Алғашқы айқастар, әдепкі әсерлер
Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:05
Өткен жұма күні Польша мен Украинада сөреден шыққан құрлық чемпионаты қыза түсуде
Кез келген театрдың киім ілгіштен басталатыны сияқты, қандай бір ірі футбол форумының да қай деңгейде өткелі тұрғанын оның тұсаукесер ойыны байқатып береді. Бұл тұрғыдан қарағанда, Карпат тауының екі қапталын алып жатқан екі елде басталған доп додасының тартысқа толы өтетін түрі бар. Айтатыны жоқ, бұған тек маусымашар матч қана емес, сонымен бірге оның соңын ала ойналған қалған бес кездесудің барысы да толық куә бола алады.
Сейсенбі, 12 маусым 2012 7:05
Өткен жұма күні Польша мен Украинада сөреден шыққан құрлық чемпионаты қыза түсуде
Кез келген театрдың киім ілгіштен басталатыны сияқты, қандай бір ірі футбол форумының да қай деңгейде өткелі тұрғанын оның тұсаукесер ойыны байқатып береді. Бұл тұрғыдан қарағанда, Карпат тауының екі қапталын алып жатқан екі елде басталған доп додасының тартысқа толы өтетін түрі бар. Айтатыны жоқ, бұған тек маусымашар матч қана емес, сонымен бірге оның соңын ала ойналған қалған бес кездесудің барысы да толық куә бола алады.
Польша-Грекия 1:1. Көпшілік күткендегідей, екі жақтың да жаттықтырушысы кездесуді барынша сақ тактикамен өрбітті. Айталық, Франтишек Смуда поляктар жасағын алаңға бір ғана таза шабуылшымен шығарса, Фернанду Сантуш өз кезегінде гректерді бірден бес шартты қорғаушы етіп орналастырды. Алайда, бұлардың арасында старттық құрамның талассыз ойыншысы саналып келген Кириакос Пападопулосқа орын табылмай қалды. Ал ойынның жүйкені шабақтайтын шайқас болмағы шу дегеннен-ақ аңғарылды. Сауысқаннан сабақ алған командалар болса, жаппай алға ұмтылуға да аса асыға қоймады.
Дегенмен, қақпа алдындағы алғашқы қауіпті жағдайды алаң иелері матчтың 4-минутында туғызып үлгерді. Мұның соңы нәтижесіз ұрылған бұрыштама добына ұласты. Осыдан соң поляктар қарқынды күшейтуге әрекет жасап бақты. Гректер әдепкі жүйелі шабуылын тек 12-минутта ғана жасай алды. Команда капитаны Гиоргос Карагунис берген пасты нысанаға бағыттаған Теофанис Гекас допты қақпаның жанынан жөнелтті. Мұның артынша қарсы шабуылға көтерілген поляктардың соққысы да айтарлықтай қауіп әкелді. Осы текетірестің ақыры 17-минутта чемпионаттағы ең алғашқы голдың соғылуымен аяқталды. Алдымен алаң ортасынан өте Якуб Блашиковски алдағы Лукаш Пищекке доп асырды. Өз кезегінде ол ешкімнің бақылауынсыз тұрған Роберт Левандовскиге пас жеткізді. Ал голкипермен бетпе-бет келіп қалған Робертке допты басымен жерге бір ұрып барып есеп ашқаннан өзге ештеңе қалмады.
Ойын осыдан кейін тіпті қызып ала жөнелді. Біз бұл жерде испаниялық төреші Веласко Карбальюдің грек Сокрастис Папастопулосты алаңнан жөнсіз қуғаны мен бірінші таймда поляктар қақпасына белгіленуге тиісті пенальтиді ескермегені туралы сөз етіп те жатқымыз келмейді. Мұның есесіне ойынның екінші бөлігінде гректер айтарлықтай батыл ойнай бастады. Олардың есепті теңестіріп кетулеріне қақпашы Войцех Щесны мен қорғаушы Марцин Василевскидің бір-бірін түсінісбеушілігі себеп болды. Осыдан кейін көпшілік ежелгі Эллада ұрпақтары бүкіл команда болып тас қамал қорғанысқа көшетін шығар деп шамалап еді, олар керісінше батылданып алып, қарсы жақтың қақпасын торуылдауды күшейте түсті. Бұған жаттықтырушы жасаған ойыншылар алмастырушылық та оң әсер еткен сияқты. Соның арқасында олар тіпті кездесудің 71-минутында алға шығуға да мүмкіндік алды. Бірақ бетпе-бет келген Димитрис Салпингидисті қағып құлатқаны үшін өзі алаңнан қуылып қана қоймай, 11 метрлік айып добын да белгілетіп кеткен Щесныдың орнын Мацей Рыбустың есебінен басқан қақпашы Пшемыслав Тытонь өз дарбазасын анық голдан сақтап қалды.
Ойынның соңында екі жақ та есепті өзгерту мүмкіндіктерін жіберіп қойды. Сонымен жан алысып, жан беріскен айқас ақыры тең нәтижемен аяқталды.
Ресей – Чехия 4:1. Бұған дейінгі құрлық чемпионатында ресейліктер ешқашан бірінші матчын бұлайша жеңіспен аяқтамаған екен. Осы жолы соның көбесі сөгілді. Ал осы шайқас басталған бойда команданың старттық құрамын көрген жанкүйерлердің көбінің көңілін күдік билегені рас. Бақсақ, жаттықтырушы Дик Адвокаттың да бір білгені бар екен. Оның қақпаға Игорь Акинфеевтің орнына Вячеслав Малофеевті қоюы да, шабуылдың өтіне Марат Измаиловты емес, Алан Дзагоевты шығаруы да өзін-өзі ақтады. Олай дейтініміз, Малофеев бір мәрте өз қақпасын үлкен шеберлікпен сақтап қалса, қалған жағдайдың бәрінде позицияны жақсы таңдай білуі арқылы өте сенімді ойын көрсетті. Ал қарсыластар қақпасын екі рет дәл көздеген Дзагоев жүдә кездесудің басты қаһарманына айналып шыға келді.
Бірақ кездесудің басында орыстардың асығыс әрекеттерінен түк шықпай, оның бастапқы жағында чехтардың басымдылығы біліне берді. Ресейліктер тек 12-минуттан кейін қарай ғана бұрыштама добын ұру арқылы негізді түрде шабуылға көшуге бет бұрды. Олар мұнда да өздерінің әдепкі таңдаған тактикаларынан – екінші нөмірмен ойнаудан бас тартқан жоқ. Осының орайында мамандар «жабу жамылған жүйрік» ретінде бағалаған Чехия құрамасы орыстар ұйымдастырған бірнеше жойқын қарсы шабуылға шыдас бере алмай қалды. Бірінші таймда гол соғуға қолайлы тап сондай төрт мүмкіндік орын алса, солардың тең жартысы оңтайлы жүзеге асты.
Екінші тайм ауырлау өтті. Бірден ойын тізгінін қолға алған чехтар көп ұзамай бір голдың қарымтасын қайтарып үлгерді. Бұдан соңда қысымды күшейткен олар қарсы қақпа алдында қарбаласты көбейтті. Міне, сол сәттерде орыстардың тәжірибесі көмекке келді. Олар тұйықтан ақырындап шығып, қарсыластарын қайта қыспаққа түсірді. Ал екі жақтағы ойыншылардың шаршағандары біліне бастаған шақта ресейліктердің шеберліктері мәселені түгелдей өз пайдасына қарай шешіп кетті. Осы тұста бірінен соң бірі соғылған екі гол чех командасын талқандауға дейін алып барды.
Енді қалған төрт ойын туралы қысқаша айтып өтер болсақ, онда ең алдымен Голландия құрамасының Дания командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалғаны ойға оралар еді. Бұл матчта біріншіліктің фавориттерінің бірі саналған жасақ барын салып көрді. Алайда, даттардың берік қорғанысы мен жіті шабуылына қарсы қоятын амал таппады. Сондай басты үміткерлердің бірі – Германия өз ретінде Португалияны әрең тізе бүктірді. Испания мен Италияның тең ойыны (1:1) да көп жағдайда заңдылық болып көрінеді. Ал Хорватияның Ирландияны алып та, шалып та жыққанына (3:1), сірә, ешкімнің күмәні қалмаған шығар.
Кеше Д тобындағы Франция – Англия, Украина – Швеция құрамалары арасындағы ойындармен бірінші тур тәмамдалды. Бет қатталып жатқанда аяқталған Франция-Англия матчында ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».