08 Мамыр, 2012

Оңтүстіктің футболдан өз біріншілігі басталды

343 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Оңтүстіктің футболдан өз біріншілігі басталды

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:12

Елбасымыз елімізде бұқаралық спортты өрістету жайлы жиі айтып жүр. “Шынықсаң шымыр бола­­сың” деген қанатты сөз бар. Кеңес Одағы кезінде ГТО-ға норматив тапсыру секілді мектеп оқу­шыларынан бастап, ересектерге дейін қамтитын спорттық шаралар “сен салар да мен салар, атқа жемді кім салармен” ұмытылың­қырап кетті. Соның кесірінен мойны ырғайдай, денесінде қырым ар­тық еті жоқ, сүйегі сүйегіне әрең ілініп тұрған жастар көбейді. Сал­мақ жетіспеушілік әскер қата­рына алу мәселесінде де қиындық туғызады.

 

Сейсенбі, 8 мамыр 2012 7:12

Елбасымыз елімізде бұқаралық спортты өрістету жайлы жиі айтып жүр. “Шынықсаң шымыр бола­­сың” деген қанатты сөз бар. Кеңес Одағы кезінде ГТО-ға норматив тапсыру секілді мектеп оқу­шыларынан бастап, ересектерге дейін қамтитын спорттық шаралар “сен салар да мен салар, атқа жемді кім салармен” ұмытылың­қырап кетті. Соның кесірінен мойны ырғайдай, денесінде қырым ар­тық еті жоқ, сүйегі сүйегіне әрең ілініп тұрған жастар көбейді. Сал­мақ жетіспеушілік әскер қата­рына алу мәселесінде де қиындық туғызады.

Осындай жағдайда не істеу керек? Елбасымыз бен Спорт агенттігі бастама көтермесе, өңірлер “сен тимесең мен тимен” деп қарекетсіз отыра бермек пе? Оңтүстік осы сеңді бұзды. Жұртты бұқаралық спортқа тартудың ең үлкен көзі – футбол. Дүние жүзінде көрермен­дері де басқа спорт түрлерінен көп футбол өскелең ұрпақтың дене бітімін жетілдіріп, күшін молайтуға, денсаулы­ғын нығайтуға көмектеседі.

Облыс әкімінің ұйытқы болуымен екі-үш жылдан бері аудандар мен қа­лаларда мыңға тарта спорт алаңшалары жөндеуден өтіп, спорт орталықтары жоқ ауылдарда жаңалары пайдалануға беріл­ген болатын.

Жақында Шымкенттегі, Қажымұқан атындағы Орталық стадионда футболдан әуесқойлар арасында ашық бірін­шілік жалауын көтерді. Ұйымдасты­рушысы  – облыс әкімдігі мен облыстық спорт, денешынықтыру және туризм басқар­ма­сы. Ереже бойынша облыстағы 14 аудан мен қалаларды қамтыған біріншілікке жасы 21-ге дейінгі жастар тартылады.Чемпионат екі айналымнан тұрады. 14 команда өзара екіден кездесу өткізеді. Жұмыс ырғағына көлеңке түсірмес үшін ойындарды тек жексенбі күндері ғана өткізуге шешім қабылдан­ған. Ұпай санымен дараланған қос команда қараша айында Шымкенттегі стадионда кезде­сіп, жеңімпазды анықтайды.

Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөй­леді. Оңтүстік футболындағы ауыз толтырып айтарлықтай жеңістерді айтты. “Ордабасы” футбол клубы Супер кубокты жеңіп алды. Қыздар арасындағы ел чемпионатында облыс намысын қор­ғаған “БИИК-Қазығұрт” клубы мәреге шаша­сына шаң жұқпай келді. Яғни, жастар алар жақсы үлгі бар. Бүгін тұсауы кесіліп отырған облыс біріншілігі Елба­сымыздың бұқаралық спортты өрістетуге берген тапсырмасын жүзеге асыру, деді облыс басшысы. Қазақстан Футбол феде­рациясы­ның вице-президенті Михаил Гурман осындай тамаша бастамаға ұйыт­қы болған облыс әкімдігіне алғысын айтып, федерация атынан естелік ретінде “Алтын доп” тарту етті.

Турнирдің алғашқы ойынын Созақ және Сайрам аудандарының футболшылары ашты. Шынтуайтына келсек, Сайрам ауданы Созақтың халқын саны жағынан үш-төрт есе орайды.  Соған қарап, Сайрам ауданы­ның футболшылары жеңіске жетеді-ау деп топшылағандар көп болып еді. Бірақ, ен даласы Арқамен шектесетін, облыс орталы­ғынан қиыс жатқан теріс­кейдің жігіттері жеңісті қолдан бере салатын бозымбайлар санатынан болмай шықты.

Жақында ауданға  әкім болып бұған дейін аудан әкімінің орынбасары, аудан­дық мәслихаттың хатшысы болған Аман­ғали Аймұрзаев тағайындалған болатын. Осы Аманғалиыңыз кешегі Одақ жастары арасында өткен жарыстарда халықаралық аренада доп тепкен жігіт. Созақты он жылдан астам басқарып, облыстағы көш­басшы аудандардың қатарына қосып кеткен Созақбай Әбдіқұлов та көкөрім шағында сол командада ойнап, Одақ жарыстарына қатысқан. Алдында осындай бай тарихы бар, бүгінгі футболға Таңат Нөсербаевтай жайсаң жігітті берген Созақ өңірінің жас­тары ілкімді шық­ты. Алғашқы голды Сайрам қақпасына Ұлан Аймурзаев соқты.

– Бұл біріншілік жастарды спортқа тарту, саламатты өмір салтын насихаттауда ай­рық­ша мәнге ие, – деді облыстық спорт, денешы­нық­ты­­ру және туризм бас­қармасы­ның бастығы Болат Қы­рық­баев. – Бүгінде жас­тар арасында мас­күнемдік, наша­қорлық мәселе­сі жиі көтеріліп жүр. Аға буын олар­дың істерге іс жоқ, бос жүргендіктен осындай жолға баратынын айтады. Ал, футбол – нағыз бұқара­лық спорт. Әр аудан өз ішінде іріктеу өт­кізіп, мықтыларын да­ралайды. Тынымсыз жаттығулар өте­ді. Ел ішінде байқал­май жүрген талант­тардың өзін көрсе­туіне мүмкіндік бері­леді. Мұның тағы бір жақсы жағы, сол дараланған жастарды облыс намысын қорғап жүрген “Ордабасы” және “Қыран” футбол клубтарына алуға мүмкіндік бар.

Болат Наурызбайұлы осылай дейді. Осындайда ойға келеді. Қазақстан футболы шетелдің ойдан-қырдан қашқан, футболшы ретінде өз елінің керегіне жарамайтын, екінші, үшінші дивизионында ойнайтын футболшыларына толып кетті.  Трансферлер арқылы күреп ақша тауып отырғандар бар. Сол орташа ойыны бар футболшылар қай клуб көп ақша берсе, өз клубын оңай тастап кете береді. Мұның екінші аты – сатқындық. Сатқын­дығыңыз намыссыз­дыққа әкеледі. Қазақ футболында осындай алмасулар немқұ­рай­лылыққа, дағ­дыға, әдетке айналып бара жатқандығы қорқытады. Месси, Роналду секілді әлемдік ауқымдағы дарабоздарды Қа­зақ­станға ойнауға шақырту құр қиял болып көрінгенімен, Қазақстан футболына үйретері бар ортаңқол ойыншыларды саудалауға әбден болады ғой.

Қазақстан футболын көтеру үшін үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Бра­зилияға да жастар жіберіп жатырмыз. Қыруар ақшаны шығындап, жастарды жібергенше, сол жақтан білікті бапкерлер шақыртқан ел үшін арзан әрі тиімді болар еді. Қалай дегенде де, сырттың ойыншысы ақшасы көп елдерге елеңдеп тұрады. Шақырту алса алды-артына қарамайды. Өз ұлың өзегінен тепсең де кетпейді. Қазақстан басқа олимпиялық спорт түрлеріне қарағанда, футболға үлкен қаржы бөліп отыр. Оның сыртында әр облыс басшылары облыстың маңдайға басқан командасы арқылы өзара бәсекеге түсетіндей көрі­неді. Солай болған екен, ендеше, өзге елде тамыр тартқан дарақты жерсіндірем демей, өз көшеттерін отырғызсын.

Ол – баяғы “былғары доп” сияқты аула клубтарын құру, ол – қазақ жастарын бұқаралық спортқа тарту, тұла бойы намысқа суырылған дарабоздарды тәрбиелеу. Бұл іске мемлекет үлкен жәрдем беріп отыр. Қаржы да, мүмкін­дік те бар. Оңтүстік үлгі алатын осы жақсы істі бастап кетті.

Бақтияр ТАЙЖАН.

Оңтүстік Қазақстан облысы.