Топжарған
Бейсенбі, 27 қыркүйек 2012 7:07
Шерхан Мұртаза – 80
«Тәңірден басқа сұрамай, ұл сұраған ұрпақжанды халықпыз ғой. Жасында ерініміз тұщып сүйгеніміздің, есейгенде ел қатарынан көргеніміздің өзіне мәз боламыз. Ал енді көптен озып, көш бастап, жұртты тоқтатып, сөз бастап жататын сүлейлеріміздің жолында құрбан болып кетуге пейілміз. Әрбір тұщымды ісін, тұтымды сөзін естіген сайын төбеміз көкке бір-ақ елі жетпей қалып отырады. «Құдайдан азаматты неге сұрайды дейсің!» деп, қаралай айналып-толғанып бітесің.
Бейсенбі, 27 қыркүйек 2012 7:07
Шерхан Мұртаза – 80
«Тәңірден басқа сұрамай, ұл сұраған ұрпақжанды халықпыз ғой. Жасында ерініміз тұщып сүйгеніміздің, есейгенде ел қатарынан көргеніміздің өзіне мәз боламыз. Ал енді көптен озып, көш бастап, жұртты тоқтатып, сөз бастап жататын сүлейлеріміздің жолында құрбан болып кетуге пейілміз. Әрбір тұщымды ісін, тұтымды сөзін естіген сайын төбеміз көкке бір-ақ елі жетпей қалып отырады. «Құдайдан азаматты неге сұрайды дейсің!» деп, қаралай айналып-толғанып бітесің.
Жаратқан Ие де жоралы жұртымыздың осы бір пейілін ұдайы елеп-ескеріп келе жатқандай. Сараң тағдыр мен сарабдал тарих өткелегінің қай-қайсысының тұсында да аз болғанымен бар екеніне, дара туғанымен нар екендігіне күніне мың шүкірлік айтқызатындай алғадай азаматтардан құралақан қалдырып көрмепті.
Қазіргі қазақ қауымының тап сондай маңдайына ұстап, заманымызға тап келген дулығалы нарымызға балап, жолына қоғадай жапырылып, қошемет көрсетіп жүрген бірегей тұлғасы – Шерағаң, кәдімгі Шерхан Мұртаза екендігі даусыз».
Бұл айтқаным осыдан аттай он жыл бұрын Астананың айлапат Конгресс-холының сахнасынан дүйім жұрттың алдында тебірене төгілген жан сырым еді. Сонда үлкен залдан орын тимей, иін тіресе жиналған қара орман халық орындарынан атып-атып тұрып, дүркірете қол соққан-ды. Ондағы сөзім де мақала күйінде осы «Егеменге» басылып еді.
Енді бүгін бүйтіп халық пен қаламгердің біте қайнасып кетуінің заңдылығын күн сайынғы күйбең тірліктің өзінде де үзбей дәлелдеп келе жатқан айтулы ағамыз – Ардақты Ақсақалымыз – аттай сексен жасқа толып отыр.
Ол менің мұндай қой бастаған ай мүйізді ақ қошқарға сүйкенген тоқтышақтай інілік еркелігіме апшымайды ғой деп ойлаймын. Әйтпесе, ақсақал десеңіз, ұрланып келіп, ұлпа жерінен шағып алған сары шаяндай көріп, шымбайына батып, жата қалып тулап, шыбын тайып жығылатындай қутақыр иегін көрсетіп, шәт-шәлекейімізді шығаратындар да жетіп артылады. Шерағаң өйтіп, жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпастың кергіме керін келтіре қоймайтын шығар деп білемін.
Өйткені, қайран қазағымыздың Ақсақал дейтін құдайы құлдық сөзіне мына біздің ерініміз кезеріп сусағанымызға да көп болған секілді. Ел болған соң, естиярсыз бола ма?! Ақылың жетіп тұрса да алдындағылардан аспайтын ибалы халық едік. Сонымызды біліп қойған сұмпайылар сақал көрсе, сайтан көргендей, жиырылатынды шығарды. Кімді естияр деп естісек, соңына ит қосып, аластадық. Ол тұрғанда билік пен байлыққа да құлақ аспайтын, ақыл үстемдігінен біржолата безіндік. Бүгінде жер бетінде, мал шетінде жүретін азын-аулақ бейнеткерлер болмаса, ешкім иегіне бір уыс түкті жолатпайтын болды. Жасыңның қаншада екенін сездірмеу үшін қылмаңдаған қулық байталдай қутыңдайтын қырма сақал күй кештік. Қарап тұрмай, онымызды мәдениетшілдік, жаңашылдық, тіпті орысшылдық деп өбектедік. Күні кешеге дейін қауға сақал қарақшыларынан қашып-пысып, зорға күнелтіп келсек те, көріп-біліп тұрып, солай еттік.
Сол замандардан бастап, Ақсақал деген ұлы сөзден қасиет қашып, қолданыстан шыға бастады. Көргені мол, естігені көп, жинаған тәжірибесі бай адамдарды ғана Ақсақал деуші едік. Ондай адам дүниедегі көп нәрсенің парқын білер-ді. Оған біткен ақыл көп кісіге біте бермес-ті. Айтар сөзінің пәтуасы болмаса, анау-мынау можантопайларға ешкім құлдық ұрмас-ты. Сақалды сыйлау – тәжірибені, тәрбиені сыйлау еді. Ондайлардың ел ішіндегі ықпалын тәрк ету үшін ақсақалшылық өңкей кертартпашылдық саналды. Сөйтіп, ел алдында ақсақалдықтан қадір кете бастады. Олармен бірге білік, тәжірибе, көргенділік те тұлдырлана түсті.
Шерағаң сол қилы заманның нағыз талма тұсында дүниеге келді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынның» нағыз ұшынып тұрған кезі еді. Оны бесіктегі шаранаға дейін біліп жатты. Талайы ішектері шұрқырап, көз ашпай жатып, тіршілікпен қош айтысты. Отызыншы жылы туғандар – дүниедегі құрдастары ең аз адамдар. Бірен-сарандары болмаса, олардың көбін аранын ашқан аштық жалмады. Шерағаң – сол аман қалған аздардың бірі.
Ол өліп-талып енді алтыға шыққанда, қылышын қылшылдатып тағы да қырып-жою келді. Сол нәубеттен бұл шаңырақ та құр қалмады. Әкесі Мұртаза халық жауы атанып, Сібірге айдалып кете барды. Тірі жетімек жасы он бірге қарағанда, ел шетіне жау келіпті. Бір қырғыннан соң бір қырғын. Кезектесіп келді де тұрды.
Елге ақыл айтар ақсақалдар түгілі жапатайларын жапсыра киіп, малға кететін еркек кіндік қалмады. Ұлардай шулаған қатын-қалаш қалды. Көң сасыған ауылдың қысы-жазы басынан асып, бітпейтін де қоймайтын қарайған шаруасы енді солардың мойнына түсті. Арасында күні-түні зарлаған аналарына еріп, жалаң аяқ, жалаң бас астық орып, шөп тасып, отызыншы жылдардың жетімдері жүрді. Отыз жетінің нәубетінің қара сирақтары масақ теруге жарап қалды. Ал соғыстың алдында туғандар күні-түні телміріп, жұмысқа кеткен аналарын тосты.
Олардың көз ашпай жатып тыңдағандары сай-сүйегіңді сырқыратар мұң мен зар еді. Көргендері жыртық иін жетімдік болатын. Шын өмірбаян бүгінгі ересектердің көбіне тән сол сіңір созды жетімдіктен басталатын. Оны көрмей тіршілік кешіп кеткендердікі жай әншейін дәурендеу-тін.
Шерхан Мұртаза нағыз өмірбаяны бар азамат еді. Әрі өмір бойы жадынан шықпастай естеліктерге бай суреткер еді. Ол жайында орайы келгенде сөз ете жатармыз. Әзірге оның көрген-білгенін ұмытпайтын түйімді бала болғанын айтсақ та жеткілікті. Шерхан аға да бала кезінде үлкендердің қолына су құйды. Талайының: «Шырағым, ғұмырлы бол! Қатарыңның алды бол! Мен сияқты сексенге жетіп, ақ сақалды, сары тісті шал бол. Одан да өтіп, атаң Жамбылдың жасынан ас! Одан арғысын өзің біл!» – деген ағыл-тегіл алғысы мен ақ батасын алған-ды. «Әумин!» – деп бір мырс етіп, одан әрмен қарайғы қызығынан қиындығы мол қым-қиғаш шытырман жолын жалғастыра береді.
Жарықтықтардың айтқандары келді де тұрды ғой! Бүгін, міне, сексенге жетіп, абыройдың ақ шапанын жамылып, бірге өскен замандастарының шалқар дария қошеметін көріп, дүйім жұртының дүрілдей бас қосқан думанды тойының төрінде отыр.
Ол бұл күнге қалай жетті? Әрине, оңай жеткен жоқ. Жақсылыққа жетілу мен жетудің шырғалаң жолдарын көрудей-ақ көріп өсті. Алдымен өмірге құштарлық бала кезіндегі Жуалы мен Шақпақтың уыс-уыс қиыршықтары мен кесек-кесек тастарын будақ-будақ атқылаған долы желіндей көз аштырмас сергелдеңдеріне төтеп беруіне тура келді. Бейбақ анасы мен бауырларын көзтүрткі тіршіліктің қақпақылдарынан арашалап қалуға мәжбүрледі. Әке жаққан отты қайта маздатуды армандады. Еліне елеулі, халқына қалаулы болуға тырысты. Оның жолы – оқу оқып, маңдайы терлеп, еңбек ету керек екенін ұқты.
Жер түбіндегі Мәскеуге аттанды. Оқуын бітіріп, қайтып келгесін әуелі кітап баспасына жұмысқа тұрды. Одан «Лениншіл жастың» Қарағандыдағы меншікті тілшілігіне аттанды. Өмірде болып жатқан құбылыстардың астарында не бар екендігіне айрықша назар аудара алатын әлеуметтік көзқарақтылығымен, оны кеңінен қамтып, тереңіне бойлай алатын қаламгерлік қарымдылығымен жастайынан көзге түсті. Көп ұзамай өзі істеп жүрген газеттің редакторлығына Алматыға ауысты. Дәл сол жолы дәм бұйырып, баспасөзде енді-енді көріне бастаған жұқалтаң қара бала жігіт күйінде алдына барыппын.
Ол былай болған еді. 1963 жылы «Қазақ әдебиетінде» істеп жүрдім. Қарсы бетімізде «Жұлдыздың» редакциясы еді. Онда өңшең бірінен бірі өткен жастар істейтін. Бәрі де менің жолдастарым еді. Күні бойы қастарынан шықпайтынмын. Бір күні Қарағандыдан үлкен конверт келді. Ішінде конкурсқа жіберілген повесть бар екен. Аты «Табылған теңіз». Жарыса оқыдық. Шыққалы жатқан алтыншы санға жіберуге ұсынылды.
