Аймақтар • 03 Мамыр, 2019

Балқаштың бойындағы баламалы энергия

1525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Қарағанды облысы баламалы энергетиканы дамыту бойынша елімізде көш бастап келеді. Нақтырақ айтар болсақ, Қазақстанда өндірілетін жаңғырмалы энергия көздері­нің жартысына жуығы Қарағанды өңірінің еншісіне тиесілі екен.

Балқаштың бойындағы баламалы энергия

 Еске салсақ, биыл қаңтар айында облыстағы Саран қаласында қуаты 100 МВт болатын, Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы іске қосылған болатын. Ал бұл КЭС, мамандардың айтуынша, 40 мыңнан астам тұрғыны бар Саран сияқты 10 қаланы электр қуатымен қамтамасыз ете алады.

Енді міне, облыста екінші күн электр стансасы салынып, пай­д­алануға берілді. Жаңа нысан Балқаш қаласынан 60 шақы­рымдай жердегі Гүлшат елді мекенінің жанынан бой көтерді. Жаңа стансаның бір жылға жетер-жетпес уақыт ішін­де салынып біткенін айту керек. Құрылыс жұмыстарына 300-ге жуық адам жұмылдырылған. Нысан орын тепкен 104 гектар аумаққа 120 мыңнан астам күн панелі орналастырылды. Ма­ман­дардың есебіне сүйенсек, қуа­ты 40 МВт болатын күн электр стансасы 70 мыңнан ас­там тұр­ғыны бар Балқаш сияқ­ты бес қа­ланы электр энергиясымен толық­тай қамтамасыз ете алады екен.

Айта кетерлік жайт, Гүлшат күн электр стансасы толық­тай шетел инвесторларының қара­жатына салынды. Құрылыс жұмыстарына және қажетті құрал-жабдықтар алуға 46 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалған. Бүгінде Гүлшат КЭС-інде 20 адам жұ­мыс­пен қамтылған.

Жыл сайын 58 млн кВ/сағ-тан астам электр энергиясын өндіретін жаңа нысанды іске қосу салтанатына облыс әкімі Ерлан Қошанов пен Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов және Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері, қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығының өкілдері, ардагерлер, Балқаш қаласының құрметті азаматтары, «Жасыл экономика» байқауының жеңім­паздары қатысты.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Қазақстандағы энергетика саласында баламалы энергияның үлесін 30 пайызға жеткізу туралы тапсырма берген болатын. Гүлшатта бой көтеріп, іске қосылған күн электр стансасы осы межені бағындыруға бет алған батыл қадам. Бұдан бөлек, Қарағанды облысындағы Шет ауданында салынып жатқан тағы бір күн электр стансасы маусым айында іске қосылуы керек. Бұл дегеніңіз, Қарағанды өңірінің баламалы электр энергиясын өндіру ісінде тасы өрге домалап-ақ тұр деген сөз.

 

Қарағанды облысы