Олимпиадаға 35 күн қалды
Жұма, 22 маусым 2012 7:39
Дүбір
Дзюдоның дүлдүлдері
Гүлжан Исанова мен Максим Раков Олимпиададан олжалы оралуды ойлайды
Уақыт өзгерді, жастар жаңарды деген осы. Бұдан аз-ақ жылдар бұрын қазақ қыздары арасынан спортты серік етушілер сирек ұшырасушы емес пе еді. Ілуде біреуі жарқырап қалып жүрсе, кеудені әжептәуір мақтаныш билейтін. Енді елімен бірге өсіп келе жатқан өскелең толқын спортшылар шамшырақтары шоғырында қаракөз бойжеткендердің де аз кездеспеуі үйреншікті көрініске айналды. Футболшы да, хоккейші де, боксшы да, желаяқ та жеткілікті.
Жұма, 22 маусым 2012 7:39
Дүбір
Дзюдоның дүлдүлдері
Гүлжан Исанова мен Максим Раков Олимпиададан олжалы оралуды ойлайды
Уақыт өзгерді, жастар жаңарды деген осы. Бұдан аз-ақ жылдар бұрын қазақ қыздары арасынан спортты серік етушілер сирек ұшырасушы емес пе еді. Ілуде біреуі жарқырап қалып жүрсе, кеудені әжептәуір мақтаныш билейтін. Енді елімен бірге өсіп келе жатқан өскелең толқын спортшылар шамшырақтары шоғырында қаракөз бойжеткендердің де аз кездеспеуі үйреншікті көрініске айналды. Футболшы да, хоккейші де, боксшы да, желаяқ та жеткілікті. Ал күрес өнерінің күрделі бір түрі – дзюдо бойынша әлемнің әр құрлығындағы бәсекелес құрбыларының қатарында алысқа танылғандары және баршылық.
Солардың қатарында қарағандылық Гүлжан Исанова есімі көптен белгілі деуге болады. Дзюдомен шұғылданғалы бергі он жылдағы кілем үстіндегі жеңістерін тізе бермей, айтулы табыстарын ғана атағанда, Оңтүстік Кореяда өткен Азия біріншілігінің қола жүлдегері, Бейжің Олимпиадасында топ бастаушы ондық сапынан табылуы, Германиядағы Әлем кубогі үшін сайыста екінші орынды иемденуі, Тайпейде Азия чемпионы атануы сияқты асулары арқылы танымал. Дзюдоның 78 килограмм салмақ дәрежесінде талай текетірестерді тітіркентіп жүрген қыз.
Қай спортшының да биік арманы Олимпия ойындарына қатысу, онда бақ сынасу болса, Гүлжан сол мақсатына жетті. Сәтін салса, алынып қалуға тиіс шың тұр. Биылғы спорттық бабы да жақсы. Берісі жүлделі орыннан көріну, әрісі жеңіс тұғырына көтерілу көкейді тескен ой. Сол үшін төгілген маңдай тер ақталуына үміттенеді. Жаттықтырушысы, әйгілі дзюдошы Талғат Байшолақовтың да көңілінде сондай үміт еседі. Мүмкіндік, қабілет, әсіресе, бапкерге белгілі болмақ болса, Гүлжанның гүлін жандыруға бар өнерін аяп қалмайтындығына сенім ұшқыны жарқырайды. Алтайдағы Зайсанның түкпіріндегі ауылдағы анасы Айгүлдің болса-болмасын көңілі күннен күнге Лондон жаққа алаң.
***
Екі иығына екі кісі мінгендей бұл жігіт кілем төріне көтерілгенде, денесініңалыптығына қарамастан, әп сәтте бойы жеңілдегендей болып, ширақ қимылдай жөнеледі. Дзюдо шапшаңдықты, шалт әрекетті талап ететін күрес қой. 100 килограмм салмағы бар ол білек түріскенде қарсыластарын көп ретте тұқыртып тастайды. Соған көз үйреншікті жанкүйер қауым әдетте жеңіс күтеді, ақталуы да жиі. Әуелде еліміз ішінде танылып, одан әріде ірі халықаралық жарыстарға қадам басқанда Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанған жетістіктер жолы, міне, он жылдағы сан алуан белестерді бағындырумен жалғасып келеді. Бәрін атамағанның өзінде, дзюдодағы өз салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы, «Гран при» халықаралық турнирінің жеңімпазы болуы саңлақтығы қандайлық деңгейде екенін аңғартса керек.
Максимді жасында дзюдошылар ортасына жетектеп алып келген әкесі Сергей Раков та кезінде алыс-жақынға танымал болған балуан.Талапты ізбасарларын баулуды мұрат еткен Талғат Байшолақовтың мектебіне беріп, шеберлігін шыңдауға өзі бас-көз бүгінде.
Айтқандайын, жергілікті дзюдошылардың талпынысын таудай қылушы бірден-бір ұя осы. Гүлжан Исанова, Максим Раковпен бірге Лондонға үміт арқалап бара жатқан Ержан Шынкеев, Ісләм Бозбаев, Қайрат Ағыбаев, Константин Рогозин соның шәкірттері. Солардың ішінде Максимге сенім бөлектігі жасырын емес.
– Ұлымның дүбірлі додаға дайындығы тыңғылықты. Бүгінде Минскдегі жаттығу жиынында. Одан Чехияда өтетін жарыстарға қатысады. Содан соң Лондонға аттанады. Максимнің бұл жолғы Олимпиададан олжалы оралуына үмітім үлкен, – дейді әкесі.
Сәт сапар, қазақстандық дзюдо дүлдүлдері.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды.
Әлем лигасының жеңімпазы
Алматыда су добынан әлем лигасының ерлер арасындағы суперфиналы өтті.
Жарыс алдында бассейн моп-момақан, көздің жасындай болып мөлдіреп жатады. Бір кезде кеудесі аяққаптай, бойлары теректей жігіттер бірінен соң бірі қарғығанда әлгінде ғана күн көзімен ойнап жатқан бассейнде жал-жал толқындар пайда болып, жүген көрмеген тайдай тулап, ақ моншақтары аспанға атылады. Алып жігіттер допқа таласып, төрешінің көзін ала бере доп алған ойыншыны иығынан басып, суға тұншықтырып жатқанда, жағада тұрған жаттықтырушысы біреу тәніне от қарығандай жанығады.
Кіл мықтылардың ортасына түскен Қазақстан құрамасын осал деуге болмайды. Бірақ, Сергей Дроздовтың шәкірттерінде әлі де шеберліктің жетіспей жатқан тұстары аңғарылған.
Әлем чемпионы – италиялықтармен аямай-ақ қаржысты. Ең әуелі Арнольдо Десерти біздің құрамамыздың қақпасына доп салған. Қарсы шабуылға ұмтылған жігіттер допты кезек-кезек бір-біріне лақтырып, Владимир Ушаковтың толғап тұрып ұрған добы итальяндықтардың қақпасына дәл түскен. Содан кейін «майдан даласында» алапат айқас басталды да кетті.
Көзді ашып-жұмғанша алғашқы сегіз минут та аяқталды. Есеп 3:1. Итальяндықтардың пайдасында. Олар екі рет Николай Максимов жан салып қорғаған қақпадан саңылау тауып кетті.
Екінші кезеңде де әлем чемпиондары Қазақстан қақпасының алдында толқыннан құйын туғызды. Олар есепті бірінші болып ашты. Екі қақпа ортасында мұз жарған кемедей толқын айырған жігіттер бес гол соғып барып тынышталды. Біздің жігіттерден Евгений Жиляев екі рет, Равиль Манапов бір голмен жауап қатты. Есеп – 5:3.
Үшінші кезеңде Сергей Дроздов жігіттерін табаға салып қуырып алды ма, әлде жандарына жалау болатын сөз тауып айтты ма, әйтеуір жерлестеріміз айқасқа алқын-жұлқын кірісті. Есеп – 1:3.
Төртінші кезеңде Рүстем Үкіманов бір гол соғып, есепті қысқартқан. Бірақ, жырынды итальяндықтар тез ес жиып, тағы бір гол салып кетті. Жанкүйерлердің қолдауы қолтықтарына қанат бітірді ме, қазақстандықтар шеберліктерінің жетпей жатқан тұсын жеңіске деген ерекше жігермен толтырған.
Сақа ойыншымыз Валерий Ушаков Италия қақпашысына екі рет ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Есеп – 10:10.
Әлемдік лиганың ойынында тең тарқау деген ұғым жоқ. Екі қақпаға бес метр жерден белгіленген пенальтиден доп соғудан жұлдызы жанған италиьяндықтар алға шықты – 3:0. Осының алдында АҚШ құрамасына 8:11 есебімен жол берген жерлестеріміз басқа құрамалармен бірге плей-оффқа өтті. Ширек финалда жерлестеріміз хорваттардың тау жарардай екпініне төтеп бере алмады. Бастапқыда әп-әдемі бастаған. Бірінші кезең 2:2 есебімен аяқталды. Екінші кезеңде 2:3 есебімен жеңілгенде, үшінші кезеңде қарымта қайтарар деп үміттенгенбіз. Біз солай ойлағанмен, хорваттардың ойы әріде екен. Әлем чемпионатының қола жүлдегерлері үшінші кезеңде біздің қақпаға жауапсыз 4 доп соғып кетті. Соңғы кезеңде де тағы 4 доп салды. Біздің жігіттер екі доппен жауап берді. Есеп – 6:13.
Осы жерде құрамалардың артықшылығы мен кемшіліктері жайында бірер сөз айта кеткен жөн болар.
Хорваттарда командалық ойын бар. Бірін-бірі түсініп ойнайды. Тез пас беріп, қарсыласының есін шығарып жібереді. Қай ойыншыны жабарын білмей абдыраған кезде бірі судан кеудесіне дейін көтеріліп, зеңбірекше атады. Комбинациялық әрекеттері сұрапыл. Шабуылға кеуделеп кіреді.
Біздің ойыншылар да осал емес дегенді айттық. Бірақ, жарыс басталарда ортадағы допқа алдымен жеткені некен-саяқ. Демек, жылдамдық жағынан мақтана алмайды. Қақпаға шабуыл жасағанда ішке енуге жүректері дауаламай, алыстан ұрып кіргізуге тырысады. Бұл – қақпашыға жақсы сыйлық.
Жылдамдық пен әдіс-айла жағынан қосар болса, Қазақстан құрамасының алар асуы бүгінгісінен биік болмақ.
Сонымен, жартылай финалға Италия – Испания және АҚШ –Хорватия өтті де, Қазақстан 5 – 8 орындарды бөлісетін кезеңде қалған. Обалы кәні, сын шақта жерлестеріміз Қытай құрамасын 7:5 есебімен жеңіп, бесінші орынды жеңіп алды. Ал, Австралия тазы ашуын тырнадан аладының керін келтіріп, жетінші орын үшін бәсекеде Бразилияны 13:2 есебімен керіп салды.
Суперфиналға Италия мен АҚШ құрамаларын жартылай финалдың ауылында аттан түсіріп кеткен испандықтар мен хорваттар өткен. Төрт кезең жеңімпазды анықтай алмады. Ойын бітуге бір минут қалғанда хорваттар алға шыққан еді. Тісқаққан испандықтар соңғы секундтарды өз пайдасына жазып кетті – 8:8.
Пенальти. Испан қақпашысы екінші допты қаққаннан кейін ойын тағдыры шешілген шығар-ақ дегенбіз. Бірақ, хорват қақпашысы да бір допты сыртқа қақты. Пенальтидің екінші кезеңі басталды. Жүйке жүндей түтілген шақ. Демін ішіне тартқан ойыншылар, жаныққан жаттықтырушы, көңілі алай-түлей жанкүйерлер. Доп соғуға белгіленген әр ойыншы іргеде төбесінен төнген Алатаудай салмақты иығы қайысып көтеруге тырысады. Испан аламаны мүлт кетті. Хорват қақпашысы ұрған бағытын түйсігімен түйсініп, сыртқа қақты. Хорваттар – жеңімпаз! Әлем лигасының алтынын алғаш алуы. Хорваттықтардың қуанышын осыдан-ақ түсінерсіз.
Спортшы үшін ең ауыры – екінші орын алған. Бас бәйгеге қол созым жерде тұрып сүрінген қандай жаман. Сондықтан да испандықтардың қабағы түсіңкі. Ал, АҚШ құрамасын 7:6 есебімен жеңген итальяндықтар қола медальді жеңіп алып, қуаныштары қойнына сыймай жүрді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Алматы.
Қазақ тілін құрметтейтін қыз
Жақында Швейцарияның Лозанна қаласында өткен Халықаралық Олимпиада комитетінің отырысында қыздар боксынан біздің елге тағы бір Олимпиада жолдамасының берілгені белгілі болды.
Бұл жолдаманы 75 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген боксшымыз, 2010 жылы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Марина Вольнова иеленді. Ол төрт жылда бір келетін басты бәсеке жолдамасын биыл Қытайда өткен әлем чемпионатында 8 үздіктің қатарына кіріп, Азия құрлығындағы қосымша квотаға ие болғаннан кейін алды. Ал бұған дейін қыздар арасындағы бокстан елімізге алғашқы лицензияны Саида Хасенова есімді аруымыздың алғаны белгілі. Сол кезде ол сары құрлықтағы үздіктер арасында болғандықтан, әлем чемпионатында медаль алмаса да, Лондон лицензиясын иеленген еді.
Сөйтіп, бокстан ерлер құрамасы биыл 10 жолдаманың тоғызына ие болса, қыздарымыз мүмкін болған 3 жолдаманың 2-уіне иелік етті. Бастапқы кезде де қыздар боксына байланысты мәселе қаралғанда 3 лицензия емес, 2 жолдаманы жеңіп алу жоспарда болатын. Енді, міне, соларды Саида мен Марина елімізге сыйлап отыр. Осы жерде Сыр өңірінің тумасы Марина Вольнованың қазақ тілін еркін меңгергенін айта кеткеніміз жөн.
Боксшы қызымызды жақын тартып, мемлекеттік тіл, оның қолданыс аясын кеңейту жөнінде сұрасаңыз, таза қазақ тілінде жауап беріп, онымен қоса, өз ана тілін білмейтін, өз ана тіліне жоғарыдан қарап, оны менсінбейтін кейбір қазақтардың өзіне таңқалатынын, олардың ана тілінде сөйлеуге, үйренуге неге талпынбайтынын түсінбейтінін айтады.
Біздің боксшымыз еліміздің намысын тек шаршы алаңда ғана емес, мемлекеттік тілге құрмет көрсету арқылы да қорғайтынын дәлелдеуде.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан».