Аймақтар • 04 Мамыр, 2019

Таразда тәуелсіз Қазақстанның дамуы туралы жиын өтті

1317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекетінің іргесін бекітіп, бірлігін бекемдеуде еткен еңбегі ерен. Азаттықтың ақ таңы атқалы бері еліміз биік белестерді бағындырып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Бұл орайда Елбасының еңбегі кейінгі жастар үшін үлкен өнеге екені сөзсіз.

Таразда тәуелсіз Қазақстанның дамуы туралы жиын өтті

Кеше Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Тәуелсіз мемлекет құрудағы және оның дамуындағы Елбасының рөлі» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Әуелі жиын қатысушыларына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы деректі фильм көрсетілді. Жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекетті қалыптастырудағы тарихи рөлі және бейбітшілік пен келісімді нығайту жөніндегі еңбегін айтып өтті. Ал, «Жаңару» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев Елбасының еліміздің сыртқы саяси бағытын айқындауға, сонымен қатар тәуелсіз еліміздің дамуына қосқан үлесіне тоқталды. Өз сөзінде «Руханият» талдау, ақпарат және мониторинг орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үртай Сапақова Нұрсұлтан Әбішұлының мемлекеттің дамуы үшін жүргізген салиқалы саясаты жөнінде әңгіме қозғады.

Сонымен қатар, «Жамбыл облысының Азаматтық Альянсы қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Зайтжан Юлдашев, «Жастар-зерттеу» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Парида Мамедова, «Асыл-Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев және «Рухани жаңғыру» жобалық офисі» мекемесінің директоры Серікбол Берікқожа тәуелсіз мемлекет құрудағы Елбасы рөлінің ерекше екенін атап өтті. Ал, ішкі істер саласының ардагері Жәнібек Майханов, ардагер журналист Сапарғали Әлібай Елбасы өмірінен ерекше естеліктер айтса, жас ақын Марал Хантөре Нұрсұлтан Әбішұлына арналған өлеңін оқып берді.