10 Мамыр, 2012

Соғыстан қайтқан солдаттар

834 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Соғыстан қайтқан солдаттар

Бейсенбі, 10 мамыр 2012 6:58

Ағайынды Жұмажан мен Рахымбек Шәкіұлдары Ақ­мола вокзалына 1945 жылдың суы­ғы қақап тұрған қараша айында түсті. Бірі – Ленинград құр­сауынан, екіншісі соның ірге­сіндегі Волхов майданынан ауыр жараланып, екеуінің де госпитальда жатып, ем­деліп шық­қан беттері болатын. Інісі Рахымбектің ауыр жарақа­ты­нан жазылып кете қоймағанын көрген ағасы Жұмажан Қор­ғал­жындағы ауыл­ға алдымен өзі аттанып, інісін, қарсы болғанына қа­рамастан, Ақмо­ла­дағы жал­ғыз немере қарын­дасының үйіне қалдырды.

 

Бейсенбі, 10 мамыр 2012 6:58

Ағайынды Жұмажан мен Рахымбек Шәкіұлдары Ақ­мола вокзалына 1945 жылдың суы­ғы қақап тұрған қараша айында түсті. Бірі – Ленинград құр­сауынан, екіншісі соның ірге­сіндегі Волхов майданынан ауыр жараланып, екеуінің де госпитальда жатып, ем­деліп шық­қан беттері болатын. Інісі Рахымбектің ауыр жарақа­ты­нан жазылып кете қоймағанын көрген ағасы Жұмажан Қор­ғал­жындағы ауыл­ға алдымен өзі аттанып, інісін, қарсы болғанына қа­рамастан, Ақмо­ла­дағы жал­ғыз немере қарын­дасының үйіне қалдырды.

…Гвардия аға лейтенанты Рахымбек Шәкин 1943 жыл­дың қаңтарында Волхов май­данының ажал оғы жаңбыр­ша жауып тұрған Новгород қаласының солтүстігіндегі қорғанысында, окопта ауыр жараланды. Жау шебі әлі де болса алдырмай тұрғандық­тан, уақытша тыныс алу тәсілімен бұлардың ротасы бекініске көшкен. Осының алдында ғана ставкадан арнайы өкіл ретінде Г.К. Жуков келген Волхов майданына. Аға лейтенант Рахымбек Шәкин ротаның саяси же­текшісі болғандықтан, Жо­ғарғы Бас Қолбасшы Ста­линнің бұй­рықтарын жауынгерлерге түсі­ндіріп, окоптарды аралап келе жатқан. Алыстан азынай, ауаны қақырата тіліп, немістің «Андрюша» деп аталатын минасы дәл Рахымбектің қасына жарылды. Фашистер «Катюшаға» ұй­қас­тырып, өз миналарын осы­лай атай бастаған. Мина жарқыншағы аға лейте­нанттың кеудесіне тиді. Окоптан енді шыға берген офицер шалқалай құлады. Жер дүние төңкеріліп, қара қошқыл түтін­ге оранған аспанның асты тамұқ түнге айналып жүре берген. Қанша жатқаны белгісіз, әлден уа­қытта қасынан өтіп бара жат­қан санитарлардың дауыс­­­тарын естіді. Қанға малынған шине­лінің омырауын әзер ағы­тып, аға лейтенант санитарлар кеткен тұсқа қарай жер бауырлап жылжи жөнелді. Содан гос­питальда есін жиды. Бұған де­йін­гі майдан жолдарында жеңіл жа­раланған кезі болмаса, тап қазіргідей қияпатқа тап бол­маған.

Аға лейтенанттың жорық жолдары госпитальдан емделіп шыққаннан соң, армия генералы Мерецков қолбасшылық ететін Волхов майданының құ­рамында Новгород үшін шай­қастарда жалғасты. Рота политругы Рахымбек Шәкин 1944 жылдың аяғына дейін Красное село, Стрельцы елді мекендерін жаудан азат етуге қатысты. 177-атқыштар дивизиясының құ­рамындағы рота румындар мен венгрлердің фашистерге қолдау көрсеткен дивизиясымен де ауыр айқастарға шықты.

– Аға лейтенант Рахымбек Шәкиннің ротасындағы жауынгерлер өздерінің саяси жетек­шісінің бастауымен талай мәр­те жаумен қолма-қол айқас­тарға да шықты. Бетпе-бет шай­­­қастарда ол тағы да бірнеше рет жеңіл жараланды. 177­-ат­қыштар дивизиясының 483-полкіне қа­райтын ротаның Ленинград қоршауын бұзып шыққандағы ерлігінде де саяси жетекші Рахымбек Шәкиннің үлесі зор еді.

– Рахымбек інімнің бұл әңгімелерін мен 1950-1951 жыл­­дары майданнан алған жа­рақаттары асқынып, төсек тартып жатқанда, қасында отырып талай естідім, – дейтін әкем Жұмажан маған.

Рахымбек көкеміз сол со­ғыстан алған ауыр жарақа­ты­нан 1952 жылдың мамырында көз жұмыпты. Мен көкемнің бет-бейнесін көргенім жоқ. Жалғыз ғана суреті сақталып қалыпты. Ротаның саяси жетек­шісі, гвардия аға лейтенанты шайқастың саябыр тапқан бір сәтінде өзі азат еткен Любан қаласында түскен екен бұл суретке.

Ауылда МТС партия ұйы­мының хатшысы, аға агрономы қызметтерінде жүрген жылдарында төс қалтасына салып жүріпті осы суретті. Көкемнің туған ағасы Жұмажан 80-нен асқан шағында, бертінде қо­лымызда бақилық болды. Ол кісінің де омырауы ордендер мен медальдарға толы болатын.

Отан үшін от кешкен ағайын­ды екі жігіттің майданнан бір күнде келіп, Ақмола­ның вокзалында табысуы да өз алдына жеке хикая.

– Бес жылға жуық көр­­меген інім Рахымбекті пойыздан түсе салысымен Ақмо­ланың вокзалында кездестір­ге­німді айтсаң­дар­шы. Шинелінің иығы қу­шиған, тым жүдеу өңі­нен ауыр жарақаттың азабын тартып келе жатқанын аңғар­дым да, ауылға ертпей, Ақ­моладағы немере апам­ның үйі­не зорлағандай қы­лып тастап кет­тім. Содан араға екі ай сал­ғанда барып, пар атпен елге жеткіздім. Өңіне қан жүгіріп, тыңайып қалған екен.Амал не, араға бар болғаны 6 жыл салып, соғыс салған ауыр жара­қаттан інім көз жұмды, – дей­тін Жұмажан әкеміз мұңайып. – Енді қайтып соғыс деген зұлмат төнбесін, ел тыныш болсын. Сендер соғысты көрмей өсің­дер. Бейбіт күннің қадірін білің­дер, – деуші еді қариямыз бізге.

Смағұл РАХЫМБЕК,

журналист.

АСТАНА.