13 Қазан, 2012

«Үй сыртында жар бар-ды…»

533 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

«Үй сыртында жар бар-ды…»

Сенбі, 13 қазан 2012 7:09

(Ақын Өтежан Нұрғалиев туралы эссе)

Әдеттегі жаппай жазылып жататын, оқып шыққан соң есте қалмайтын жай өлең мен шын өлеңнің, шын поэзия­ның айырмасы неде? Өлеңнің ұйқасы дұрыс, теңеулері қисынды, бәрі орнында сияқты. Бірақ сезімді қозғамайды, ойға да тамызық бола алмайды. Бұл – жай өлең. Оқисың да қоясың. Екінші өлең салған жерден баурап әкетеді. Се­зіміңді селк еткізеді. Жүрек перне­сін дәл басады. Ойға батырады. Көңі­лің­­де құйын туғызады. Бұл – шын өлең.

Сенбі, 13 қазан 2012 7:09

(Ақын Өтежан Нұрғалиев туралы эссе)

Әдеттегі жаппай жазылып жататын, оқып шыққан соң есте қалмайтын жай өлең мен шын өлеңнің, шын поэзия­ның айырмасы неде? Өлеңнің ұйқасы дұрыс, теңеулері қисынды, бәрі орнында сияқты. Бірақ сезімді қозғамайды, ойға да тамызық бола алмайды. Бұл – жай өлең. Оқисың да қоясың. Екінші өлең салған жерден баурап әкетеді. Се­зіміңді селк еткізеді. Жүрек перне­сін дәл басады. Ойға батырады. Көңі­лің­­де құйын туғызады. Бұл – шын өлең.

Енді аз ғана тарих, өткенге шегі­ніс… Он алты жасымда Жамбыл облысы, Шу ауданындағы қазақ орта мек­тебін бітіріп, сол кездегі «Лениншіл жас» газеті мен комсомолдың шақы­руына үн қосып, комсомолдық жолдама алып, Қостанай облысындағы Бүкілодақтық комсомолдық екпінді құрылыс болып жарияланған Соколов-Сарыбай кен байы­ту комбинатын салысуға аттанғанмын. Рудный қаласы картада ғана емес, өмірде де жоқ еді онда. Ресейден, Украинадан, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген әр ұлт өкілдері, Қазақстанның Алматы, Жамбыл сияқты облыстарынан келген қазақ жастары палаталар қалашығында жаттық. Рудный­дағы алғашқы жұ­мысшы барақтары, әкімшілік ғимарат­тары, тұрғын үйлер енді-енді салына бастаған. Қай жағыңа қарасаң да, қыз-қыз қайнаған құрылыс. Кейінірек Қазақстандағы белгілі журна­листердің бірі болып елге танылған Нұрмахан Оразбековпен кездейсоқ сонда танысып, достасып, барақтағы бір бөлмеден орын алғанбыз…
Өндірісте екі жыл еңбек етіп, Ал­матыға келдім. Қарашаңырақ ҚазГУ-дің филология факультеті, оның құра­мын­дағы журналистика бөлімі бәрі­міздің арманымыз еді. Республиканың түкпір-түкпірінен, әр облыстардан келген жастар көппіз. Орын санаулы, аз еді. Бір орынға төрт адамнан таластық. Сынақтардан жақсы өтіп, «іріктеу» дей­тін қатерлі қыл көпірде іркіліп қал­май, оны да аман-есен артқа тас­таған, бағы жанған ұл-қыздар мәре-сәре болып, қуанышқа кенелдік.
Дәл сол кезде қолыма жаз айында шыққан «Жұлдыз» журналының түсе қалғаны. Қарап жіберсем, бізбен қатар филология факультетіне оқуға түскен Өтежан Нұрғалиевтің өлеңдері жүр екен сонда. Мен журналистика бөлі­міндемін. Бірақ біз біраз пәндерден лекцияларды филологтармен бірге тыңдаймыз. Сондықтан Өтежанмен жүз­таныс болып қалғанбыз. Өтежан­ның өлеңдері жоғарыда, осы эссенің бас жағында айтқанымдай, шын өлең­дік қасиеттерімен салған жерден әй-шайға қаратпай, көңілімде құйын туғызып, сезім пернелерін дәл басып, тереңіне тартып, баурап әкетті.
