Қоғам • 24 Сәуір, 2019

Пандус проблемасы миллиондарды толғандырады

1518 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Пандус кімге керек? Ең алдымен осы сұрақты өзіңізге қойып көріңізші. Мен көшеде ойнап жүрген баладан сұрадым. 3-сыныптың оқушысы: «Пандус мүгедектерге керек», деп қойып қалды. Мойындайықшы, қоғамдағы көп адамның, тіпті ақыл тоқтатқан ересектердің өзі оқушыдай ойлайды. Әлбетте, басына түспейінше, мәселемен бетпе-бет келмейінше...

Пандус проблемасы миллиондарды толғандырады

Жанашырдың жанайқайы

Қызылорда-Астана ба­ғы­тымен ұшаққа отырдым. Содан ұшақ межелі жерге қонғанда қос жолаушы әуе қызметкерлеріне көңілі толмаған кейіппен сұрақ қойып жатты... Аман-есен жетіп, ұшақтың биік баспалдағымен көппен бірге түсіп кеттім. Іле ав­тобусқа жайғасып, көліктің тере­зесінен ұшақтан түсіп жатқан жо­лаушыларға көз тастадым. Екі адам екі жағынан, тағы бір адам алдынан арбадағы әжені көтерген күйі төмен түсіп жатты. Автобусқа ентігіп жеткен әлгілер бірге мінген ұшақ қызметкерлеріне дүрсе қоя бе­рді. «Сіздер алдын ала ха­бар­лас­қанда ұшақта да, автобуста да, әуежайдан ұшаққа дейін де пандус проблемасы болмайтынын айтқансыздар. Бұлай боларын білгенде басқа ұшаққа билет алушы едік. Осы қызмет үшін артық ақша төледік емес пе?», деп шырылдады. Әуелде кештеу келгендіктен байқамағанмын. Демек, олар мінерде де тура осылай машақаттанған. Пандус проблемасы – біз ойлағандай, тек арбадағы адамдардың емес, оларды күтетін қызметкерлер мен жақындарының, тоқетері жанашырларының да жанайқайы.

 

Ата-ананың алаңы

Бұл түйткілді тақырып тағы кімді толғандыратынын білмекке бел буып, рейдке шықтық. Қа­ланың кез келген жерінен балалы арбасын итеріп жүрген ата-аналарды көруге болады. Әри­не олардың басым бөлігі – аналар, әжелер. Солардың бірін сөзге тарттық. Елорда тұр­ғыны Дана Тойжанова: «Мен сол жағалауда тұрамын. Негізгі көшелерде, бас ғимараттарда, жаңа үйлерде пандустар бар. Бірақ менің үйімдегі пандустан бала арбасымен сыр­ғанап әзер түсемін. Өйткені кафель материалынан жасалған әрі тым биік. Ұстайтын жақтауы тағы жоқ. Сондықтан одан иманымызды үйіріп түсеміз», дейді. Баласымен серуендеп жүрген екінші бір ана бас қаланың негізгі көшелерінде ғана пандустар бар екенін айтады. «Орталық көшелерден сәл ойыссаңыз немесе сол жағалауға барсаңыз, пандус дегенді мүлде таппайсыз. Амал жоқ, бір қолыңмен баланы, екінші қолыңмен кемі 3-5 кило тартатын баланың арбасын көтеруге тура келеді», дей­ді Ақбота Жолжақсынова. Иә, көте­ретіндей бар, себебі арбаны ғимараттың алдына қалдырып кете алмайсыз, ұры-қарылар көп. Ал аты-жөнін айтқысы кел­меген ана кішісін арбаға салып, 3-4 жасар қызын жетектеп келе жатып: «Тұрсын-Астана» тұр­ғын үй кешенінде, 12-ші және 13-ші магистраль бойындағы ғи­мараттарда пандус жоқ. Ескі үй­лерді айтпай-ақ қояйын, жаңа үйлердің өзінде пандус үйге дейін болса, лифтіге дейін жоқ. Арбаны көтеру керек», дейді.

 

Автобус әлегі

Үлкен саябақта қала тұрғыны Дастан Қызырбекұлы деген азамат сәбиімен серуендеп жүр екен. Ол өзін таныстырып әрі біз­­­­­­дің сұрағымызға былайша жа­уап берді: «Жолдасымды баламен жалғыз жіберуге қорқамын. Оның да сыртта тындыруға тиіс ша­руалары бар. Құжаттармен, жеке жұмыстарымен жүгіреді. Сондайда қоғамның бір мүшесі ретінде қоғамдық көлікті еркін пай­далана алмайды. Себебі кей­ автобустар, тіпті аялдамада басқа адамдар болмаса, арба сүй­­­­реткен аналарға тоқтамай да кетеді». Оның айтуынша, қо­ғам­дық кө­ліктер тоқтағанмен, пан­дус проб­лемасына кезігеді. Кө­мек­тесетін қамқор жандар кездессе жақ­сы, болмаса баланы арбасымен көтеру қажет. Оған қоса автобустарға аппарат орнатқалы бері онда жүргізушіден басқа қыз­­­­меткердің де көбіне қарасы кө­рін­бейді. «Міну де, түсу де қиын. Сондықтан амалсыздан так­си пайдаланамыз», дейді әл­гі азамат.

 

Баланың ойыны, әлде ойы?..

«Самокат» теуіп жүрген оқу­­шыны бульвардан жолықтырдық. Мақала басында қойылған сұ­раққа еркін жауап берген Арсен са­уалды түрлендірген сайын ке­ңі­рек ойлануға көшті. «5 және 9 қабатты ескі үйлерден пандустың жоқ екенін жиі байқаймын. Біз­дің 5 қабатты үйдегі үлкен әже­лерге, тізесі ауыратын аталарға баспалдақпен көтерілу қиын. Олар­ды жетектейміз. Мен «самокатымды» арқалап мініп-түсемін. Оның өзі 4 кило тартады. Ал вело­си­педімді көтере алмаймын, ол – ауыр. Мен бірдеңе қылармын, ата-әже­лерге дұрыс пандус керек», дейді оқушы.

Ойын баласы да пандусқа мұқтаж. Алғашқы ойынан ай­нығанын аңғартпас үшін намысқа тырысып, ашық айт­қысы келмесе де ақиқаты – осы. Онда да дені дұрыс пандусқа зәру. Се­­бебі Арсеннің айтуынша, жа­­­ңа үйлердегі және кейбір ғи­­­­­ма­раттардағы аты ғана бар пан­­­дустардың бұрышы 50-60 гра­дус болады. Ондай пандус­тар­­дан жаяу жүріп өтудің өзі қор­­қынышты. Жол жиегіндегі ғимараттардың биік пандусынан сырғанаса, жол апатына түсу қаупі күтіп тұр.

 

«Бізді ұмытып кетпеңіздер...»

Осылай үн қатқан оқырманды көзі көрмейтін және нашар кө­ре­тіндерге арналған арнайы кі­тапханадан кезіктірдік. Атақты өнертапқыш, зағип Луи Брайль ойлап тапқан бедерлі алфавит арқылы кітап оқитын Татьяна: «Менің көзім нашар көреді. Көп нәрсенің тек сұлбасын ғана көре­­­мін. Кедір-бұдыры көп көшеде ар­найы таяқпен жүрудің өзі қиын. Басқасы-басқа, керек дә­­рім­ді алу үшін баратын дәрі­­­­ха­на­лар­дың өзінде пандус жоқ. Біз­дің қо­ғамда шеттетуді жиі басым­нан өт­кіземін», дейді.

Көзі көрмейтіндерге арналған «Көмектес» қайырымдылық қо­ры директорының орынбасары Мақ­сұт Тайынұлы бұл едәуір про­блема екенін айтады. «Қазақ соқырлар қоғамының ресми мә­ліметінше, Қазақстанда 20 мыңға жуық көзі көрмейтін және нашар көретіндер бар. Бірақ мен бейресми деректерге көбірек сенемін. Мұндай адамдар саны елімізде 29 мыңдай», дейді ол. Зағиптар мен Татьянадай сұлбаны ғана көретіндердің қалыпты адамдардай алшаң басып жүре алмайтынын ұмытып кетпейік.

 

Кедергілі кеңістік

Елімізде жарты миллионға жуық мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Соның ішінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бала­лар мен ересектерді қос­қан­да 75 мыңға жуығы – 1-топ­­тағы мүгедектер. Сондай-ақ Ста­тистика комитеті көрсеткен­дей, жыл сайын өмірге қа­­ла­ларда 200 мыңдай сәби келеді. 3 жасқа дейінгі қалалық балалар 600 мың­ға жуықтайды. Олардың әр­қайсысына пандус қажет. Білім және ғылым министрлігінің мә­лі­метінше, қалалық 9332 бала бастауышта оқиды. Бұл санаққа ве­лосипед тебушілердің белгісіз саны мен қалалық қарт кісілер қосылады. Арбадағы балалар мен жүріп-тұра алмайтын жандарды арқалайтын адамдарды қалай қалдырамыз? Шын есебін алсақ, бұл проблемамен кездесетін жан­­­дар саны миллионнан асып кетуі мүмкін. Осынша жанды ке­­дергілі кеңістік қоршап тұр. Олай деуге негіз бар, себебі рейд ке­зінде көзі­міз жетті: жол бойын жа­ғалай ор­наласқан мекемелердің (дәрі­хана, ломбард, салондар, дүкен­дер, кафе) 70 пайызға жуы­ғында пан­­дус жоқ.

«Тheramppeople» порталының мәліметінше, Англияда 2017 жыл­­дың қаңтарынан бастап ен­гізілген заң бойынша автобустарда жиналмалы пандустар болуы керек. Ал АҚШ бұл мәселені сонау 1990 жылы ADA (Americans with Disabilities Act), яғни Аме­рикалық мүгедектер туралы за­ңы­мен біржақты еткен. Соның ар­­­қа­сында мүгедектер ғана емес, мұқтаж жандардың бәрі стан­дартқа сай пандустардың шарапатын көріп келеді.

Күні кеше балалы ана редак­циямызға келді. Арбасын сыртта қалдырып кіріпті. Себебі біз­дің де пандус талапқа сай кел­мей­ді. Алайда, сал боп қалған оқыр­ма­нымыз келсе, қайтеміз? Ол ар­басын аулаға қойып кіре ал­май­ды ғой... Бұл тақырып «кедер­­гісіз кеңістік» орнату үшін енді «еге­мендіктерді» де тол­­­­­ған­дырады.