10 Мамыр, 2012

Отан оттан да ыстық

850 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Отан оттан да ыстық

Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:02

Мен майданға 1942 жылы Аршалы аудандық комиссариаты арқылы шақы­рылдым. Соғысқа дайындық сол кездегі Ақмола қаласында өтті де, көп кешікпей-ақ бізді 310-шы дивизияның 261-ші атқыштар полкының құрамында Ақмола бекетінен батысқа қарай алып жөнелді. Осы тұста 310-шы атқыштар дивизиясына азырақ тоқтала кетейін. Соғыс жылдарында Ақмола өңiрiнен майданға 63 мыңнан астам адам аттанды. Оның бер жағында Ақмола қаласы сол тұста жауынгерлiк бөлiмдердi құрастыру орталықтарының бiрiне айналып, нәтижесінде 1941 жылы  310-шы атқыштар дивизиясын жасақтау жұмысы өрiстедi. Қазақстандық 310-шы дивизия Ұлы Отан соғысының шежiре­сiне өзiнiң құрамына жоғары сападағы жауынгерлер мен командирлердi, қазақ, орыс, украин және басқа халықтардың ұлдары мен қыздарын топтастырған құрамалардың бiрi ретiнде ендi.

 

Бейсенбі, 10 мамыр 2012 7:02

Мен майданға 1942 жылы Аршалы аудандық комиссариаты арқылы шақы­рылдым. Соғысқа дайындық сол кездегі Ақмола қаласында өтті де, көп кешікпей-ақ бізді 310-шы дивизияның 261-ші атқыштар полкының құрамында Ақмола бекетінен батысқа қарай алып жөнелді. Осы тұста 310-шы атқыштар дивизиясына азырақ тоқтала кетейін. Соғыс жылдарында Ақмола өңiрiнен майданға 63 мыңнан астам адам аттанды. Оның бер жағында Ақмола қаласы сол тұста жауынгерлiк бөлiмдердi құрастыру орталықтарының бiрiне айналып, нәтижесінде 1941 жылы  310-шы атқыштар дивизиясын жасақтау жұмысы өрiстедi. Қазақстандық 310-шы дивизия Ұлы Отан соғысының шежiре­сiне өзiнiң құрамына жоғары сападағы жауынгерлер мен командирлердi, қазақ, орыс, украин және басқа халықтардың ұлдары мен қыздарын топтастырған құрамалардың бiрi ретiнде ендi.

Міне, осы дивизияның атқыштар полкының құрамында ауданнан, әрі кетсе өз еліміздің қалаларынан әрі қарай аяқ аттап баспаған басым Ленинградтан бір-ақ шықтым. Ленинград, Сталинград қалала­рын жаудан азат етуге қатыстым. Бұл кезде бізге аздап демалыс берді. Содан дереу 1-ші Украина майданына аттандық. Бұл жолғы соғыс майданы мен үшін қиын­дықтармен басталды. 1943 жылдың шілде айында Ребальцево жерінде бұйрықты орындап жүргенімде, өзіміздің жауынгерлер тастаған бомбаның ұшқан жарықша­ғынан сол аяғым жараланып, Кисловодск деген қаладағы госпитальде үш ай жатып емделдім. Сосын комиссияның шешімі­мен соғысқа жарамдылығым анықталып, қайта майданға кірістім. Бірақ, бұл жолы мені 4-ші гвардиялық танк армиясының 49-шы мехбригада бөлімшесіне ауыстырды. Бөлімше Святошино ауылында екен. Мені миномет взводына наводчик етіп тағайындады. 1-ші Украина майданына жоғары жақтан Дубно, Шепетовка, Моборды, оған қоса Тернополь, Каменец-Подольск қала­ла­рын жаудан босату керек деген талап қойылды. Бұл талап орындалды да. Әйтсе де сол жылдар­дағы бастан өт­кізген қиын­дық­та­рымыз естен шықпастай боп кеудемізде сақталды. Өйткені, Украинаның ылғалды ауа райы, қайта-қайта жауып есті шығаратын жаңбыры мен батпағы еңсемізді езе түссе де, «жауды жеңуіміз керек» деген құды­ретті сезіммен алға лап қоятынбыз. Әйт­песе, танктерді саздың үстімен итеріп жүру, пулеметтерді, оқ салынған жәшіктерді арқалап жүру, оған қоса белге байлаған гранат, сөмке, күрек, құты, противогаз, құрғақ тамақта­ры­мыз, міне мұның бәрі аса қиындық келтіретін жағдайлар еді. Осы күндері Украинаның сазды батпағын, жаңбырлы орманын, жау қоршаған деревняларын, көрген қиындықтарымызды еске түсіргенде «қалай тірі қалдық» деп таң қаламын. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегенді осындайда айтатын шығар?

Біздің 4-ші гвардиялық танк армиясы 1-ші Украина майданында да абыроймен шайқаса білді. Жеңіс Кеңес одағының қолына өтті. Бірақ бұл кезде де жаудың беті қайтпаған еді. Аздаған үзілістен соң Польша жерінен бір-ақ шықтық. Бізді поляктар құшақ жая қарсы алды деуге болады. Жаяулатып келе жатып шаршаймыз ғой. Тоқтаған жерлерімізде халық жапа­тар­мағай лап қойып, бізбен әңгіме-дүкен құрады. Үйлерінен сүт, пісірілген картоп, алмасын, басқа да тағамдарын алып шығып, бізді тамақтандыратын. Әйелдері біздің, яғни, қызыл армия жауынгерлерінің киімдерін жуып беретін. Поляк ақсақалдары орысша жақсы біледі екен, солардың арқасында бұл халықпен қарым-қатынасымыз жаман болған жоқ. Львов-Сандамаринская жеріндегі шай­қас біржарым айға созылды. Скшельчицей, Петруков Лодзь қалаларын да жеңіспен ал­дық. Сөйтіп, алға қарай жылжи отырып Гер­ма­­нияға да жеттік.

Біздің 4-ші гвардиялық танк армиясы мұнда басқа өзге армиялармен тұтасып, 2 жарым миллион жауынгердің қатарында Берлинді алуға дайындалдық. Әлі есімде, 1945 жылдың 23-ші сәуірінде біздің 35-ші мехбригада немістердің орталық байланысын қолға түсірді. Ол Гитлердің күллі майданмен байланысып отырған үлкен байланыс екен. Сөйтіп, Гитлердің қолы кесілді де қалды. 25 сәуірде Торгау аймағында біздің армия американ­дардың армиясымен қосылып Берлинді алуға ұмтылдық. Иә, бұл жеңіс оңайшы­лықпен келген жоқ. Сол соғыста қаншама адам қаза тапты, қаншамасы жараланды, қан­шасы тұтқында қалды. Ресми деректерге сүйенсек, екінші дүниежүзілік со­ғыста жалпы алпыс миллион адам қайтыс болды делінсе, соның 27 миллионы Кеңес одағының жауынгерлері болған екен. Тірі қалғандарымызға түрлі атақтар, орден-медальдар берілді. Бірақ, соның бәрі біздің «Отанымызды қорғауымыз керек» деген патриоттық сезімдеріміздің жанында түкке тұрмайтынын бүгінгі ұрпақ білуі қажет. Өз басым соғысқа қатысқан арда­герлердің бәрін құрмет тұтамын. Ал, Отанды қорғау үшін қасықтай қаны қалған­ша соғысқан сол марқұмдардың жандары жәннатта болсын!

Кәматай ТОҚАБАЙ,

құрметті теміржолшы,

Астана стансасы темір жол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы.