19 Шілде, 2012

Желмен жарысқан желаяқ

422 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Желмен жарысқан желаяқ

Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:17

Маргарита Мацкомен /Мұқашева/ кездесудің сәті түспеді. Чехияда жаттығып жүр екен. Жаттықтырушысы Павел Литвиненко бір шәкіртін Испанияда өтіп жатқан халықаралық жарысқа алып кетіпті. Тығырыққа тірелген сәтте есімізге үш қарғып секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елена Парфенова түсті. Тұманды Альбионға жолдама алған ерлі-зайыпты Эктовтарға қатысты біраз мәліметтер беріп, көмектескені бар еді. Біздің жолымыз жоғары спорттық шеберлік мектебі директорының орынбасарымен осылай түйісті.

 

Бейсенбі, 19 шілде 2012 7:17

 

Маргарита Мацкомен /Мұқашева/ кездесудің сәті түспеді. Чехияда жаттығып жүр екен. Жаттықтырушысы Павел Литвиненко бір шәкіртін Испанияда өтіп жатқан халықаралық жарысқа алып кетіпті. Тығырыққа тірелген сәтте есімізге үш қарғып секіруден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Елена Парфенова түсті. Тұманды Альбионға жолдама алған ерлі-зайыпты Эктовтарға қатысты біраз мәліметтер беріп, көмектескені бар еді. Біздің жолымыз жоғары спорттық шеберлік мектебі директорының орынбасарымен осылай түйісті.

– Елена Анатольевна, сіздің Қазақстанның жеңіл атлетика саласына қосқан еңбегіңіз өл­шеусіз екенін спорт жанкүйер­лері жақсы біледі. Үш қарғып секіруден еліміздің 16 дүркін, Азия чемионатының бірнеше мәрте жеңімпазы болғаныңыз­ды айтпағанда, Жазғы үш Олимпия ойындарына қаты­суы­ңыздың өзі неге тұрады? Енді, міне, бір топ қызыл­жарлық желаяқ сіңлілеріңіз сіздер салып кеткен дәстүрді сәт­ті жалғастырып келеді. Со­лардың ішінде жарқырай көз­ге түскені Маргарита екені дау­сыз. Оның спорттағы аяқ алысын қалай бағалар едіңіз?

– Оның жаттығу залына ал­ғаш келгені әлі күнгідей көз алдымда. 14 жастағы талдырмаш қыз жан-жағына жасқана қарап, еліктің лағындай үркектеп тұр­ды. Жүріс-тұрысына, биязы мі­незіне қарап, ауылда өскенін іштей сездім. Кейін Шал ақын ауданынан келіп, облыстық дарынды балаларға маманданды­рылған спорт мектеп-интернатында оқып жүргенін білдім. Бір шаңырақ астында жаттыққан­дық­тан, жақ­сы білісіп, араласып кеттік.

Ә дегеннен жанкешті еңбек­қор­лығымен көзге түсті. Жат­тық­тырушының талаптары мен тапсырмаларын қалт жібермей, мүлтіксіз орындап жүрді. Айналасы 7 жылдың ішінде ха­лық­аралық дәрежегі спорт шебері нормасын орындауын ғаламат жеңіске балар едім. Елішілік бәсекелерде топ жарып, 2007 жылдан бастап халықаралық додаларға қатыса бастады. Азия Гран-Приінде олжа салды. Азия чемпионатында эстафетаға жү­гіріп, қола медаль алды. 2009 жылы Қытайда өткен Гран-При сериясында жеңімпаз атанды. Осы жылы Вьетнамда ұйым­дас­тырылған Азия ойындарында 2 алтын медальді қанжығаға байлады. 2010 жылы 16-шы Азия ойындарында жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Облыс әкімі екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Рита – мұндай құр­метке әбден лайық.

– Оның Қазақстандағы бас­ты қарсыласы кім?

– Павлодарлық Виктория Ялов­­цева болатын. Қазір ол тұр­мысқа шығып, сәбилі болды. Олар бір-бірімен итжығыс түсіп жататын. Өткен жылы рес­пуб­ликалық үшінші жазғы Спартакиадада Ританың алдын орап кетті.

– Сонда Маргаританың ба­ғы келіспеді ме? Әлде басқа­дай себептері болды ма?

– Спорт жолы өте ауыр. Оны екінің бірі өмірлік мұратына айналдыра бермейтіні де сон­дық­тан. Тынымсыз еңбекті, үлкен қажыр-қайратты, үнемі бапты тілейді. Бабы келіссе де, бағы жанбайтын сәттер де ұшырасып жатады. Десек те, сәл-пәл босаң­сысаң, жеңістің ауылы көзден бұл-бұл ұшты дей бер. Соңғы екі жыл Маргарита үшін ауырлау соқты. Тұрмысқа шығып, ана атанды. Сөйтіп, жүйелі жатты­ғудан біраз қол үзіңкіреп қалды. Оның үстіне алған жарақаты қолбайлау жасады. Алайда, аз уа­қыттың ішінде спорттық қалпына келіп, намысқа қамшы басты. Жапонияда өткен Азия біріншілігінде 2 минут 2.41 секунд уақыт көрсетіп, екінші орыннан көріне білді. Басқа айтулы бәсекелерде де ел намысын жоғары ұстады. Қазір ол Мұ­қа­шева деген ататекпен ел намысын қорғап жүр. Жұбайының есімі – Руслан.

– Олимпиада жолда­масы­на қай жарыста ие болды?

– Былтыр атақты желаяқ Ғұс­ман Қосановты еске алуға ар­налған халықаралық турнирде мәреге бірінші келіп, «Б» лицензиясын иеленді. Топ жарса да, жеңісіне қанағаттанбады. Өйт­кені, басты қарсыласы В. Яловцева да «Б» лицензиясына қол жеткізді. Сосын Өзбекстанда өткен халықаралық жарыста 800 метрді 1 минут 59.90 секундта жүгіріп өтіп, «А» лицензиясы бұйырды. Қазір алаңсыз жат­ты­ғуға кірісіп кеткен.

– Ол 800 метрге жүгіру­мен қатар, эстафетаға да қатыспай ма?

– Иә, 4х400 метр қашық­тықта да сынға түсетін болады.

– Желмен жарысқан жел­аяқ жерлесіміз Олимпиада се­кілді байрақты бәсекеге алғаш қо­сылғалы отыр. Сіз тәжі­ри­белі спортшы ретінде қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Ауа райына тез бейімделу мен психологиялық дайындық көп мәселені шешері сөзсіз. Бұл тұрғыдан алғанда, соңғы әзір­ліктердің Еуропа жерінде өтуі дұрыс. Қанша айтқанмен, ма­териалдық-техникалық база өте жоғары. Оның үстіне ол жердің климаты тұманды Альбионға ұқсас.

– Маргаританың қандай қасиеттерін бөле-жара айтар едіңіз?

– Қызылжар өңірінен Олим­пиадаға жолдама алған саңлақ төртеу болса, солардың бірі – Рита сіңлім. Ол бүгінде еліміздің ең таңдаулы жеңіл атлет­ші­ле­рінің бірі саналады. Жүзден жүй­рік, мыңнан тұлпар атану оңай емес. Оған еңбекқорлық, намысқойлық, алған мақсатына жетпей тынбау қасиеттері тән. Бұған кішіпейіл мінезін, ақжар­қын бауырмалдығын, адалдығын қосыңыз.

Міне, көптен күткен Олим­пиада алауының тұтануына да санаулы күндер қалды. Мемлекет басшысы ХХХ Жазғы Олимпия ойындарына қатысатын Қа­зақстан ұлттық құрамасының мүшелерін қабылдап, «сеніммен аттанып, жеңіспен оралыңдар» деген ақжолтай батасын берген жоқ па?! Мен де осындай ті­лектемін. Олардың қай-қай­сысы болсын Әнұранымызды шыр­қатып жатса, жетістігіміздің шы­ңына, елдігіміздің биігіне баға­лар едік. Қазақстанды айдай әлем­ге жарқырата танытып, қо­мақты жүлделер аларына се­німдімін.

– Әңгімеңізге рахмет. Жер­лестеріміздің жолы оңға­ры­лып, жүлдемен оралуын ті­лейік.

Әңгімелескен  Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.