Қазақстан • 04 Мамыр, 2019

«Solar Fest Qazaqstan» фестивалі өтеді

1502 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде «Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану туралы» заңның қабылданғанына биыл 10 жыл толды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды? Алда қандай жұмыстар жоспарланған? Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен арнайы брифингте Энергетика министрлігінің басшылық өкілдері осы туралы баяндады.

«Solar Fest Qazaqstan» фестивалі өтеді

Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық электр станцияларының жалпы қуаты 21 ГВт-қа тең.  «Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы» ЗТБ директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапенов осылай деді.  

– 2018 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік күн энергетикасының белгіленген қуаты 500 ГВт-дан асты. 2018 жылдың ішінде 100 ГВт-тан астам қуат өндіретін фотоэлектрлік стансалар салынды, - деді ол.

Н.Қапеновтің айтуынша, ғаламшарда электр энергиясын өндіру үшін күн энергиясын пайдаланатын 90 ел бар. 32 елде 1 ГВт-тан астам қуат өндіретін стансалар орнатылған.  Күннен энергия өндіретін нысандардың қуатын 300-ден 500 ГВт-ке көбейтуге 2-ақ жыл уақыт кетіпті. Салыстыру үшін айтар болсақ, АЭС-тердің қуаты шамамен 400 ГВт-ты құрайды. Беделді әлемдік сарапшылар 2019 жылы бүкіл әлемде 129 ГВт фотоэлектрлік күн электр стансалары салынады деген болжам жасап отыр.

Былтыр елімізде өндірілген «жасыл» энергияның көлемі 1,35 млрд кВт-қа жетіп,  электр энергиясының жалпы көлеміндегі үлес салмағы 1,27 %-ды құраған болатын. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш қарқынды түрде өсуге тиіс.

– Жалпы сомасы 100 млрд теңгені құрайтын  келісімдер мен меморандумдарға қол қою арқылы Жаңғырмалы энергия көздері секторына инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда жаңғырмалы энергетика секторында жыл басынан бері 7 жаңа нысан салынды.  Бүгінгі таңда республика аумағында жалпы қуаты 678,6 МВт болатын 74 ЖЭК нысаны бар, - деді Энергетика министрлігі Жаңғырмалы энергия көздері департаментінің директоры Айнұр Соспанова.

Оның айтуынша, 2018 жылы Жаңғырмалы энергия көздері жобалары үшін алғашқы халықаралық аукциондық сауда-саттықтың ұйымдастырылып, оған жергілікті және халықаралық қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық байқалған.

«Қазақстандық күн энергетикасы қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Калия Хисамидинова 4-5 шілдеде Бурабай курорт аймағында энергетика саласының барлық мүдделі қатысушыларының басын қосатын «Solar Fest Qazaqstan» іскерлік фестивалі өтетіні туралы хабарлады.

Қазақстан жаңғырмалы энергия көздерін энергетикалық кешенді дамыту векторларының бірі ретінде қарыстыратынын айта кетейік. 2017 жылы елордада өткен ЭКСПО көрмесінде ол басты басты тақырыбы ретінде көтерілгені белгілі. ЖЭК секторын дамыту жоспарына сәйкес, өндірілетін электр энергиясындағы оның үлесі 2020 жылы – 3 %-ға, 2025 жылы - 6%-ға, 2030 жылы - 10%-ға жетіп, 2050 жылы барлық тұтынылатын энергия көздерінің жиынтық энергия тұтынудың жартысын қамтуға тиіс.