Үй сыртында жар бар-ды…
Мен шақырдым, ол барды.
Балауса балдыр құрақ ем,
Жалғыз-ақ тілек сұрап ем,
Бақытымды сынап ем,
Ол жолымды оңғарды.
Осындай жолдарды оқығандағы жасы он сегізге жаңа толған, махаббат, сүйіспеншілік секілді ғажап сезімдер туралы талай-талай ұйқысыз түндерде қиялдағанымен, әлі бастан кешіріп көр­­меген, дәмін татпаған, өзі де сөз қуып, өлең жазып, ақын болсам, жазушы болсам деп талаптанатын жас жі­гіттің, бозбаланың – сол кездегі менің қандай күйге түскенімді білсеңіз. Тұла бойым ду етіп, бойыма белгісіз қызу тарап, жүрегім атқақтап соғып қоя берді. Көктемдегі жайнап шыққан жас жапыраққа, қауызын жаңа жарған жас гүлдерге тырс-тырс тамған жаңбырдың таза тамшысындай мөлдіреген өлең жолдары өзінен өзге дүниенің бәрін ұмыттырып, ә дегеннен арбап алды.
Өзі де айлы кеш еді,
Әндетіп самал еседі.
Тығылды ай да бұлтқа еніп,
Айналды жар да сырт беріп,
Қосаяқ інге жып беріп,
«Оңаша қалсын» – деседі.
Қандай ғажап, сиқырлы сурет! Осындағы айтылғандай, жанға жайлы жаз күндерінде, жұлдыздары жымың қаққан, әндетіп самал ескен айлы кеште сымбатты, сұлу қызбен оңаша жолығысу туралы қай бозбала қиял­да­мады дейсіз. Шөлдеп келген адамның таңдайына тиісімен-ақ бойын бал­қытып, тәбетін аша түсетін бал қы­мыздай өлең жолдары ынтықтырып, одан сайын өзіне тарта түсті.
Бұлбұл боп едім жырламақ,
Кеткендей самал ұрлап ап.
Ұстадым қолын үн бермей,
Ұсынды ол да үндемей,
Асығыс болып жүрмегей,-
Құшуды жаным тұр қалап.
Оңашада кездесіп, жүректері бір ысып, бір суып, бір-бірінің қолдарынан имене ұстаған, махаббат деген киелі әлемнің табалдырығынан енді-енді ат­тағысы келетін, соған ындыны құрып, аңсары ауған бозбала мен жас қыздың алмағайып, естанды халін ақын қалай дәл жеткізген! Еріксіз құмартып, тәнті бола­сың. Әрі қарай ынтығып, оқи түсесің.
Өрт болып құшақ қармасты,
Жануым еді алғашқы.
Сілкінді жүрек жай болып,
Бір күлді жұлдыз ай болып,
Топырақ түлеп, май болып,
Еріді, гүлге жармасты.
Апырай, қиялдағы жұмбақ сәт, ға­жап сәт шындыққа осылай айналады екен ғой. Құпиясы мол сол бір сәтті, тылсым сәтті көңіл-күйінің сиқырлы әуеніне бөлеп, ақын қалай сәуле­лен­діріп айта білген. Өзіміз күнде қол­данып жүрген қарапайым сөздерден осындай да кесте тоқуға, шындыққа қылдай қиянат жасамастан, атқақтаған, тасыған сезім селін дәл жеткізуге болады екен-ау деген ой санамда жарқ етті. Осыншама шеберлікті, мәттақамдықты ақын қалай меңгерді екен!
Бақытты түндер бермес пе,
Жар тауып едім сол кеште,
Сол түнді жылдар ұрлады,
Киік боп күндер зырлады,
Бұлт басып, ай да тұрмады,
Жоғалды сол жан келмеске.
