Қоғам • 03 Мамыр, 2019

Өнерді өзімшілдік жеңе ме?

1358 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ «ынсап сайын береке» деп тегін айт­пайды. Өкінішке қарай, ынсапты жиып қойған қазіргі қоғамда менмен бай құдайға да ауыз саладының кері қалып­тасты. Байлықтың да бір тоқтығы, бір жоқ­тығы болады. Кейде орта, кейде толы дүниеде дегдарлықты сақтай білу де дәулеттің дәмін келтірмей ме?! Ал өнер саф тазалықты сүйеді.

Байлықтың өркеуделігі, өзімшілдігі мен өнердің кіршіксіз келбетінің ғасырлардан бері бір қазанға басы сыйған емес. Әйтпесе, ХІХ ғасырда Біржан сал байлықтың буына малданған шонжарларға арнап ашу-ызаға толы «Жанбота», «Адасқақ» әндерін шырқар ма еді. Мұндай мысалдарды жіпке тізе беруге болады. Бірақ өркениеттің өріне шыққан қазіргі заманда да одан сабақ алмайтынымыз неліктен деген ойға қаласыз. Ал әділетсіздіктің балалар арасындағы бәсекеге көшуі тіпті де көз жұма қарайтын дүние емес екенін қалың көрерменнің осы бір жан жабырқатар жөнсіздікке бейжай қарамағанынан білуге болар.

Ресейдің «Бала дауысы» ән байқауының финалына дейін жеткен қазақстандық Ержан Мақсым (Ержанның анасы Гүлмира Әлібек ұлының «Максим» тегін бұрынғы құжаттардың орысша бұрмаланып толтырылуымен түсіндірген болатын, ал біз ана тіліміздегі бастапқы нұсқасы бойынша жаздық) бүгінде барша отандастарымыздың, тіпті ресейлік тыңдармандардың ілтипатына бөленді. Екінші орынға ие болған 12 жасар Ержан – Орал қаласының тумасы. Бұл байқауда Ержан ресейлік белгілі кәсіпкер Ян Абрамов пен танымал әнші Алсу Сафинаның қызы Микеллаға жол берді. Алайда шоудың қорытынды шешімінің әділдігіне көптеген көрерменмен бірге Ресей шоу-бизнесінің атақты жұлдыздары да күмәнмен қарады.

Осылайша, ТМД кеңістігіне тез танылып үлгерген балақайды елімізде еркеле­тіп «бауырсақ бала» деп те атай бастады. Жуырда Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы жеңімпаз баланы қабылдап қошемет көрсетсе, бірқатар телеарналар мен интернет арналар тікелей сұхбатқа да шақырып үлгерді. Сондай-ақ Мәскеуде жазда өтетін Муз-ТВ арнасының концертінде ән айтпақ. Яғни, Ержан екінші орын алғанымен, ерлеп тұр. Бұл туралы ақпарат құралдарында кеңінен жазылып жатыр.

Иә, аталған байқаудың қорытындысына, әлеуметтік желілердегі әлеуметтің әр алуан пікіріне зер сала отырып, қазіргі қоғамның тамырын тап басуға болады.

Ең бастысы, бұл жерде ата-ананың махаббаты мен амбициясының арасы бір-ақ қадам екенін байқағандаймыз. «Бала дауысы» байқауының жеңімпазы атанған қыздың ата-анасына қалың бұқара өткір сынды қарша боратып жатыр. Бұл орынды да. Себебі барша көрермен бәйгеде балалардың өнерімен бірге ата-ананың амбициясы да жарысқа түскенін көрді. Ал бала әлемі – кіршіксіз әлем. Осы байқауда оза шапқанымен көпшіліктің көңіл төрінен орын алмаған соң бәрі бекер болмақ. Яки бала көңіліне қылау түсті деуге болады. Бұл балаға қандай сабақ?..

Рас, өмір – жылтыр журналдардың мұқаба­сын­­дағыдай жарқыраған мерейлі сәттерден де тұра бермейтінін Микелланың ата-анасы кеш аңдаған болуы кәдік. Әйтпесе бір кез­де өзі де ата-ананың қаржылық капиталы­мен шоу-бизнестің шымылдығын еркін түр­ген Алсу баласының өнер жолында дәл сон­дай қадамды қайталауға бармас па еді, кім білсін?.. Бірақ қазақта «Ұяда не көрсең, ұш­қан­да соны ілесің» деген де тәмсіл барын танымал отбасының тарихынан көреміз. Алма аға­шынан алысқа түспейді. Әлеуметтік желіде пікір қалдырушылар ресейлік сахнада әжеп­тәуір орны бар әншінің 20 жыл бұрын «Евро­видение» байқауында жүлдегер болуына ық­пал еткен дауыстың да қолдан жасалғанын еске салады. Енді соңғы даулы оқиғадан кейін Алсудың биылғы «Евровидение» бай­қауына қатысушылардың жинаған ұпайын мәлім­дейтін «Россия-1» телеарнасындағы миссиясына шектеу қойылды. 

Міне, «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген осы. Шындықтың бар екеніне көз жет­кіз­ген шулы оқиға оның әрдайым кешігіп жүре­тінін де көрсеткендей... Десе де, бұл бай­қау бұдан кейін қампайған қалтасына сенген қайсыбір қауымның алшаң басқан аяғын аңдап басуына алып келеді деген үмітті оятты. Бұл арадағы басты жеңіс те осы болса керек.

Әлбетте, барлық ата-ана баласының қата­ры­нан кем болғанын қаламайды. Қолы жеткенше құрбы-құрдастарының алды болуына қам қылады. Алайда, бір мезет баланың да өз мүмкіндігін өзіне қалдыру керек сияқты...

Ал Ержанымыз елдің ері болар күн алда!