Әлем • 02 Мамыр, 2019

Қазақстан Азиядағы көпжақты процестерге белсенді қатысуда

952 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Катар мемлекетінің астанасы Доха қаласында өткен Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалогқа (АЫД) қатысушы елдер Сыртқы істер министрлерінің 16-шы отырысына қатысты. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Азиядағы көпжақты процестерге белсенді қатысуда

30-дан астам Азия елдерінің жоғары лауазымды өкілдері экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және ғылыми-техникалық алмасуларды тереңдету мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, қатысушылар соңғы бірнеше онжылдықтар бойы әлемнің басым өңіріне айналған және елеулі өсім қарқынын көрсетіп отырған Азия елдерінің арасындағы диалогты одан әрі нығайту мәселелерін қарастырды.

Форумда сөз сөйлеген қазақстандық делегацияның басшысы Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақырудың бастамашысы, сондай-ақ бірқатар азиялық ұйымдардың белсенді мүшесі екенін атап өтті. Ол қатысушыларды сенім мен ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін Азия өңіріндегі халықаралық ұйымдардың өзара іс-қимылын тереңдетуге шақырды.

Қазақстанның өкілі Азиялық даму банкі, Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Ислам даму банкі және басқа да құрылымдар сияқты мамандандырылған континенталдық қаржы институттарын бірлескен қызметке тартудың маңыздылығын баса айтты.

Қазақстандық делегация «Шағын және орта бизнес - орнықты экономикалық өркендеудің жаңа драйвері» атты АЫД бизнес-форумына қатысты. Іскерлік байланыстар орнатылып, қазақстандық іскерлік орталардың азиялық әріптестермен ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған екіжақты кездесулер өткізілді.

Қазақстан 2003 жылы Азиядағы ынтымақтастық жөніндегі диалогтың мүшесі болды. Бұл халықаралық алаң ынтымақтастықтың әртүрлі бағыттары бойынша консультациялар өткізу, шешімдер қабылдау мен шараларды жүзеге асыруға арналған көпжақты форум болып табылады. Қазақстан АЫД-ға қатысу арқылы отандық кәсіпорындардың сыртқы экономикалық қызметіне және екіжақты әрі көпжақты қатынастарды нығайтуға қолайлы жағдайлар жасайды. Энергетика, көлік және ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылады.