Әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аудару қажеттігі Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде айтылған болатын. Жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін білім ордалары мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керектігі де үндеуде айтылды. Осы орайда ОҚМПУ ректоры Оңалбай Аяшев құрылысы аяқталмай қалған, сәулеті жаңа үлгідегі төрт жұлдызды қонақ- үйге орайластырылып салынған нысанды жастардың игілігіне жаратты. Алдымен нысанның жай-күйін шұғыл анықтап, инвесторлармен келісімдер жүргізген ректор құжаттарды талапқа сәйкестендірді. Сөйтіп, жатақхана жобасы дайындалып «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалынды. Соның нәтижесінде өте қысқа мерзімде сәулетті ғимарат құрылысы толығымен аяқталып, студенттердің пайдалануына берілді. Заманауи талаптарға сай, материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейдегі жатақхананың кітапханасы мен оқу залы, демалыс бөлмелері, медициналық пункт, басқа да қажетті бөлмелері студенттердің сабақтан тыс уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасайды. Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2015 жылы 12 қабатты Студенттер үйін пайдалануға берген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті жатақханаға мұқтаж әрбір студентті жайлы орынмен қамту мақсатында нақты жоспар жасап, жүзеге асыру жолдарын да айқындаған. Бүгінде университет студенттерінің 70 пайыздан астамы жатақханамен қамтылған. Заман талабына сай жабдықталған жатақханада тұру бақыты алдымен оқу үздіктеріне бұйырады. Әрине мұқтаж студенттердің әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Сондай-ақ шетелдерден келгендер жайғастырылады. Студенттер үйінде жастарға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Әр жатын бөлме екі студентке лайықталған жатақханада кітапхана, асхана, арнайы медициналық кабинет, химиялық тазарту, тағы басқа қызмет көрсету бөлімдері жұмыс істейді. Оған жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы ескерілген дефиле, айтыс, эстрада, фольклорлық аспаптар, бейнелеу өнері, вокал, сәндік өнер, ұлттық аспаптар жасау, тігін, компьютер, тағы басқа үйірмелерді қосыңыз. Жастар алысқа бармайды, барлығы Студенттер үйінен табылады.
Қазіргі таңда Шымкенттегі 11 жоғары оқу орны, 37 колледжде 123 мың студент білім алуда. Қалада студенттерге арналған 39 жатақхана бар. Сол жатақханаларда 7600 студент тұрады. Тиісті орындармен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде тағы 8400 орындық жатақхана қажет екені анықталған. Осы орайда Шымкенттегі жатақхана орнының қажеттілігін жою бойынша әкімдік тарапынан «Тұран» шағын ауданынан 8 гектар жер учаскесі белгіленіп, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының инвестициясы есебінен «Отау СТРОЙ» компаниясымен бірлесіп, 5 мың орындық жатақхана салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер арқылы 200 және 350 орындық жатақхана салу үшін Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен келісімшарт түзіліп, құрылыс жұмыстары басталған. Әкімдік 2021 жылдың соңына дейін студенттерді 100% жатақханамен қамтуды көздеп отыр, соған дейін Шымкентте 8 мың орынға жететін жатақхана салынады. Жергілікті әкімдік 5 мың орынға арналған жатақхананы, ал 3 мың орынға арналған нысандарды университеттер мен кәсіпкерлер тұрғызбақ. Ал ОҚМПУ ұжымы алдағы тамыз айында 6 қабатты 200 орындық Студенттер үйін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
ШЫМКЕНТ