09 Мамыр, 2012

Новосокольникидегі бес күн немесе «батырларды ұлықтауды қазақтардан үйрену керек»

410 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Новосокольникидегі бес күн немесе «батырларды ұлықтауды қазақтардан үйрену керек»

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:32

Бұдан 39 жыл бұрын...

… Иә, бұдан дәл 39 жыл бұрын, яғни 1973 жылдың көктемінде Кентау қаласындағы №2 мектеп-интер­наттың 5-ші сынып оқушылары 20 тонна металл сынықтарын жинап, Кентаудағы экскаватор жасау зауытына Әлия Мол­дағұлова атындағы экскаватор құрас­тыруға тапсырыс бе­реді. Зауыт жұмыс­шылары көрсе­тіл­ген мерзімге экскаватор жасаған соң, оны батыр қызымыз майданда қаза тапқан Ресейдің Псков облысы Новосокольники ауданының еңбек­кер­ле­ріне сыйлық ретінде жібе­реді. Оның кабинасына пионер төс бел­гі­­сінің су­реті салынып, астына: «Қа­зақ ССР-ы, Кентау қаласындағы №2 мектеп-интер­наттың 5-ші сынып оқу­шыла­рынан» деген қолтаңба қал­дырады.

Сәрсенбі, 9 мамыр 2012 7:32

Бұдан 39 жыл бұрын...

… Иә, бұдан дәл 39 жыл бұрын, яғни 1973 жылдың көктемінде Кентау қаласындағы №2 мектеп-интер­наттың 5-ші сынып оқушылары 20 тонна металл сынықтарын жинап, Кентаудағы экскаватор жасау зауытына Әлия Мол­дағұлова атындағы экскаватор құрас­тыруға тапсырыс бе­реді. Зауыт жұмыс­шылары көрсе­тіл­ген мерзімге экскаватор жасаған соң, оны батыр қызымыз майданда қаза тапқан Ресейдің Псков облысы Новосокольники ауданының еңбек­кер­ле­ріне сыйлық ретінде жібе­реді. Оның кабинасына пионер төс бел­гі­­сінің су­реті салынып, астына: «Қа­зақ ССР-ы, Кентау қаласындағы №2 мектеп-интер­наттың 5-ші сынып оқу­шыла­рынан» деген қолтаңба қал­дырады. Сол жылдың 12 маусымында сынып жетекшісі Әбден Тұр­жанов бастаған алты оқушы Псков жеріне барып, Новосокольники қа­ла­сының Ор­та­лық алаңында сол экскаваторды жүр­гізу­ші Александр Арбузовқа салтанатты түрде табыстайды. Ертеңіне осы ау­данның Казачиха селосында орна­лас­қан Әлия апаларының бейітіне гүл шоқ­тарын қойып, тағзым етеді. Қа­зақ­стандық делегация осы сапарда Мән­шүк апалары жерленген Невель қала­сындағы орталық саябақтағы батыр бейітіне де гүл шоқтарын қойып, қай­сар қыздың ерлігіне бас иіп қайтады.

Міне, сол игі бастаманы жалғас­тыру мақсатында 2010 жылы сондағы Новосокольникиге барған оқушының бірі, (ол кезде 12 жаста) бүгінде М.Ты­нышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясының Автомобильдер, жол техникасы және стандарттау кафедрасының доценті Кеңес Жүсіповтің ұйымдастырып, жетекшілік етуімен Тасымалдауды ұйым­дастыру және логистика фа­куль­­­тетінің 3-4-ші курс студенттері А.Сандыбаев, А.Саликов, Д.Бақыт­­бекұлымен қыстың қақаған аязында алыстағы Новосокольникиге жолға шығады. Олар бұл сапарларын Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына, Әлия апаларының 85 жасқа толуы мен ұлағатты ұстаз Ә.Тұржановтың 90 жылдығына арнайды.

– Ол кездегі мұғалімдерде оқу­шы­­лардың патриоттық сезімін оятып, Отанды сүюге тәрбиелеуде ықылас­тары шынайы болатын, – дейді қан­шама жыл өтсе де новосокольниктермен байланысын үзбей, хабарласып тұруды дәстүрге айналдырған Кеңес Әмірліұлы. – Мектеп-интернаттың тәр­биешісі Әбден Тұржанов ағайы­мыз біздің сыныпты 1968 жылы қабылдап, 1978 жылы ұядан ұшырған аяулы ұстазымыз еді. Өзі І-ші Прибалтика майданында шайқасқан, со­ғыс ардагері, 1981 жылы 61 жасында дүниеден озды.

