Мінез
…Күн көтерілген шақ. Аспан шайдай ашық. Сәскеде ұйқыдан тұрып таранып, сәнденетін ару сынды Алматы да бүгінгі күнге дайындалып, бойын түзеп жатқандай. Әлгінде ғана асфальт тротуарлар мен көшелерді су шашатын көліктер шомылдырып, жуып кетіпті. Айнадай жарқырайды. Әншейінде де бұл қалада үп еткен жел болмайды. Маусым айы тіпті тамылжып тұр. Жасыл желекке, қызыл-жасылды гүлге оранған мамыражай тіршілік. Құдды табиғат ән сап тұрғандай. Ертеңгілік саф ауа көкірегіңді ашып, жан сарайыңды шаттыққа бөлейді. Бас пошта үйіне қарсы беттегі тротуардың бойымен жаяу жүріп келемін.
…Күн көтерілген шақ. Аспан шайдай ашық. Сәскеде ұйқыдан тұрып таранып, сәнденетін ару сынды Алматы да бүгінгі күнге дайындалып, бойын түзеп жатқандай. Әлгінде ғана асфальт тротуарлар мен көшелерді су шашатын көліктер шомылдырып, жуып кетіпті. Айнадай жарқырайды. Әншейінде де бұл қалада үп еткен жел болмайды. Маусым айы тіпті тамылжып тұр. Жасыл желекке, қызыл-жасылды гүлге оранған мамыражай тіршілік. Құдды табиғат ән сап тұрғандай. Ертеңгілік саф ауа көкірегіңді ашып, жан сарайыңды шаттыққа бөлейді. Бас пошта үйіне қарсы беттегі тротуардың бойымен жаяу жүріп келемін. Жаңа орған шөптің иісі аңқиды. Үкімет үйі ғимаратының алаңына таядым. Түсті кілемдей гүлмен түрлеп тастаған алаңды, ол жердегі үнемі күтімде ұсталатын ескерткішті көзбен шолатын-ақ жердемін. Сол сәтте сол қапталыма назарым қалай ауғанын білмеймін. Тік көшенің бойымен өрлеп барып көзім асқақ Алатауға түсті. О, ғажап, тау жанымда тұрған сияқты. Жап-жақын тұр. Жасыл желекті етегінен қар жамылған шыңдарына дейін қолға ұстатқандай көрінеді. Мына көрініс, қырда өсіп, жиырма жасына дейін тау көрмеген мені өзіне байлап тастады. Ақ бас Алатауды осы өткен түнде қалаға жақын келіп қонғандай көріп, көзімді алмай қаттым да қалдым.
Бұлтсыз ашық ауа райы жағдайында, әсіресе, ұлы сәскеде, күннің көзі өзіне тіке түскен кезде тауда мұндай құбылыстың жиі болып тұратынын мен онда қайдан білейін. Әлгі әсерден арыла алмай, таудан көзімді аудармаған күйде ілгері қозғала берген едім, қайдан сап ете түскенін, екі адам алдымды кес-кестей тұра қалды. Біреуі – ұзынтұра, жұқа сары өңді, мойны сорайып тұр да, екіншісі – тапал, дембелше, әсіресе, көзі бақырайған үлкен. Қалтарыстан шыға келген бұзықтардай жармаса кеткенмен, қауіпті адамдар емес екенін жүрегім сезді, шошынбадым. Мүмкін, өзімнен әлдеқайда ересек адамдар болғасын ба? Бірақ, киімдері ұйпа-тұйпа. Көк шөптің бояуы жұққан. Менен не тілейтінін де білмеймін, әйтеуір, бөгеп тұр. Бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Киіміне назар аударғанымды аңдаған бадырақ көз:
– Түнде келіншектермен тауда қыдырып қалғанбыз. Әлгінде ғана түстік. Біз қазақтың белгілі ақындарымыз. Жай адамдар емеспіз, – деп менің күдігімді сейілткісі келген сыңай танытты. Енді байқадым, өңдері шаршаңқы. Таудан емес, көздерін уқалай оянып, осы жерден жаңа бір әзірде тұрған сияқты. Сытылып, ілгері жүрмек ниет байқатып едім, менен айырылғысы келмегендей қыпылықтап, тіпті абдырағандай қимыл көрсетіп тұрды да, ұзынтұра сары шалбарының артқы қалтасынан куәлігін суырып алып, көз алдыма төсей қойды. Жап-жаңа екен. Екінші рет берілгені жөнінде соғылған белгі бар. Тосылғанымды аңдаған жұқа сары:
– Қазақтың белгілі ақыны Төлеужан Ысмайылов мен боламын, – деп куәліктегі аты-жөні жазылған тұсты көзімен нұсқады. Жанындағы жалпақ бет, бадырақ көз жігітті: «Қазақтың белгілі ақыны» деп таныстырды. Жақан Смақов екен. Оның да қалтасында әлгіндей куәлігі жүр. Әрине, ойыма бір жағдай түсе кетпегенде, оларына бөгелетін ретім жоқ еді. КазГУ-дің Масанчи көшесіндегі ғимаратында тапсыратын емтиханға асығулы едім. 1967-1968 жылдары, университетте мен сияқты сырттай оқитын студенттер осылай әр жерге көшіп оқып жүретін еді. Қанша асыққанмен, алдымда тұрған үлкен адамдарды ысырып, не айналып өтіп жүре беруге дәтім жетпеді. Аты-жөнін айтқан сәтте-ақ, бұл адамды сырттай жақсы білетінім есіме түсе кетті. Ол туралы маған өзім жұмыс істейтін Байғанин аудандық газетінде бірге қызмет атқарған, кезінде Алматыдағы мемлекеттік көркем әдебиет баспасында белгілі аудармашы болған, кейін тағдыр айдауымен туған жеріне оралған, сол тұстағы көпшілікке есімі мәшһүр қаламгер Сәрсен Жұмағалиев көп айтып еді. Екеуінің бірге оқып, университетті үздік бітіргенін, Қазақтың көркем әдебиет баспасының алғаш ашылған аударма редакциясында қатар отырып қызмет істегенін білетінмін. Теодор Драйзердің «Америка трагедиясын» орыс тілінен қазақ тіліне алғаш аударғанын да естігенмін. Әсіресе, Сәрсен аға Төлеужанның ақындығын жоғары бағалайтын. Өлең жазғанда жаңа түр іздеу жолындағы ізденістерін айрықша атайтын. «Қара өлеңнің қабырғасын сындыру керек», деп ұрандап, кейде асыра сілтейтін қызбалығын да жасырмайтын. Қасым Аманжоловтың: «Бірден Пушкин болмай-ақ, Баймұқанша басташы!» деп аяқталатын өлеңін, осы алыпұшпа, албырт жас, ақын інісіне арнаған деп отыратын. Өлеңдерінің екпіні бөлек, дауылдай ұйытқып тұр деп сүйсінетін. Сәкеңнің аузынан естіп қызыққанмен, ол кезде мақтаулы ақынның өлеңдері қолға түсе қоймайтын. Жалғыз ғана «Есіл» поэмасын Сәрсен ағамыздың жеке кітапханасынан аттай қалап алып, оқыған едім. Соның өзінен сойы бөлек ақынға кезіккеніңді мойындайсың.
Өр Есіл, зор Есіл, жан Есіл өзенім,
Сағынармын мен де өзіңнің
зәмзәм суыңды.
Алыста мен сені ойласам –
өртенер өзегім –
Татардың қызымен шарлаған нуыңды.
Сол ару кезіп ну жағаңды,
Мұңайып мен жоқта қарақат көзіне
жас алса,
Мен болып аймала, жалынам,
Есілдің самалы, тағзым ет иіліп,
жас қайың, жас арша…
Расында да, Төлеужан екпінге бағынып, қара өлеңді сындырып жазады екен. Және онысы үйлесімді, оқушыны алып-ұшып, сүйрей жөнеледі. Осындай өзім сырттай табынатын ақынға кезігіп тұрып, үндемей қалуым мүмкін бе? «Сізді білемін, Сәрсен ағай көп айтушы еді», дедім. Осы сөздің аузымнан шығуы мұң екен, мен табынатын ақын.
– Бауырым, сол Сәрсеннің хабарын айт? – деп қарымнан ұстап жетектей жөнелді.
Жақын тұста маңдайында «Пельменная» деген жарнамасы бар дәмхана тұр. Соған кіруге ыңғайландық. Ар жағын айттырғаным жоқ, түсіне қойдым. Екеуі столға отырғанша, кіре-беріс есікке қарсы, ағаш баспалдақпен көтеріліп барып енетін бөлмедегі буфет сөресінен екі шыны қызыл шарап алып келдім. Оның әрқайсысы сол кезде «пұттық» деп аталатын. Сірә, жұрт литрлік ауыр шөлмек болғасын солай дейтін шығар.
Қою қызыл шарапты қырлы айғыр стақанға сылқылдатып құйып қоямын. Екі ақын ілезде көтеріп тастайды. Тез ризалап, әңгімелесіп, емтиханыма үлгерсем деп ойлап отырмын. Алайда, сен асыққанмен, ақындар асығатын емес. Пушкиннің қауырсын қаламы сияқты, ақ пластмасса қаламым бар еді. Жақанның көзі соған түсті. Бір бет қағаздың қиындысына тез сүйкете жазып, қолыма ұстатты. «Құда түссем қолыңдағы қауырсынға, Аманқос айналайын, ауырсынба…» деп басталатын бір шумақ өлең екен. Дүкенде толып тұрған, тиын тұратын қалам қымбат дүние ме, ақыннан не аяймын, тілегін орындадым. Байқаймын, шарап тез меңдетіп барады. Әсіресе, Төлеужан аға қызайын деді. Соны сезіп, уақыт созғысы келді ме, екінші ақын: «Кәне, ініңе өлең оқып бер», деп қолқа салды. «Жанында кітабы, не қойын дәптері жоқ, қалай оқиды?» деп ойлап үлгергенімше, бұрын естімеген тосын мақаммен:
Менің өзім – жігітімін Семейдің,
Семейде де содырлар жоқ демеймін.
Семейдің де сопысы бар, монтаны –
Сылдыр сөзбен сыңғырлатқан көмейін.
Сол Семейге ренжіген Абай да,
«Өз перзентім», дейді халқы алайда.
Тобықтының келсе егер қолынан,
Ұстатпақ ед ұлы ақынын қалайда…
Жатты үстінен арыз оның домалап,
Кім жазғаны белгісіз ғой – «домалақ».
Абай ағам қалың қайғы арқалап,
Қара жерге еніп кетті содан-ақ.
Көрдіңіз бе, бұл Семейдің қалайын,
Тар маңдайы сыйғызбаған Абайын… –
деп, әр жолын кектенгендей, шегелеп айтып, соза берді. Өз өлеңін ауызша оқыған адамды осы жерде мен алғаш көрдім. Және ғажап әсерге бөлендім. Түсі бұзылып, мазмұны ренішке толы және бір өлең оқыды. Ашуға булыққандай, бірте-бірте, үні күшейе береді екен. Тосын тақырып. Орыс бодандығына қарсылыққа құрылған жыр. Жерімізді, елімізді басып алды дегенге саяды. Өлеңді: «Похоронный бюродан сен блатпен, зорға аларсың тыныш жатар көріңді», деп аяқтады. Тосын ой тіксіндірді. Өлеңде мұндай қарсылық сөздердің болуы миыма сыймайтын сияқты. Әлгі шумақтарды оқу үстінде ақынның арқасы көтерілгендей. Қимылы жиілеп, көзі шатынап, өзін ұстаудан қалған. Енді сұрамай-ақ орнынан тұрып, жан-жағына жалт-жалт шүйіліп, өлеңнің ырғағымен екі қолын бірдей ербеңдетіп: «Қойлар, қойлар!» деп басталатын ұзақ толғау өлеңге түсті. Бір тұсы былай келеді:
«Баран» десе бізді мұқап орыстар,
«Аға» дедік туымызды оң ұстар.
Қандай момын халықпыз біз қойлардай,
Жүре берген кек, намысты ойланбай.
Арымызға жағылған кір, күйе көп,
Кейде бізді кекетеді «түйе» деп.
Ол да айтылған сөз шығар бір жүйемен,
Қу далада қой бақтық қой түйемен…
Мұнан әрі көшпенді қазақ өмірін жырлап келіп:
Тірілер ме, о дүниеден атам кеп,
Сипар еді-ау маңдайымнан «ботам» деп.
Түйе сүтін іше алмаймыз біз бүгін,
Аруана үнін естімейді түз бүгін.
Киіз үйдің аппақ, аппақ үздігін,
Жел ұшырып әкеткендей күздікүн… –
деп мұңды әуенге кезек береді.
Өлеңдерін осылайша сонша беріліп оқып тұрған Төлеужан, бір кезде асханада тамақ ішіп, мына көріністі онсыз да ерсі көріп, шақ отырған орыстарға айбат шегіп, қарсы жүгірсін! Бұл жағына келгенде ол тек өлең емес, қолма-қол қимылдың да адамы екен. Әлгінде қалай тығып әкелгенін, әлде үнемі қойнында жүре ме, сол жылдары Алматының көшесінің кез келген жерінде жататын қол басындай қайрақ тас жүр қолында. Асханадағы адамдар дүркірей көтерілді. Істің насырға шапқанын біліп, тез табанымды жалтыратуды ойладым. Әйтпесе, ертең оқудан шығатыным анық. Сол оймен әуелі есіктің қалтарысына тұра қалып, ішке екі милиция кірген сәтте, сыртқа ата жөнелдім. Жақсы отырыстың ақыры бұлай аяқталғаны жанымды жеді, әрине. Бірақ, басқа не амал бар, бас сауғалағанымның себебін түсінер өздері де деп қоямын қашып бара жатып.
Өліп-талып емтиханымды тапсырып, кештетіп «ВДНХ» жақтағы өзім тоқтаған «Ракета» қонақ үйіне жетсем, тәртіп бұзған клиент ретінде номерден шығарып жіберіпті. Мана әңгіме арасында өзімнің қайда жатқанымнан да хабар берген едім. Соны есіне тұтып қалған екі ақын ағам інісін іздеп келіп, қонақ үйді дүрліктіріпті. Онда қонақ үйде қызмет істейтін қазақты сирек кездестіресің. Араша түсер ешкім жоқ. Арғы жағы белгілі ғой…
Осыдан үш жыл бұрын дәм айдап Алматыда болдым. Өзім дәріс алған КазГУ-дің көне ғимаратын көріп, екі ақын ағаммен кездескен (бұл күнде олар дүниеден өткен) тұсқа қарай жүрдім. Мезгіл сол кездегідей дәл сәскенің кезі еді. Қызулы күннің өткір сәулесі тамыз айының ыстығын көтеріп тұр. Алайда, бұл жолы баяғыдай Алатау тұтас тұлғасымен көрінбеді. Үйме-жүйме салынған көп қабатты зәулім үйлер көлегейлеп тастапты. Сол сияқты, адуын жырын оңды-солды төгіп-шашып өмір кешкен, бір кезде онысына өзім куә болған тұлғалы ақын Төлеужан ағаның қазынасын баспа жүзінде көре алмай жүргенімді есіме алдым. Ауызша тыңдаған сол асқақ жырлары қайда екен? Әлде ол да иілмейтін қайсар мінезі сияқты өзімен бірге кетті ме? Ақынның өлеңі – мінезі деген рас сөз-ау!
Аманқос ОРЫНҒАЛИЕВ,
журналист.
АҚТӨБЕ.