Руханият • 22 Сәуір, 2019

Әлем ғалымдары Әбу Насыр әл-Фарабидің тегі мен туған жылы және мекені туралы

3667 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

1975 жылы Алматыда тұңғыш рет қазақ жерінің кемеңгер перзенті, отырарлық ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуы ЮНЕСКО-ның айтулы мерзімдер календарына кіргізіліп, үлкен салтанатпен аталып өтті. Оның алдында Қазақ КСР Ғылым академиясы Философия және құқық институты жанынан ашылған әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығы Отырар ойшылының араб, ағылшын, неміс, француз, чех және т.б. тілдердегі бірқатар шығармаларын дүние жүзінің түкпір-түкпірінен жинап, Алматыда қазақ, орыс тілдеріне ауда­рып жариялады.

Әлем ғалымдары Әбу Насыр әл-Фарабидің тегі мен туған жылы және мекені туралы

Жалпы, Әбу Насыр әл-Фа­ра­би­ді әлемдік, Кеңес және Ор­та Азия мен Қазақстан ға­лым­да­ры М.Штейн­шнейдер, Г.Зу­тер, Ф.Дитерици, А.Ре­шер, Б.Ға­фу­ров, С.Григорян, А.Са­ға­диев, Ю.За­вадовский, Ә.Мар­ғұ­лан, А.Ма­ша­нов, О.Жәутіков, А.Қа­сым­­жанов, Ә.Нысанбаев, Ә.Дер­бі­сәлиев, А.Кө­бесов, М.Бурабаев, Қ.Жа­рық­баев, М.Хайруллаев, К.Тә­жікова және т.б. зерттеді. Олар кезінде жекеленген монографиялар мен аса құнды мақалалар жазды.

Аристотельден кейінгі екін­ші ұстаз атанған дәуір да­ныш­па­нының еңбектерін зерттеу елі­міз­де де 70-жылдардан бастап қолға алынды, қарқынды жүрді. Доктор­лық, кандидаттық диссерта­ция­лар қорғала бастады. Содан бері де біраз жыл өтті. Еліміз егемен болған соң бұл игілікті іске әсі­ре­се кең жол ашылды. Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ұлттық университетте ұлы баба шы­ғар­ма­шы­лығын зерттейтін ғылыми орта­­лық құрылды. Олар бірнеше ха­лық­аралық жә­не республикалық тағылыми тео­рия­лық және практи­ка­лық конфе­ренциялар өткізді. Мен де бұл істің басы-қасында болып келемін. 

Иә, алдағы 2020 жылы Әбу На­сырдың туғанына 1150 жыл тол­мақ. Оны биік деңгейде өткізу ту­ралы әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ ғалымдары тиісті меке­ме­лер­­ге ұсы­ныс жасады. Соған бай­­ла­­нысты Сыртқы істер ми­нистр­лігі Мәдениет және спорт ми­нис­тр­­лігіне хат жолдап, әуелі Әбу Насырдың дәл туған жылын, туған жерін және ата-тегін анық­­тау мәселесін тапсырды. Мәде­ни­ет мекемесіндегілер оларды анық­тауды Білім және ғылым минис­тр­лігіне тапсырды. Ол ұлы ғалым атын алып отырған жоғары оқу орны­на және Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Философия, саясаттану және дінтану институттарына жүктелді.
Сонымен Р.Сүлейменов атын­да­ғы Шығыстану институ­тының атынан мен де осы мәселені зерделеу­ге кірістім.

Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің өмірі мен шы­ғар­ма­шылығын зерт­теу­ді жаһан ға­лым­дары (АҚШ, Еуропа, Азия, Африка) күні бүгінге дейін жал­ғастырып келеді. Ең әуелі мен Әбу Насыр өз шығармаларын туын­датқан араб тіліндегі қайнар көздерге үңілдім.

1. Әбу Насыр әл-Фарабидің тегі жайлы араб тілді дерек­көз­дер не дейді?

Ортағасырлық шежіреші, тарихшы ғалымдардан:

- Джамал ад-дин Әбу-л Хасан Әли бин Йусуф әл-Қифти (1172-1248) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан Әбу Насыр әл-Фараби»;

- Ибн Әби Усайбиға (1203-1270) «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед Узлаг (Ұзлақ, Ұзақ – түркі есімі, араб қаламгерлері және Еуропа ғалымдары да оны бұрма­лап жазуы мүмкін – Ә.Д.) бин Тархан»;
- Ибн Халликан (1211-1282) «Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузалаг» (Узлағ, яки Ұзақ болуы мүмкін)» деп көрсетсе,
- Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музы­­каның үлкен кітабы» атты 1500 беттен тұратын еңбе­гін­­­де ғалымның аты-жөні: «Әбу На­сыр Мұхаммед бин Мұ­хам­­­мед бин Тар­хан бин Уз­лағ әл-Фа­­раби» деп жазылған.
Ал заман­дасымыз Фаруқ Саъд Әбу Насырдың өмірі мен шы­ғармашылығына арналған монографиясында оны «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» деп көрсеткен. Ал өзге ел оқымыстылары ше?

