Театр • 07 Мамыр, 2019

Театр – киімілгіштен, тәлім – табалдырықтан

2457 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Театр – киімілгіштен,  тәлім – табалдырықтан
Ауылымен ауылының арасын айлық жолмен өлшеген кең даланың үстінен «Жібек жолы» өткені белгілі. Шалдықпайтын жорға, шаршамайтын түйемен сапар шеккен жолшы қанша!

Шешендік пен қырағылыққа тәрбиелеу үшін ертіп шыққан жасты жұмсаған көнекөз көпті көрген қария:

– Балам, қарап қайтшы, анау жатқан ел көшкен жұрт кімдікі екен? – дейді.

Асау тайын ойнақтатып барып қайтқан жас жігіт:

– Ата, бейбастақ елдің жұрты екен, – деген жауап әкеледі.

Көшкен елдің орнынан не көрді жас жігіт? Екі басымен де ошақ күлін көсеген көсеу көрді.

– Оны қайдан білдің? – дейді қария.

– Ата, көсеудің екі басымен от көсеген келінге өнеге үйретпеген енелері болса, көшкен жұрттың орнын жинататын басшы – ақсақалы жоқ болса, ол ел бейбастақ, көргенсіз болмай ма? – деп қарсы сұрақ қояды жас жігіт.

Міне, көшкен жұрттың орнына баға берген көшпенділер осындай байқампаз. Сондағы көшкен ауылды көргенсіз атандырған бір ғана көсеу.

Кең даламызда, Құдайға шүкір, өзен мен көл жетерлік. Орман-тау да сұлулығын асырып тұр. Сонда барып жазда демалатындар отырған орнын жинамай кете барады. Өйткені олар көшпенділер қалдырған осындай өнегелі сөзді оқымайды. Көл жағасы қоқыстан арылмайды, балығын аулап болып, бөтелкесін суға атып кетіп бара жатады адамдар. Олар өздерін көргенсізбіз деп ойлай алмайды. Келесі жазда әкеден көргенін баласы қайталайды. Осылайша, біздің әсем табиғат қоқысқа толып тұр. Сұлу шаһар Алматыда жүрген «мәдениетті жастар» қалтасында жатқан қағазын, тартқан шылымын ойланбастан лақтырып жүре береді әлі күн. Өткен ғасырда біз оқыған кезде сылдырап су ағатын бұлақтар бүгінде қоқысқа толып тұрады. Неге? Көшпенді бабаның бейбастақ деген сөзінің мазмұнын ұқпағандардың ісі бұл. Өз ана тілімізді өзіміз бұзып отырған жайымыз бар. Ана тілімізде адами тәрбие негізі жатқанын ұға алмай жүрміз әлі де. Жол жүріп кетер баласына: «Көргенсіздің баласы дегізе көрме, құлыным», деп өз тілінде қиылып тұрған ана бар ма? Ол сөздің мәнін ұғар бала бар ма? Болса да аздау шығар. Анасы да, баласы да өзге тілде қоштасады ғой бұл күнде.

«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Театр – мәдени орын, сұлулық пен сыршылдыққа тәрбиелейтін орын. Тарихи киноларда театрға бару сән-салтанат, онда отырудың өзі мәдениет екенін көреміз. Киген киімдері кәдімгідей әдемі. Жүріс-тұрыстары ше? Ал бүгін театрға немен барады? Меніңше, майка театрға баратын киім емес. Жастар менімен келіспейтін шығар, жыртық шалбар да театрға баратын киім емес екені анық. Адам өзін-өзі сыйлағаны дұрыс қой. Еркіндіктің де шегі болмай ма?

«Анасын көріп, қызын ал, аяғын көріп, асын іш», деген мақалды мен кітаптан оқымас бұрын әжемнен естідім. Ол кезде мән бермедім, бірақ, «ми» деп аталатын ұлы табиғат жасаған компьютеріме жазылып қалған еді. Жай айтыла салған сөз емес, терең мәнді сөз. Анаға жүк артып тұр. Қызың саған тартады, ертеңгі адамзатқа қалдыратын өз ұрпағыңа дұрыс жол көрсет, үлгі бол деп тұр емес пе?!

