29 Қыркүйек, 2012

Баһадүр

1401 рет
көрсетілді
39 мин
оқу үшін

Баһадүр

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:18

Жақсы көрген кітабыңды қайталай оқитының болады. Әсіресе, жастау кезіңде. Кейінірек азая береді қайталай оқу. Әсіресе, ақпарат ағындап, теледидар тоқтамай, интернет итініп тұрған қазіргідей заманда. Сонда да өте-мөте ұнатқан кітабыңның өзін екі реттен артық оқу сирек болса керек. Ал біздің осы бертінгі кезде бір кітапты үш рет оқығанымыз бар. Оның жайы былай.

Сенбі, 29 қыркүйек 2012 8:18

Жақсы көрген кітабыңды қайталай оқитының болады. Әсіресе, жастау кезіңде. Кейінірек азая береді қайталай оқу. Әсіресе, ақпарат ағындап, теледидар тоқтамай, интернет итініп тұрған қазіргідей заманда. Сонда да өте-мөте ұнатқан кітабыңның өзін екі реттен артық оқу сирек болса керек. Ал біздің осы бертінгі кезде бір кітапты үш рет оқығанымыз бар. Оның жайы былай.

Тоқсан жетінші жылдың күзінде астананың Ақмолаға ауысуы басталды. Көш басында біз кеттік. «Қазақстан те­ледидары мен радиосы» респуб­лика­лық корпорациясының бірінші вице-президенті кезіміз. Біздің алдымызға қойылған міндет – Ақмолаға билік құ­рылымдары ауысатын кезге дейін ақ­параттық «Ақшам» бағдарламасын бо­лашақ жаңа астанадан таратуды қам­тамасыз ету. Жолға шығарда соның ал­дында бастап, аяқталмай қалған бір кі­тапты қолға алдым да пойызда бітіріп тастадым. Келе жұмысқа бас қойдық. Біраз күннен кейін жаңа жерге де көндіккендей болдық. Үйренген әдет бойынша кітап дүкендерін іздеуге кірістім. Қайран қалдым. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол – 1997 жылдың күз­ін­де Ақмола қаласында бірде-бір кітап дүкені қалмаған екен! Кітапханаға бара қоятындай жағдай жоқ. Уақытша түскен туысқанымның үйінен емге бір көркем әдебиет кітабы табылсайшы! Қазақша тұрмақ, орысшасы да. Тек балаларының оқулықтары ғана. Содан Алматыдан ала келген жаңағы жалғыз кітапты қолға қайта алмаймын ба. Әуелде мұның алдында оқып шыққан дүниені басқа кітап болмаған соң ғана қайта бастағаным рас еді. Сөйтсем өзіне тағы тартып барады, тартып барады. Баяғыда, бала күнімізде Бердібек ағаның «Балалық шаққа саяхатын» оқығанымызда осындай күй кешетініміз есте. Ол кітап сізді сонау Қытай шекарасының тап іргесіндегі Нарын­қол жеріне, Текес бойына ілестіре жө­нел­се, бұл кітап сізді сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдарының соңғы тұсына, сонау Жуалы жеріндегі Мыңбұлақ атты ауылға алып кетеді. Алып кетеді де, сол Мыңбұлаққа матап-байлап тастайды. Кітаптың соңы­на жеткенше автордың жанында жүре­сіз де қоясыз. Ол қайда барса сіз де сонда барасыз, ол қуанса қуанасыз, ол қайғырса қайғырасыз. Бүкіл роман мөл­тек әңгімелерден түзілген. Біреуін оқисыз да сәл тоқтап қаласыз. Оқы­ғаныңызды түсіну үшін емес, түйсіну үшін, тұшыну үшін. Таңдайыңызға дәмін алу үшін. Бояуына көз қанық­тыру үшін. Бірі тәтті, бірі кермек, бірі нұрлы, бірі мұңды, бірі сырлы, бірі жырлы. Бірінен бірі өтеді. Тіл қандай, стиль қандай. Тып-тыныш түнде тұяқтың тасқа тигеніндей тақ-тақ етіп тұрған қарапайым да құнарлы сөздер шып-шымыр, жұп-жұмыр сөйлемдер­мен өріліп кете береді, кете береді. Бас ала алмайсыз. Біздің екі қайтара оқып жүргеніміз роман-дилогияның бірінші кітабы болатын. Дилогияның екінші кітабы да лайықты жалғасын тапты. Оны да құштарлана оқыдық.
Әрине, әр кітап әркімге әрқилы әсер етеді. Талғам туралы таласпайды. Оқыр­ман ретінде бұл кітапқа алабөтен құлап түсуімнің өзіндік себебі де бар. Менің де тағдырымның кітап кейіп­кері­нің тағдырына ұқсастығы көп еді. Мен де әкеден жастай қалып едім. Менің анам да алты баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткізіп еді. Оның үстіне ол кісі осы кітаптағы оқиғалар өтіп жатқан ортада өскен. Жуалының қызы. Шаңлақта тұрған. Бұл кәдімгі күні кешегі Кантемировка. Сол жақтағы Мыңбұлақ, Кең­бұлақ, Талдыбұлақ дегендей елді мекендердің бәрі кезінде көшіп келгендердің атымен Антоновка, Евгеньевка, Самсоновка, Михайловка деп атала берген еді ғой. Содан да бұл кітап маған бір жағынан нағашылар жерінің көркем келбетіндей, жан анамның балалық шағының сырлы суретіндей ыстық. Бұл кітап маған жалпы аналар ерлігіне сөзбен соғылған ескерткіштей көрінеді де тұрады. Ең қызығы – сол кітапты жақында қолға қайта алып, әуелде әр жер-әр жерін қарармын, есіме түсірермін деп бастасам да оқығаннан оқып отырып, аяғына бір-ақ шыққаным… Ал үш рет оқуға жараған кітаптың тіпті де тегін еместігіне күмән болмасқа керек.
Ол кітап – «Ай мен Айша» романы. Бұл роман жесірліктің жыры, жетім­діктің жыры, қайғыны қақыратқан қай­сарлықтың жеңіс жыры болып шықты. «Ай мен Айша» ендігі жерде кешегі тоталитарлық қоғамның халықтар тағ­дырына жасаған елірме экспери­менті­нің, Екінші дүниежүзілік соғыстың қазақ даласында, қазақ баласында, қазақ санасында қалдырған қасірет таңбасының сырлы да сұрапыл суреті, көркем сөзбен ызылған келісті кестесі күйінде қала бермек.
«Ай мен Айша» бүгінде сексеннің сеңгіріне Алаштың ардақты ақсақалы ретінде шығып отырған (біздің газетте мұнан екі күн бұрын жарияланған «Топжарған» атты көлемді мақала­сын­да Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев Шерағаңды осылай атап еді) Халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, ардақты ағамыз Шер­хан Мұртаза шығармашылығының көркемдік тұрғыдағы заңғар биігі ғана емес, қаламгердің талант табиғатын басқа туындыларынан гөрі тереңірек танытатын дара дүниесі.
«Ай мен Айшаны» оқи отырып, қазақтың жартысына жуығын жұтып жіберген жайындай отыз екінші жыл­дың ажал апанынан аман қалған азын­аулақ балалардың бірі болып ілдалдалап іліккен шақалақ Шерханның, елінің сөзін сөйлемекке ұмтылғанның бәрін обырдай опқан отыз жетінің ойранында әкесінен тірідей айырылған нәресте Шерханның, жасы онға да толмаған тұста елі екі қоғамдық жүйенің, екі идеологияның егесінен қанқасапқа ұрынып, қара қағаз оқумен сауаты ашылғандарды көріп өскен бала Шерханның, ауылдағы ағайын­дардан шеккен қорлығынан анасы Айшамен бірге елден үдере көшуіне тура келген, интернат нанымен жүрек жал­ғаған жасөспірім Шерханның кейіннен жазудың соңына түспеуге, бала кү­нінде жүрегінде жатталған жайлар­ды, санасында сақталған сезімдерді қағаз бетінде әрлемеуге әдді де жоқ еді.
«Егде тартқанда бүгін көргенің ертең естен шығады.
Ал енді бала кезде көргенім, естігенім бүгінгідей әлі есімде.
Ендеше, текке күшене бермей, соны неге жазбаймын?
«Ата-бабамның, Айшаның аруағы жар бола көр!» – деп қолыма қалам алдым», дейді автор кітаптың жол­ашарында.
Жазушы боламын деген адамға көп нәрсе керек. Құдай берген талант керек, саусағың мүйізделгенше қағаз қа­жа­ғанда қажымайтын-талмайтын қуат керек, ерінбейтін-жалықпайтын еңбек­қор­лық керек, тіл байлығы керек, се­зім­талдық керек. Сол көп керектің бірі де, бірегейі де – өмірбаян байлығы. Ол жағы ойдағыдай болмағанда қанша жерден таланты керіп бара жатса да біраз жылдан кейін саусағын соруды бастайды кейбір суреткерлеріңіз.
Шерхан Мұртаза – тағдырлы талант. Оның бүкіл өмірі табиғат-ана бер­ген қабілет-қарымын айқара аша түсуге қызмет ету үшін өрілгендей әсер қалдырады. Оның бүкіл тағдыры қарама-қайшылықтардың қиылысы­нан, құйылысынан әдейі түзілгендей болады да тұрады. «Өлең деген ту­майды жайшылықта, өлең деген ту­лайды қайшылықта». Бір ақынымыз­дың осы сөзі талант табиғатын тамаша танытады, шығармашылық кілтін қол­ға әдемі ұстатады. Ойлап отырсаңыз Шерхан Мұртазаның тіршіліктегі жо­лы от пен судай шарпысқан кереғар­лықтардың жиынтығы сияқты. Шер­ағаң феноменінің сырын социализмнің күнгейі мен көлеңкесі қатар өрілген күрделі бітімімен, тоталитаризм таби­ға­ты мен қазақы кеңдіктің басы піспес драмасымен де түсіндіре салу қиын. Оның есімінің өзіндегі «шер» сөзінің де екі мағынасы бар емес пе? Біреуі – мұң-зар, уайым. Біреуі – жолбарыс. Жалаңтөс бабамыз Самарқанда салды­ратын арыстан қақпалы медресенің «Ширдор» аталатыны содан. «Ай мен Айшадағы» бас кейіпкердің есімі Барысхан деп алынатыны да содан. О баста ата-анасы жолбарыстай жүректі болсын деп қойған ғой бұл есімді. Сол ұл расында да жолбарыстай жүректі болып өскен. Қайтерсің, жолбарыстай жүректі ұл дәйім жолын кес-кестеген қайғы-қасіретпен, алды-артын торла­ған уайыммен, мұңмен жағаласа жүру­ге, жанталаса өмір сүруге, жанын жеген жамандықтарды жаныштап, жойып отыруға мәжбүр етілген. Қараңызшы, расында да, бала күнінде бір қырғын­нан кейін бір қырғын кезектесіп келген де тұрған ғой. Маң даласында малы мыңғырып жүретін қазаққа аяқ асты­нан аштық төніп, халықтың жартысын­дайын жер жұтып жатқан отыз екінші жылы туады да, орта есеппен он баланың тоғызы тірі тұра алмаған сол зұлматтан аман қалады; не жазығы бары белгісіз күйде әкесі айдалаға айдалып кете барады, сол жақта жүріп Сібірдің қаптаған қарағайының бірінің түбінде мәңгілік тыныштық табады; соғыс жылдарында тігерге тұяқсыз отбасының шаңырағы ортасына түсіп, енді үміті үзіледі деп тұрған жерінен бір кездегі әжептәуір дәулетті әулетті аштық аранына айдап тыққан, одан кейін әкеден айырған сол өкімет жаңағы жетімге көмек қолын созады, алдымен интернатқа орналастырады, одан кейін мектеп бітірген тұсында қайтадан жа­рылқап, сонау Мәскеуде, оның да та­лайлардың түсіне кіретін ең басты университетінде оқуына жағдай жасайды, о баста баспа редакторы факультетінің орнына полиграфия машиналарының оқуы деген технологиялық факультетке отырғызып қояды да, көп ұзатпай журналистика факультетінен бір-ақ шығартады. Сөйтсе, мұны әкесінен айыр­татын Сталин өзі қайтыс бола­рының алдында Полиграфия инсти­туты­ның баспа редакторы факультетін Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне қосу туралы қаулыға қол қойып кеткен екен. Одан кейін де Шерхан Мұртаза сол қоғамның игілігін бір адамдай-ақ көрді: университет бітірісімен Алма­ты­ға келіп, қазақтың жақсысы мен жайсаңының ортасына түсті, газеттің жұмысымен жүріп ел көрді, жер көрді, жақсы мен жаманды таныды, ысылып, тәжірибе жинақтаған шағында, орда бұзар отызында республикалық жастар басылымының тізгінін ұстады, содан кабинеттен кабинет, көліктен көлік, хатшы қыздан хатшы қыз ауыстырды да отырды, бір газеттен кейін бір газетті, бір журналдан кейін бір журналды басқарып, Жазушылар одағы сынды киелі шаңырақта екінші хатшы болды, республикалық телерадио корпора­ция­сына да төрағалық жасады, қысқасы, аттай қырық бес жыл бойы аттан түс­кен жоқ, қатарынан бірнеше рет ел Парламентінің депутаты болып та сайланды. Сөйтіп, балауса балғын кү­нінде көз жасын төккізіп, өмірін өксіт­кен, ойда ойын орып, қырда қиялын қырып кете жаздаған кеңес өкіметі кейіннен сол қиянатына қысылғандай болып, осының бәрінің бодауына біраз жақсылық жасап-ақ баққандай. Иә, былайша қарағанда Шерағаңның кешегі кеңестік кезеңге деген наразылығы мен разылығы тең түсуге тиіс те сияқ­ты еді. Солай болып та келді. Көпке дейін. Суреткерлік шалымдылығы арт­қан сайын, азаматтық ұстанымы орны­ға түскен сайын, тоталитаризм таби­ғатын танып-біле берген сайын, бостан сана белең алған сайын қаламгердің ол қоғамға, ол кезеңге разылығын наразы­лығы баса берді, бұл арқылы қа­ламгердің ойшылдығы тереңдеп, талдау қуаты күшейді, айналып келгенде мұның өзі оның жазушылық шығар­машылығын да, журналистік қалам қарымын да жаңа белестерге бастады.
1958 жылы жарық көрген «Құры­лыс­шы Дәку» деген очерктер жина­ғында да, «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «Белгісіз солдаттың баласы» атты повестердің бәрінде де, кейініректегі «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» атты әңгімелер жинақтарында да негізінен уақыттың көкейкесті мәселелері шығарма арқауы етіліп, замандастарымыздың сан қилы бейнелері кестеленді. Ал 1978 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілген «Қара маржан» романында на­ғыз қаны тамып тұрған бүгінгі күн та­қы­рыбы қозғалып, өндірістік қақ­тығыстар арқылы адамгершілік мәсе­лелері өткір көтерілді. Бұл роман бой­ынша кезінде фильм түсірілгені, спектакль қойылғаны, шығарманың бірнеше тілдерге аударылғаны туындының толымдылығын танытып тұр.
Әйтсе де ол жылдарда Шерхан Мұр­таза талантының тегеуріні ең ал­ды­мен аяққа құйған астай шап-шағын, автордың өз тұрпатындай шып-шымыр, тілі төгіліп, өрнегі өріліп келетін әсерлі әңгімелерінен көрінді. Әсіре­се, жазушының «Бір нәзік сәуле», «41-жыл­ғы келіншек», «Шекшек шы­рыл­дайды», «Сол бір күз», «Жаңбырлы той», «Шақалақ» сияқты туындыларын қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының ең әдемі үлгілерінің қатарына сеніммен қосуға болады. Көркем сөздің зергері, аса талғампаз талант Тахауи Ахта­новтың жаңағы аталған әңгіме­лердің арасынан «Бір нәзік сәулені» «бізді қатты сүйсіндірген, ішімізді жылытқан» деп атағаны көп жайды аңғартады. Баға дегеннің өзі де салыс­тырмалы нәрсе ғой білгенге. Бағаның бағасы бағаны берушінің бағасына байланысты. Біреудің «керемет» дегенінен біреудің «жаман емес» дегені салмақтырақ шығатын кездер бар. Осы тұрғыдан қарағанда аузы дуалы, сөзі уәлі қайран Ғабеңнің – Ғабит Мүсі­реповтің «Қызыл жебе» романы жайында айтқан: «Жұлдыз көпірден» мен Тұрар Рысқұлов бейнесін тани алдым деуіме болар еді», «Шерхан кешегі Тұрарды көп ізденулер арқылы тапты деуге тура келеді» дегендей қарапайым сөйлемдермен берген баға­сын басқалардың ауыз ашып, көз жұма, таңдана, тамсана сөз еткенінен де қымбат көретініміз рас.
«Қызыл жебе» – Шерхан Мұртаза деген онсыз да абыройлы атты одан сайын аруақтандырып жіберген, автор­ды қазақ әдебиетінің даусыз дарын­дары, шын шеберлері, сырлы суреткерлері қатарына біржолата қосып берген бітімі бөлек туынды. «Қызыл жебе» – Шерхан Мұртазаның басты кітабы. Романды жазу барысында қаламгердің өзінің де адам, тұлға, азамат ретінде өскеніне, өзінің де күрескер ретінде шыңдала түскеніне шәк болмаса керек. Автордың оның алдындағы жиырма­шақ­ты жылда жинаған жазушылық тәжірибесі де, сюжет құру, кейіпкер даралау, сөз саралау ұсталығы да, журналистік ізденгіштігі де, публицистік пайымы да, тарихшыл­дық толғамы да, азаматтық ұстанымы да… бәрі-бәрі бір-біріне қосыла келіп, біз­дің алдымызға Тұрар туралы бес кі­таптық роман-хамсаны тосты. Осы жолға жиырма жылғы өмірін, мазасыз күндері мен ұйқысыз түндерін жұмсаған, жабылған жала мен жағылған күйеге жанын жабырқатып, жүйкесін жұқарт­қан Шер­хан Мұртаза түптің түбінде жазу­шылық жеңісіне жетті – асыл азама­тымыздың халық үшін жасаған ұлы ерлігінің қадір-қасиетін айқара ашатын туындыны дүниеге әкелді. Оның сыр­тында қаламгер Тұрардың түркі дү­ниесінің тұтастығы жолындағы жан­кеш­­ті еңбегінің мән-мағынасын да толымды танытты.
Бес кітаптың әр сөйлемі мінсіз қаланып, қашалып, әр беті соншама қырланып-сырланып, жұтынып тұр­маған да шығар. Базбір тұстарда суреттеуді баяндау басыңқырап кететін де шығар. Бәрі мүмкін. Орасан шаруа олқылықсыз болмайды. Ол рас. Бірақ соның бәрін бұл шығарманың басынан аяғына дейін, алғашқы сөйлемінен соңғы сөйлеміне дейін кернеп тұрған ұлы рух – қазақтың азатшыл рухы, Тұ­рардың «тәуелділікпен күресі» (Ғабит Мүсіреповтің сөзі), автордың халық ісі жолында шейіт болған ұлы тұлғаға деген ұлы махаббаты жойып, шайып жіберетіні тағы рас. Романды оқи оты­рып біз өз нәсілімізден осындай адам шыққанына қуанамыз, оның Сталиндей қандықол диктатормен дәлелді дау­ласқанына, тиранмен тегеурінді тірескеніне мақтанамыз, бүгін таңда күн тәртібіне қойылып отырған орта­азия­лық ықпалдастық сияқты тағдыр­шеш­ті, көкейкесті мәселелерді сонау жиыр­масыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдарында көтеріп, көтеріп қана қоймай, сол жолда нақты жұмыс жүргізгеніне қайран қаламыз, мұның бәрі біздің ұлттық сана-сезімімізді ұш­тайды, ұл-қызымызды ұлы мұраттарға ұмтылдырады. Осы қасиетімен Шерхан Мұртаза романы әдебиеттің де, мәдениеттің де шеңберінен шығып, руханияттың арнасынан асып, белгілі бір дәрежеде саяси сипатқа да ие бо­лады. «Қызыл жебе» қазаққа соны­сы­мен де қастерлі, сонысымен де қымбат.
Бұл ара, әрине, Тұрар Рысқұловтың тау тұрпатты тұлғасы туралы толғап тұрып алар жер емес. Біз тек роман кейіпкері жайындағы Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1994 жылғы Тарихи зерде кешінде сөйлеген сөзінен үзінді келтірумен шектелейік. Президент сонда былай деген еді:
«Тұрар Рысқұловтың асыл аруағы­на тағзым етіп, атын ардақтағанда біздің ойымызға оның ел үшін еткен ең ересен, ең ірі, ең қасиетті еңбегі алды­мен оралады. Қазақ даласына айдың-күннің аманында, қазан ұрмай, қар жаумай-ақ келген нағыз нәубет – алапат ашаршылық тұсында Рысқұлов тұлғасының шын мәнінде ұлы екені айқын көрінді. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған, қырына алғанның қабырғасын қақыратып, көлденең тұрғанның бәрін көрде шірітіп жатқан Сталиндей тиранға қарсы шабу, қазақ даласындағы қолдан жасалған қырғынды тоқтаттыруды талап ету өлімге бас тігіп, ажал аузына өзі барумен бірдей ерлік болатын. Кейіннен Рысқұловтың үш хаты бойынша республикадағы жағдай тексерілгені, Голощекин басқа қызметке ауыстыры­лып, орнына халық «Мырзажан» атап кеткен Мирзоян келгені, сөйтіп айна­ла­сы екі жылдың ішінде тұтас бір ұлт­тың тең жартысына жуығын жусатып салған ХХ ғасырдың сұмдық трагедия­сы тоқтатылғаны бәріңізге белгілі. Ал осы іске қозғау салып берген Тұрар Рысқұлов еді. Осы ұлы еңбегі үшін Қазақ елі Тұрар Рысқұловтың атын мәңгі-бақи ардақтап өтетін болады!».
Оған дейін қазақ баласы атқарып көрмеген аса лауазымды қызметте –РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметінде он бір жыл бойы отырса да, әлдеқашан ресми тұрғыда ақталса да бір кездегі «неопантүрікші» атағы қалмай-ақ қой­ған Тұрар Рысқұловты халық сана­сында қайта тірілтіп берген, оның қандай жайды да арғыдан ойлайтын биік парасат иесі, халқының мүддесі жолында шыбын жанын қиып кетуге бар ұлы жүрек иесі, сеніміне селкеу түсірмейтін, айтқанынан қайтпайтын тәуекелшіл, тұтас тұлға болғанын кемел көркемдікпен кестелеп берген Шерхан Мұртазаның атын да халқы­мыз әрқашан ардақтайтыны анық деп сенеміз!
Тұрар тұлғасына қатысты Шер­ағаңның халық алдында тағы бір елеулі еңбегі бар. Оған куәгер ғана емес, тікелей қатысты адам ретінде мен бұл жайында осы той тұсында айтуды парызым деп санаймын.
Ана жылы біз «Егемен Қазақ­станда» Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы жарияланған мақала, сұх­баттардан «Елбасы» атты көлемді жи­нақ құрастырдық. Сонда Шерағаңның Елбасыдан алған 1992 жылғы сұхбаты басылды. Әңгіменің аяқ жағында «Уа­қыт тығыз. Осы сіздерде бос уақыт бола ма өзі? Ана бір жылы Жастар театрына Колбинді зорлағандай етіп ертіп барғаныңыз есімде. Соңғы рет театрға қашан бардыңыз?» деген сұрақ қойылады. Біздің айтқалы отырғаны­мыз да осы – Колбинді театрға зорлағандай етіп ертіп барудың жайы.
Жер ортасынан асып, жасы елуден еңкейген шағында Шерағаң жаңа жанрдың жалына жармасты: бірінен кейін бірін жалғастырып, «Сталинге хат», «Бесеудің хаты» деген екі драма жазды. Екеуі де Жастар театрында қойыл­ды. Ол драмаларының әсері бұ­рын өзі суреттейтін бұлтсыз күнгі найзағайдай болды. Халық ағылатын да жататын. Аншлагтан аншлаг. Орта­лық комитеттің Идеология бөлімінде мәдениет секторының меңгерушісі кезім. Бөлім меңгерушісі – Мырзатай Жолдасбеков. Мырзекең Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевқа кіріп, «Сталинге хаттың» ха­лық­қа әсерін айтып, театрға шақырды. «Келісті, келетін болды», деп айтты бізге. Театрға, авторға айтып, оларды да қуантып, дайындалып жатырмыз. Спек­такль қойыларға екі күн қалғанда басқа бір хабар жетті: Совмин төр­ағасы театрға Бірінші хатшымен бірге келетін болыпты. Енді қуанар-қуан­басымызды білмей қалдық. Бір жағы­нан жақсы, әрине. Республика жетек­шісінің ұлттық өнеріміздегі елеулі құбылыс делініп отырған қойылымды көргені. Екінші жағынан… Қанша жерден интернационалист болғаныңмен, қанша жерден коммунист болғаның­мен, қанша жерден Орталық комитетте отырғаныңмен бүйрегіңнің бір бұры­шында Колбиннің ұлты да, сырттан келгені де тұрады… «Үкімет басшысын бекер шақырған жоқ па екенбіз өзі?» дегендей ойлар да келгенін несіне жасырайық. Сол күндері тіпті таудан-тастан қайтпайтын Шерағаңның өзі де мазасызданған-ақ шығар. Оны Райым­бек Сейітметов туралы жазған «Най­зағай бұлтты күндері ғана жарқыл­дайды» атты мақаласындағы: «Ал енді сол спектакльге Колбиннің өзі келді. Міне, қаһарлы шақ. Қорқынышты ма, жоқ па?» деген жолдарға қарап айтып отырмын. Бірінші басшының аты бірінші басшы. Қалай қарайды, қандай баға береді? Не ойлайды? Нендей шешім жасалады? Сонымен, Назарбаев спектакльге Колбинді алып келетін болды. Оларға ілесіп бүкіл бюро көшіп келетін болды. Қазақ театрының қайда екенін білмейтін министрлер «вертушкамен» телефондап, шақыру билет сұрауды шығарды. Қойылым күні де келді. Спектакль басталды. Көрсетілім­ге жауапты адам ретінде (мәдениет секторының меңгерушісі едім) бірінші қатардың ең шетінен өзіме орын қалдырып қойғанмын. Бір көзім сахнада, бір көзім Колбинде. Қырынан көз саламын. Бірнеше рет көрген спектаклім ғой, біраздан кейін сахнадан гөрі Колбинге көбірек қарай бастадым. Жанындағылар, артындағылар оның жүзіне олай зер сала алмайды. Әй, дегенмен сонша саңылаусыз емес екен. Көп өтпей-ақ бәрін түсінді. Сахнада Сталин мен Голощекин жүргенімен санада Горбачев пен Колбин тұрғанын да, өзін бұл спектакльге Назарбаевтың неге алып келгенін де түсінді. Эмоциясын жасыра алмайтын кісі еді. Спектакль соңынан қол соққан да жоқ, режиссерге де, драматургқа да ештеңе айтпады. Үн-түнсіз кетті де қалды. Ал енді негізгі түйінді Шерағаңның өзінен тыңдайық. Жаңағы мақалада автор әрі қарай былай дейді: «Колбиннің өзі келді, оның нөкерлері келді, көрді. Халық деген көп. Колбиннің қабағы салбырай түсті, тістенді білем, кім біледі, тісін шықырлатқан да шығар, бірақ ләм демеді, не болса да ішінде кетті. Міне, мүмкін сол сәтте ойға қалған шығар, мына халықпен ойнауға болмайтынын ойлаған шығар. Кім біледі, тағдыр ма, жазу ма, әлде халықтың қарғысы ма, Қазақстаннан кетті, көп ұзамай дүние­ден қайтты. Әйтпесе соншалықты басы жерге тиіп тұрған жан емес еді».
Шерхан Мұртаза халқына осылай да көмек көрсеткен.
Шерағаңның халқына көмек көрсеткен кезі көп.
«Лениншіл жас» газетін басқарып, сөз шідері шешілмеген, ой тұсауы ағытылмаған сол заманның өзінде жастарымыздың жігерін жанитын, намысын қамшылайтын мақалаларды жаңбыр-жаңбырдың ара-арасымен өт­кізіп қойып отырғанда да, тіл, мектеп, дәстүр сияқты шетін мәселелерді шетінен қозғап, кіші ЦК үлкен ЦК-дан екі күннің бірінде ескертпе алып, өзі сөз естіп жатса да бағытынан таймай, бірмойындап, істейтінін істей берген кезінде де, комсомол басылымына қазақ даласының қиыр-қиырынан сен тұр, мен атайын дейтін сайдың тасын­дай таланттарды жинап алып, оларды бір мақсатқа жұмылдырып, баулып-қағып, шекпенінен шығарып, әдебиет­тің айдынына жүздіріп, журналис­ти­каның жайлауына жүйткіте жіберіп отырғанда да сөйткен.
«Жалын» альманағын басқарып, жас таланттардың тұмылдырығын ағы­тып, «Турабидің трибунасы» деген аты­шулы айдармен әдебиеттегі сүрең­сіздікке, халтураға ашық майдан ашқанда да сөйткен.
«Жұлдыз» журналын басқарып, шы­­ғарма атаулының бәріне әділетті қарағандықтан, шын талантты, шын таң­даулы туындылар ғана басыл­ған­дықтан журналды әр қойшының етігінің қонышында жүретіндей еткізгенде, басылымының таралымын қазір адам айтқысыз деңгейге – екі жүз мыңға жеткізгенде де сөйткен.
«Қазақ әдебиеті» газетін басқарып, басылым бетінде ұлтымыздың ең бір ділгір мәселелерін бірінен кейін бірін көтертіп, тарихтың небір ақтаңдақ­тарын ашқызып, қазақтың ұл-қызда­рын еркін ойлауға, еркін сөйлеуге, еркін жазуға шақырғанда да, он алты бет­тің бір бетін де қалдырмай оқитындай жағдайға апарғанда да сөйткен.
«Егемен Қазақстанды» басқарып, кешегі сықырлаған ЦК-ның сықиған «СҚ»-сын еркін елдің «Егеменіне», тәуелсіздік трибунасына, мемлекет­тілік­тің мінберіне айналдырып бергенде де сөйткен.
Қазақ телевизиясын басқарып, талай жыл бойы көгілдір экранда өгей баланың күнін кешкен қазақ тілінің көсегесін көгерткенде, ана тіліміздегі бағдарламалардың санын көбейтіп, сапасын арттырғанда, сондағы сірескен сеңді бұзып, ақпараттың бұл сала­сына да қазақы қан құюға болатынын дәлелдегенде де сөйткен.
Парламент депутаты кезінде ұлт намысы үшін, тіліміздің, елдігіміздің есесі кетпеуі үшін небір айтыс-тартыстарға түсіп, қос тілді де мемлекеттік тіл етіп Конституцияға жазайық деп жаныға қалғандарға қаратып: «Жы­ланда ғана айыр тіл болады, ал адамда тіл біреу!» деп ақырып шық­қанда да, рухани саланы шөміштен қысуға бейім тұратын үкіметті өңеш­тен қысуға дейін барып шырылдап шық­қанда да сөйткен.
Осылай жалғастыра беруге болады.
Шерағаңның өміріндегі қысқа да болса аса нәтижелі белестердің бірі, сөз жоқ, «Егемен Қазақстанды» басқарған жылдары. Шерхан Мұртаза газеттің жетекшілігіне аса бір талмау тұста келді. Ол кісі басылым тізгінін қолға алғанда газеттің бас газет деген баяғы аты ғана қалған еді. Партияның басынан бағы тайыңқырай бастаған «қайта құру» жылдарында бұрын негізінен Орталық комитеттің органы деген атымен дүрдиіп жүрген басылым­ның да беделі бәсеңдеп кеткен бола­тын. Заманында Смағұл, Жүсіпбек, Бейімбет, Сәкен, Тұрар сынды тұлғалар басқарған газеттің күйі кетіңкіреп жүргеніне іштей қиналатынбыз. Ақы­ры Орталық комитетте ойлана-ойлана келе бір ойға тоқтадық. Газет бас­шылығын күшейту керек. Сонда оны кім жаңаша басқара алады? Ондай адам, біздіңше, біреу-ақ – Шерхан Мұр­тазаев. «Қазақ әдебиеті» газетін жұтындырып шығарып отыр. Бұрын басқарған басылымдарының бәрінің бағын ашқан. Осы ойымызды Президентке жеткізейік, келісімін алайық десек, орта тұстан ақыл қоса қалған біреулердің шыға келгені. «Шерағаң аптасына бір шығатын газеттен күн сайын шығатын газетке баруға келісе қоймас, ол кісі күнделікті газеттің аза­бын бір кісідей біледі, алдымен өзімен сөйлеспесе кейін жеме-жемге келгенде бас тартып, ыңғайсыз болуы мүмкін» дейді әлгілер. Ойпырмай, ә? Журналист те бас газетті басқарудан бас тарта ма екен? Ақыры осы мәселенің ба­сын ашу маған тапсырылды. «Бесеу­дің хаты» қойылатын күнге Шерағаңды театрға шақырдым. Телефонмен сөй­лес­кенде үнінен сәл таңдану білінсе де келді. Спектакль біткен соң ТЮЗ-дан шығып, Шерағаңның үйіне дейін жаяулап жүрдік. «Алатау» кинотеатрының жанында тұрады екен. Алыстан айнала шауып, ақыры негізгі мәселеге ауыса бастадым. Жоқ, соншалықты шоршы­ған ештеңесі байқалмайды. Бірден құ­лап түспегенмен, сенім көрсетіліп жатса ойлануға болар дегендей сыңайда бірер ауыз сөз айтты. Сөйтіп, айналасы бір-екі күннің ішінде Шерағаң «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы болып шыға келген. Бұл шешімнің қаншалықты орындылығын айтудың өзі артық. Газет алғашқы айлардың өзін­де түлеп сала берді. Жасындай жар­қылдаған мақалалар жиі-жиі жарқ-жұрқ етіп жататын. Шерағаңның өз әдетімен әр жер-әр жерде жүрген қа­ламы жүйрік журналистер бірінен соң бірі редакцияға шақырыла бастады. Елді мекендерге, қалаларға тарихи атауларын қайтару, өз байлығымызды өзімізге бұйырту, ұлт кадрларын қия­нат­пен қудалауды тоқтату, желтоқ­санда жазықсыз жапа шеккендері ақ­тау, қазақ жерін бөлшектеуге шақы­ра­тын сепаратистерді ауыздықтау сияқты тақырыптар тұшымды тілмен, тартым­ды пішінмен беріліп, оқырмандар наза­рын аудара түсті. Газет бетінде сы­нал­ған талай лауазым иелерінің орнынан алынып, жайлы орынтағымен, жылы кабинеттерімен қоштасуы басылым беделін тіпті биіктетіп жіберді. Шерағаң атын өзгерткен «Егемен» шын мәнінде ел газетіне айналды. Сөйтіп жүргенде…
Бір жағын айтқан соң екінші жағын да айту керек. Иә, сөйтіп жүргенде билік тарапынан бір қателік жіберілді. Мен өз басым сол шешім қателік болды деп санаймын да, соған себепші адам ретінде оны мойындаймын да.
