Аймақтар • 03 Мамыр, 2019

Қаламқастағы аварияның себебі анықталды

1159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2019 жылғы 13 нау­рыздағы Маңғыстау облысы «Қаламқас» кен орнындағы №8237 ұң­ғы­масында орын алған аварияның тергеп-тексеру жұмыстарын аяқ­тады. Бұл жөнінде Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов министрліктің медиа орталығында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Қаламқастағы аварияның себебі анықталды

Министрлік, Маңғыстау облысы әкімдігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Си Бу» Инженерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС (Ақтау), ава­риялық-құтқару қызметтерін көр­сетуші «Кәсіби авариялық-құт­қару қызметтінің республикалық орталық штабы» ЖШС «Ақ-Берен» Маңғыстау филиалы, сондай-ақ «Батысқазжерқой­науы» өңіраралық департаментінің Маңғыс­тау об­лыстық испекциясының  геофи­зи­к­алық және жобалық ұйымдар ко­мис­сия өкілдері бірлесе отырып «Си Бу» Инженерлі Бұрғылау Ком­паниясы» ЖШС бұрғылау компа­ния­сы ұсынған жобалық және орындаушы құжаттарға, сондай-ақ  грифонды газ-су көрінулері себептеріне нақты талдаулар жүргізген.

Ұсынылған материалдарды қарас­тыра келгенде, «Си Бу» Ин­же­нерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС ұңғыманы бұрғылау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғандығы, бұл өз кезегінде газ-су көрінулеріне алып келгені анықталған. 

Мердігер ұйым «Си Бу» Инже­нерлі Бұрғылау Компаниясы» ЖШС-нің ұңғыманы салуға арналған тех­никалық жобаны және мұнай мен газ ұңғымаларын бекіту жөнін­дегі әдістемелік нұсқау­лар­дың талапта­рын бұза отырып, цемент­тің қата­юын күтудің белгі­ленген уақытын күтпес­тен, ұңғыманың сағасы у­а­қытынан бұрын герметизация­лан­ған екен.

Бұған қоса, атқыламаға қарсы жабдықты (АҚЖ) пайдалануға қатысты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық акт талаптары сақталмаған.

– «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Ком­паниясы» тарапынан осы ұңғы­маның құрылысын қауіпсіз жүр­гізуге қажет болған өндірістік бақы­лау қам­тамасыз етілмеген, сон­дай-ақ ком­пания қызметкерлерінің өнер­кәсіп­тік қауіпсіздік саласындағы білім дәрежесі сәйкес келмейді, – дейді Нығ­метжан Мақажанов.

Тергеп-тексеру материалдары құқық қорғау органдарына берілген. Естеріңізге сала кетсек, «Қаламқас» кен орнындағы өртті жедел сөндіруге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пәрмен беріп, мәселені өз бақылауына алған болатын.