«Жұлдыздың» 1963 жылғы алтыншы саны. Ол қазақ әдебиетіндегі елеулі оқиға еді. Онда жарияланған жас ақын-жазушылардың шығармалары еліміздің көрнекті қаламгерлеріне алдын ала оқытылып алынып еді. Менің сол санда жарияланған «Дәуір мен дәстүр» деген мақаламды Ғабит Мүсірепов көрген еді. Екі күн үйіне барып, өзім оқып бергенмін-ді. О жер, бұ жерін анықтап, бір-екі сұрақ қойды да, жауабымды естіген соң бипаз даусын сағыздай созып; «Жарайды. Ұнаттым. Ұсынамын», деген. Өліп-талып «Жұлдыздың» жастарға арналған алтыншы саны да шықты-ау!
Төбеміз көкке жеткендей қуандық. Сөйтіп жүргенде бір күні «Лениншіл жастың» редакторы шақыртты. Бардым. Әбсаттар Бөлдекбаев деген бұйра шашты, аққұба өңді, әдеміше келген жігіт еді… «Кішкентайыңнан біздің газетпен аралас-құралас өсіп келесің. Мұндағылар сені өз адамындай көреді. Бізге неге жұмысқа келмейсің? Әдебиет пен өнер бөліміне меңгеруші етеміз. Жас әдебиетшілерге қамқорлық керектігі жөнінде жазып жүрсің. Өздеріңе өздерің көмектеспегенде, кімдер көмектеседі?!» – деді. Ойланып қалдым. Біраздан соң: «Жарайды. Ауылда анам бар еді. Соны көшіріп әкелейін деп, еңбек демалысына шығып едім. Содан қайтып келгесін, шығайын», – дедім.
Ауылда бір күні радиоға құлақ қойып ем, Бөлдекбаев сөйлеп тұр. Қарағанды облыстық газетіне редактор болып ауысыпты. Ішім жидіп жүре берді. Анадағы уәде қайда? Өзі айтып тұрғанында орналасып алмай, неге кейінге ысырдым?… Соны ойлап, қобалжумен болдым. Демалысымның соңына әзер жеттім.
Алматыға келіп, бұрынғы орныммен хабарлассам: «Сені «Лениншіл жастың» жаңа редакторы Шерхан Мұртазаев іздетіп жатыр. «Қашан келетін еді?» деп бір-екі рет телефон соқтырды», – деді. «Не болар екен?» – деп, іштей абыржып, «Лениншіл жастың» редакциясына келдім.
Қақ төрдегі көлдей терезенің алдына көлденең қойылған үлкен үстелдің басында қырғи көз, қиық қабақ, қара торы жігіт үн-түнсіз газет қарап отыр екен. Есіктен кіре бергенімде жалт бұрылып қарады да, орнынан тұрып, езуін жиырып, күліп амандасты. Амандық-саулығымды сұрап, үсті-басыма бір қарап қойды. Сыртымнан көптен білетінін, шығып жатқан мақалаларымды оқып жүретінін айтты. «Табылған теңізімен» бізге шыққан мақаламды да оқыды ма екен? Оқыса, қазіргі әдебиетке көзқарасыма қалай қарайды екен?» – деп ойладым ішімнен. Не ойлап отырғанымды біліп қойғандай, жұлып алғандай қылып: «Бұрынғы редакторға берген уәдеңізге беріксіз бе?» – деді. Басымды изедім. «Ендеше, жүріңіз, ұжымға таныстырайын», – деп орнынан көтерілді.
Сөйтіп, жастар газетінің сапырылысына түстім де кеттім. Бір бөлмеге бес-алты стол мінгестіріле қойылыпты. Әрқайсысының қасында бір-бір телефон. Бәрі де қазір мүйіздері қарағайдай қайраткерлер болған. Ол кездері университетті енді бітірген қылқандай жастар еді. Өздерімізге тиесілі тапсырмаларды қайда жүріп орындайтынымызды білмейміз. Әйтеуір, ауызымыз жабылмайды. Бажыр-бұжыр әңгімелеріміз бір тынбайды. Қарқ-қарқ күлетініміз тағы бар. Телефондарымыз да кезекпе-кезек безілдейді де жатады. Бұрынғы қызмет орнымдағы оқшау бөлме, оңаша үстел, келіп-кеткендермен екеуара әңгіме, ызылып-сызылысқан сыпайы қарым-қатынастар көзден бір-бір ұшты.
Ол тұстағы Жазушылар одағы бір кездердегі алыс-жұлыстардан шаршаған бұйығыңқы ұйым еді. Біраз уақыт соғыстан аман қайтқандарды қызықтап, жас әдебиетшілердің кеңесін өткізіп, майдангерлердің бір тобын мүшелікке қабылдаған еді. Бүгінде қайтадан мүлги бастаған. Анда-санда есігінен бас сұққандарға: «Сендер мұнда не бітіріп жүргендерсіңдер?» деп, әпірейе қарап қойысады. Талантты жастар үйір-үйір болып көшеде жүреді. Газеттер бір-екі өлеңнен артық баспайды. Анда-санда отыз-қырық кісінің басын қосып, топтама жинақтар шығады. Оған бір автордан оншақты өлең кіреді. Жастар оқшау шыққан ақындарды ұстап алып, сыраханаға не қымызханаға апарып, өлеңдерін оқитын.
Сондай ұйқылы-ояу халден баяғы майдангерлер қайтып келгенде бір серпіліпті. Сонда қайта ашылған «Қазақ әдебиеті» газетіне ақын Сырбай Мәуленов редактор болыпты. 1957 жылы: «Атар бір оғым бар еді, ата алмастан мен кеттім. Айтар бір сырым бар еді, айта алмастан мен кеттім», – деп ол да орнын босатыпты. Сөйткен «Қазақ әдебиеті» газетіне 1961 жылы Жұмағали Ысмағұлов пен Ғафу Қайырбеков басшылыққа келді.
Біз танитын жастардың әдебиетшілер үйіне алғаш бас сұға бастағаны сол тұс еді. «Қазақ әдебиеті» газетінде әлі одаққа алынбаған өрімдей жастар Жайсаңбек Молдағалиев, Қалихан Ысқақов, Әділбек Абайділданов, Марфуға Айтқожина, Мұқағали Мақатаев және мен болып, қатар істедік. Сол кезде Мәскеуде жас әдебиетшілердің семинары өтетін болды. Бізден Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақов, Жұмекен Нәжімеденов қатыспақ еді. Жүрер алдында университетте талқылау жасалды. Онда Сайын туралы Хамза Есенжанов, Қалихан туралы Зейнолла Қабдолов, Жұмекен туралы мен баяндама жасадым.
Үш баяндаманы да газетке жариялайтын болдық. Сонда Ғафекең үшеуінің де шекесіне «Кейінгі толқын – інілер» деген Абай сөзін жазып қоюды ұсынды. Жұмағали: «Ендеше, сондай айдар ашып, жас әдебиетшілердің шығармаларын беріп тұрайық», – деді. Сол дәстүр үрдіске енді айнала бастаған кезде, әдебиет пен өнер мәселелерін сөз етудегі ағаттықтары үшін газет басшысын қайта-қайта жоғары жаққа шақырып ала беретінді шығарды. Ақырында армян классигі Саят-Нованың аудармасында өрескел қате жіберіліп, Жұмағали мен Ғафу газеттен кетті. Жастар мәселесі жайына қалды.
Дәл сол кезде «Жұлдызға» Әбдіжәміл Нұрпейісов редактор болып келді. Мұнда да аппарат түгел жаңаланды. Бізде жұмысқа біртұтас командамен келетін әдетті әуелде шығарған да сол еді. Ол кезде одаққа мүше емес Қадыр Мырзалиев, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков, Герольд Бельгер, Зейнолла Серікқалиев, Рамазан Тоқтаровтар білектерін сыбана іске кірісті. Жастарға мұндай қамқорлықтан тағы да сескенетіндер шықты. Гу-гу әңгіме көбейді. Сөйтіп жүргенде, не түлен түрткендерін білмеймін, сәбилерді сүндеттеудің пайдалылығы туралы бір академиктің мақаласы жарқ ете қалғаны. Әбдіжәміл Нұрпейісов дереу жұмыстан қуылды.
Дәл осындай кезде «Лениншіл жасқа» жұмысқа кіріскен Шерхан Мұртазаға тың игеріп жатқан кең- байтақ республикада басқа тақырып жетпейтіндей, шығармашылық жастарына қамқорлықты қазбалауға тура келді. Алғашқы күндердің бірінде-ақ мені ертіп, Орталық комсомол комитетіне бардық. Онда Өзбекәлі Жәнібеков бірінші хатшы еді. Идеологияны Камал Смайылов басқаратын. Олар біздің жұмыс жоспарларымызбен танысты. Мақұлдады. Шығармашылық жастар кеңесін құратын болды. Онда жастар жиналып, әріптестерінің шығармаларын өз қалаулары бойынша талқылайтын еді. Ұнатқандарын газетке ұсынады. Кеңес жұмысын жүргізу маған тапсырылды. Ондай тапсырмалар Алматы қалалық комсомол комитетіне де берілді. Ондағы Санжар Жандосов, Ғибат Мырзағалиев, Ғайникен Бибатыровалар да қолдарына түкіріп отыр екен. Шығармашыл жастарға жанұшырып көмектесті.
Алпысыншы жылдардың ұрпағы бізде де бой көрсете бастады. Ол, әрине, «Лениншіл жастың» бетінен айқын көрінді. Бірақ бұл көпке созылмады. Мәскеудегі Манеждегі көрме Никита Хрущевқа ұнамады. Өнер адамдарына көресіні көрсетті. Көп ақын, жазушы, суреткерлердің бөріктері теріс кигізілді. Қазақстанда да формалистер мен абстракционистер ізделе бастады. Қайдағы бір «әкелер мен балалар ойынын қоздырушылар», «ұрпақтарды бір-біріне қарсы қоюшылар», «болашақ Синявскийлер», «идеялық жағынан бұлыңғыр шығармаларды қолдайтындар» жиі сөз болатынды шығарды. Орталық партия комитетінің пленумында менің өлеңдерімді идеология хатшысы «ескілікті аңсау» десе, әкеміздей сыйлайтын бір ағамыз «барып тұрған пацифизм» деп сынады. Газет басшысы да жоғары жаққа жиі шақырылды. Өзіме де қаралай ұрынатындар көбейді.
Ақырында Шерағаңа бардым. «Өз еркіммен жұмыстан кетемін», дедім. Ағам аң-таң отырып қалды. Неге ренжіп жүргенімді сұрады. «Газетке ешқандай өкпем жоқ», дедім. Шығармашылық атмосфераның бұзылып бара жатқанын, тырнақ астынан кір іздеудің көбейгенін, ешкімге зияным тимей тұрғанда, өз жөнімді өзім тапқанымды жөн көретінімді айттым. Бір сағаттай әңгімеден ештеңе шығара алмаған Шерағаң ақыры басын салбыратып, орынбасары мен жауапты хатшысын шақыртты.
Бірге істеген жігіттермен екі-үш сағат бірге болып, қоштастық. Барған жерімде де тыныштық бермеді. Ақырында әдебиет төңірегіндегі әлімжеттік дегеніне жетті. Кезекті әдебиет құрылтайында Олжас Сүлейменов орынды айтқандай, «жап-жас Асқар Сүлейменов пен Кекілбаев өз пікірлерін айтқандары үшін біреуі киностудияның қара қызметіне, біреуі нағыз солдатщинаға айдалды».
Мен сонда «Лениншіл жаста» жұмыс істеген жылдарымды ұзақ өнербаянымның ең мәнді, ең қызықты беттерінен санаймын. Әсіресе, Шерағаңның адалдығына, биік адамгершілігіне қатты қайран қаламын. Оның жүрек жылуын «Лениншіл жаста» да, «Жалында» да, «Жұлдызда» да талай адамдар өз көздерімен көріп, өз жүректерімен сезінді.
Әдебиеттегі жастар енді Шерағаңды жағалайтын болды. Жұмыста аса талапшыл ол шығармашыл жастарға келгенде ерекше мейірімді, тіптен жұмсақ адам еді. Айтқан ұсыныстарың ақылдан шықса, сөзбұйдаға салмай, бірден қабылдайтын. Әсіресе, талантты жастарды насихаттауға ерекше жомарттық көрсетті. Басқа баспасөзде жолы болмаған «Кейінгі толқын – інілерді» өзіміз ойлап таппадық деп жатсынбады. Қайта бұл айдардың өріс аясын кеңейтті.
Бұл айдармен шыққан талай ақындарға етектей-етектей көлем берілді. Бұрын ондай көлемді ресми тақырыптардағы өлеңдерге ғана қиятын. Біздер лирикалық өлеңдердің өздеріне газеттен тұтас бір бет беріп жүрдік. Алғаш Қадыр Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Әділбек Абайділданов, Сабырхан Асанов, Қанипа Бұғыбаева, Құдаш Мұқашевтерге берілген даладай-даладай көлемдерді көріп, үлкен ақындардың өздері қызықсын!
Бір күні редакцияға Сырбай Мәуленов ағамыз келді. Қалтасынан бір бума қағаз шығарып, доғалдай мұрнын тоқпақтай жұдырығымен бір сүйкеп өтті. «Мынау ақ өлең түрімен жазылған туындыларым еді. Оқып көріңдерші!», – деп, газеттің толық бір бетке сиятындай қылып, «Ақ түндер» деген топтамасын әкелді. Оқыдық. Ұнаттық. Жарияладық. Оны көріп даусы дірілдеп Әбділда Тәжібаев, гүжілдеп Жұбан Молдағалиев ағаларымыз қоңырау шылдыратты. «Әй, біздерді де басасыңдар ма?». «Шарттарымызды орындасаңыздар, неге баспаймыз?».
«Алдыңғы толқын ағалар» деген айдар солай туды.
Бұған жұрт қуанды. Жас ақындарымыз өлеңдерін қайта қарап, оқушы қауым алдында орынсыз қызарып қалмауға тырысты. Ара-тұра: «Лотереяның тиражына ұқсатып, бір бетке өлең береді деген не сұмдық?», – дейтіндердің де сөзі естіліп қалып жүрді.
Проза мұндай желпініс бола қоймайды ғой деп жүр едік. Бір күні Шымкенттен Қарауылбек Қазиев келді. Қымсына-қымсына жазғанын ұсынды. «Бәйшешек көп шыққан жаз» деген лирикалық хикая екен. Әлгі айдармен газетке жарияладық. Сол-ақ екен, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Қажығали Мұханбетқалиев, Әлдихан Қалдыбаев, Сатыбалды Нарымбетов, Дүкенбай Досжанов, Дулат Исабековтер бірінен соң бірі келіп, әңгімеге қарқ қылды да тастады. Бәрі де ол кезде студенттер еді. Университетте бірге оқыған әріптестерім еді. Оған қараған Шерағаң жоқ. Оқып шығып, қол қойып, типографияға аттандырумен болды.
«Шетел новелласы», «Ғасырлар. Елдер. Ақындар» дейтін айдарларды да жастар үшін аштық. Әлемдік әдебиеттің үздік туындыларымен солар таныссын, солар аударсын дедік. Сайын Мұратбеков Юрий Казаковтың әңгімесін аударды. Атынан басқаның бәрі қатып тұр. Олай аударамыз шықпайды, былай аударамыз – шықпайды. Желкемізді қасып тұрсақ, үстімізге Маршал Әбдіхалықов кіріп келді.
«Қайдан жүрсің?» деп сұрады Сайын. Сонда сабазың: «Әй, бір қыру-шыру шаруалармен одақ жақтан келемін», демесі бар ма?! Алақай! Таптық! Казаковтың жұқсыз кейіпкері аузын ашса, «трали-вали» дейтін әңгімесінің аты да солай аталатын. Аудармаға да «Қыру-шыру» деп ат қойдық.
Бүгіндері есімдері көпке ортақ Әзірбайжан Мәмбетов, Ғазиза Жұбанова, Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Райымбек Сейтметов, Сәбит Оразбаевтың алғашқы шығармашылық портреттері «Кейінгі толқын – інілер» айдарында шыққан-ды.
Жастардың әдеби журналы мен баспасы туралы мәселелерді де біз көтергенбіз. Өзбекәлінің Торғайға, Камалдың кинематографияға ауысуы бұл ұсыныстарды аяқсыз қалдырды. Кейін республика басшылығына Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қайтып келгеннен соң жастардың ол қолқасы да оң шешімдерін тапқан болатын. Шерағаң да енді өз бастамаларын батыл жүргізе бастады.
Қызметі қайда ауысса да, соңынан әдебиет пен өнердегі жастар мәселесі бірге ере баратын болды. Оралхан Бөкеев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбеков, Мұхтар Шаханов, Кәрібай Ахметбеков, Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабековтер өздерін: «Шерағаңның шекпенінен шықтық» дейді. Оның шекпенінен шыққандар, санап кетсең, тіптен көп еді. Оған жетпісінші жылдардағы «Жалында», сексенінші жылдардағы «Жұлдызда», тоқсаныншы жылдардағы «Егемен Қазақстан» мен Қазақ телевизиясында істегендер мен шыққандар түгел жатады.
