Әлем • 30 Сәуір, 2019

Сирия тарихының қайғылы кезеңіне нүкте қойылуы керек

1284 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында Сирия бойынша Астана процесінің халықаралық жоғары деңгейдегі 12-ші кездесуі мәресіне жетті. Сириядағы соғыс тұманын сейілтуге сеп боларлық күрмеуі қиын келіссөздің бұл раундында қандай байлам жасалды?

Сирия тарихының қайғылы кезеңіне нүкте қойылуы керек

Елорданың төрінде Сирия Араб республикасы үкіметі мен қарулы оппозиция топтарының және кепілгер елдер – Иран, Ре­сей, Түркия елдерінің өкілдері, сон­дай-ақ бақылаушы ретінде Бірік­кен Ұлттар Ұйымы мен Иор­дания Хашимит корольдігінің деле­гациясы бас қосты. Екі күнге жалғасқан келіссөзге қаты­су­шылар Сириядағы қазіргі ахуалды талқылап, Астана форматында бұдан бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын, саяси процесті ілгерілету және елдегі гуманитарлық жағдайды жақсарту бойынша өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдарын қарастырды. Сонымен қатар аталған кездесу шеңберінде Сирия бойынша Конституциялық комиссияны құру, Астана процесіне жаңа бақылаушы мемлекеттерді қосу мәселелері назарға алынды.

Қорытынды жиында Сыртқы 
істер министрінің бірінші орынбасары Мұх­тар Тілеуберді Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тол­ғауы тоқсан Сирия­дағы түйіт­кілді жағдайдың түйінін тар­қатуға бастамашы бол­ған Астана процесін бастауға сүбелі үлес қосқанын атап өтті. Сөйтіп вице-минис­тр аталған кездесу бойынша кепіл­гер елдер – Иран, Ресей және Түр­кияның бірлескен мәлімдемесін жария етті.

Бұл мемлекеттер біріншіден Сирия Араб Республикасының егемендігіне, тәуелсіздігіне, ау­мақтық тұтастығына шәк кел­тірмей, БҰҰ Жарғысының мақ­саттары мен қағидаттарына адал­дығын растады. Бұл қағи­даттардың сақталуы жалпыға бірдей екені, қандай жағдай болмасын оның бұзылуына жол берілмеу керектігін атап өтті. Осы тұрғыда халықаралық құ­қықты, атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 497-қарарын өрескел бұзды және Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке селкеу түсірді деп сириялық Голан жоталарын Израильге қарасты деп мойындаған АҚШ әкімшілігін қатты сынға алды.

Терроризммен күрес же­леуімен жаңа «шындыққа» деген талпыныстарды жоққа шығарып, Сирия шекарасының бүтіндігі мен көрші елдердің ұлттық қауіпсіздігін бұзуға бағытталған сепаратистік жоспарларға қарсы тұруға шешім қабылдады.

Кепілгер елдер Сирияның сол­түстік-шығысына қатысты кеңес­терді жалғастыруға уағда­ласып, Идлиб мәселесін тал­қыға салды. Бұл деэскалация аймағындағы жағдайды тұ­рақ­тандыру жұмыстары 2018 жыл­дың 17 қыркүйегінде жасалған меморандум шеңберінде жалғасын табады. Мұнда алаңдаушылық тудырып тұрғаны – «Хейат Тахрир аш-Шам» террористік ұйымының аймақты бақылауға алу әрекетінің күшеюі. Сон­дай-ақ ДАИШ, «Жабхат ан-Нусра», «Әл-Каида» және басқа да теріс пиғылды топтарды түбе­­гейлі жою мақсатында бір­лес­кен жұмысты одан әрі жүр­гізе бермек ниетте.

Аталған ұйымдардың барлы­ғын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі терро­ристік ұйым ретінде мойындаған.

Бұл келіссөз Сирия қақтығы­сының әскери күштердің араласуынсыз шеші­летініне сендірді. Сочидегі Сирия ұлттық диалогы конгресінің шешімдеріне сәйкес үш тарап, оған қоса БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Геер Педерсенмен жан-жақты кеңесіп, Конституциялық коми­тетті тездетіп іске қосу туралы сөз қозға­ды. Осы мақсатта кеңес­тің келесі раундын Женевада өткізетін болып шешті.

2018 жылдың қараша, 2019 жылдың ақпан және сәуір айларында бейінді жұмыс тобының күш салғанының арқа­сында зорлықпен ұсталған адамдарды босату жөніндегі сәтті операциялар аталып өтті. Бұл операциялар Сирия тараптары арасында сенім орнықтырып, саяси процесті ілгерілетуде Астана келіссөзінің үлесі мен маңызын айшықтады.

Қанша жыл соғыстан көз ашпаған елдің аяқтан тұрып кетуіне үлкен көмек-қолдаудың қажет екені түсінікті және ондай көмектің алдын ала шартсыз, міндетсіз жасалғаны маңызды. Осы тұрғыда кепілгер елдер Иран, Ресей және Түркия халық­аралық қоғамдастықтан, әсіресе БҰҰ мен оның гуманитарлық агент­тіктерінен Сирия халқына көмек қолын созуды, инфрақұрылы­мын қалпына келтіруге жәрдемдесу­ді сұрады. Сумен, электрмен, жа­рық­пен қамтамасыз ету, мектептер мен ауруханалар жұмысын жан­дандыру бірінші кезекте ат­қарылуы тиіс шаруа болып тұр.

Сонымен қатар босқындар мен ел ішінде көшіп жүргендердің тұрғылықты мекеніне оралуына жағдай жасау керектігі назардан тыс қалмады. Осы мәселеде Босқындар істері жөніндегі Жо­ғар­ғы комиссардың басқар­масы және басқа мамандан­дырылған халықаралық ұйымдарға қоса, барлық мүдделі тараптар өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.

Бұған қоса келіссөзге қатысу­­шы­­лар Астана процесіне бақы­лау­­шы елдердің санын арттыруды талқылады. Нәтижесінде Си­рия­ға көрші мемлекеттер – Ирак пен Ли­ванды Астана процесіне қосылуға шақыратын болып келісті.

Соңында осындай халық­аралық маңызды кездесуді ұйым­­дастыруға себепші болған Қазақстан билігіне ризашылық білдіріп, Астана процесінің келесі кезеңін Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдың шілдесінде өткізу туралы ұйғарым жасады.

 

Башар әл-ЖАФАРИ,

Сирия үкіметі делагациясының басшысы, Сирияның БҰҰ-дағы өкілі:

– Біз Нұр-Сұлтан қаласына қатары­нан 12-нші рет ат басын бұрғанымызға қуаныш­тымыз. Астана процесінің бұл раундының нәтижесінде алдың­ғы келіс­сөздерде қозғалған мәсел­елерді тағы бір нақтылып, оған қоса бірқатар оң шешім қабылданды. Соның ішінде осынау басқосуға қатысқандардың Сирияның тәуелсіздігін, аумақ­тық тұтастығын мо­йындап, си­рия­лық Голан жоталарына қатыс­ты АҚШ-тың көзқарасын құп­та­мауын ерекше атап өткім келеді.

Астана процесінің осы күнге дейінгі келіссөздерінің барлы­ғында талқылау­сыз қалмайтын тақырып – терроризм­мен күрес. Бүгін біз әртүрлі халықаралық тараптардың қолдауына ие ашық терроризм туралы сөз қозға­дық. Шын мәнінде, бізді күйрет­кен қақтығыстар террористік соғыстардың салдары­нан бол­ды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі біздің елдегі терроризммен күрес жөнінде жеті қарар, соңынан тағы екі қарар қабыл­дады. Бұл Сирия үкіметінің Астана про­цесінде әрдайым білдіріп кел­ген пікірін мақұлдайды. АҚШ-тың ДАИШ жойылды дегеніне қарамастан, Сирияда әлі терроризм қаупі бар. ДАИШ-тан қалған топтармен әлі де күрес жүріп жатыр.

 

Ахмад әл-ТОМА,

Сириядағы қарулы оппозиция делегациясының басшысы:

Астана процесінің бұл келіс­сө­зін­дегі басты мақсат – Си­рия халқының бола­шағына алаң­­даушылық білдіріп, елді демо­кратиялық мемлекетке айналдыру тұрғысында нәтижеге жету. Кепілгер елдердің бірлес­кен мә­лімдемесінің Сирия елінің тәуел­сіздігіне қатысты бөлімі үлкен маңызға ие. Сондай-ақ зорлықпен ұсталғандар босату жөніндегі мәселеге мән бермей кетуге болмайды. Бұл бағыттағы іс-шаралар әлі ілгерілей түседі деп ойлаймыз.

Сонымен қатар біз Евфрат өзенінің шығысындағы жағдай­дың қалыпқа келгенін, тұрғын­­дары­ның оралғанын қалаймыз. Бұл ай­мақта террористермен кү­рес­ті күшейтіп, мәселені жақын ар­а­­да шешу керек. Өйткені осыдан екі ай бұрын Евфраттың шы­ғы­­­сын­да полковник Ануар Ху­сейн опат болды. Ол бұрын осы Ас­та­на процесіне қатысқан еді. Сон­­­дықтан халықаралық қоғам­дас­­тық­­тардан терроризммен кү­рес жұ­мыс­тарын жеделдетуді сұраймыз.