ қоғамының саяси-әлеу­меттік жағдайы, әдет-ғұрып­тары, жөн-жосықтары, ойын-сау­ық­тары, орыс шаруаларының қо­ныстануы, Лепсі, Сарқан, Ақсу өзендерінің бо­й­ында казак стани­цасының салынуы, Бөлен, Мыр­зағара, Әли сұл­тандардың Ойжайлауда бас қосуы, Ресей шекара бөлімінің бастығы генерал-майор, кавалер Вишневский­дің қатына­суы­мен Ұлы жүз рула­ры­ның Ресейге қосылуы, оларға алтын медаль үлестірілуі, Әли сұлтанға под­­полковник әскери атақ берілуі, Сарыбай сері мен оның келіншегі Күнікейдің өнері мен өнегесі, Қыс­­қаш болысы – Мырзағарұлы Сау­­­рық­тың болыс сайлануы, Үния­­ның дүниеге келуі, Терлік­байдың кенжесінің тойында көк­пар­шы­лар сайысында Сарыбай се­рінің мерт болуы және оны қызы уыздай Үнияның жоқ­тауы, Бай­ділдә, Асанбай, Игембай стар­ши­на­лар­дың бейнесі шынайы сипатталады.

Өнерлі, тумысынан әдепті жез көмей әнші Үнияны болыс Саурық Мырзағарұлы інісі Қабділдаға айттырып қосады. Қабділда «парасатты, жібек мінезді, салмақты, ақыл­ды жігіт еді». Ол жігіт шағында қайтыс болып, Үния сұлу жесір қалады. Үния сұлуды «ұрт мінез», «кәрі азбан» Байділда әмеңгерлік жолымен алмақшы болады. Онан соң үш әйелі бар Саурықтың өзі қызығады. Бірақ, Үния Қабділда шаңырағының түтінін өшірмеймін деп, олардың қоқан-лоққысына, зор­­лығына көнбейді. «Өмірінде күйеу алмайтындай етіп, денесіне таңба басыңдар. Содан кейін көріп аламыз», – деп Саурық бо­лыс кө­киді. Романда бұл жауыз­дық әре­кеттің өршуі, былайша өр­нек­те­ле­ді: «Бай­ділданың қолында бас жа­ғын отқа қып-қызыл ғып қыз­дырған құ­лаш­тай темір таяқ. Асанбай мен Игембай сөзге кел­тірмей Үнияны бас салып, теке­мет­тің үс­тіне алып соқ­ты… Байділда Үния­ның тәніне үш дүркін ыстық темір­мен таңба бас­ты».

1899 жылы 9 қазанда Лепсі қа­ласында көгершіндей сүйкімді, таза жаратылыс иесі Үния Қабыл­дина­ның Саурық, Байділда, Игембай, Асам­байларға қатысты ша­ғым арызы бойынша болған сот мәжілісі ерекше назар аударады. Себебі, бұл қасіретті оқиға – сол замандағы қо­ғамның әлеуметтік әділетсіздігіне қар­сы атылған оқ.

Әди Шәріпов М.О.Әуезов атын­­дағы Әдебиет және өнер институтына 1970-1979 жылдарда бас­шылық жасап, ғылым доктор­ла­ры­ның санын 19-ға, ал ғылым канди­дат­та­ры­ның санын 48-ге жеткізген еді. Ұжымның ынтымақ-берекесін ық­тият­тап, тастүйін ғып ұстады. Әрі турашыл, әрі ақкөңіл, әрі жанашыр еді. «Ақ бидайдың ұны ақ түйенің шабысына піседі», дегендей, өзгенің жетістіктеріне, жақ­сы­лықтарына қуа­нып отырушы еді. Саңқылдап сөй­леп, қанат­тан­дырып, жан-жа­ғы­на мырзалықпен нұр шашып жү­ре­тіні әлі есімде.

Әди ағаның өмірі тұнған ше­жі­ре, тұтас бір тарих, өзгеше тағ­ли­мат мектебі, қазақтың байырғы көр­кем­дік дүниетанымында «Шір­кін-ай, екі көзді екен», дейтін тіркес бар. Яғ­ни, ақыл мен ғылым иесін айтқаны (Мәшһүр Жүсіп­тен). Сүйегінің асыл­дығынан, рух, көңіл, сыр бай­лығынан шығар, ол кісіде жазу­шы­лық, ұйымдас­тыру­шылық, ұстаз­дық, ғұламалылық зерде, көсемдік, кі­сілік қасиеттер мол болатын. Жұ­мыс істеу қа­бі­леті де жоғары. Сұң­қар табиғатты сар­баздың жарқын бейнесін, бей­нелі істерін толға­ныс­пен сипаттау келешектің еншісінде деп ойлаймын.

Серік НЕГИМОВ,

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.