Тарих мойындаған дара тұлға
Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:31
Көне тарих өзінің елеулі оқиғаларымен ғана емес, сол тарихты жасауға және де сол тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, артына жарқын із қалдырған тұлғаларымен де жаңғырып тұратыны бар. Адамзат жасаған дүниенің барлығы да, не бір оқиғалар мен жағдайлар да, ойлап табылған жаңалықтар мен өзгерістердің өздері де сол тарихтың еншісі болып қалады да, солардың көбісі ұмыт болып та жатады. Адамзат баласының мұны қалыпты жағдай деп қабылдауы да орынды.
Жұма, 21 қыркүйек 2012 7:31
Көне тарих өзінің елеулі оқиғаларымен ғана емес, сол тарихты жасауға және де сол тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, артына жарқын із қалдырған тұлғаларымен де жаңғырып тұратыны бар. Адамзат жасаған дүниенің барлығы да, не бір оқиғалар мен жағдайлар да, ойлап табылған жаңалықтар мен өзгерістердің өздері де сол тарихтың еншісі болып қалады да, солардың көбісі ұмыт болып та жатады. Адамзат баласының мұны қалыпты жағдай деп қабылдауы да орынды. Алайда, сол тарихтың әріден салған ізімен де, жасаған ісімен де халықтың жадында мәңгі өшпестей болып сақталып қалған тұлғалар бар. Уақыт өткен сайын тау тұлғасы одан сайын биіктей түсетін, өнегелі ісі кейін де өркен жайып, солары кейінгілерге үлгі ретінде айтылатын ұлағатты тұлғалар да бар. Тарих сонысымен де қызықты, әсерлі және мазмұнды бола түспекші. Абыройы асқақ, даңқы жер жаратын және де есімдері мақтанышпен айтылатын мұндай көрнекті тұлғаларды әлем тарихының әр кезеңінен жолықтыруға болады.
Ғани Мұратбаев, міне, сондай тұлғалардың бірі! Ол жарқын да өнегелі ғұмырымен әр буынның ұрпақтарына үлгі болып қала бермекші. Мұратбаевтың есімін өз кезінде қазақ даласы ғана емес, сол кездегі Кеңес Одағының халқы да, Коммунистік Интернационал мүше елдерінің жастары да жақсы білді, жақсы таныды. Ғанидың тым қысқа болған өмір хронологиясы, яғни өмір дерегі бірнеше парақтан аспаса да, оның атқарған қызметі мен өнегелі істері мен тарихи жарқын бейнесін том-томдаған кітаптарға сыйғызуға болар еді. Өйткені, Ғани жалынды ғұмыр кешті, сан-саналы қызметін тынымсыз атқарды. Өз қызметінің өз еліне қажет екендігін сезінген сайын, ол өз денсаулығының жайын да ойламады. Бәрін де, тіпті денсаулығын да және өз жеке басының істерін де кейінге қалдырып, жастық шағын, қысқа өмірінің бар уақытын, әр сәтін елі мен халқына арнады, қоғамға жанкештілікпен адал қызмет етті. Тұла бойы қайсарлық пен қайратқа, мақсаткерлік пен ерік-жігерге, намыс пен табандылыққа, ойы ақыл мен парасатқа, саналылық пен білімге толы ол жастардың болашағына жарқын жол салды, басқаларға сонысымен үлгі болды.
Ғ.Мұратбаев кеңестік социалистік идеологияға қызмет етіп, сол мұрат жолында күрессе де, оның сол тұстағы батыл іс-әрекеттері, атқарған шаруалары Қазақ елінің бостандығы мен еркіндігіне, тәуелсіз ел болып, әлемдік қоғамдастыққа қазақ деген жұрттың бар екендігін танытуға, сауатсыздықты жоюға, жастардың білім алуына қол жеткізуге қызмет етті. Елдің даңқын шығарған, ұлттың мүддесін көздеген Ғанидың қысқа да жарқын өмірінің бар асыл құндылығы, міне, осы болып табылады. Ғани өз дәуірінің дара тұлғасы бола алды. Ұрпақтар ұлағатын ұран етті. Алаш атын асқақтатуға, ұлт намысын жанып, оятуға орасан зор қызмет жасап, соған үлесін қосты. Ол жастар ісі үшін өз күш-жігерін, қайрат-қажырын аямаған, жас буынның бойына әлемдік мәдениетті дарытуға, қазақ өркениетін сол әлемдік деңгейге шығаруға ұмтылған ұлт берені болды.
Өз кезінде Түркістан Компартиясы Орталық Комитеті атқару төрағасы болған Нәзір Төреқұловтың: «Оның өмірінің ең басты мағынасы – жастар арасындағы жұмыс болды. Орта Азияда оның қатысуынсыз құрылған бірде-бір жастар ұйымы болған жоқ», деп жазуы Ғани өмірінің ақиқат беттерінің бірі деп қабылдануы керек. Шындығы осы еді! Солай болғандығына илансақ та, сол қыруар істердің бәрін бірдей атқаруға қалай үлгерді екен деп таңданатынымыз да бар. Бәлкім, Ғанидың сол орасан да қауырт істердің бәрін де тындырып, соған үлгеріп, атқара алғандығы оның бойындағы жалындаған жастық жігері мен табандылығы, өз елі мен халқына деген жанашырлығы, осы жолдағы өз мойнындағы үлкен жауапкершілікті сезіне алуы және де Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі күш-қайрат берген де болар.
Ол тіпті жастардың болашағы үшін арпалыса жүріп ғұмыр кешті, өзі үшін қажет болар-ау деген жайларға уақыт та таппады, тіпті соларға уақытын да бөлмеді. Көзі ашық, көңілі ояу бола тұра, мұрағат деген мекеменің бар екендігін, онда жазба құжаттардың сақталатынын, оны кейінгі ұрпақ пайдаланатынын біле тұра, тым болмаса өз өмірбаянын да өз қолымен жазып қалдырмаған да екен. Ғанидың бір бес-алты жыл аясында атқарған қызметтерінің ұшы-қиыры жоқ. Сонан да болар, оның соншалықты қысқа ғұмыры мен атқарған істерінің өзі Ғ.Мұратбаевты ғасыр жасағандай әсерге бөлейді. Ғаниды жерлеу кезіндегі азалы жиында сөйлеген сөзінде Лениннің серігі Н.Подвойскийдің: «Біз Кеңестік Шығыстың аса ірі тұлғасынан айрылдық. Мұратбаев ауыр жұмыстың азабынан жанып кетті», – деуі біздің осы пайымды пікірімізге дәлелді анықтама бола алар еді.
Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Кеңес өкіметі жүзеге асыра бастаған саясаттың қазақ даласын да аласапыранға салғаны белгілі. Сол бір алақұйын кезеңде құйрықты жұлдыздай жарқ етер аз ғана ғұмырын өз халқына, елінің болашағы – жастарға арнаған Ғ.Мұратбаев өмір шындығында бір адамның жүз жылдық ғұмырына жүк боларлықтай еді. Небәрі жиырма үшке жетер-жетпес ғұмыр кешкен, бірақ сол аз ғана ғұмырының өзінде елі мен халқының биік мұраттарын нысана етіп, сол арманды мақсаттарға қол жеткізу үшін бойындағы бар күш-жігерін де аямастан, жалындай жанып, құрыштай нығайып, қырандай биікке көтерілді. Ол 20-22 жасында Ресей Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Одағы Орта Азия бюросының алғашқы төрағасы, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастары арасындағы бөлімінің меңгерушісі болып, тынымсыз қызмет атқарып жүрген шағында өкпе ауруына шалдығады да, сонысын асқындырып алып, 1925 жылы 15 сәуірде дүниеден өтті.
Белгілі журналист Сейілхан Асқаров Ғанидың өмірі мен қызметін жинақтап, зерттеу жолында үлкен еңбек жасады. Ол Ғани қызмет еткен Ташкент пен Мәскеуге барып, Түркістан комсомолы мен Бүкілодақтық Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің мұрағатын ақтарып, тың мәліметтер тауып, 1960-70-жылдары 50-ге жуық мақала жариялады. Десек те, Ғ.Мұратбаев туралы мұрағаттық деректер тым аз. Жарияланған мақалалардың біразы бірін-бірі қайталап жататындығы да бар. Бұл тегінде Ғани туралы деректердің, құжаттардың толық сақталмағандығынан да болар. Соның да әсері болса керек, кейде ол туралы мақалалардағы деректер де бір-біріне қайшы келіп жатады. Бірақ Ғанидың көзін көргендер мен онымен қызметтес болғандар оның дарыны мен ұйымдастырушылық қабілетін, тынымсыз еңбегін, басқаларға жасаған риясыз қамқорлығын, адал жүрегін, батылдығы мен қайсарлығын айтып, тәнті болады.
Мысалы, танымал қаламгер, қарымды журналист Айжарық Сәдібекұлы «Ұландар ұрандатқан бір заман» деген мақаласында: «Оның жаратылысын В.Куйбышев пен Д.Фурманов сынды ақылмандар жазбай таныды. 1922 жылы мамырда, Бүкілресей комсомолының екінші конференциясы қарсаңында Орталық партия комитетінің хатшысы В.Куйбышевтің кабинетінде Ресей Жастар Одағы Орталық комитетінің Орта Азия бюросын құру мәселесі қаралды. Ұсыныс мақұлданып, мәселе бюро құрамына сол аймақтан кімді ұсыну керектігіне тірелгенде, Ресей Коммунистік Жастар Одағы Орталық комитетінің бас хатшысы Петр Смородин Ғани Мұратбаевқа сипаттама бере келіп, оның жаратылысына қайран қалатынын айтып ағынан жарылған. Ол аймақта ондай жетекші жоқ. Басы толған ақыл!», депті. Ал Куйбышев болса: «Мен Ғаниды Ташкенттен білемін. Ол нағыз шешен, көпті бастай алатын жетекші, дауысы да жарқын және ойы алғыр. Сонымен қатар, жұмысын тау қопарғандай етіп атқаратын нағыз қызметкер», деп Ғанидың кандидатурасын бірден қолдаған екен. Ғанидың қасиетін бұл не деген мойындау десеңізші?! Ақиқатында Ғ.Мұратбаев тарихқа өзін өзі мойындатқан тұлға!
Қазақ жастарының алғашқы басылымын шығару туралы да бастама көтеріп, сол істің басы-қасында жүрген де Мұратбаев болатын. Қазақстан комсомолының 1921 жылы шілдеде өткізілген съезінде ол Қазақ АКСР-і жастарының үнпарағын шығаруды және оның атын «Жас Алаш» деп атауды ұсынады. Съезд делегаттары Ғанидың бұл ұсынысына қосылады, алайда газеттің «Жас Алаш» атынан ұлтшылдықтың желі еседі, оны өзгерту керек дегендер де болды. Ол үнпарақтың «Жас Алаш» атауын табандылықпен қорғайды. Бірақ кеңестік идеология бір жылдан кейін «Жас Алаш» атауын өзгертіп тынады. Негізін Ғ.Мұратбаев өзі қалаған және тұңғыш редакторы болған газет алғашқы сандарынан бастап-ақ қордаланған қазақ мәселесін, оның ішінде жастарға қатысты оларды оқыту, жұмысқа тарту, сауатсыздықты жою мәселелерін көтерді.
Ғани өмірі бүгініміз бен болашағымыз үшін үлгі-өнеге! Бірақ біз Ғаниды әлі күнге дейін толық тани да алмай, оны таныта да алмай келеміз. Біз оның өмірі мен атқарған ісін білуімізбен бірге, Ғани соларды атқарды, оған қалай қол жеткізді, қалай үлгерді, қалай уақыт тапты, қалайша үйлестірді, қандай табандылық пен қайсарлық таныта алды деген мәселелерді де көбірек зерттеп, насихаттауымыз керек-ақ. Бұл мәселелерді орындауды Қазалыдағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық мұражайына міндеттеуге де болар еді. 1968 жылы 7-қарашада Қызылорда облысы Қазалы аудандық кеңесінің шешімімен ашылған бұл мұражайда алғашқы кезде жәдігерлер 200-дей болса, қазір оның саны 6200-ден асты, 8 экспозициялық және бір көрме залы бар. Ғанидың балалық шағынан бастап, өмірінің соңына дейінгі жүріп өткен жолы осы залдарға кезең-кезеңімен орналастырылған. Сондай-ақ, мұражайда түпнұсқа жәдігерлер, атап айтқанда, Ғанидың өз қолымен жазған хаттары, көпшілікке беймәлім құжаттары мен суреттері де бар. Мұражайда әрдайым түрлі іс-шаралар мен мектептерде ғылыми-тәжірибелік конференциялар, жылжымалы көрме ұйымдастырылады.
2008 жылы мұражайдың негізгі қалағанына 40 жыл толуы қарсаңында мұражай тарихына арналған «Ғани тағылымы» атты кітап, ал оның 105 жылдығы құрметіне ол туралы жазылған өлеңдер мен шығармалардан, толғаулардан және әндерден құрастырылған «Мен Ғанимын!» атты жинақ шығарылды. Мұның бәрі мұражай қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстары. Олардың бұл еңбегін, мұражайдың қызметін жастарға тәлім-тәрбие беруде, үлгі-өнеге көрсетуде тиімді пайдалана білгеніміз жөн. Ғани өмірін кеңінен әрі жан-жақты білу үшін оның мұражайымен де танысу керек. Ол үшін әр өңірлердің жастарынан алдағы уақытта мұражайға экскурсия ұйымдастыру да ойланатын жай болғаны жөн.
Бірақ!.. Иә, бірақ осы Ғани мұражайының ашылғанына 40 жылдан астам уақыт өтсе де, бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Мұражай ғимаратының төбесінен су ағып, ішкі және сыртқы қабырғалары ызаланып, жарықшақтар пайда болуда. Бұл құнды жәдігерлердің өз дәрежесінде сақталуына кері әсерін тигізеді. Биыл бөлінеді деп уәде етілген қаржы тағы да табылмады. Осы салғырттығымыздан, қаржы үнемдеуімізден, асыл мұрамыздан бір сәтте-ақ айрылып қалуымыз да мүмкін. Ал біз үшін өткен тарихымыздан, асыл мұрамыздан, құнды құжаттар мен жәдігерлерімізден қымбат ешнәрсе де болмауы керек.
«Болашақ – жастардікі» деп ұран тастаған, оларды белсенді түрде білім алып оқуға, еңбек етуге шақырған, елін, жерін сүюдің, табандылық пен қайсарлыққа қалай қол жеткізудің, намысты қалай жанудың тамаша үлгісін бір өзі көрсетіп берген Ғани ғұмыры, оның есімі мәңгі жасайды. Өзінің бар қысқа ғұмырында Шығыстың жарық жұлдызы, сөнбес шамшырағы, дара тұлғасы атанған Ғ.Мұратбаев есімі Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында онан әрі жарқырай түсер деген сенімдеміз.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
Парламент Сенатының депутаты,
саясаттану ғылымдарының докторы,
профессор.
АСТАНА.