Сол тұста Қазақ телевизиясының жұмысы мандымай кетті. Жұрт­шы­лықтың көңілі толмайды. Хабарлары тартымсыз. Халықтың көңіліндегі сөз айтылмайды. Ақыры Орталық комитеттегілер ойлана-ойлана келе бір ойға тоқтады. Телевизия басшылығын кү­шейту керек. Сонда оны кім жаңаша басқара алады? Ондай адам біреу-ақ – Шерхан Мұртаза. «Егеменді Қазақ­стан» газетін жұтындырып шығарып отыр. Бұрын басқарған басылым­дары­ның бәрінің бағын ашқан. Телеви­зияның да бағын ашады. Солай шештік. Бұл жолы да мәселені алдын-ала пысықтау идея авторына тапсырылды.
Кабинетте Шерағаң шарт кетсін. «Жұмыс жаңа-жаңа жолға түсіп жатыр ғой, бағыт дұрыс келе жатыр ғой, ондай шешімнің қандай қажеттілігі бар? Телевидение деген, радио деген жолап көрген жерім емес, мен ол жерде не істеймін?». Олай айтамыз – көнбейді. Былай айтамыз – көнбейді. Кемі жарты сағаттай ырғасуға тура келді. Ақыры сөздің бір орайында: «Шераға, кешегі соғыста Сталин қай майданда жағдай нашарласа Жуковты сол майданға жібереді екен. Президент те сізді қай жерде жұмыс нашарласа тек сол кісі ғана жақсарта алады деп сол жерге салғалы отырған жоқ па?» деп қалдым. Шерағаң зорлана жымиды… Президент ұйғарымы дегенге тоқтады ма, бағана­дан бергі таластан шаршады ма, жаңа­ғы уәжге іштей келісті ме, білмедім, әйтеуір енді аздап жіби бастады. Бірақ, телевизияны басқаруға құлықсыз барғаны анық.
Өкінішке қарай, теледидардың сти­хиясы газеттен, журналдан басқаша, ұжымының табиғаты, кадрларының бітімі бөлекше екенін онша ескермеппіз. Әрине, Шерағаң ол қызметте де қыруар игі іс атқарды, жарты ғасырдан бергі тұтасқан сеңді сөгіп беріп кетті. Әйтсе де, газет үшін, халық үшін Шер­ағаңның дәл сол жылдарда «Егеменде» отырғаны көбірек пайдалы болатын еді. Жақсы ниетіміздің нәтижесі ой­дағыдай шықпағаны өкінішті. Бұл жайында газетіміздің 90 жылдығына шығарылған «Егеменқазақстандықтар» атты жинақ үшін жазып берген шағын естелігінде Шерхан ағамыз: «Ойда талай мақсат, мұраттар бар еді. Енді-енді қызып келе жатқанда жоғарыдан пәр­мен келді де мен басқа жұмысқа ауы­сып, лапылдаған оттың ортасына күмп ете түстім. Күйіп кетпей тірі шық­қаныма шүкіршілік» деп жазған… Солай. Былайша айтқанда, аппаратта жүргенімізде Шерағаңа бір тұста септігіміз тисе, тағы бір тұста зиянымыз тигендей аға алдында қысылыңқырап тұратынымыз бар. Бір кем дүние…
Өзі өмір бойы айналысқан екі саланың екеуінде де Шерағаң бірқатар ғажайып дүниелер туындатты. Әңгіме-хикаяттарында санада сақталып, жү­рек­те жатталып қалар соқталы бейнелер сомдаса, «Қызыл жебеде» Тұрар­дай тұлғаны ортамызға оралтып, рухани ерлік жасаса, «Ай мен Айша» ро­маны арқылы Ана атты ұғымның ұлы­лығын, ана жүрегінің шексіз дарқан­дығын, қазақтың ғажайып парасат­тылық қасиеттері заманның небір сын сағаттарында да сақталғандығын ашып көрсетті, бізді кеше де, бүгін де, ертең де жұрт ретінде, ұлт ретінде, халық ретінде аман алып қалатын сол қасиеттер екенін, өзімізді үшінші мыңжылдық­тың басына дейін осындайлық таза­лықпен алып келген қазақы қалпы­мыздан айырылсақ, бәрінен айыры­латынымызды көркемдік қуатпен, жан-жүрегімізге жеткізе, сана-сезімімізге өткізе айта алды. Журналистикада өзі басшылық жасаған басылымдардың бәрінің бағын жандыратын, қай жерде де талантты шәкірттер шоғырын қа­лыптастыратын шын мәніндегі ұлы редактор ретінде танылды. Мұның бәрі бүгінде барша жұрт мойындаған ақиқат, шығар күндей шындық.
Шерағаңның сексен жасқа толуы – әдебиетіміздің де, журналистикамыз­дың да тамаша тойы дейміз. Бұл да аздық етеді. Есімі халықтық ұғымға айналған, бері қойғанда соңғы ширек ғасырда талай-талай нәрестеге аты ырымдап берілген мұндай тұлға­лар­дың мерейтойы елдікті еңселентетін белестердің бірі ретінде бағала­н­ғанының еш артықтығы жоқ.
Біздің қазақ баһадүр деп осындай адамдарды айтады.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.