Өлең өзінің сыршыл қалпын, шынайы әуенін кемітпестен, жоғалтпастан тағы алға жетелейді. Жүрегі лүпіл қаққан бозбалаға шексіз бақыт сый­лаған сол бір түннің барған сайын жырақтап, жылдар тасасында қалып кетуі, киік боп зырлаған күндер мен бұлт басып, бір орнында тұрмаған ас­пандағы ай көңіліңде сағыныш сазын туғызып, санаңды мұңмен қа­быз­дайды.
Қызғаныш болды көлігім,
Көрші үйім тапты келінін…
Самалды «сол!» деп ойлаймын,
Көруді жарды қоймаймын,
Қарауға айға тоймаймын,
Кезерсе де ерінім.
«Сөз патшасы, сөз сарасы» деп Абай анықтама берген өлеңнің, поэ­зияның құдіреті – адамның көңіл -кү­йі­не, сезіміне әсер ету дейтін болсақ, бұл өлең өзінің көздеген нысанасына ал­қынбай, қапысыз жеткен. Самалды «сол!» деп ойлайтын, еріні кезерсе де үй сыртындағы жарға қарауды қой­майтын, аспандағы айға қарауға тоймайтын бозбала бейнесі сенің көңі­ліңде ұмытылмастан қалып қояды.
Журналдың небәрі үш бетіне шық­қан Өтежан өлеңдерін шын сүйсініп, рахаттанып, риза болып, бастан-аяқ бір деммен оқып шықтым. Шөлдеп келіп бір кесе бал қымыз жұтқандай әсерде қалдым. Құмарым қанбады. Шөлім басылмады. Бұлардан басқа тағы не жазды екен деп ойладым. Қазақ әдебиетіне осындай тамаша талант келіп қосыл­ғанына қуандым. Келешекте ол тағы нендей жауһар жырлар тудырар екен деп толғандым. Өтежанның өлеңдеріне берілген шағын аңдатпада мектептен кейін колхозда жұмыс істеп жүрген жас жігіттің Жазушылар одағының шақыруымен Алматыға келіп кеткені, өлеңдері поэзия секциясында талқы­ланып, жоғары бағаланып, оларды тақырып жағынан толықтыра түсіп, баспаға ұсыну туралы қаулы қабыл­данғаны айтылыпты.
Менің өмірімді Өтежан өлеңдерін оқығанға дейінгі және Өтежан өлең­дерін оқығаннан кейінгі деп екіге бөлуге болатын еді. Оның өлеңдері шындығымен, сыршылдығымен баурап алып, жан дүниемді төңкеріп түсірді. Егер соған дейін көңілімнің терең түкпірінде өзге де ұмтылыс, талпыныс­тарыммен бірге «ел таныған ақын болсам» деген арманды да мәпелеп, үкілеп келсем, енді қаншалықты ауыр, қиын болса да сол арманыммен қош­тасуға тура келген. Өтежан өлеңдері мені аспаннан жерге түсіріп, «өз жаз­ған­дарыңды салыстырып қарасаң­шы, мүм­кіндігіңді дұрыс бағалай білсеңші» деп ақыл-кеңес бергендей еді. Мына өлеңдеріне, мына түріне қарағанда ол әлі талай нәрсені айта алады, айтатын шығар, ал мен айта алмаспын деп толғандым. «Ұра берсе құдай да өледі» дегендей, күшеніп жаза берсем бір немесе бірнеше өлең жинақтарын да шығарар ма едім, бірақ өлеңді содан кейін жазбай кеткеніме қазір еш өкінбеймін.
