Экономика • 07 Мамыр, 2019

Мемлекет-жекеменшік әріптестіктің әлеуеті мол

1069 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту мәселелері қаралды.

Мемлекет-жекеменшік әріптестіктің әлеуеті мол
Құны 2,9 трлн теңге болатын 1285 жоба жүзеге аспақ

Алдымен Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мем­лекет-жекеменшік әріп­тес­тігінің ел экономикасына әсері, сондай-ақ оны жандандыру бойынша қабылданып жат­қан шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылда­ры мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі арқылы инвестициялар тар­ту ұлғайды. Бұл ішкі жалпы өнім­нің өсуіне 0,2% деңгейінде үлес қосты.

− 1-мамырдағы жағдай бо­йынша жобалардың жалпы саны 2,9 трлн теңге сомасына 1285 жобаны құрайды. Оның ішінде 1,5 трлн теңге сомасына 548 шарт жа­салды. Дайындық сатысында 1,4 трлн теңге сомасына 737 жоба тұр. Ең көп жобалар саны білім беру, денсаулық сақтау, энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы, мәдениет және спорт салаларына тиесілі. Рес­пуб­ликалық деңгейде 25 жоба бар, оның ішінде 9 келісімшарт жа­салған, конкурс сатысында 2 жоба және жоспарлау сатысын­да – 14 жоба бар. Жасалған ке­лі­сімшарттар саны бойынша Шы­ғыс Қазақстан және Павлодар облыстары мен Алматы қаласы көш бастап тұр, – деді Ұлттық экономика министрі. Министр келтірген мә­лімет бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігін жандан­дырып, рәсімдерді жеңілдету мақ­сатында заңнамалық түрде бағдар­ламалық мемлекет-жеке­меншік әріптестігінің жаңа құра­лы қарастырылған. Енді мемле­кет-жекеменшік әріптестігі рәсім­дерін салалық мемлекеттік бағ­дарламаларда қарастыруға бо­лады.

Жиында сөз алған Индустрия және инфрақұрылымдық да­му министрі Роман Скляр мемле­кет-жекеменшік әріптестігі ая­сында іске асырылып жатқан жобаларға жан-жақты тоқталды. Қазіргі уақытта министрлік же­текшілік ететін салаларда МЖӘ тетігі шеңберінде жалпы 32 жоба дайындалып жатса, оның ішінде 10 жоба – республикалық, 22 жоба өңірлік деңгейде пысықталуда.

− Үлкен Алматы айналма ав­то­мобиль жолын салу және пай­далану жобасы бойынша кон­цессионер мобилизациялық жұмыстарды аяқтап, құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісті. Жол қозғалысы 2021 жылы ашылады. Сонымен қатар Түркістан облысының жүрдек автомобиль жолдарын салу және пайдалану жобасы бойынша Шымкент және Сарыағаш қалалары айналма жолдарының құрылысы (150 км) мен жалпы қашықтығы 265 км жолды пайдалануға беру көз­делуде. Биыл маусым айында жобаны республикалық бюд­­жеттік комиссия отырысына шығарып, конкурс жария­лау жос­парланған, – деді министр. Оның айтуынша, «Жол ақы­сын алудың ашық жүйесі» жоба­сы негізінде республикалық маңы­зы бар 11 мың шақырым авто­көлік жолдарында ақылы жол жүйесі енгізілмек. Бұған қоса, Алматы стансасын айналып өтетін 73,2 шақырымдық темір жол желісінің құрылысы жобасы бо­йынша конкурстың бірінші ке­зеңі анықталды. Келісімшартқа қол қою биылғы қараша айына жоспарланған. Құрылыс жұмыс­тарын 2020-2022 жылдар аралы­ғында жүргізу көзделіп отыр.

− Бұдан өзге, жүк әуета­сы­ма­лы саласындағы қағазсыз құжат айналымының (e-Freight) ақпа­раттық жүйесін енгізу және бейімдеу жобасы іске асы­ры­лып жатыр. Биыл наурыз айында қазақстандық әуе компа­нияларының қатысуымен елі­міздің барлық әуежайларында тес­тілік режімде «е-Freight» ақпа­раттық жүйесі іске қо­сыл­ды. Қазіргі уақытта Қаржы жә­не Ауыл шаруашылығы министр­ліктерінің ақпараттық жүйе­лерімен интеграциялау жос­пар­ланған. Сонымен қатар өңір­лерде тұрғын үй-ком­муналдық ша­руашылығы секторында іске асыру және пысықтау сатысында жалпы 20 жоба бар, – деді ми­нистр. Сондай-ақ Р.Скляр жы­лумен, сумен жабдықтау, су тарту жүйелерінде мемлекеттік сектордың үлесі 90%-дан асатынын айтты. 

615 млрд теңге үнемделді

Мемлекет-жекеменшік әріп­тестікті әлеуметтік жобаларда іске асыру туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова баяндады. Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, соңғы үш жылда өңірлер жалпы сомасы 52 млрд теңгеге 111 денсаулық сақтау саласындағы МЖӘ шартын жасасты. Конкурстық рәсімдерді өткізу сатысында тағы да 93 жоба бар, 83 жоба әзірлеу сатысында.

− Өңірлер амбулаториялық-емханалық қызмет нысандарын салу және пайдалануға беру, сондай-ақ медициналық техникамен жарақтандыру жобаларын іске асырып жатыр, – деді Е. Біртанов. Оның айтуынша, маусым айының соңына дейін өзектендірілген өңір­лік даму жоспарлары негі­зінде Денсаулық сақтау инфра­құ­рылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі бірыңғай перс­пективалық жоспары бекітіледі. К.Шәмшидинованың айтуынша, бүгінде білім саласында мем­лекет-жекеменшік әріптестік бойынша 271 жоба іске асырылуда, оның 90%-ы операциялық шығындарды өтеу, 10%-ы ин­вестициялық шығындарды өтеу арқылы жүзеге асырылған. Бұл жобалардың негізгі үлесі мектепке дейінгі білім саласында іске асырылуда.

− Нәтижесінде 2013 жылдан бастап жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың саны 1 045-тен 3 640-қа дейін өсті. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 95%-ды құрады, – деді Білім және ғылым министрі. Оның айтуынша, жеке секторды тарта отырып, мемлекет шамамен 615 млрд теңгені үнемдеді, себебі 307 мың баланы қамту үшін жаңадан 1 мыңнан астам балабақша салу қажет болар еді. Осы арқылы Қазақстанда 15 жа­ңа жекеменшік мектеп ашылды, бұл оқушы орындарының тап­шылығын 5 мың орынға қыс­қартуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін тағы 18 мектеп ашы­лады деп жоспарланып отыр. 

Өңірлерге міндет жүктелді

Премьер-Министр А.Мамин министрліктер мен өңір әкім­дерінің баяндамаларын тың­да­ғаннан кейін, мемлекет-жеке­меншік әріптестігін одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

− Мемлекет-жекеменшік әріптестігі – инвестицияларды тар­тудың негізгі құралдарының бірі әрі экономиканың қарқынды өсуі­нің факторы. Оны дамыту Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Қазақстанда бүгінде 3 трлн теңгеге 1300-ге жуық келісімшартқа қол қойылды және әзірлену сатысында тұр. Ең ауқымды жобалар көлік және инфрақұрылым, энергетика жә­не тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық, білім беру, денсаулық сақтау секторларында іске асырылуда, деді Үкімет басшысы. Премьер-Министрдің айтуынша, өңірлердің әкімдері бюджеттен аз шығынмен іске асырылатын жобаларға баса назар аударуы керек. Ірі инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде көлік және энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жобаларын іске асыруды жандандыру мақсатында мемлекет пен жекеменшік әріптестіктің да­муын ынталандыруда халықаралық алдыңғы қатарлы тәжірибені ескере отырып, қосымша тетіктерді пысықтауды тапсырды.

− Денсаулық сақтау саласында МЖӘ жобалары белсенді түрде іске асырылып жатыр. Бұл бағыттың әлеуеті үлкен. Сонымен қатар білім беру желісі бойынша МЖӘ құралы балабақшаларды орынмен қамтамасыз ету үшін бел­сенді түрде қолданылуда. «Ба­лапан» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бүгінгі таңда балабақшалардағы орындардың 40%-ға жуығын жеке сектор беріп отыр, онда 307 мыңнан астам бала қамтылған. Өңір әкімдіктеріне балабақшалар үшін жан басына қарай қаржыландыру нормативін орындауды қамтамасыз ету қажет. Мектептерді салу кезінде де мемлекет-жекеменшік әріптестік тәжірибесін кеңінен қолданған жөн, – деді А.Мамин. Мемлекет пен жекеменшік әріп­тестікті дамыту шараларын жандандыру жұмыстары Ұлттық экономика министрлігіне тапсырылды.