07 Мамыр, 2019

7 баламен 10 жыл бойы бір бөлмеде тұрған отбасы баспаналы болды

1637 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

10 жыл бойы аумағы 12 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді пана қылдық.

7 баламен 10 жыл бойы бір бөлмеде тұрған отбасы баспаналы болды


Қасиетті Рамазан айының екінші күнінде, Отан қорғаушылар күні мерекесінде Семей мен Өскемендегі (әр қалада бестен) 10 көп балалы отбасыға пәтер кілттері тапсырылды. Өскемендегі рәсімге қатысқан облыс әкімі Даниал Ахметов бұл баспаналар Елбасы тапсырмасына сай беріліп жатқанын атап өтіп, өңірде жыл аяғына дейін 200-ден астам көп балалы отбасы үймен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Бүгін аймақ басшысының қолынан екі бөлмелі қызметтік пәтердің кілтін алған 7 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Гүлжан Әбдірахманова Согра ықшам ауданындағы саяжайда 10 жылдан бері тұрып келеді екен. Жұбайы ветеринарлық зертханада жұмыс істесе, өзі Жұмыспен қамту орталығы арқылы қоғамдық қызметкер болып еңбек етеді екен. «Баспана кезегіне 2012 жылы тұрғанбыз. 10 жыл бойы аумағы 12 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді пана қылдық. Балаларымыздың алды - 17-де, ең кенжесі - 3-те. Жолдасым 100 мың алады, қолға 84 мыңы тиеді, менікі - 45 мың. Балаларға тиесілі атаулы әлеуметтік көмекті кеше алдық. 151 мың теңге қолымызға тиді. Бұрын 48 мың болатын», - дейді көп балалы ана.

«Сізге басқа қандай жеңілдіктер бар?» деген сұрағымызға: «Қала ішіндегі маршруткаларда тегін жүреміз. Автобустарда мұндай жеңілдік қарастырылмаған. Бір жылдары бассейнге баруға жеңілдіктер болатын. Қазір тоқтап қалды. Көмір алуға аздаған жеңілдік қарастырылған. Бағасын 500 теңгеге түсіріп береді», - дейді Гүлзат.

Шаһардағы 22 мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін, төрт бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана Сәуле Алматова Меневное ауылында тұратынын айтты. 2002 жылы алған 3 бөлмелі үйі 2011 жылы қыста өртеніп, жазғы асханада тұруға мәжбүр болыпты. «Үй құлайын деп тұр. Үйді комиссия екі рет тексерді. Атаулы әлеуметтік көмекті алуға әлі барған жоқпын. Мерекеден кейін барамыз. Бізге беріліп жатқан үйді мемлекеттік қызметте 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеген адамға кейін жекешелендіруге болады деп жатыр. Жаңа үй ең бастысы жылы болса болғаны. Бұған дейін үйімізге күні бойы пеш жағатынбыз. Бір қысқа 10 тонна көмір кететін. Меневнойдағы үйімізде бау-бақша егеміз. Ұлдар жазда жұмыс істейді. Сосын «мынау киімге, мынау отынға» деп жоспарлаймыз» дейді көп балалы ана.

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