Кеңес Әмірліұлының айтуынша, Новосокольники ауданының тұрғын­дары әр жылдың 28-29 қаңтарында өздерін неміс басқыншыларынан азат еткен тарихи күнді атап өтіп, осы ұрыста жандарын пида еткендерді еске алуды дәстүрге айналдырған. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай жергі­лікті әкімшілік пен жергілікті «Новосокольнический край» және «Невельский вестник» газеттерінің ұжым­дары осы мерекелік шараға К.Жүсіпов қызмет жасайтын аталмыш академиядан да делегация ша­қырады. Бұл шақыртуды құп алған академия ректоры Әділбек Ботабеков Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында қос батыр қызымызға барып, құрмет көрсетіп, тәу етіп қайтуды азаматтық борыштары санап, Кеңес Әмірліұлы­мен бірге үш студентке іс­сапарға барып келуге рұқсат етіп, қаржылай көмек көр­сетеді. Осылайша, Қазақ елінің атынан қос батыр қызы­мыздың әруа­ғына тағзым етіп қайтуды парыз санаған делегация мүшелері үлкен сапарға аттанады.

 

КҮНДЕЛІК СӨЙЛЕГЕНДЕ…

24 қаңтар. Сапарымызды Әлияның туған жері – Ақтөбе қаласынан бастауды жөн көрдік. Оның үстіне делегация мүшесі Аслан есімді домбырашы жігітіміз каникул кезінде Ақтө­беде болатын. Ақтөбеде қыс қаһарына мінген, құрғақ аяз ұрып тұр. Әсем Ақтөбені аралай келе, қаланың орталығында орналасқан Әлия апамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлігіне бас идік. Кешкілік Ақтөбе-Мәскеу поезына отырып, Ресейге қарай жол тарттық.

27 қаңтар. Таңғы сағат 9.40-та Новосокольники қаласына келіп түстік. Бізді аудан­дық газеттің бас редакторы А.­Свер­лова, аудандық жастар ісі және спорт бөлімінің бастығы К.Лесиков және мектеп мұғалімі Н.Баранова қарсы алып, қонақ үйге орналастырды. Әрі қарайғы жұмы­сымыздың барлығы алдын-ала дайындалып қойған бағдарлама бойынша жүрді. Түске дейін веноктар сатып алып, алдын-ала елден дайындап апарған ленталарды байлап, келесі күнгі іс-шараларға әзірлеп қойдық. Cағат 13.00-те студенттерім болашақ темір жол саласының мамандары болғандықтан, қаладағы темір жол вагон­дарының дөңгелек жұптарын жөндеу зауы­тының цехтарымен таныстық. Түстен кейін аудандық орталық кітапханада өткен «Наш край в зеркале истории» атты кештің қонағы болдық.

28 қаңтар. Таңертеңгі сағат 10.00-да қалалық №1 мектепте Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және аудан мен қаланың бас­қыншылардан азат етілуінің 66 жылды­ғына орай ұйымдастырылған аудандық балалар конференциясына қатыстық. Түстен кейін аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан Насва селосының ауыл мектебіндегі Әлия мұражайымен танысып, әкелген сыйлықтарымызды табыс еттік. Насвадан 7 шақырым жердегі Монаково селосындағы бауырластар зиратында орна­ласқан Әлия бейітіне жергілікті мектеп оқушыларымен бірге венок пен гүл шоқ­тарын қойып, батырдың әруағына құран бағыштадық. Насва селосының басшысы Н.Моисеев жастарға сол 1944 жылдың аязды қаңтарында Насва стансасы үшін болған кескілескен ұрыстар жайлы есте­ліктер айтты.

29 қаңтар. Ертеңгісін аудан басшысы В.Соловьевтің қабылдауында болып, ол кісіге арнайы алған сыйлығымызды, ректордың жолдаған хатын табыс еттік. Сағат 12-де Жеңістің 65 жылдығына және аудан мен қаланың басқыншылардан азат етілуінің 66 жылдығына арналған ең негізгі шара – салтанатты митингке қаты­сып, мәңгілік алауға, сонан соң қала орталығында орналасқан Әлия ескерткі­шіне веноктар қойып, басымызды иіп, тағзым еттік. Сол жерде облыстық теле­арнаға сұхбат беріп, оны кешкілік теледидардан көрдік.

Түскі үзілістен соң аудандық жетім балалар үйіне барып, қайырымдылық акциясын өткіздік. Осыдан 37 жыл бұрынғы Кентаудағы отряд мүшесінің бірі, қазіргі Алматыдағы «Абди» кеңсе тауарлары фир­масының президенті Әбдібек Бимендиев­тің аманат еткен 10000 рублін балалар үйінің директоры Е.Шнюкат ханымға тапсырдық. Ол кісі бұл қомақты қаржыны балалар үйінің жөндеу жұмыстарына жұмсай­тын­дығын айтып, фирма қызмет­керлеріне, бүкіл қазақ халқына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.

30 қаңтар. Таңғы астан соң Мәншүк апамыздың жатқан жері – ежелгі Невель қаласына жол тарттық. Күн сенбі болса да, бізді аудан басшы­сының орынбасары О.Майоров және аудандық «Невельский вестник» газетінің редакторы О.Герасимова құшақ жая қарсы алды. Сол кісілермен қаланың Орталық паркіндегі апамыздың бейітіне және М.Мәметова көшесінде орналасқан ескерткі­шіне гүл қойып, бас иіп, құран бағыш­тадық. Сондай-ақ ақын Е.Ивановтың Мән­шүкке арнаған өлеңін оқыдым. Невель­дегі аудандық өлкетану мұражайын аралап, Батыр қызымыздың өмірі мен ерлігі жайлы біраз мағлұматтар білдік.

31 қаңтар. Сапарымыздың негізгі мақ­саты – қос батыр апамызды еске алып, оларға тағзым ету болғандықтан, сәті тү­сіп, Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атында­ғы №891 мектепке де соға кетуді жоспар­ла­ғанбыз. Мұнда да Әлия мұражайына әкелген сыйлықтарымызды тапсырып, мек­теп ауласындағы Әлия ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.

ЕРЛІККЕ ҚАШАНДА ТАҒЗЫМ

Әр соғыс өз батырын тудырады деп жатады. Ал батырлық – ол халыққа ортақ қазына. Ондай атақ-даңқ елдің, ұлттың мақтанышы ретінде ғасырларға қызмет жасайды. Мәселен, осыдан 39 жыл бұрын небәрі он екі жаста, ал бүгінде жігіт ағасы Кеңес Әмірліұлының қазақ қыздарынан шыққан қос батыр – Әлия мен Мәншүкті өзінің жүрегіне меншіктеп, сонау жердің түбіне барып, олардың әруақтарына құр­мет көрсетіп қайтуының өзін батырлық санар едік. Тіпті, Кеңес бауырымызға: «Әлия саған кім болады? Неменеге жүгіріп жүр­сің? Туыстары неге жүгірмейді? Ақтөбе қайда, Кентау қайда?..» дегенде: «Қалай кімдер? Әлия мен Мәншүк мұқым қазаққа ортақ батырымыз емес пе? Он жетіде бір гүлі ашылмаған бойжеткендердің соғысқа өздері сұранып барып, ажалмен бетпе-бет келіп, Отан үшін, ел мен жер үшін ерлік­пен қыршын жанын қиған апаларымызға қандай құрмет көрсетсек те артықтық ет­пейді» деп жауап берсе, тіптен түсінбей­тіндерге «Әлия мен Мәншүк менің наға­шыларым» деп құтылатын көрінеді.