Колледждерге тоғызыншы сыныптан қыз балалар келіп түседі. Мен қыз бала тәрбиесі сағатын жүргізем. Анамен қашан қалай сырласқандарын сұрасам, бірен-сараны болмаса, сырласқандары жоқ деуге болады. Ол мектепке ерте кетеді, анасымен отыратын уақыттары болмайды екен. Бірге отырып тамақ ішу салты да қазір азайған. Бірі келіп, бірі кетіп, әркім өзі тамақтанып жүре береді екен. Ал біздің ұлттың дастарқаны киелі, тәрбие орны болатын. «Дастарқан аттама, дәм татқан үйді сыйла» деп отыратын үлкен адамдар. Ол да тәрбие болса керек. «Батаны өз дастарқаныңда ал, өз қазаныңның тілеуін тіле» деген сөздерге қазір мән бермейді. Тойдың да тілегі мейрамханаларда қалып жатыр, жастардың ажырасу саны өсіп тұр. Болашақ келін анамен сырласпаған. Тәрбие осы жерде ойға қалдырса керек. Ана қызына өзі қалай келін болғанын айтып, қалай ана болғанымен бөліспейді екен. Жас қыз ондайды көргенсіз жарнамалардан өзі қарап өсіп жатыр. «Он үште отау иесі» деген қазақ ондайды да ерте ойлап қойғанға ұқсайды. Бұрында кездессе керек ерте есейетін қыз бала. Бірақ, олар құдаласып, болашақ күйеуіне қосып жіберген, біз болсақ, жасырын түсік жасап, бетін бояп жүре беруге мәжбүрлеп отырмыз. Кәмелетке толмаған қызының баласын анасы бақса дұрыс болар еді, сонда жетім азаяды.

«Ана – кеме, әке – жезде» деген тағы бар. Бүгін айтылған сөз емес, өмір сынынан өткен сөз. Рас қой, туа сала тастанды атанып жатқан баланың әкесі қайда? Ол неге жауапсыз қала береді? Бұл сөзбен де көшпелі баба көп сыр аңғартқан. Ана кемеше сүйрейді ұрпақты, о бастан солай болған, солай бола да береді екен. Алиментті сотпен іздеп ала алмайтыны сол, жездедей ғана жауапкершілік сезінеді екен олар. Ендеше, сол мақалды білген қыз жігітке сену мен сенбеуді ойланар еді. Оны анасы айтпаса, жас бойжеткен мәнін ұқпай өседі. Міне, қыз баланың анасымен сырласатын, анасының қызымен мұңдасатын уақыты жоқтың бүкіл қоғамға әсер етіп тұрған жайы бар.

«Қыз баққан қысырақ баққанмен бірдей» деген бар. Ал жылқыдан қол үзген қазақ оның мәнін де түсінбейді. «Сақтауға көнбейтін үш нәрсе бар. Бірі – пісіп кеткен алма, екіншісі – сары май, үшіншісі – бойжеткен қыз». Бұл да көпті бастан өткерген көшпенді бабалардан қалған сөз. Ана тілін ұққандарға олардың қалдырған мұрасы өте мол. Әттең, бәрінен айрылып жүрген біздер ғой! Уақытты кінәлай бермей «Ұлы даланың жеті қырынан» сан салалы қасиеттерімізді іздеу мүмкіндігі туғанына тәубе деуіміз керек шығар.

Ізденейік, ойланайық, оқиық, ұрпаққа айтайық ел болып. Бабалар сөзінде қасиет барын біліп өскен жас ұрпақ Ұлы даланың ертеңін де бақытқа кенелтер деп үміттенейік. Бабалар батыр болған деп құр кеуде соқпай, парасатты болу үшін қалдырған адамшылық пен тәрбиеге баулыған өнегесін жаңғыртайық. Ұлы даланы сақтағандарда ұсақ нәрсе жоқ. Алтын-күміс тақтырып, ақ торғынға малдырып, үкілеп өсірген қыз баласының тәрбиесіне көп көңіл бөлгені тегін болмаса керек. Қыз – ұлттың анасы, азаматтың ары. Оның тәрбиесіне бейжай қарауға болмайды. Қоғам болып ойланатын нәрсе бұл!


Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты