Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде барша жұртты Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.
– Бүгін кең-байтақ Отанымыздың барлық өңірлерінде көктемнің жарқыраған мерекесі – 1 мамыр – ел бірлігінің мерекесін атап өтіп жатырмыз. Осы ел бірлігі деген қасиетті ұғым мен мереке баршамызға құтты болсын, баршамызға жақсылық пен құт береке әкелсін деп тілеймін. Елімізде ата-бабамыздан қалған «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген нақыл бар. Осыны негізге алған халқымыз небір қиын-қыстау жағдайлардан өтіп, кең-байтақ даламызды сақтап қалып, бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз тәуелсіз Қазақстанды құрып, ата-бабаның аңсаған аманатын орындадық, – деді Елбасы.
Елбасы одан әрі ынтымақ пен бірліктің арқасында Мәңгілік ел ұғымының қалыптасқандығын атап өтті.
– Қазақ халқы өз тәуелсіздігі үшін қасық қанын аяған жоқ. Сол қағидаға адал болайық, ата-бабамыздың арманын орындайық. Осы жылдар ішінде жеткен жетістіктеріміздің барлығы – елдің бірлігінің, халықтар арасындағы тыныштықтың арқасы. Қазақстанның көпэтносты болғанына ешкімнің жазығы жоқ. Сондықтан қазақ халқы елдегі ауызбіршілікке ұйытқы болып, өзгелерге қамқорлық көрсетіп, мамыражай тіршілік етудеміз, – деп атап өтті Тұңғыш Президент.
Елбасы заманауи Қазақстан барлық жетістікке қоғамдағы бірліктің арқасында қол жеткізгеніне тоқталып, бейбіт өмір мен тұрақтылықты бағалауға және сақтауға шақырды.
– Біз – бақытты халықпыз. Бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек. Даму бағдарламаларымызды жүзеге асыру еліміздің болашағын одан әрі жарқын ете түседі, – деді Тұңғыш Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемде этносаралық қақтығыстардың салдарынан туындайтын қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге тоқталды.
Расында, болмысы, тілі мен діні басқа жұртшылықтың үні бір жерден шығып, жаһанға тату-тәтті тіршіліктің үлгісі мерекелік алаңда көрініс тапты.
Осы мерекелік іс-шараның ортасында жүрген, күні кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары болып тағайындалған елордалық өзбек этномәдени орталығының басшысы Шерзод Пулатовпен тілдескенімізде, ол еліміздің дамуын осы бірлікпен байланыстыра сөйледі.
– Қазақстандағы тату-тәтті тіршілік пен бірлік қазір жер-жаһанға үлгі болып отыр. Барлық этностардың бір анадан туғандай сыйласып, қиыншылықтарды бірге еңсеруіміз досты қуантып, дұшпанды күйіндіреді. Солақай саясаттың салдарынан қазақ жеріне күшпен көшірілген ұлттардың өкілдеріне қазақ халқы пана болып, бір жапырақ нанымен бөлісіп, аман сақтап қалды. Діні, дәстүрі бөлек жандарды құшағына алып, бауырына басты. Міне, қазіргі уақытта Елбасының арқасында еліміздегі тірлік баянды болып, еліміз өркендеп келеді, – деді Ш.Пулатов.