Білген адамға осыдан 39 жыл бұрын кентаулықтардың Әлияға арнап Новосокольникиге апарған экскаваторы құрметтің құрметі еді. Ал ол жақтағы ағайындардың да ұмытпай, осыдан пәлен жыл бұрын сыйлаған альбомдарын Әлия мұражайында сол қалпында сақтауының, болмаса араға соншама жыл салып сондағы экскаватор машинисін тауып алып, дүйім жұрттың алдында туған адамдар сияқты құшақтасып, бір-бірлеріне сый-сияпат жасаулары да, ерліктің кімге болса да ортақ екенін көр­сетіп отырған жоқ па. Иә, кезінде осынау миға сыя қоймайтын іс-шараға ұйытқы болған кентаулықтардың іс-әрекетінің өзі де ерлікке пара-пар еді. Тіпті Новосокольникиге барған сапарда делегация мүшелері апарған сыйлықтардың ең қомақты қар­жысын сондағы балалар үйіне табыс етуді аманаттаған елімізге танымал «Абди» фирмасының президенті, Кентау мекте­бінің түлегі Әбдібек Бимендиевке де айтар алғыстары шексіз. Жезтаңдай әншіміз Роза Рымбаеваның орындауындағы әйгілі «Әлия» әнінің әуенін жазған Сейдолла Бәйтерековтің де кентаулық екенін біріміз білсек, біріміз біле қоймаспыз. Ал Кентау қаласында Р.Рымбаеваның басшылығымен екі жылда бір рет өтіп тұратын «Әлия» атты жастардың ән фестивалін айтар болсақ, ол да мақтан тұтуға болатын жайт. Сондай-ақ оған Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 2009 жыл­дың жаңа оқу жылында іске қосылған Кентаудағы 600 орындық Әлия Молдағұ­лова атындағы №19 мектепті қосыңыз.

– Жалпы Новосокольники халқы біздің Кентауды жақсы біледі десем қателес­пеген болар едім, – дейді Кеңес бауырымыз сол жолғы сапарлары жайлы әсерле­рімен бөлісе келе. – Бірақ, Невельде болғаны­мызда «Мәншүкті іздеп соңғы он бес жыл шамасында ешкім келмеді» де­ген­ді Невель ауданы басшысының орынбасары О.­Май­оров бізді қабылдау кезінде айтып қалды. Мәншүк бейітінің басында құран оқып отырған кезде, ауа тұнық болып тұрса да бір суық жел бетті шарпып өтті. Ойыма О.Майоровтың айт­қан сөзі орала кетті. Сондай-ақ ол қала­дағы орталық кө­ше мен мектепке Мән­шүктің есімі беріл­генін, жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында Мәншүк атындағы жүлде үшін қалалық веложарыс өтетін­дігін жеткізді. Ал қалалық өлкетану мұража­й­ының қызметкері Александр Андреев-Снегин деген азамат өзінің 2009 жылы Мәншүкке арнап жасаған гравюрасын бізге сыйға тартты. Газет редакторы О.Герасимова ханым Невельдің жергілікті ақыны жуырда Мәншүк жайында поэма жазып, оны аудандық газетте жария­лағандығы туралы айтты.

Осы сапардан өздеріне ерекше рухани күш-жігер жинап қайтқан делегация мүше­лерінің айтар әсерлері де көп. Мәселен, Аслан Сандыбаев: «28 қаңтарда Әлия бейітінің басында тұрғанда желмен бірге қатты аяз болды, біздің Ақтөбенің аязынан да қатты. Сонда ойыма келгені – сол 1944 жылдың аязды да боранды қаңтарында Әлия апамыздың, басқа да жауынгерлердің Насва стансасы үшін қанды шайқаста қалай жүргендерін көз алдыма елестетіп, Жеңістің қандай қиындықтармен келген­дігін түсіндім» десе, Асхат Саликов: «Со­ғыс болған жерлерде батырларға бізден гөрі көбірек құрмет көрсетілетіндігіне көзім жетті. Себебі, ол жерлерде бауырлас­тар зираттары көп кездесті. Ал біздің қос батыр апамызды псковтықтар ерекше құрметтейтіндігіне көзім жетті. Оған дәлел, Новосокольникидегі мектеп оқушы­сының Әлияға, Невельдің жергілікті ақы­нының Мәншүкке жыр арнауы, суретші Андреев-Снегиннің салған гравюрасын, т.б. атап өтуге болады», дейді.

Ал Дәуіржан Бақытбекұлы болса: «Насва орта мектебінің мұражайында Әлия апамыздан басқа осы Насва үшін болған шайқаста Кеңес Одағының Батыры атағын алған тағы да төрт азаматтың суреттері ілулі тұр. Алайда, мектеп директоры соңғы жылдары оларды іздеушілердің азайып кеткенін, ал Әлияны іздеп қазақ­стандық­тардың жиі келетіндігін атап өтті. Солардың ішінде өзімнің болғанымды мақтан тұтамын. Сапарда көрген-білген­дерімді жатақханадағы достарыма әлі де айтып тауыса алмай жүрмін» дейді.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.