Иран. Ирандық ғалымдар «ат-түрки – түркілік» деген сөзді әдетте жазбайды. Өйткені олар Әбу Насыр әл-Фарабиді парсы текті санайды.

Дін қызметінде жүргенде бірде Теһранда өткен халықаралық конференцияға бардым. Арасында әдеттегідей Иранның ұлттық кітап­ха­насында болдым. Кітапхана дирек­торы Иран президентінің мәде­ниет жөніндегі кеңесшісі де екен. Әңгіме арасында Әбу Насыр әл-Фарабиді қазақ жерінің перзенті деп қалып ем, ол:

- «Әл-Фараби Иран ғалымы» деді. Кітапхананың үлкен зал­да­рының бірі де Әбу Насыр әл-Фараби атымен аталады екен. 
Мен Әбу Насырдың қазақ жерінің перзенті екенін дәлелдеуге тырысып едім, ол бастырмалатып өз дәлелін келтіріп, көнбеді.

- Отырар перзентін Иран ға­лы­мы дейтіндей сіздің қандай уәжіңіз бар? дедім.

- «Әбу Насыр Орта Азияны са­манидтер билеген кезде өмір сүр­ген, саманидтер парсылар еді» – деді ол.

Қазақ жерінің оңтүстігі сама­нид­тердің билігінде бар-жоғы 180 жыл ғана болды. Оның өзін­де олар тек билік басында ғана тұрды. Ал жергілікті халық түр­кі тектілер еді дедім мен өз уәжім­ді айтып. Ортағасырлық араб ға­лымдары да Әбу Насыр әл-Фа­рабиді Арыс өзенінің Сырдария өзеніне құяр сағасындағы Отырар шаһарында туған деген. Отырар кейіннен Фараб аталды. Әбу Насырдың өмірбаяны жайлы ортағасырлық шежіреші Ибн Халликан (1211-1282) біраз дерек қалдырған. Оның еңбегі сіздердің кітапханаларыңызда болса керек. Директор-кеңесші мырза көмекшісіне кітапханадан Ибн Халликанның «Ұлы адамдардың қазасы жайлы кітап» атты еңбегін алдыртты. Қосылып оқыдық. Онда Әбу Насыр Иранда туған деген сөз жоқ еді. Ибн Халликан: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Аузлаг [Ұзақ] «ал-Фараби, түрік [текті], көрнекті ой­шыл (ал-Хаким)...» делінсе, тағы бір жерінде «Әбу Насыр түр­кі [текті] еді, ол «өз елінде туып, өз елінде өсті... Ол түркі тілін және өзге де тілдерді білді, бірақ араб тілін емес. Араб тілін оқу­ды бастаған ол, оны кемеліне жеткенше игерді, сонан соң ғана ой­шылдық ғылымдар (улум ал-хикма) жайымен, яғни (филосо­фиямен – Ә.Д.) айналыс­ты» деп жазылған. Сөзден ұтылған ди­рек­тор-кеңесші амалсыз үнсіз қалды.

[Абу-л Аббас Шамс ад-дин Ах­мед бин Мұхаммед бин Әбу Бакр бин Халликан Уафайат әл-ағйан уа абна аз-заман. Бейрут [жылы көрсетілмеген], 5 том, «Әл-Фараби әл-файласуф» - «әл-Фараби философ», 153-157-беттер].

АҚШ. Әбу Насыр әл-Фара­би­дің библиографиясына арнаған еңбегінде АҚШ ғалымы Nicholas Rescher оның тегін: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби»;

Германия. Атақты не­міс шы­ғыс­­­та­нушысы Карл Бро­кель­ман (1868-1956) Отырар ғалы­мының аты-жөнін «Әбу На­сыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узалаг әл-Фа­раби;

Түркия. Түрік ғалымдары Ismet Binark, Nejat Sefergioglu Оты­рар ғалымын «Әбу Насыр Мұ­хаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлик әл-Фараби ат-түрки»; 

 - Тағы бір түрік ғалымы Yasar Aydinli «Әбу Насыр Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби»;

- Түркияның Ислам энциклопедиясында «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки, 258/871-872 жылы туған деп саналады» деп жазған.

Сонымен Отырар ғалымының тегін көпшілік деректерге жүгіне келе «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки» деп көрсеткенді жөн санауға болады.

2. Әбу На­сыр әл-Фараби­дің ту­­­ған жылы мә­селесі:
Өзбекстан. Әбу Насыр әл-Фара­­би­дің туған жылы туралы мұсыл­ман шығысы және Еуропа ға­лым­­дары арасында шынында да бірізділік жоқ. Олардың зерт­теу­лерін­дегі көрсетілген мерзімде 2-3 жылдық айырым бар. Әбу Насыр әл-Фарабиді арнайы зерттеген өзбек ғалымы, академик Мұзафар Хайруллаев: «Год рождения Фараби в различных исследованиях указывается по разному, в советской литературе чаще всего 870» дейді.

Араб тілді дереккөздер ше?

- Сирия Араб Республикасының астанасы Дамаск шаһарының «Баб ас-сағир қабырстанындағы Әбу Насыр зиратында: «Әбу Насыр әл-Фараби атымен көбірек белгілі Мұхам­мед бин Мұхаммед бин Тар­­хан бин Узлағ, [һижраның] 260 жылы [біздің жыл санауымыз бойынша 873 жылы Фараб ша­һар­ында туған, һижраның 339 жылы [950 жылы] қайтыс болды» деп жазылыпты.

Жоғарыда аталған Фаруқ Саъд Әбу Насырдың туған жылын һиж­раның 259 жылы яғни 870 жыл;
Nicholas Rescher (АҚШ) де Әбу Насырдың туған жылын 870;
Түрік ғалымдары (Түркия) Ismet Binark пен Nejat Sefergioglu Әбу Насырдың туған жылын 870; 

Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығын ұзақ жыл­дар зерттеген қазақ ға­лы­мы, атақ­ты философ, профессор Х.Қасымжанов (1931-2000) Мәс­кеуде шыққан «әл-Фараби» атты еңбе­гінде Әбу Насырдың туған жылын 870 деп көрсеткен.

Бұдан шығатын қорытынды. Энциклопедист ғалымның те­гін: «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ әл-Фараби ат-түрки», ал туған жы­лын һижраның 258, яғни 870 жыл деп көрсеткен жөн. 

Әбу Насырдың туған жылын анықтау мәселесі өткен ғасырдың 70-жылдары да көтерілген. Онда ғалымдар мен өкімет орында­ры ақылдаса келіп, Отырар ой­шы­лы­ның туған жылы 870 деп көр­се­туге келіскен. Сөйтіп оның ту­ғанына 1100 жыл болдыға санап, 1975 жылы 1100 жылдығы тойланды. Араб елдері де (Ирак Араб Республикасы және т.б.) осыған келісті.

Өткен ғасырдың 60-жыл­да­ры­­ның соңында жоғарыда айтыл­ған­­дай, Алматыда әл-Фараби зерт­­теу орталығы құрылып, Әбу На­сыр әл-Фараби еңбектері Еу­ропа және араб тілінен де орыс, қазақ тіліне аударылғанда, зерттеу­лер жүргізілгенде Мәскеу және Қазақстан ғалымдары да Отырар ойшы­лын «Әбу Насыр Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Уз­лағ әл-Фараби ат-түрки» және туылған мерзімін 870 жыл деп көрсетіп отырды.

Әбу Насырдың туған жері (Фараб) туралы:

Орта ғасырлық араб тілді деректерде Фараб атты (қыстақтың) Өзбек­станда да бар екені айты­ла­ды. Өзбекстандағы Фараб Бұхара қа­ла­­сының батыс жағында, Әму­­да­­рияға жақын жерде. Ал де­рек­­­­тердің басым көпшілігінде жо­ға­рыда айтылғандай Әбу На­сыр туған Фарабтың Арыс өзені­нің Сырдарияға (Сайхун) құяр сағасында екені айтылады. Ға­лым­дар да осыны мойындайды.

Ал Ауғанстанда да Фараб деген қыстақ бар дегенге келсек, оның аты Фараб емес, Фарйаб. Ол Хорасан өлкесінде.

Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін шыққан еңбектерде тәжіктер Әбу Насырды Тәжікстанда, өз­бек­тер Өзбекстанда туған деп келді.

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап қана Әбу Насыр әл-Фараби қазақ жеріндегі Отырарда (Фарабта) туған, түркі тайпасынан шыққан ғалым деп жазыла бастады. Бұл ретте Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры, КСРО ҒА академигі, тарихшы, ғалым Б.Ғафуров: «Әл-Фарабиді қазақ етіп көрсетуге тырысу да жасан­ды әрекет болады. Ол заманда ұлт болып бірігу процесі аяқталудан әлі тіпті алыс еді. Сол сияқты оны өзбек деп кесіп айту да әділет­­тілік бола қояр ма екен? Факті­лер негізіне сүйене отырып, әл-Фараби кейін қазақ халқының құра­мына қосыл­ған түркі тайпасы­н­ан шыққан..., дей аламыз» деп жазды. Бұған ешкімнің де осы күнге дейін алып қосары болған емес. [Б. Ғафуров. Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастары туралы//әл-Фараби. Әлеуметтік-эти­калық трактаттар. Алматы 1995, XVIII – бет.].

Алматыдағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті біраз жылдардан бері Әбу Насырдың бірқатар шы­ғар­­­маларын шығарумен қатар, жыл сайын әл-Фараби оқуларын өткізуді дәстүрге айналдырды.

2006 жылы наурыз айының бірінші онкүндігінде менің же­текшілігіммен, құрамында ҚазМУ-дің сол жылдардағы ректоры, академик Төлеген Қожамқұлов, Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев, «Білім» баспасының ди­ректоры жазушы, журналист Ж.Нұс­қабаев, Шәуілдірдегі әл-Фараби музейінің меңгерушісі Абдулла Жұмашев болып Сирия Араб Республикасына аттандық.

Дамаскінің оңтүстік жағын­дағы «Баб ас-Сағир» қабыр­ста­нын­дағы Әбу Насыр әл-Фара­бидің және қазақ жерінің тағы бір перзенті Сұлтан Захир ад-дин Бейбарыс (1287-1277) пен кезінде крест тағушы еуропалық басқын­шы­лар­ды талқандаған Салах ад-дин әл-Аийубидің (1138-1193) зияратта­рын­да да болдық. Елге оралған соң, сапар жайлы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа баяндап бердім. Келесі 2007 жылы 4-7 наурыз аралығында Елбасының Сирияға ресми сапары болды. Онда мен де болдым. Сол жолы Н.Ә.Назарбаев әл-Фараби зиратын ретке келтіру, онда мәдени орталық салу туралы Сирия үкіметімен келісе келе, ол үшін қаражат та бөлдірді. Ол нысанның аяқталғаны туралы мен Сирияның бас мүфтиі доктор Бадр ад-Дин Хассуннан 2012 жылы Уфада Ресей мұсылмандарының құрыл­тайында бірге болып сұх­баттас­қанда естіген едім. Сирияда соғыс тоқтаса, оның ресми түрде ашылатыны сөзсіз.

Сириядағы Әбу Насыр зиратына біз Отырардан арнайы топы­рақ ала барып, баба зияраты­на қойдық. Қайтарда ұлы ғалым зиратынан туған жеріне де топырақ ала келдік. Отырарға жиналған жұрт алдында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Болат Жылқышиев Отырарда Әбу Насыр әл-Фарабиге рәмзи кесене салынатынын айтты. Бірақ ол басқа қызметке ауысқан соң орындалмай қалды.

2018 жылдың желтоқсан айы­ның соңында Әбу Насырдың туған жылы, туған жері мәселесін талқылап бір шешімге келу үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, ректор Ғалымқайыр Мұтановтың төраға­лығымен Түркия және ҚазҰУ, сондай-ақ Қазақстанның Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыс­тану, Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология, Фило­софия, саясаттану және дінта­ну институт­тарының белгі­лі ғалымдары бас қосты. Оған Ас­танадан арнайы келген Мәде­ниет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова да қатыс­ты. Онда ғалымдар Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығар­ма­шылығына байланысты ойла­рымен бөлісті. Ғалымдар ЮНЕСКО-ға Қазақстан атынан хат жазып, 2020 жылы Алматыда Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуын кеңінен атап өту жайлы ұсынысты қолдады. Мен сол мәжілісте Отырардан өзге де 30-ға жуық ғалым мен ойшыл шыққаны туралы және Әбу На­сыр­­ға байланысты мәселелерді зер­де­леп, бас баяндама жасадым. Оны жиналған ғалымдардың бәрі қолдап, менің зерттеулеріме қол­дау білдірді.

Қорытынды: Әбу Насыр тек түркі халқы, оның ішінде қазақ жұр­­ты ғана емес, бүкіл ислам өр­ке­ние­тінің, қала берді бүкіл дүн­ие жүзінің мақтанышы, бүкіл адам­­­затқа ортақ ірі тұлға. Ал енді кемең­гердің қазақ жерінде туыл­ған­дығы біз үшін үлкен мақ­та­ныш, сол үшін де біз өзімізді ұлы ға­лымның ұрпақтарымыз деп мақ­тануымыз заңды деп ойлаймын.

Суретте: Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Сирия Араб Рес­пуб­ли­касының астанасы Дамаскі­дегі ежелгі мешітте. Дамаск. 2007


Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ,

ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының 
директоры,  филология ғылымдарының докторы, профессор