Сол жылдардағы әдебиетке деген мұндай құштарлық халық бойындағы тұнып жатқан талантты отыз жетінші жылдардың теперіштері біржолата типылдатып, құртып жібере алмағандығын, әлі де көне арнаның сарқылмағандығын көрсетеді. Жаппай құлақ пен тілден айырылып, мешеу халде меңіреуленіп қалды деген халықтың ұрпақ ауыспай жатып мұнша талпынуы өнердің ешқашан өшпейтіндігін, өміршеңдігін дәлелдей түседі.
Әдебиеттегі бұл құбылыс менің есіме жұтаған ауылдың жұртында қалған азғантай арық-тұрықтың берекелі бейбіт жаз шыға жамырасып қайта өріске шыға бастағанын елестетеді. Сондағы жетім қошақандардай бір-біріне еріп, бір-біріне бауыр басқан жас төлдердей жабыса алға ұмтылады. Ондайда ешкімді бетінен қақпайтын, жатырқамайтын, алға қарай ұмтылдырмаса, кері итермейтін, жүзі жылы, қолы жұмсақ бағбандар керек-ақ.
Біздің алпысыншы-жетпісінші жылдардағы жас өркендер де сондай мейірімді телміре күткен еді. Алайда ешкім оларды олай қабылдай қоймады. Қатып қалған тән мен тәртіп олардың бойындағы ұйымшылдықты топшылдық, жікшілдік санап, қырық саққа жүгіртіп бақты. Ол кезде мұның бірі де ойында жоқ жастарды қасаң қағидаларға салып жіліктеді. Міне, сол кезде оларға меймандос қолын ұсынған жастар басылымы ғана болды.
Оның басында құдай оңдап, осы ұрпақтың өз өкілі Шерхан Мұртаза отырды. Ол да біз көргенді көріп, тумай жатып өкпесі өшкендерден еді. Қиыр-қиырдан келіп, жамыраса табысып жатқан жастардың бәріне ортақ аға, ортақ қамқор бола білді. Біз оны сол үшін де жақсы көреміз. Өзгелерден бөлекше қарап, бөлекше төбемізге көтереміз.
Шын мәнінде, ол кездегі редакторлардың ешқайсысы Шерханның істегендерін істеуге міндетті емес еді. Коммунистік идеологияның айтқанымен жүріп, айдағанына көне берсе, болатын еді. Бірақ адамдар қашан да адам ғой. Қанша қалыпқа салып қойсақ та, бәрібір бұзып-жарып шығады ғой.
Кеңес әдебиетінде Александр Твардовский дейтін ақын болды. Валентин Катаев дейтін жазушы болды. Екеуі де ескі қоғамда елеулі орын иемденетін. Ақындық, жазушылық өнерлері де үлкен еді. Бірақ, редактор Твардовский мен редактор Катаевсыз кеңес әдебиетінде алпысыншы жылдардан бастап, өркен жая бастаған гуманистік бағыттағы ізденістерді көзге елестету мүмкін емес-ті.
Мұның ықпалы сол кездердегі ұлт әдебиеттерінен де байқалды. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың жер жүзілік даңққа бөленуі соның айғағы. Қазақ әдеби кеңістігінде Шерхан Мұртаза дәл соларша еңбек етті. Жылт еткен жақсылықтарымыздың бәрін теріп ап, төбесіне көтерді. Ол «Лениншіл жаста» жүріп, қазақ әдебиетшілерінің үлкен тобының тұсауын кесті. Ал «Жалынға» келіп, оларды қалың оқырман қауымға таныстырды. «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетіне» оларды ел өмірін зерттеп, шын мәніндегі әлеуметтік айқастардың үлкен сарбаздары болуға тәрбиеледі. Ол басшы болып істеген жылдар әр басылымдардың тек өз өмірлеріндегі ғана емес, бүкіл қазақ баспасөзіне әсер етті. Әрқайсысы жас қазақ әдеби ойының ержетіп, есеюіне қызмет етті.
Ол жылдары «Лениншіл жаста», «Жалында», «Жұлдызда», «Қазақ әдебиетінде» Шерхан Мұртаза емес, басқа редактор отырса, қазіргі Шерағаңның шекпенінен шықтық деп, шалғайына жармасып жүргендер болар ма еді, болмас па еді, кім біліпті?!
Ол әдебиетке тек бір өзі ғана келіп қойған жоқ, жазушылардың тұтас әлденеше ұрпақтарының келуіне көмектесті. Бұл Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятына қосқан ең келелі үлесі еді. Бұл үшін оған тек кешегі шәкірттері ғана емес, бүкіл қазақ қауымы қанша рет орнынан тұрып тағзым етсе де, көптік етпейді.
Редактор Шерхан Мұртаза «Жалын» мен «Жұлдызда» жүріп, өнер жолының тым нәзік әрі шетін екенін ұқты. Осыны ұққандар мен ұғуға тырысқандарға ғана қызмет етуге ұмтылды. Құдайға шүкір, ізденімпаз редакторға сенетіндер мен еретіндер көбейе түспесе, азая түспейді. «Қазақ әдебиетінде» істеген жылдар оның азаматтық болмысының ашыла, толыса түскен кезеңі болды. Ол қазақ қауымының да рухани түлеп, саяси есейіп, жаңа құбылыстар мен өзгерістерге ілесе қалыптасып, іштей дамуға әзірлене бастаған тұсы еді. Ақтаңдақтар тұтаса сіресіп жатқан тарихымыздың өткелдеріне, туған тіліміздің шамалыда қатарға қосыла алмастай болып мүшкілденіп бара жатқан жай-күйіне, төл табиғатымыздың одан да аянышты экологиялық проблемаларына, әдет-ғұрыптарымыздың азып, тұрмыс-салттарымыздың көз алдымызда жоғалып жатқандығына, көнелікті тарихи жәдігерліктерімізді көшелі насихаттауға алғаш қалам тартқан Шерхан Мұртаза жетекшілік еткен «Қазақ әдебиеті» ғана еді. Ол өз тұсында тұспалдап болса да, бір кезде Алаш көсемдері айтқан әңгімелерді асқан жітілікпен жалғастыра білді. Оның халықтың іздеп жүріп, оқитын сүйікті газетіне айналуы да сондықтан еді.
«Қазақ әдебиетінде» жиналған әлеуметтік капиталы Шерағаң «Егемен Қазақстанға» келгеннен соң тіптен қордалана түсті. Бұрынғы әдеби тәсілмен жанамалап сөз болатын ащы шындықтар енді ашықтан ашық айтыла бастады. Бұл тұстағы басылым елдің нағыз құлағы, тілі, көзі болып, нағыз ұлттық газетке ауысты. Енді ол тек әдеби қауымды ғана қаузап қоймай, бүкіл ұлттың арғы-бергісін қозғайтын орасан зор идеялық ықпалға ие болды.
Шерхан Мұртаза Қазақ телевизиясына барған жылдары республика жұртшылығы тәуелсіздікке қол жеткізген-ді. Еліміздің енді қай бағытта дамып, көсегесінің қалай көгеретінін экран алдында, дастарқан басында талқылап, бүкіл Қазақстанды сол талқылауға тайлы-таяғы қалмай қатысатын, үлкен мәжіліс залына айналдырды. Сөйтіп, халық көңілінде Мұртаза республикадағы бес-алты шешуші тұлғаның бірі болып шықты.
Мұндай тұлғаға көсемсөздің топжарған шын дүлдүлі ие болмағанда, кім ие болады?! Жерлестері Жоғарғы Кеңеске мүше етіп сайлады. Содан күні кешеге дейін ұлттық Парламент мінберіндегі алдына жан салмайтын шын саңлақтың өзі болып келді. Екі көзін ежірейтіп, тарғыл мұртын тікірейтіп, қақпақ жауырынын күдірейтіп, зілман жұдырықтарын өңменіңнен өткізе түйіп, шатынай естілетін үнжарғыға саңқылдай тіл қатып, экранға ол шыға келгенде, қазақ баласының дастарқанында кім отырса мейлі дуылдата қол соғары сөзсіз. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін сүйікті ділмарының әр сөзін қалт жібермей, құлағына құйып бағары да даусыз. Ол сөйлегенде бүкіл ел тебіренеді. Ол сынағанда өңменіңнен өткізе, сай-сүйегіңді сырқырата, жер-жебіріңе жеткізе, жер тістете сынайды ғой. Қарап отырып, қалпағыңды шайқап, әй, айызың бір қанады ғой. Халықтың көңіліндегіні айтып, кеңірдегіндегіні қозғайды ғой. Әр сөзі жұрттың ойындағымен дөп түседі ғой. Мұндай дәл тигізер сөз мергендік туған халқының арын арлап, жоғын жоқтап, бірге мұңайып, бірге қуанып жүргендерден ғана табылады ғой.
Мұндай өз халқымен біте қайнасқан тұтастық Шерхан Мұртаза шығармашылығына әуелден тән еді. Ол не туралы жазса да өз басынан алатын. Өзі туралы жазатын. Оның ең алғашқы өзі көріп жүрген жәйттерден жазылған әңгіме-повестерінің қай-қайсысынан да жадау иін, жыртық өкпе балалық шағы сығалап тұратын. Ол майданнан қайтпай қалған белгісіз солдат баласының төбесінде ойнаған бұлтсыз күнгі найзағай-тын. Ұшы-қиырсыз даладағы ұшан ауылдың қиқы-жиқы көшелерінде біреуге көрініп, біреуге көрінбей мігірсіз жүріп жататын мылтықсыз майдан-тын. Сол ауылдан аттанған қиялшыл баланың тапқан теңізі мен тапқан қара маржаны-тын. Бай болып, барша мұратына жетіп жатқан ешқайсысы жоқ. Бірақ ту алыс көкжиектен жылтыңдаған нәзік сәуле жүрекке әжім түсірмейтін. Бәріне де қырық бірінші жылғы келіншектің өңі мен түсіндей байырғы жайлар, байырғы кептер өзек болған-ды. Қуаныш көксеп, бақыт аңсаған элегиялық ахуалдар еді. Журналист қаламына тән шынайы эскиздер бірте-бірте шырғалаңдар мен шытырмандарға толы салауатты прозаға ұласады. Ешқайсысында емеурінге алданған сентиментализм жоқ-ты. Шырқыраған шындық-ты. Жан шыдатпай бебеулеткен драма. Төтен коллизияға айналған байырғы көріністер-ді.
Соғыс салған сергелдеңдердің қанын еркектер төгеді де, шерін әйелдер шертеді ғой. Соғыс тек әйелдер көзімен үңілгенде ғана бар шынын айтатын зұлмат құбылыс. Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы» ешқандай әсіре драматизмсіз зұлымдық табиғатын ашқан ізгілікті эпопея. Шағын да болса, мығым. Жиырмасыншы ғасырда болған әлеуметтік эпидемиялардың төбесімен дәп түскен мұндай туындылар бізді қатты толғантады әрі ойлантады.
Өйткені, ол не жазса да, өзі бастан кешпесе де, көзі көрген, көп тебіренген жағдайларын жазатын. Тіпті өзі көрмеген Тұрар Рысқұлов туралы жазғандарынан да Шерхан көкірегіндегі шер-шемен ақтарылатын. Жастайынан өз әкесі Мұртаза сөз болса, онымен бірге айтылатын «рысқұловщина» деген сөздің шын мағынасын білуге құмартатын. Сөйтіп жүргенде «Социалистік Қазақстанда» істеп жүрген Ким деген ретуш шеберінің бір ескі суреттің бетін үшкір пышақпен тырналап отырғанының үстінен шығады. Қасына барып не істеп жатқанына үңіледі. «Білмедің бе? – деп сұрайды Ким. – Бұл Рысқұлов қой!» Тұла бойы тыз ете қалады. Номер шыққан соң, суретті жалынып-жалпайып сұрап алады.
Содан бастап бұл жұмбақ тағдыр туралы материал жинай бастайды. Отыз жыл өмірін жұмсаған үлкен еңбегін бітіреді. «Отыз жыл бойы сізбенен қол ұстасып бірге жүрдім, бірге тұрдым. Отыз жыл бойы жан-дүниемді, ой-санамды билеп, ұзақ сапарға жол бастадыңыз. Ол аса қиын жол еді. Біреулер айтты: бұл жолға бекер түстің, жете алмайсың, деді. Біреулер айтты: қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе бекер байлайсың, деді. Біреулер айтты, шеті жоқ, шегі жоқ мұхитқа түсіп кеттің-ау, байғұс, батып кетпесең жарар еді, деді. Олардың айтқаны рас еді. Мен көп малтығып, көп тұншықтым. Жағалауға жете алмай, батып кетуім әбден мүмкін еді. Бірақ Тұрар, көке, өзіңіз алып шықтыңыз», деп Шерағаң өзінің отыз жыл жолдас болған кейіпкері рухымен осылай қоштасады.
Бұл айтып отырғаны имандай шыны еді. Көп уақытқа дейін Тұрардың аты қақпақылға айналды. Ұзақ жыл үстемдік құрған қоғамдық сана оны өлердей жек көрді. Ұлтшыл санап қудалады. Тіпті басын оққа тікті. Ол кезде ешкім, әрине, ол жайында аузын ашқан жоқ. Жеке адамға табынушылық әшкереленгеннен кейін ол ақталды. Бірақ, сонда да ол туралы жұмған ауыз жұмулы күйінде қалды. Тәуекелге бел байлаған тек Шерхан болды. Оның мұндай батылдығын кейбіреулер күстәналады. «Екеуі де бір атаның баласы ғой!» деп, ит жылғы қурап қалған шалдардың басын ауыртты. Өмір өзгере түсті. Алашорда ақталды. Әлгіндей кәукілдектер аяқ астынан «алашшыл» боп шыға келді. Олар енді Тұрардың кеңес кезіндегі ірі қайраткер екендігін Шерханның бетіне басып, мансұқтауға күш салды. Жазушы айтқанынан қайтпады. Жазғанынан танбады.
Сонда Шерхан сомдаған Тұрар кім еді? Бұл жайында мен сол кездің өзінде: «Дәйім қапы кетіп келген әкеге ұл болу мен дәйім қапы соғып қала беретін халыққа көсем болудың ащысы мол, тұщысы тапшы тақсыретті тағдырының тағылымы дәл бүгінгі біздерге керек. Арманына заманы, ақылына қоғамы дер кезінде құлақ аспай, дәйім кіжінумен өткен пұшайман тұлғалардың тұсаулы тағдырын Шерхан өз көзімен көре жүріп, өз басынан өткере жүріп бейнелегендей. Жаның түсінген ақиқатқа жаппай дес беріп, жаппай ұмтылыс тумаған жерде қай қауымның бағы жанған?! Жалпының бағы жанбаған жерде қай жалқының ілгері аттаған қадамы кері кетпеген?! Тұрардың кешкені де сол кер тағдыр еді. Оның жанын жегідей жеп біткен имандай сенген ақиқатының алдамшы, аңсап жеткен арманының аққаптал тарихтың кезекті бір қылжағы, жай әншейін жалғаншылық болып шыққандығы еді. Бәрінің де мәңгілік қиялы екендігін мойындаудың ауырлығы еді. Ол бұл жолға бір басының бағын ойлап түспеп еді, есесі кетіп, еңсесі жығылып келген елін ойлап түсіп еді. Сауабын алам ба деп жүргенде, обалына қалғанына күйіне күйзеледі», – деппін.
Сол сөзім сөз екен. Шерхан сомдаған Тұрар бейнесі туралы бүгін де соны айтамын. Ол нақты деректерден бір елі де алыстамай отырып, Тұрар бейнесін жасады. Бұл батыс әдебиетінде күні бүгін үстемдік құрған журнализм бағытына тән еді. Ол тек құжаттарға сүйене отырып, нағыз беллетристика бере алатын әсерлілікке жетті. Шерхан Мұртаза да сол стильге сүйене отырып, сүйікті кейіпкері туралы бес томдық хамса жазып шықты. Бұл да көнені шиырлау емес, тыңнан тартқан соны сүрлеу еді.
Романда ел үшін еткен алапат еңбегінің еш кеткеніне өкінген азаматтың адам төзгісіз трагедиясы егжей-тегжейлі ашылады. Бұл гуманистік әдебиеттің ежелден бергі үрдістерін беллетристика мен деректіліктің ірге ажыратпас бірлігіне сүйене отырып, ілгері дамыту еді.
Біз абыройлы азамат, айтулы перзент, сүйікті қаламгердің көп қырлы келбетінің тек екеуіне ғана тоқтадық.
Рухани ұстаздық пен суреткерлік батылдықтың адам таңғалардай өнегесін көрсеткен Еріне Елі қандай құрмет көрсетсе де лайық.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Еңбек Ері,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық жазушысы.
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.