Экономика • 24 Сәуір, 2019

Қор-қорды шектеу кәсіпкерге кедергі келтіре ме?

1037 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мегаполистердің қызу тыныс-тіршілігі күндіз-түні толастамайтыны түсінікті. 1 мил­­лионнан астам халқы бар Нұр-Сұлтан қаласының да халықты алаңдатқан пробле­малары аз емес. Соның бір парасы мейрамхана, дәмхана сияқты қоғамдық орындардың жұмысына, азаматтардың қауіпсіздігіне байланысты болып отыр.

Қор-қорды шектеу кәсіпкерге кедергі келтіре ме?
Астана қаласының ІІД жер­гілікті полиция басқармасы бас­тығының орынбасары Тахир Әбдірахмановтың айтуын­ша, былтыр құқық қорғау органдарына елорда­дағы көңіл көтеру орын­дарындағы тәртіпсіз­дік ту­ралы хабарлаған 13,5 мыңнан ас­там хабарлама түсіпті. Бұза­қылық, жаппай төбелес, ұрлық-қарлық, суық қару қолдану сынды қылмыстар, әсіресе түнгі сағат 1 мен таңғы 6 аралығында көп жа­салады екен. Таяуда қалалық Кә­сіпкерлер палатасының Кә­сіп­керлердің құқығын қорғау және сы­бай­лас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл кеңесі­нің отыры­сында Т.Әбдірахманов осы тектес де­рек­терді ортаға салды. Ол по­лиция бас­қар­масы көңіл кө­те­­ру нысандарының жұмы­сын шек­­теуді ұсынып отырғанын жет­­кізді. 

Құқық қорғаушылардың пайымдауынша, түнгі 23.00-ден бас­тап таңғы 8.00-ге дейінгі ара­лықта қоғамдық орындарда алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салған жөн. 

– Тұрғын үйлердің бірінші қа­ба­тында орналасқан көңіл кө­теру орындарының 23.00-ге дейін, ал өз алдына жеке ғи­мараттағы мейрамханалар, басқа да нысандар түнгі 2.00-ге дейін ға­на жұмыс істегенін қалаймыз. Адам түнгі сағат 2-ге дейін ішіп, одан кейін де удай мас болып отыра берсе, мұның соңы жақсылыққа апармайды, оны денсаулық сақтау ұйымдары да құптайды. Түн ауғаннан кейін де тоқтамай ішкен адам не өзі қыл­мыс жасайды, не болмаса кө­шеде қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Біз мемлекеттік емес күзет құрылымдарымен ын­тымақтастық жасастық, олар мейрам­ханалардың ішінде бол­ған оқиғалар кезінде ғана бізге көмектеседі. Алайда, әдетте мей­рамханалардың басшылығы жан­жалдасқан адамдарды сырт­қа шығарып жіберуге тырысады. Олар үшін не болса да өздерінде емес, басқа жерде болғаны керек, – дейді ол.

Полицейлердің келтірген деректеріне сүйенсек, ішімдік сатуға шектеу қоюға салмақты себеп бар деуге болады. Жалпы, қаладағы қылмыстардың 30 пайызы қоғамдық орындарда алкогольді ішімдік ішкен адамдар жасайды екен. Елордада ең көп құқықбұзушылық «Алматы» ауданында тіркелген. Қаладағы ең көп төбелес болатын, суық қару қолданылатын, ұрлық жасалатын орындардың қатарында «Рыба моей мечты», «Парагон», «Гудбар», «Хиты XX века», «Стамбул», «Қазақша дискотека», «Чарли Чаплин» сынды мейрамхана, дәмхана, караоке-барлар аталады. «Есіл» ауданындағы «Пункт П», «Золото», «EskoBar» сияқты орындарда да қылмыс жиі жасалады екен. 

Дегенмен, құқық қорғаушылардың ұсынысына елордалық рестораторлардың, көңіл көтеру нысандарын ұстайтын басқа да кәсіпкерлердің қарсы уәжі бар. Қалалық Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңестің отырысына келген олар алкогольді ішімдіктер сатылатын уақытты шектеу, қор-қорға тыйым салу бизнесмендерді аяқтан шалумен бірдей екенін айтады. 