Университетте оқу басталғанында журналистика бөліміндегі жігіттермен, қыздармен жылдам араласып-құра­ласып кеткеніммен, филология факуль­тетінде оқитын Өтежанмен арамызда онша жақындық бола қойған жоқ. «Жұлдыздағы» өлеңдерінің арқасында студенттер арасында Өтежанның бе­делі бірден биіктеп шыға келген. Өзгелерді айтпағанда, бізден бір курс жоғары оқитын Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауиннің де әлі ешқайда таныла қоймаған кезі. Университетте өтетін шығармашылық кештерде Әбіш өзінің пәлсапалық ой-тұжырымдарға шүпілдеген өлеңдерін оқығанда одан түбінде елді аузына қаратқан жақсы ақын шығатын болар-ау деп болжамдайтынбыз. Оның қасында үнемі еріп бірге жүретін Мұхтар сырын ішіне бүгіп, көп үндемейтін…
* * *
Өтежанмен бір жыл бір курста бірге оқыдық. Осы тұста енді Өтежан мінезінің өзінше бір қырларын айтуға тиіспін.
Университетті бітірген кезде біздер жоғары білімді дипломды мамандар ғана емес, Кеңес Одағы әскерінің офицерлері болып шығуға да тиіс едік. Сенбі күні өтетін әскери дайындық сабағын бірінші курстағы орыс-қазақ топтарының студенттері ең үлкен аудиторияда бірге отырып тыңдайтынбыз. Сабақ беретін мұғалімдеріміз бір капитаннан басқасының бәрі майор, өздері орыс халқының өкілдері еді. Қазір аты-жөндерін ұмытып қалғандықтан, мен енді оларды сол әскери шендерімен атай бермекпін.
Өтежан бір күні таңертең сақал-мұртын алмай келіпті.
– Нургалиев, почему не бритый? – деп сұрады майор.
– Бритва поломался, – деп жауап бер­ді Өтежан.
– Идите в парикмахерскую. По­брей­тесь, – деді майор.
– Ест тавариш майор, – деп Өте­жан қаздаңдай басып шығып кетті.
Содан ең соңғы алтыншы сабақ аяқталарда ғана есікті қағып келіп тұр.
– Где были так долго? – деген сұ­­­раққа:
– Очирет был, тавариш майор, – деп жауап берді Өтежан…
Кей жерде жауыннан кейінгі шал­шық жатқан күз күнінде әскери тәр­тіппен жүріп-тұру сабағын өтіп жат­тық. Капитан жеке-жеке қақшитып тұрғызып қойып, бұйрық беріп, ары-бері жүргізіп, үйретіп жатыр. Кезек Өтежанға келгенде ол қиқалақтап, дұрыс жүріп-тұр­мады. Содан соң капитан:
– Нургалиев, давай поменяемся местами. Вы – командир, я – солдат. Командуйте и смотрите, как надо выполнять, – деп аузын жиып ала бергенше Өтежан:
– Смир-но-о! – деп айқайлап шыға келді. Содан «кругом», «прәмо», «направо», «налево» деп бұйрықты үсті-үстіне төпелеп беріп, бір кішкене шалшықтың шетіне келгенде «лажис» дегенде капитан жата қалды да:
– Вы и командовать не умеете, Нургалиев, – деп, су-су болған үстін қақ­қыштап, орнынан түрегелді…
Тағы да әскери әзірлік сабағын өтіп жатырмыз. Соғысқа қатысқан майорымыз қып-қызыл боп, шабыттанып, қызынып алған. Әңгіме атақты «Курск иіні» шайқасы жөнінде еді. Ол өзінің соған қатысқанын мақтан тұтатын.
– Біз сөйтіп немістердің тас-тал­қанын шығардық, – деп тоқтап, «Вопросы есть?» деп сұрағанда, Өтежан қолын көтерді.
– Спрашивайте, товарищ Нургалиев, – деді майор өзіне риза көңілмен.
– Скәжите, пожалыста, ви наступали или бежали? – деп сұрады Өтежан.
– Ну, товарищ Нургалиев, вы что, не слушали, я же целый час рассказывал. К тому же вы историю не знаете. На Курской дуге мы победили. Мы наступали… – дей бергенде, Өтежан саусағын безеп, оның сөзін бөліп:
– Не-ет, тавариш майор, ви не наступали, ви бежали. Если наступали бы, пуля вам попала сюда, – деп әуелі маңдайын, – а пуля попала вам сюда, – деп сонан соң желкесін көрсетті.
Сол сәтінде-ақ масаттанып тұрған майордың желкесіндегі оқ тиген тыр­тығына дейін қып-қызыл болып, қызарып кетті.
– Во-он, из аудитории! – деп айқай салды ол.
– Ест тавариш майор, – деп Өтежан ешнәрсе болмағандай аудиториядан шығып жүре берді…
«Ойнақтаған бота от басады» дегендей, бірінші курсты аяқтағанымызда жыл қорытындысында Өтежанға әске­ри дайындық пәнінен «екі» қойылып, екінші курсқа көшпей қалды. Әскери пәннен сабақ бергендер оның «әзіл-қалжыңдарын» түсінбеді.
* * *
Өтежанның алғашқы жыр жина­ғының баспадан шығуын тағатсыздана күткендердің бірі мен едім. Екінші курсқа көшкен кезімізден бастап тө­менгі курста қалып қойған одан көз жазып қалғанмын. Бірақ газет-жур­нал­дарға шыққан өлеңдерін қалт жібер­меймін. Ақыры бірер жылдан кейін «Менің махаббатым» деген алғашқы өлең кітабы қолыма тиді. Жатақ­ха­надағы бөлмеде жатып, өзге жігіттер: «Ал енді шамды сөндірейік, таңертең сабаққа барамыз, ұйықтайық» дегенше әлгі жинақтан бас алмай, құмарлана оқумен болғаным есімде. «Төгіліп тұрған қандай тамаша, бейнелі тіл, қандай әсем суреттер!» деймін тамсанып. Қою көкте моншақтаған жұл­дыз­дарды ақын көк күмбезіне мәңгі­лікке қағылған алтын шегелерге ұқсас­тырады. Жасыл кілем — майсадағы сүрлеу жолды жолаушының ұмытқан жібек арқанына теңейді. «Көл — ана, ай – бөбегін шомылдырып, сызады кү­міс шеңбер дөңгелетіп» деп кіршіксіз таза, әсем суретті көз алдымызға алып келеді. Ал:
Тереңіне жіберердей батырып,
Қара теңіз жатыр кәрін шақырып.
Жартастардың жағасынан алады
Толқындары жолбарыс боп атылып. – деген жолдарда қаншалықты қимыл-қозғалыс, жанды сурет, экспрессия бар! Жапырақты жамбы қылып атып алып, қаңбақты қанжығада сүйреткен жел, ақ шәлі бүркенген Алатау, жасаулы келін­шектей сән құрып тұрған дала, ақ боранның тығынын ашып тастап, бұрқыратып келе жатқан қаңтар, екі көзі шарасына сыймай аруақтанған күйші… қысқасы, «өлеңнен қанат байлап алған» ақын не нәрсеге назар аударса да, соның бәрі қозғалып, жанданып, түрленіп жүре беретіндей. Өтежан өлеңдерінің әсері ме, шамды сөндіріп жатқан соң, көзім әбден ұйқыға кеткенше, өзім білетін мың-сан сөздердің бәрі тіріліп кетіп, айналамда ақ көбелектердей қанат қағып, қа­лықтап, ұшып жүр­гендей әсерде болдым. «Жай сөз жоқ, сөздердің бәрі киелі, қанатты екен-ау, олардың ұша алатынын осы уақытқа дейін қалай білмегенмін» деген тәтті, бақытты сезімнің құшағында тербеліп жатып, көзімнің қалай ілініп кеткенін сезбей қалыппын…
Содан кейінгі жылдарда мен Өте­жанның «Ақ нөсер», «Нөсерден кейін», «Кемпірқосақ», «Кәмелет», «Ай астында ақбоз үй», «Айшуақ», «Қайыңды тоғай» сияқты, басқа да қолыма түскен көптеген жинақтарын, өлеңдерін оқыдым. Қайсыбіріне риза болсам, қайсыбіріне риза бола алмай қалып жүрген кездерім болды. Әуелден өзім күткен, дәмеленген, өзім аңсаған Өтежанды бірде тапқандай болсам, бірде қайта таба алмай қалғандай күй кешетінмін. Ақынның өзі туралы да әр жылдарда: «ішеді екен», «ішіп алса әркіммен шатақтасады екен», «еліне кетіпті», «аулында мектеп директоры болып істеп, байып алыпты», «қай­тадан Алматыға келіпті» деген сияқты алыпқашпа, өсек-аяң әңгімелер құла­ғымызға тиетін…
* * *
Енді осы жерде өткен ғасырдың екінші жартысындағы қоғамымызды дендеген ауыр дерт – арақтың, сы­раның, ішімдіктің адамдарымызға тигізген зияны туралы айтпай кете алмаймын. Қайғы-қасірет жайлаған Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейін қо­ғамымыздың ағзасына сыздықтай кір­ген бұл індет келе-келе қалалар ғана емес, алыстағы ауылдарымызға дейін бүкіл болмысымызды, тіршілігімізді жайлап алды. Халқымызға оның әкелген тақсіреті Ұлы Отан соғысынан кем болған жоқ деуге де болар, мүмкін. Ғасырлар бойы сайын дала төсінде таза ауада экологиялық жағынан таза тамақ жеп, айран-сүт, қымыз-шұбат сияқты тәнге дауа сусындар ішіп, саламатты тіршілік кешіп келген, дені (гені) таза жұртымыздың ағзасын улап, ұлт денсаулығының тамырына балта шаба жаздады десек те болар оны. Қан­қасап соғыс жылдарында жақыны не туысы қазаға ұшырап, қара жа­мыл­маған шаңырақ қалмағанындай, өз отбасынан, не ең жақын туыстарынан әлдекім маскүнемдік дертіне шал­ды­ғып, жапа шегіп, қасіретке ұшырама­ған отбасылар да кемде-кем қалған шығар сол жылдарда. Енді бүгін, тәуелсіздікке жеткенімізге жиырма жылдан асып бара жатқан қазіргі таңда ғана осы кеселден бірте-бірте айығып, есімізді аз-аздап қайта жиып келе жатқанымыз, қазіргі көптеген жас­тарымыздың ішімдіктен іргесін аулақ салатыны, той-жиындарымыздың арақ-шарапсыз өте бастағаны көңілге үміт, қуаныш ұялатады. Өткен ғасырдағы бұл құбылыс бүгінге дейін жан-жақты, лайықты зерттеліп, өз бағасын әлі толық ала алған жоқ…
Ішімдіктің зиянды әсерінен ақын­дарымыз бен өнер адамдары да сырт қала алмады. Өкінішке қарай, үміт күттірген кейбір жас бойларындағы талантынан айрылып қалды, діттеген межеге жете алмады, қайсыбірі орта жолда өртеніп, жанып кетті. Өтежан өлеңде­рінде де арақтың зияны аз айтылмайды. Оның одан алғашқы опық жеуі мектептен кейін басталған. «Айтпаса да болар еді бұл жайлы» деген өлеңінде бұл туралы өзі әсерлі етіп баяндайды. «Жас ақын боп жаңа шығып атағым, жүрген кезім әркімге бір ұрынып. Ащы суға енді үйрене баста­ғам», – дейді ол. Содан Ақтөбеден әншілері мен күйшілері бар бір топ артист Байғанинге келіп концерт қояды. «Қарамайтын жанып жатқан отқа да, жатыр едік сабантойлап топ бала, қырық жалын, қырық аттестат қолын­да, жаңа ғана бастап едік шоқтана… Біреу тұрып: «жетер енді та­райық», енді біреу: «тағы бірден ала­й­ық! Алайық та Өтекеңді ертіп ап, Ақтө­бенің концертіне барайық!» – деседі. Одан әрі ол сол кеште кімдерді қалай боқтап, не бүлдіргенін ертеңінде өз­гелерден сұрап біледі. «Мына бала құдық болып барады, райкомды боқ­тау­ға да жарады… Тек бізді емес, елді неге боқтайсың, жас ақынсың, жанып тұрған шоқтайсың», – деген сөздерді есітеді.
Көшедегі сұлу қыздар етегі,
Маған қарай көлбең-көлбең етеді.
Жарқамыста болса жердің жыр­тығы, –
Ойланбай-ақ енгім келіп кетеді.
Концерт кетті, артист кетті мың
болғыр,
Өкірсең де оралмайды енді ол күн.
Концерт берген жайына қап, ендігі
Таусылмайтын «ел концерті» мен болдым, – дейді өкініш өзегін өртеген ақын. «Біреу өтер дүниеден сүрінбей, мысық құсап жүреді де білінбей. Мен бір рет абыройдан айрылдым, қырқып алған қошақанның жүніндей… Мың құбылған салдақымен дос болдым, соғасың ба, боқтайсың ба, еркіңде», – деп аяқтайды өлеңін.
«Мен талантты ақынмын, шабытымды арақпенен шақырдым. Шабыт келмей, шарапқа, батып бара жатырмын. Стакандар ұлғайып, жұта бердім бөшкелеп. Шарап – өзен, мен – қайық, қуа берді өкшелеп. Ақша деген пішен ғой, жаза бердім… күшенбей… Сү­ріндірді кейде арақ, аяқтағы кісендей… Отқа салды әр жерде, күлкісі – жел, сөзі – өрт, жібермейді дәрігерге, өзі – дәрігер, өзі – дерт. Қыран едім… сан рет… қанатымды қайырды. Жан досымнан айырды. Маған ғашық болған қыз сан мәртебе қартайды… Ресторан, дү­кенде… ағаң талай жантайды. Өмір өтті кезексіз талай жерде кимелеп, ұялатын ағайын үйге апарды сүйрелеп… Не болса да бұл арақ енді маған өкпесіз. Дәрігер айтты: – Бұл қалпы шыдамайсыз көпке сіз… Күшім қайтып барады, «жаудан» қалай кек алам? Жауынгердей жаралы, қайрат жинап демалам. Керек емес үгіттер, кек алмасам болмайды. Енді ішпеймін, жігіттер, дем алмасам болмайды. Шаба-шаба жаяулап, екі аяғым сабылды. Енді ішуге болмайды, ресторан… жабылды!!» – деп жазды кейініректегі «Ресторанмен қоштасу» атты тағы бір өлеңінде.
Ал «Асқар Сүлейменов сөз бастайды» деген өлеңіне өзінің жақын досы Асқар екеуінің тауға барғаны, сол жолғы бастан кешкен хикаялары өзек болған. «Тау басында кішігірім той жасап, о дүниеден оралғандай, бой жасап, сыры мәлім Сырағаңды жамандап, келе жаттық көңіл де шат, ой да шат… Доп құсатып, тасты теуіп кебіспен, кісінейміз құлын-тайдай тебіскен. Екі жәшік сырамыз бар қарында, екі мес боп домалаймыз еңістен» деп сурет­тейді ақын өздерінің хал-күйін. Содан кейін такси ұстап, арт жағына Асқар екеуінің жатып алғаны, ал таксистке «сен енді таң атқанша тек біздің айт­қанымызды істейсің» деп бұйрық беруі, бостан-босқа арам өлсін бе, ала такси зуылдап бұларды қалаға қарай ала қашуы, көпірге келіп тоқтап, сол жерде таксистер жиналып, бұларды ортаға алғаны сөз болады. «Таксист деген – халық екен ұйымшыл, құмырс­қадай құжынап кеп жиылсын, біз – екеуміз, таксист – тоғыз, күш аздау… біздің жағдай болғалы тұр қиын шын», – дейді ол.
Өтежанның шығармашылығына тән ақындық шабыт, өлеңді ойнақылан­дырып жеңіл, еркін төгетіні, езу тарттыратын юморы осы өлеңінен де айқын көрінеді. «Нерві кетті. Тайды көңіл қоштығы. Көріп тұрмыз дір-дір еткен мостыны…Көпірден де лақты­ратын түрі бар, жай сөз екен – «ха­лықтардың достығы» дейді ол. Таяқ жеп, өздерін таксистердің енді көпір­ден лақтыратын сыңайын байқаған соң Асқар екеуінің қалай қашқанын да әсерлі жеткізеді: «Қашар кезде қол-аяқты бос қоям… Өзім бастап кетем жұртты тоспай «ән»… Шегіртке боп, үрей біткен шырылдап, кетті зулап кең көшемен қос қоян! Асқар – жүйрік, зуылдаған доптайын, ұшады алға ауық-ауық оқтайын. Жиналыста дәл осылай сөйлейтін… Деген ой жоқ, досы өлсе де тоқтайын! Асқар жүйрік, Асқардан да мен жүйрік, желпілдейді жүгірістен жал-құйрық», – деп еркін есіледі…
Өтежанның өміріне, талантына, аяғына тұсау болған кесапат – арақ туралы жазған өлеңдері кейінгі жас­тарымызға «сендер мұндайдан сақ бо­лыңдар, жоламаңдар» деп ескерту жасап тұрғандай көрінеді маған. Шын­дығына келер болсақ ол бір адамға сыбаға боларлықтай ғұмыр кешті, кітапты да ешкімнен кем шығарған жоқ. Бірақ өмір жарысына, әдебиет жарысына бойындағы ешкімге ұқсамай­тын өзіндік дара үнімен, табиғи талантымен ә дегеннен жарқ етіп, көзге түсіп қосылған Өтежан, әттең, әттең… сол дарынын, сол талантын баптап күтіп, елінің қажетіне, халқының кере­гіне толығынан жарата алмай, қапыда кетті-ау деп өкінемін. Ол арақтың ағзаны улап, сананы шырмап, талант­тарға тұ­сау салатын, адымын еркін аштырмайтын, дарын, қабілетін кемітетін кесірі­нен де, өзінің табиғатында әуел­ден бар еркелеу, қиқарлау, қиястау, ешкімнің алдында көлгірсімейтін тентектеу міне­зінен де жапа шекті. Ондай адамдарды ұнатпайтындар аз болмайтыны белгілі. Өмірінің көп кезең­дерінде арасында жарқыраған жақұты бар, бірақ бірыңғай сыңғырлаған сымбатты келісімдерден ғана тұра бер­мейтін кедір-бұдырлау өлеңдер жазды. Олары кейде шықса, кейде шықпай сүрленіп жатып қалған уақыты да бол­ғаны анық. Кезекті кітабын шығармай, кедергі, тосқауыл қойғысы келген, шығармаларынан ши­кілік іздеген, баспада отырған, басшы­лықта отырған адамдарға оларды табу қиындыққа түспесе керек.
* * *
Дегенмен, тым өкініп, таусыла бер­мейік. «Жырламаймын басын шатып әр күйдің, өзге тілмен, өз бетіммен шалқимын» деп поэзия әлеміне кеуде­сін кере ұстап, еркін басып, ентелей келген, «жүрген жоқпын басқан ізді қуартып, лирикам бар саған еккен жуан түп» деп еліне, Отанына, халқына сөз арнаған Өтежанның артында көл-көсір, аса бағалы мұра қалды. Әсіресе, оның әр жылдарда өмірдің өзінен ойып алып, шындықты шыңғырта жазған балладаларының, «Соғыстың соңғы жазы» деген жалпы атпен жарық көрген көптеген жауһар жырларының орны бөлек. Таяуда ғана «Қазақ әде­биеті» газеті жазғанындай «сұңғыла сөз шеберінің дәлме-дәл деталь-штрихтары, терең ойлы тылсым сырлары, тіпті шабыт буына елтіп сүйкей сал­дысының өзі мәтелге айналып кетуге хақы бар қанатты тіркестердей тәнті ететіні, өлеңге өзгеше реңк-бояу бере­тін әдеби әдіс-тәсілдері қайран қал­дыратыны» рас. Оның қазақ поэзиясына кең тыныс, жаңа өріс әкелген шығармалары келешекте де әдебие­тімізден өзінің лайықты бағасын, орнын алатыны, кейінгі ұрпақты тәр­биелеуге, поэзияға, халқымызға қызмет ете беретіні күмәнсіз.

Болат БОДАУБАЙ, жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.