Үкімет • 22 Сәуір, 2019

Бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Санкт-Петербургтегі Таврия сарайында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Әзербайжан Милли Медж­ли­сі­­нің Төр­ағасы Октай Сабироғлы Асадовпен әңгіме бары­сын­да Каспий конвенциясын рати­­фи­кациялаудың маңыздылығы атап өтілді. Д.Назарбаеваның пікірінше, ол Кас­пий маңы елдері арасындағы саяси және эконо­микалық ынтымақтастықты одан әрі да­мытуға қуатты сер­пін береді, сондай-ақ Кас­пий аймағындағы тұрақтылық пен қауіп­сіз­дікті нығайтуға қызмет ететін болады. Жүздесу­шілер талқыланатын мәселе­лерге қатысты көзқарастарының ор­тақ­­тығын атап өтіп, өзара іс-қи­мылдың барлық салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.

Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші­нің Төрағасы Дастан Жұмабековпен кездесу барысында тараптар парла­мент­аралық байланыстар ма­ңызды бөлігі болып табылатын екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдетуді жақтай­тын­дарын айтты. Шекара маңы ынтымақтастығы, сауда-эконо­микалық өзара іс-қимылды, туризмді дамыту мәселелері талқы­ланды. Қазақстан Сенаты­ның басшысы осыған орай «Орталық Азия шенгені» өңірдің туристік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

ТүркПА Бас хатшысы Алтын­бек Мамаю­суповпен жүздесуде ТүркПА-ның қазіргі кездегі қызметі, Ассамблеяның кезекті жалпы отырысына дайындық мәселелері қозғалды, сондай-ақ түркітілдес мемлекеттер пар­ламенттері арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасылды. А.Мамаюсупов ТүркПА жұ­­мы­сындағы қазақстандық пар­ла­ментшілердің белсенді қызметіне тоқталды.

Армения Ұлттық Жиналы­сының Төрағасы Арарат Мирзоян­мен екіжақ­ты ын­ты­­мақ­тастықты нығайту мәсе­лелері тал­қы­лан­ды. Сенат басшысы сауда-эко­но­ми­калық әріп­те­с­тікті кеңейту үшін үкіметаралық комис­сия құруды ұсынды.  Тараптар заң шығару қызметінде тәжірибе алмасу үшін парламенттік достық топтары­ның әлеуетін белсенді пайдалану қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. 

Сенат басшысы жүздесушілерді елі­міздегі маңызды ішкі саяси оқиғалар туралы хабардар етіп, Қазақстанның қазіргі заманғы сая­си жүйесі биліктің, мемлекеттің саяси және экономикалық дамуы­ның толық сабақтастығын қамта­масыз ететінін атап өтті. Қазақстан Президентінің алдағы кезектен тыс сайлауы туралы айта келіп, Д.Назарбаева «парламентшілер заң шығару­шы билік өкіл­дері ретінде сайлау алдындағы науқанды заңның рухы мен әрпіне толық сәйкес өткізуге, сондай-ақ сайлаудың әділ­дігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге ниеттеніп отыр», – деді. 

Сенат Төрағасы ТМД Парла­ментара­лық Ассамблея­сының жалпы отырысына қатысты. 

Парламентшілер ТМД ПАА тұрақты комиссиялары дайын­даған 11 үлгі заңнамалық актілер мен ұсынымдардың жобаларын қарады. Онда Құқықтық мәселелер жөніндегі комиссия («Ипотека туралы», «Мұрагерлік құқығы туралы», «Адвокатура және адвокат­тық қызмет туралы», «Сот-сараптама қыз­меті туралы», Қорғаныс және қауіпсіздік мәсе­лелері жөніндегі комиссия («Азаматтық қорғау туралы»), Экономика және қаржы жө­ніндегі комиссия («Баға белгілеу туралы» үлгі заң­дар­ды, ТМД-ға қатысушы мемлекет­тер үшін ішкі су көлігінің үлгі кодексін); Білім және ғылым жөніндегі комиссия «Ғылы­ми-техникалық ақпарат туралы» үлгі заң­ның жаңа мәтіні мен «Нанотехнологиялар этикасы туралы» ұсыныстарды әзірлеген болатын. 

Шараға ТМД ПАА-дағы пар­ла­мент­тік делегациялардың басшылары, Достастық елдерінің заң шығару органдарының өкіл­­дері, ТМД ПАА тұрақты комис­сияларының мүшелері, Дос­тастықтың салалық орган­дары­ның, ұлттық атқарушы билік орган­­дары­ның өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.