– Оның салдарынан көңіл көтеру, демалыс орындары айтарлықтай шығынға батады. Жұмыс орындары қысқарып, қала бюджетіне түсетін салық түсімдері азаяды. Оған қоса, көлеңкелі алкогольді өнімдерді сату нарығы белең алуы мүмкін. Нұр-Сұлтан қаласының демалыс орындарының концепциясы дәл түнгі уақытта жұмыс істеуге негізделген. Егер 23.00-ден бастап таңертеңге дейін алкогольді өнімдерді сатуға шектеу қойылса, көптеген нысандар жабылуға мәжбүр болады, – дейді олар. Бұл шектеу елорданың туристік имиджіне де нұқсан келтіреді деп санайды. 

Тағы бір айта кетерлігі, соңғы уақытта көңіл көтерушілерге темекі, қор-қор, электронды сигарет сынды заттар ұсынатын орындарға полицейлердің рейдтері жиілеп кеткен көрінеді. Осыған байланысты қалалық кәсіпкерлер палатасына мемлекеттік органдардың әрекетіне байланысты мейрамхана, дәмхана, барлардың иелерінен түскен шағымдар да көбейген. 

Жалпы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте темекі заттарын тұтынуға тыйым салынған жерлердің тізімі көрсетілгенін айта кетейік. Арнайы жабдықталған бөлмесі бар нысандарда, не болмаса ашық алаңдарда оған тыйым салынбаған. Бастысы, темекі немесе қор-қор шегетін орында сусын мен тамақ ұсынылмауға тиіс. Алайда, бұл тұста да заңдық тұрғыда реттелмеген жайттар бар. Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, қор-қордың өзі құрамдас бөлігіне қарай темекісі бар немесе темекісі жоқ болып бөлінетін көрінеді. Ал құқық қорғаушылар болса оның құрамына сараптама жасап әуре болмай-ақ, бірден айыппұл салуға бейіл. 

– Елордалық құқық қорғаушылар тұрақ­ты түрде рейд жасап, әкімшілік жауап­кер­шілікке тартады. Кәсіпкерлерден түскен шағымдар бойынша, мейрамхана, дәмха­наларда адам көбейетін кешкі уақытта поли­цей­лердің алты-жетеуі бірден келіп, қонақ­тар­ды шошытады, бұл нысандардың жылдар бойы қалыптастырған имиджіне, өзі жина­ған немесе қарызға алып ақша салған биз­не­сіне кедергі келтіреді, – дейді қалалық кәсіп­керлер палатасының бөлім бастығы Нұржан Букин. 

Ал полиция басқармасы бастығы орынбасарының айтуына қарағанда, құқық қорғаушылар рейд кезінде заң талаптарын негізге алады. Олар үшін қор-қордың құрамы, неден жасалғаны маңызды емес. Маңыздысы – заң бойынша қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынғаны. 

– Заңда қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салынғаны туралы жа­зыл­ған, оның неден жасалғаны туралы жазыл­маған. Еліміз саламатты өмір салтын қалып­тастыруға бет алып келеді, әр 10 адамның үшеуі шылым немесе қор-қор шегеді. Кеш­құрым балаларымызды ертіп бір жер­ге демалуға бардық делік. Қасыңда бұрқы­ратып шегіп отырған біреу үшін неге бас­қалар улануы керек?! Кальянға арнал­ған жеке бөлме жасаңыздар, – дейді Т.Әбдірахманов. 

Оның айтуынша, полицейлер рейд кезінде бизнесті тексермейді, тек қоғамдық тәртіпке бақылау жасайды. Сол себепті рейд үшін прокуратураның ұйғарымын алу міндетті емес. Тәртіп бұзылған жағдайда айыппұл дәмхана, мейрамхана, барлардың иесіне ғана емес, темекі немесе қор-қор шегушіге де салынады. 

Тағы бір айта кетерлігі, Қоғамдық ден­саулық сақтау департаменті кезінде қор-қор құрамы мен құрылғысына сараптама жасап, улы заттар бар екенін, шегуге арналған құрылғының түрлі бактерияларға толы лас екенін анықтаған. 

– Егер кәсіпкерлер қосымша сараптама жасалғанын қаласа, жұмысты тағы да жол­ға қоя аламыз, – деді қалалық Қоғам­дық ден­саулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Айгүл Шағалтаева. 

Кәсіпкерлердің, мемлекеттік органдар өкілдерінің пікірлері тыңдала келе, Кәсіпкерлерді қолдау кеңесі қалалық полиция басқармасынан рейдтерді уақытша тоқтата тұру туралы өтініш жасады. Енді кәсіп­кер­лер жуық арада көңіл көтеру орын­дарында темекі немесе қор-қор шегетін арнайы орындар жасауға тиіс.