09 Мамыр, 2012

Жеңіс пен жеміс

696 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Жеңіс пен жеміс

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:24

Соғыс – адам баласының басына түсетін ең ауыр қасірет. Бүгінгі ұрпақ сол қасіретті көрмей-ақ өссе екен, оны болдырмау үшін егемен елінің іргесін нығайтатындай қажырлы еңбек етсе екен дейміз… Иә, кешегі Ұлы Отан соғысында біз Ұлы Жеңіске жеттік, сол жеңістің бүгін жемісін көріп жатырмыз. Сол жеңістің бізге қалай келгенін, қандай қиындықпен келгенін келер ұрпаққа тәрбие болсын деп әңгіме етіп өз аузымен айтып беретін, сол қырғынды басынан өткерген ардагер-қариялар бүгін жоқтың қасы, азайды. Сол соғыс өртінің нағыз өтінде болып, отты жылдардың куәсі болған, Берлинге дейін барып Жеңіс туын тігіп, жауды жеңіп келген Бектай ӘБСАТТАРОВ ағамызбен бірге болған сәттерім есіме түсіп, бір үзік әңгіме айтқым келіп отыр…

 

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:24

Соғыс – адам баласының басына түсетін ең ауыр қасірет. Бүгінгі ұрпақ сол қасіретті көрмей-ақ өссе екен, оны болдырмау үшін егемен елінің іргесін нығайтатындай қажырлы еңбек етсе екен дейміз… Иә, кешегі Ұлы Отан соғысында біз Ұлы Жеңіске жеттік, сол жеңістің бүгін жемісін көріп жатырмыз. Сол жеңістің бізге қалай келгенін, қандай қиындықпен келгенін келер ұрпаққа тәрбие болсын деп әңгіме етіп өз аузымен айтып беретін, сол қырғынды басынан өткерген ардагер-қариялар бүгін жоқтың қасы, азайды. Сол соғыс өртінің нағыз өтінде болып, отты жылдардың куәсі болған, Берлинге дейін барып Жеңіс туын тігіп, жауды жеңіп келген Бектай ӘБСАТТАРОВ ағамызбен бірге болған сәттерім есіме түсіп, бір үзік әңгіме айтқым келіп отыр…

Кеңес өкіметінің әлсіреп, М.С.Горбачев жүр­­­гізіп жатқан елдің экономикасын қайта құ­­­ру кезеңі жылдары. Мен Кеңестер Одағы Комму­­­нистік партиясының Жезқазған облыс­­тық коми­­­тетінің бірінші хатшысы Е.Г. Ежи­­­ков-Баба­­­ха­­­нов­тың шешімімен Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы – қа­лалық атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағай­­­­ын­­­дал­дым. Мұндай жауапкершілігі жоға­ры қызметті мен бұрын-соңды атқарып көрген емеспін, неден бастау керек деген терең ой бірінші күннен-ақ мазалай бастады. Комму­нистік партияның ел алдындағы беделі құл­ды­рай бастаған кез. Қаншама халқы бар үлкен қаланың тіршілік-тынысына жауапты болу, әрине, оңай шаруа емес. Сенім артып тапсыр­ған міндетті абыроймен атқару керек. Қала­ның әлеуметтік-эконо­микалық хал-ахуалы да мәз емес…

Бір күні таңертең күнделікті келетін ресми поштаны қарап отырсам, көзіме «Мәскеуден, Кремльден» деген сыртында мөр басылған, әдетте Орталық үкімет тарапынан ғана келетін бір үлкен конверт көзіме түсті. Кімге жі­­бе­ріл­­­ген екен деп қарасам, «Абсаттарову Б.А.» деген жазуы бар. Бұл азаматтардың өтініші бойынша келген жауап хат болса, неге қалалық партия ко­ми­­­тетіне түседі деген сұрақ туды. Мұндай жағдайда ішін ашып оқуға құқымыз бар, хатты алып оқи бастадым. Хат Кеңестер Одағы Жо­­ғар­ғы Кеңесі Прези­диу­мының төрағасы А.А. Гро­мыкодан келіпті. Хаттан түсінгенім, М.С. Гор­бачев партияның беде­лін қалай жоғары деңгейге көтереміз деп кезін­де Кеңестер Ода­ғының барлық партия ардагер­леріне баспасөз арқылы үндеу жариялап сұрау жолдаған еді. Партияның сол үндеуіне біздің Бектай ағамыз өзінің пікірін айтып, ұсыныс­та­рын жіберсе керек. Бұл хат Бектай ағамыздың ұсыныстарына ризашылық білдіріп жазылған алғыс хат екен. Бір қызығы – Мәскеуге жібер­ген хатқа Бекең өз үйінің адресін жазбапты.

Маған бір қызық ой келді. Даладан ізде­генім алдымнан өзі шықты емес пе, бұл бір жақсы ырым екен деп жорыдым. «Қала басшысы ретінде алғашқы қадамын осы кісімен ақылдасып, осы кісінің батасын алып бастасын» деген Алланың өзінің қисынын келтіріп жіберген нәсібі шығар деген ой келді. Бекең бұл хатты, әрине, алған жоқ. Осы хатты сылтау қылып қаламыздың ардақты ақсақалына барып сәлем беріп келейін деп ойымды түйдім.

Бұрын әр қалада тұрып, қатты араласа алма­­сақ та бұл ағамыздың соғыс және еңбек арда­гері болып еліне сіңірген еңбегіне, қала төңі­ре­гінде белсенді ақсақалдардың бірі болып қала­ның қоғамдық өміріне араласып жүрген істе­рі­не сырттай қанық едім. Бұл кісінің үйінің адре­сін де білмеймін. Ойланып отырып Төлеген Бүкіров досыма телефон соқтым. «Бектай аға­мыз сенің көршің екен ғой, мені ертіп алып бар, екеуміз бірге барып сәлем беріп шығай­ық», дедім. Ол: «Жарайды, барып шығайық», деді.

Сөйтіп, ертеңіне кешкі сағат бестердің шамасында Бекеңнің үйіне келдік. Жаздың кө­леңкесі қоңыржай, күннің көзі қатты ысыған жайлы күндерінің бірі еді. Ағамыз Рыбачий ауылының Тайжан көшесіндегі жер үйде тұ­рады екен. Алдымыздан «төрге шығыңыздар» деп Гүлсім келіні күлімсіреп қарсы алды, төрге шығарып біздерге көрпе жайып жатыр. Бір уақытта біз отырған бөлмеге Бекең кіріп келді, орнымыздан тұрып барып ағамыздың қолын алдық. Ағамызды бірінші көргенім. Қан майданда елді жаудан қорғауға қасық қаны қалғанша белі қайыспай қарсы тұрған батыр ағамыздың келбетінің бір көргеннен-ақ келісті екенін аңғаруға болады. Орта бойлы, кең маңдайлы, жасы жетпісті маңайлап қалған кісі екен. Сонау бір сұрапыл жылдардың терең сырлары жатқандай қабағы қатыңқы екен, бір көргеннен тіл табысып әңгімеге тарту оңай емес екенін сезіп, Төлегенді бірге ертіп келгеніме қатты қуандым. Иә, бұл да бір кешегі сұрапыл соғыстың ағамыздың болмысы мен жан дүниесіне тереңнен ізін салып қалдырған таңбасы шы­ғар деп ұқтым…

Біршама уақыт өт­­­кеннен кейін: «Иә, іні­­­ле­рім, қош келдіңдер! Төлеген, үй-іштерің аман ба, қайдан жүр­­­сіңдер?» деп Бекең үй иесі ретінде өзі сөз бастады. Сол-ақ екен, Тө­леген мені таныстыра бастады. «Мына жігіт ертеде Рудник посел­­­кесінде тұрған, Жұма­­­назар деген кі­­­сі­­­нің баласы, қаламыз­­­дың кеше ғана жа­­­ңа­дан та­­­­ғайындалған бас­шысы, біз сізге сә­лем берейік деп арна­йы атбасын бұ­­­­рып ке­ліп отырмыз», деді. Бекең сонда басын кө­теріп алып: «Е-е, өзім­нің інім екен­­­­сің ғой, нағыз туысым болып шықтың ғой, Мәйгелдінің бес бала­­­сының біреуі сен болсаң, екіншісі мен боламын», деп қабағы ашылып, көңілі жадырап сала берді.

Әрі қарай әңгімені мен жалғастырдым. «Аға, мен сізге екі бірдей маңызды шаруаның басын қосып келіп отырмын. Біріншіден, Жезқазған қалалық партия комитетінің атынан, қала коммунистерінің атынан сізге үлкен алғыс айту үшін келдім. Cізді коммунистік партияның нағыз белсенді жанашыры ретінде Мәскеудегі партия басшылары да біледі екен. Партияның келешегі туралы пікір-ұсыныстар бергеніңіз үшін олар да сізге көп рахметін айтып жатыр. Мына хатты жіберген ұсыныс­тарыңызға жауап ретінде сізге арнап Андрей Громыконың өзі жазыпты. Осыны табыс етке­­­лі келіп отырмын, Мәскеудегі басшыларға Жезқазған шаһарының атын шығарып, естер­і­­не тағы бір рет салғаныңыз үшін көп-көп рахмет. Сіздің мұндай қадамыңыз, Мәскеуден алған алғысыңыз біздің қала тұрғындары үшін де үлкен абырой. Екінші бір маңызды шаруам, сізге облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ақыл-кеңес сұрайын деп келдім, бата-тілектеріңізді өз аузыңыздан естіп, ақсақалды ағаларымыздың аманаттарын өз еркіммен ар­­­қа­­ма салып міндетіме алайын деп келдім. Партия мен үкіметіміз мені жаңа қызметке тағай­­­ындап, маған сенім артып, алдыма көп­теген міндеттер қойып отыр. Бұл міндеттерді абыроймен атқара алуым ең алдымен ауыл аға­­­ла­рының беретін ақыл-кеңестеріне, қала тұрғын­­­дарының мұқтаж шаруаларына көмек бере алуыма тығыз байланысты екенін өзде­­рі­­­ңіз де жақсы білесіздер. Сондықтан да, аға, сіздің әңгімелеріңізді тыңдауға бүгін де және қашан болса да әзірмін», деп ағымнан жарылдым.

«Менің коммунистік партия қатарында жүр­­ге­німе бақандай елу жыл болыпты, партия­ға сол әскер қатарында фашистермен соғысып жүрген кезімде 1945 жылы Берлин қаласында қабылдандым. Міне, содан бері партиямен бір анадан туғандай бірге өмір сүріп келемін. Соңғы кезде партияның беделі түсіп бара жатқаны менің де жаныма қатты батып жүрді, сол іштегі мазалап жүрген ойларымды айтып М.С.Горбачевтің атына хат жазған едім. Бұдан былай қарай партиямыздың аты «Ленинская партия болсын» деп ұсыныс бердім. Ондағы ойым Лениннің аты мен оның ілімдерінің қоғамдағы беделі әлі де болса түсе қойған жоқ еді… Бүгін мен он баланың әкесімін, жұбайым Күлжамалдың көз жұмғанына көп болған жоқ, жалғыздыққа әлі де болса бойым үйренетін емес, көңілім бір мезгіл бөлінсін деп қаланың да, облыстың да қоғамдық іс-шараларынан қалмауға тырысамын, қолымнан келсе, кө­мегім­­ді де беріп жатамын…» Бекеңнің әңгі­месі таусылатын емес. Терезеге қарасам, далаға қа­раңғы түсіп кетіпті. Біздің тықырши баста­ға­нымызды сезді ме, әйтеуір, бір уақытта аға­мыз: «Ал, інілерім, уақыттарың болып қалды-ау деймін, біліп отырмын, жортқанда жолда­рың болсын, үйдің есігі сендер үшін қашанда ашық. Ал, Мұқамбет, айналайын, елдің абыройын ең ауыр кезеңде алып жүруге өзіңе Алла нәсіп етіпті, білемін қиын болатынын. Сен енді бір елдің ғана баласы емессің, бар елдің данасысың, көп қолдың ағасысың, ақты ақ деп бағалайтын, қараны қара деп қара­лай­тын кездерің көп болады. Басыңа іс түссе, көп­­ші­лікті сағаласаң әрқа­­шан қиындық­тарды жеңіп шығасың. Енді әрбір ісіңе кәміл бол, халқыңа әділ бол, Алла тағала қашан болса да жо­лыңды ашық қылуға, абыройың­­ның биік болуына нәсіп етсін, әмин!» деп батасын берді.

Одан кейін Бектай ағамызбен қа­ланың қоғамдық іс-шараларында жиі кездесіп тұрдық. Жезқазған облыс­­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қаланың іске асыратын көп­­­теген іс-шаралары мен бастамаларына қолдау көрсетіп жүрді. Әңгіме­­­­ле­­­сіп, келелі мәселелерге қатысты ке­ңе­­­­су үшін со­­­ғыс және еңбек ардагер­­­­лерінің бастарын жиі қосатын едім, кездесулеріміз дас­­тар­­­қан басында жал­ғасын тауып жататын. Сондай бір Жеңіс күнінде жай­­­ыл­­­­ған дастарқан басында Бекеңнің көте­ріңкі көңілін пайдаланып, соғысқа қа­тыс­қан сәттерінен көпшілікке әңгіме айтып беруін өтін­ген едік. Бекең әңгіме айтуға сараңдау кісі болатын, сонда да болса, әйтеуір, сол күн ағамыздың көңіл перне­сінің бір ағытылған күні болды, қабағын керіп те­­рең бір күрсінді де, әңгімесін айтуға кірісіп кетті…

…Бекең 1942 жылдың 17 маусымында өз еркімен майданға аттанады. Бірақ, оны бірден қан майданға кіргізбейді, жауынгерлердің әске­ри оқу-жаттығулары дайындықтары өтіп жат­қан Тоцк селосында орналасқан 11-ші запас­­тағы атқыштар бригадасына жібереді. Сол жерде ол химиялық барлаушылар курсын бітіреді. Әскери дайындықтары аяқталғаннан кейін жолдастарымен бірге Солтүстік-Батыс майданында соғысып жатқан 353-ші жеке пулеметті-ар­тил­лериялық батальонның құра­­мына келіп кіреді. Бұл жерде ол Ресей жер­лерін гитлершілерден азат етудегі кескілескен ұрыстарға қатысады.

Атышулы Курск иініндегі ұрысқа қа­­тысып, соғыстың нағыз қызған бел ортасында болады. Украина жерлерін, Житомир, Козятина қала­ла­рын, Польшаның Варшава, Познань, Гданьск, Гдыня қалаларын басқыншылардан азат етуге және атақты Сандомир плацдармын шабуылмен алудағы кескілескен шайқасқа қатысады. Ауыр жараланып, өлім мен өмір арпалысқан сәттерді де бастан өткереді…

Сандомир плацдармын алғаны үшін 69-шы гвардиялық танкистер полкіне Сандомир Пол­кі атағы беріледі. Ол өз танкісімен Днестр, Сан, Вис­ла, Буг және Одер өзендерін шайқас­пен жау­ын­ша жауып, қарша бораған оқтың астымен кө­­пірсіз жүзіп-кесіп өткен ұрыстарға қа­­ты­сады. Гер­­манияның қалаларын шабуылмен ал­ған қан­ды ұрыстарда, немістің астанасы Бер­лин­­ді ша­бу­ыл­­даған ұрыста ерлікпен шай­қасады. 1945 жыл­дың сәуір айында Кеңестер Одағы комму­нистік партиясының қатарына қабыл­дана­ды. Берлиннің әрбір шаршы метрі үшін тар көше­лерінде болған кескілескен шайқастарда, Бек­тайдың танкісінің экипажы жаяу әскерлер­мен қоян-қолтық бірігіп автоматпен, гранаталармен қаруланып, көп қабат­ты үйлердің тасаларында жасырынып, танкілер­ді фаустпатронмен атып шыдатпаған неміс сол­даттарының ізіне түсіп жаяу әкерлерше соғы­сады…. Осындай соңғы шешуші шайқастың қан­ды қырғы­нын басынан өткізген Бектай жау­­дың бас ордасы Берлинге Жеңіс туын тігу­ге үлесін қосып ерлігімен көзге түседі. Соғыс біткеннен соң да Германияны окку­пациялаған полктің құрамын­да жеті ай әскери қызмет атқарады. Ұрыс-шайқастарда үш рет ауыр жарақат алған жауынгер ретінде 1946 жылдың 16 наурызында әскер қатарынан босатылып, елге оралады.

Отанын жаудан қорғаған шайқастарда төрт рет қатты жараланады және контузия алады. Соғыста көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін ол 5 орденмен: I және II дәрежелі «Отан соғы­сы» ордендерімен, екі «Қызыл Жұлдыз» ор­ден­дерімен, III дәрежелі «Даңқ» орденімен және 15-тен аса медальдармен, Жоғарғы Бас қолбас­шының және Германияны оккупация­лаған әс­кер қолбасшысының алғыстарымен, армия қол­басшысының грамоталарымен марапатталады…

Соғыстан кейін аман-есен еліне оралған Бекең үлкен бір әулеттің ұйытқысы болды, Күл­жамал жеңгеміз екеуі он бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының бәріне жоғары білім алуына көп еңбек сіңірді, ұлын ұяға, қызын қияға қон­ды­рып, олардың қызығын да көріп үлгерді. Бү­гінде балаларының – екеуі ғылым кандидаты, инженер, агроном, экономист, дә­рігер маман­дық­тарының иелері болып үлгілі отбасылардың қатарында Астанада, Жезқаз­ған­да және Алматыда мемлекеттік қызмет, құ­рылыс, ауыл ша­руашылығы, тау-кен, денсаул­ық сақтау, байланыс, қаржы салаларында еліне елеулі еңбек етіп жатыр. Бүгінде Бектай ағамыздың ортамыздан басқа дүниеге көшкеніне он жыл болыпты. Жыл сайын Бекеңді «өмірдегі жауапты қадам­да­рым­ды бастаған кезде ақ тілек батасын берген ағамыз еді» деп әрбір Жеңіс күнінде ерекше сүйіспеншілікпен есіме алып отырамын…

Мұқамбет КӨПЕЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері.

Астана.